Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 03 Қазан, 2019

ҰЛТТЫҢ ДА, ҚОҒАМНЫҢ ДА ІРГЕТАСЫ – ОТБАСЫ ТӘРБИЕСІ

Кенжехан МАТЫЖАНОВ, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының  директоры, филология ғылымының докторы,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Кенжехан Ісләмжанұлы, ғылым жолы, азаматтық ұстаным, мемлекеттік қызмет туралы сұрақ сізге көп қойылатын шығар. Бүгінгі сұхбатты достық жайлы әңгімемен бастасақ. Өмірдің ұзына жолында кездес­кен: арман, жастық, достық біріктірген жақын жандарды еске алсақ қайтеді? Сіздер ұмтылған арман, сіздер сақтаған достық қандай еді? – «Есіңде бар ма жас күнің… Кімді көрсең, бәрі дос» дейтін еді ғой Абай… Бала кездегі риясыз достық кез келген адам басынан кешуге тиіс, өткеруге тиіс сезім болса, ол сезім, әсіресе жастық күніңде аяулырақ шығар. Әйтпесе достық деген ұғымның өзі шартты дүние секілді… Абай айтқандай, жас кезіңде елдің бәрі дос, күллі әлем тап-таза, сезім де – тұп-тұнық. Қизат деген бала-досым бар еді. Титтейімізден құлын-тайдай бірге өстік, өте тату едік. Бір-біріміздің үйімізде қонып та қалатынбыз. Сол Қизат әлі күнге жүрегімнің бір бұрышында бала бейнесімен қалып қойған. Жоғарғы сыныпқа көшкенде жақсы оқитын, спортқа әуес, түрлі үйірмелерге үйір – Болатбек, Марат, Серік – төртеуіміз жақын дос болдық. Алматыға оқу қуып келгенде де жастық албырт көңілмен айналамызға көп жора-жолдас жинадық. Жалпы біздің заманымызда студенттер бөтенсуді білмейтін бауырмал еді: бәрі дос, жолдас-жора. Тіпті жастығымыз тұспа-тұс келген Кеңес өкіметінің өзі адал достықты қатты насихаттады. «Мұраттас, идеялас, мүдделес бол» деп үйретті. «Жүз сомың болғанша, жүз досың болсын» деген жаңа заман мақалын ойлап шығарған кез де сол кезең. Қазір ақша алдыға шығып кетті ғой!.. Иә, дос деген, достыққа адалдық деген өте жоғары адамгершілік қасиет, тіпті, әрбір адамға өте қажет мінез. Дегенмен, өмірдің жолы – бұралаң. Бала күніңдегі, жастық шағыңдағы ­татаусыз дос қатары уақыт өте сирейді екен. Араздасып кетпесең де, өмір өз ағысымен алып кетіп, қол үзіп қалатын жандар көбейеді. ­Жасырып қайтемін, кейбірімен араң ашылып, тым суысып кеткендері де болады. Бірде Қожанасыр қазы болып сайланыпты. Айналасындағы адамдар: «Қожеке, досыңыз көп пе, дұшпаныңыз көп пе?» деп сұрапты. Сонда­ Қожанасыр: «Мұны мен қазылықтан түскен соң сұрасаңдаршы» депті дейтін бір тәмсіл бар ғой. Сол сияқты күні үшін жүретін «көлеңке дос­тар» да болады. Міне, өмірдің барлық сәтінде әртүрлі себеппен досың жасыңда көбейіп, өмір өте азая беретін сияқты. Талай қызмет істедім. Жақсы-жақсы адамдарға жолықтым. Кейбір қарым-қатынас достыққа ұласа қоймағанымен, сыйластық, құрмет сезімін сыйлап кеткен жандар да жетерлік. Құрметің кемімеген, тілектестігің өзгермеген азаматтар да аз емес. Олармен отбасы болып араласасың, бірге туғандай болып кетесің. Тіпті, кей-кейде ұзақ уақыт көрмей қалып, хабарласа алмай жатсаң да жадыңнан шықпай жүретін қимас жандар бар, шүкір. Меніңше, достық көңіл деген осы шығар. «Дос» деген сөзге анықтама берудің өзі қиын ғой. Мәселен, сонау студенттік шақта шұрқырасып табысқан бір досым бар. Бір курста оқыған жоқпыз. Бірақ құрдаспыз. Әлі күнге арамыз ажыраған емес. Отбасымызбен араласамыз. Иә, кейде айлап хабарласа алмай кетеміз. Бірақ іште пендешіліктен тыс сыйластық, ұсақ-түйек өкпеге қимайтын, қадірі бөлек қарым-қатынас, жылылық орнаған. Кездескенде күнде бірге жүргендей емен-жарқын әңгімелесе береміз. Меніңше, достық негізі осындай риясыз көңілде шығар… – Ендігі сауалды кәсіби жолға қарай бұрсақ… Біздің көзге фольклортанудың төрт құбыласы түгел секілді көрінеді. Алайда бұл саланың да көпке белгісіз өз проблемалары жетіп-артылады ғой. – Классикалық фольклортану ғылымын ХVІІІ ғасырдың екінші жартысынан бастап ХІХ ғасырда Еуропа ғалымдары қалыптастырып еді. Фольклор әуел баста-ақ, халықтану ғылымы ретінде қалыптасқан. Сондықтан ол, адамзаттың рухани тарихының, халық мәдениетінің, өнері мен әдебиетінің, дәстүрлі дүниетанымының басын біріктіре қарайтын ілім болды. ХІХ ғасырға дейінгі кезеңде Еуропа ғалымдары «Адамзат қоғамы қалай дамыды, қандай кезеңдерден өтті?» деген сұраққа жауап іздеді.Өздері «жабайы» деп ат қойған тайпаларды, ұлттар мен ұлыстарды, оларда өнер, мәдениет, қоғам қалай пайда болғанын этнографиялық тұрғыда зерттей бастады.Ақырында, адамзат қоғамының «Баспалдақпен жоғары көтерілгендей емес, спиральмен айнала өрлегендей, өткенге қайта-қайта қайырылу арқылы қалыптасқандығына» көз жеткізді. Оның әр халықтағы ерекшеліктерін ашу үшін фольклорды үздіксіз зерттеу қажеттілігі көрінді. Адамзаттың рухани әлемі қаншалықты шексіз болса, халық шығармашылығының өрісі де соншалықты ұшан-теңіз. Қазақ фольклоры әлемдегі ең бай, құнарлы мұра болып саналады. Қазақтың алғашқы фольклортанушылары шетелдік жиһанкездер еді. Олар отар елді тану, білу үшін халықтық мұраларды молынан жинай бастады. І Петр заманынан бастап ­Ресей офицерлері, географтары, тіпті, ­медицина ­мамандары да қырға шығып, түрлі деректер жинаумен болды. Негізінен, жер байлығы, халықтың кәсібі – мал шаруашылығы, жаратылыс, емшілік, тылсым күштер жайлы деректер қатталды. Сонымен қоса, олардың ішінде, ғылыми мақсат көздеген, сол арқылы әлемге мәшһүр болып, жаңалық ашуды мақсат еткен адамдар да болды. Мәселен, В.В.Радлов. Ол «америкалық үндістерді ашқандай, теңдессіз жаңалықтың иесі атанғым келеді» деген оймен, Германиядағы оқып жүрген оқуын тастап Петерборға келіп, дүниеге әлі таныла қоймаған түркі халықтарын әлемге әйгілеу үшін шығыстану мамандығына оқуға түседі. Түрік тілдерін білетін адам жоғына көзі жеткен соң, Петерборды да тастап, Алтайға кетеді. Жиырма жыл Алтайда тұрып, археологиямен, этнографиямен айналысады. «Скифтердің аң стилі» деген терминді айналымға дәл осы Радлов енгізген. Телеуіт, қалмақ, қазақ тілін жетік білген ол Алтайдан Сырдарияның бойына дейін түйемен үш рет экспедиция жасайды. Түркі тілдерінің сөздігін, түркі фольклорының үлгілерін жинап бастырып, әлемге әйгіледі. Қазанда түркологияның, Петербордағы Кунтскамераның негізін салған да осы Радлов болды. Қысқартып айтсақ, қазақ фольклорының жиналу, зерттелуінің алғашқы кезеңі екі арнадан тұрады. Бірінші арна – әртүрлі мақсатпен халық ауыз әдебиетін жинау­ды алғаш бастаған шетелдік келімсектер. Өз қайраткерлеріміздің халық мұрасын зерттеуінен фольклортанудағы екінші арна басталады. Бұл – алғашқы қазақ оқығандарының ел мұрасын жинауға бет бұрып, мақсатты түрде іске кіріскен кезі. Олардың басында Шоқан, Ыбырай, Абай тұрса, Алаш қайраткерлері биік сатыға көтерді. Үшінші кезеңде, яғни, өткен ғасырдың елуінші жылдары осы жинақталған мұраны ғылыми жүйелеу, зерттеу ісі қолға алынды. Осы уақытқа дейін фольклортануда ең көп зерттелген жанр – ертегілер еді. Алпысыншы жылдары «ертегілерді түгел зерттеп тауыстық, енді бұл саланың мәселесі қалмады» деген ой айтыла бастады. Сөйтіп жүргенде фольклортануда жаңа ағым пайда болды. В.Я.Пропп атты орыс ғалымының «Морфология сказки», «Исторические корни волшебных сказок» деген еңбектері сол кездері жарық көрді. Структурализмнің негізін салған осындай авторлардың еңбектерінен соң, фольклортану жаңа бір биікке шықты. Дәл осы арнада қазақ ертегілерін індете зерттеген С.Қасқабасовтың «Казахские волшебные сказки», Е.Тұрсыновтың «Генезис казахской бытовой сказки» деген еңбектері дүниеге келіп, қазақ фольклортану ғылымына жаңа өріс ашты. Бұл авторлардың одан кейінгі еңбектері де жаңа серпіліс әкелді. Енді фольклортануға деген жаңа көзқарас оянып, жас ғалымдардың ынта-ықыласын қозғады. Cөйтіп фольклорды жекелеген проблемалар бойынша зерттеу кең құлаш жайды. Фольклористер қатары қаулап өсті. Ш.Ыбыраев бұрын көп зерттелді деп жүрген эпос тақырыбына «Эпос әлемі» деген жаңа кітап жазды. Б.Әбілқасымов магиялық фольклорды (наным сенімдер фольклоры) жан-жақты саралаған «Телқоңыр» атты еңбек жазды. Б.Әзібаева дастандардың сырын тереңдете ашты. Мен отбасы фольклорын қолға алдым. Ш.Керімов қазақ жұмбақтарын зерттеуге кірісті. Мен бұл жерде Әуезов институтындағы кадр­ларды ғана айтып отырмын. Бұлармен ілесе өңірлерде фольклордың әр жанрын әр қырынан саралаған зерттеушілер буыны қалыптасты. Осылайша, қазақ фольклортану ғылымы жаңа өрістерімен, жаңа есімдермен танылды. Тәуелсіздік келгенде ғылымның осы бір саласы тіпті өркендей түседі деп күткен едік. Бірақ… фольклортану керісінше, тұралап қалды. Қалыптасқан академиялық мектеп ыдырады, ЖОО фольклорға көңіл бөлмейтін болды. Неге? Халық ауыз әдебиетінің барлық жанры хатқа басылып, құжатқа түсіп, зерттеліп қойып па еді? Жоқ! Қазақ фольклоры азат, тәуелсіз зерттеу айдынына енді ғана шығып келеді. Сондықтан оның қолға алатын іргелі мәселелері шаш етектен. Өзгені былай қойғанда, бәрімізге етене таныс саналатын эпосты жаңаша саралауды ғана айтайықшы. Мәселен, көпшілікке кеңінен таныс «Алпамыс батыр» жыры өмірде болған сияқты. «Жиделі байсын жерінде, Қоңырат деген елінде» деп, Алпамыстың елін де, жерін де нақты айтады. Сөйткен Алпамыс мифтік бейне де секілді: отқа салса – күймейді, суға салса – батпайды. Ендеше, тарихи оқиға мен фольклорлық көркемдеудің ара қатынасы қандай? Біз Қорқытты өмірде болған жан деп есептейміз, зираты да бар деп сенеміз. Бірақ ол туралы да аңыз сан алуан. Тарихи Қорқыт пен аңыздағы Қорқыттың арасын ешкім әлі жете зерттеген жоқ. Осындай, күллі түркіге ортақ фольклорлық кейіпкер-тұлғалар өте көп. Әр ұлт өзіне тартады. Қорқыт, Қожанасыр секілді тұлға-кейіпкерлер туралы сюжеттердің халық арасына таралу заңдылығы қандай? Оны зерттеу де үлкен міндет. Тіпті әлі түрен түспеген тұтас жанрлар бар. Мәселен, қазақтың ауыз-екі әңгімелері, қазақ тәмсілдері, т.б. Кеңестік дәуірде көптеген тақырыпқа тыйым­ салды. Абылайдан бастап, Кенесары, одан берідегі сандаған сарбаздар жөнінде жеке-жеке эпостар, оның әрқайсысының жүздеген нұсқасы да бар. Соны қайтадан салыстырып, ерекшелігі не, тарихы қайсы, көркем қиялы қайсы деп зерттеу де өзекті мәселе. Бұл салада қордаланып қалған тағы бір мәселе, фольклордың арнайы курстарын ЖОО-ларда қайтадан қалпына келтірудің жай-күйі. Әлемнің барлық филология факультеттерінде фольклортану бар. Әлемде бұл сала жыл сайын көркейіп келеді. Тіпті постфольклор деген ұғымның айналасында зерттеу жасап жүр. Ал мифтік мотивтер әлем әдебиетінің алтын тамырына айналғалы қашан. Ал бізде… – Қазақ фольклорының көптомдығын шығаруды қолға алғаныңыздан хабардармыз. Бұл туындының басқалардан ерекшелігі не болмақ? – «Рухани жаңғыру» деген тамаша бағдарлама бар. Соны әлі де дұрыс пайдалана алмай келеміз. Елбасы, Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» деген бағдарламалық мақаласында «Дала фольклорының антологиясы» туралы­ жинақ дайындау керек екенін нақты айтты.­ Осы мақала негізінде, Білім және ғылым министрлігі оны жүзеге асыруды М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына жүктеді. Институттың өткен ғасырдан бері жинақталған бай қолжазба қоры бар. Міне, сол қордағы материалдар негізінде таңдамалы томдық жасаудың мәселесін қаузап, әуелі бүгінгі қазақ фольклористерінің бәрін жинап, бас қостық. Фольклористермен ақылдаса келе, әрқайсысы 40 баспа табақтан тұратын, суретті, көркем безендірілген, аудио нұсқасы бар 10 том антология шығаруды дұрыс көрдік. Соның бес томы батырлар жырына арналады. Қалған бес том ертегілер, аңыз-әңгімелер, әдет-ғұрып жырлары, жұмбақтар, жаңылтпаштар, ертегілер, хикаят­тар секілді ұсақ жанрларды қамтиды. Осы уақытқа дейін «Бабалар сөзі» деген атпен жүз томдық шыққанын білесіз. «Ендеше жаңа томдық не үшін керек? Бұл екі жобаның қандай айырмасы бар?» деген сауал әркімнің көкейінде тұрады. Ең бірінші, біздің қолға алған жобамыз фольклордың көпшілікке ыңғайлы, таңдамалы нұсқасын жасау. Жүз томдық ғалымдар үшін жасалған. Екіншіден, ол томдық екінің бірінің кітапханасында жоқ, бар-жоғы 2000 данамен жарияланған. Жүз томдықты сатып алуға қарапайым адамның қалтасы да көтермейді. Пайдалану да қиын. Мысалы, Қобыланды батырдың 23 нұсқасы бар. Оны түгел оқып шығу үшін ғылыми пайымың болғаны абзал. Бүгінгі заман сұранысына сай, электронды нұсқасы да жасалмаған. Таңдамалының екінші ерекшелігі – Батырлар жырының аудионұсқасын жасап жатырмыз. Институттың қорында ертеректе өмір сүрген жыршылардың аузынан жазып алған таспалар сақтаулы. Сол мақаммен бүгінгі жыршылар жырлап, таспаға түсіру жұмысы аяқталып қалды. Үшінші ерекшелік, кітаптың құрылымдық жүйесі өзгерген. Әр жырдың алдына қысқаша түсініктеме береміз: қанша нұсқасы бар, қай кезде жырланған, кім жырлаған, кімдер жазып алған, алғаш кім таратты, т.с.с. деректерді атап көрсетеміз. Төртінші ерекшелік – таңдамалының этнографиялық сөздігі. Архаизмге айналған, ел аузында ұмытыла бастаған сөз бен сөз тіркестерін, ұғымдарды суретпен көркемдеп, қысқаша түсіндіріп өтеміз. Ал, шығыс тілдеріндегі көне сөздерге сол мәтіннің астында түсініктеме жазып отырамыз. Бесінші ерекшелік – кітапқа көркем суреттерді енгізіп отырмыз. Біздің бала кезі­мізде жарық көрген «Батырлар жырының» суреті қандай еді? Әлі есімде, ауылдың қақ ортасындағы көнелеу дүңгіршекте 15 тиынға сатып алған көк мұқабалы «Батырлар жырындағы» Қобыланды, Алпамыс, Қамбар батырдың суреттері қиялымызға қанат бітіретін. Баранов, Сидоркиндердің «Батырлар жыры» тақырыбындағы тамаша суреттері мен бүгінгі заман суретшілері салған жаңа безендірулермен кітапты көркемдеп жатырмыз. Алтыншы ерекшелік – жырдың алғашқы қолжазба нұсқасының факсимилесі, ноталары да кітап бетіне бірге басылады. Оған қоса, жырды жинаған алғашқы зерттеушілер туралы мәлімет суреттерімен қоса беріледі. Жетінші ерекшелігі, таңдамалының электронды нұсқасы болады. Одан бөлек, кітаптың мұқабасына QR код қоямыз. Жастар код арқылы жырды смартфонынакөшіріп алып, тыңдай береді. – Өте тамаша кітап оқырманға жол тартайын деп тұр екен. Өз сөзіңізде айтқандай, бұл кітап оқырманға толық жете ме? Сатылымға шыға ма және қай уақытта жарық көреді? – Әуелі он мың данамен Білім және ғылым министрлігі бекітіп берген тізім бойынша университеттер мен аймақтық кітапханаларға тегін таратамыз. Сұраныс болып жаста, коммерциялық басылым ретінде сатылымға шығару жағын да қарастырармыз. Таңдамалының алғашқы бес томы биыл, ал келер жылы соңғы бес томы шығады. Одан кейінгі уақытта антологияның орысша мазмұндалған үш томын, ағылшынша мазмұндалған үш томын тасқа басу жоспарда бар. Жырлардың мазмұнын ықшамдап аударып, қазақ фольклорын шетелдік ауқымда таныстыруды осылай қолға алмақпыз. – Қазақ фольклорының таңдамалысын шығаруда М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорындағы дереккөз үлкен көмек болары анық. Жалпы, қолжазба қорында қанша еңбек сақтаулы? Оның барлығы да жинақталып, ғылыми айналымға түсті ме? – Әдебиет институтының Қолжазба қорын, кезінде Өзбекәлі Жәнібеков арнайы келіп қарап, Орталық ретінде құрып, белгілі фольклорист Ш.Ыбыраевты басшы етіп тағайындаған. Кейін, әртүрлі себептермен бұл орталық жабылып қалды. Қазір қорда 500 мыңнан астам қолжазба, 700 мың метрден аса үнтаспа бар. Үлбіреп тұр. Мыңдаған фото сақталған. ­Сонау 1930, 1950 жылдары, тіпті бертінге дейін сансыз экспедициядан әкелген материалдар, фотосуреттер тұр. Сол материалдарды фотоларымен бірге қайта қалпына келтіруді, пленканы цифрлауды қолға алсақ деген ой бар. Қолжазба қорының температуралық режимі сақталуы керек, жыл сайын реставрациядан өтіп тұруы қажет, цифрлық технологияға көшу мәселесі тағы бар. Білім және ғылым министріне осы мәселені екі рет айттым. Жас министр уәдесін берді, келер жылы, амандық болса, цифрлық технологияға арнайы қаражат бөледі. Міне, осындай жұмыстарды атқарып алған соң, тасада қалып қойған материалдармен жұмыс та өз қалпына түседі деп ойлаймын. – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына басшы болып келгеніңізге бір жылға жуық уақыт болып қалды. Бірталай істі қолға алдыңыз. Ғылымның көзге көрінбес, өзге адамға байқалмас жұмыстарынан өзге, «Халық университеті» жобасын жандандырғаныңыздан хабардармыз. «Көзге көрінбейтін» жұмыстар жайында да білгіміз келеді. – Институттың материалдық-техникалық жағдайы ойсырап кеткен екен. Себебі, қазір ғылымды қаржыландыру мәселесі өте қиын жағдайда. Қазір үш түрлі қаржыландыру көзіне қараймыз: гранттық қаржыландыру, мақсатты қаржыландыру, базалық қаржыландыру. Техникалық, әкімшілік қызметкерлерге базалық қаржыландыру негізінде айлық төлейміз. Гранттық қаржыландыруға көбірек тәуелдіміз. Алайда сол гранттық қаржыландырудың ережесінің өзі жетілдірілмеген. Әсіресе қоғамдық ғылымдарды дамытуға келгенде кедергісі көптеу. Қаржысы да мардымсыз. 3-5 миллионның аралығында. Ол неге жетеді? Мақсатты қаржыландыру әлі күнге дейін жете сараланбады. Одан бөлек, Институттың тартымдылығы, танымалдылығы жөніндегі жаңа жұмыстарды қолға алдық. Қазір Әдебиет институтының бар екенін, жоқ екенін білмейтін ұрпақ өсіп келеді. Жазушылардың өмірін, шығармашылығын зерттейтін бірден-бір ұйым Әдебиет және өнер институты. Жазушылардың өзі институттың тыныс-тіршілігінен хабарсыз. Әузов музейінің есігін ашып көрмеген жазушылар бар. Міне, осы орайда олармен тығыз қарым қатынас орнатсақ дедік. Бұрындары институтта әрбір жазылған шығарма, әрбір шыққан кітап талқыланып, ол талқы Жазушылар одағында жалғасып жататын. Қазіргі жазушыларды айтпаған күннің өзінде, «Өртеңге шыққан шөптей» Алаш зиялыларының өкшесін қуа дүниеге келіп, алпысыншы жылдары қазақ әдебиетінде үлкен леп әкелген көрнекті әдебиеттанушылардың еңбектері елеусіз қалып барады. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары әдебиетке келген қуатты толқынның шығармашылығы да жүйеленіп зерттелмей жатыр. Күні кеше ғана арамыздан кеткен Ә.Кекілбаевтың ізінен қуып жүріп, шығармашылығын, ондағы айтар, айтпақ болған ойын білгісі келіп, зерттеп, өзінен сұрап алған, соны хаттап, құжатқа түсірген кім бар? Ш.Мұртаза, О.Бөкей сынды қаншама таланттарды атауға болады. Қазір ортамызда жүрген Ә.Нұрпейісов, Қ.Жұмаділов, М.Мағауин, Т.Әбдіков, К.Сегізбаев, Д.Исабековтердің қадіріне жете алып жүрміз бе? Ертең «Ай, қап» демейміз бе? Олардың шығармашылығының ерекшелігі, көрген-түйгені ғылым үшін маңызды емес пе еді? Жалпы, біз «қолымызды мезгілінен кеш сермейтін» халықпыз ғой. Кештеу болса да, осындай бір жұмыстарды қолға алып жатырмыз. Институттың басқа қоғамдық ұйымдармен қарым-қатынасын да нығайтып, ЖОО-лармен интеграциялануды да қолға алдық. Болашақ мамандарымыз қазіргі ЖОО-ларда магистратура­ мен доктурантурада оқып жүр. Олар ертең бізге жұмысқа келуі керек. Оларды ғылымға тартқанымыз жөн. Сол үшін қазірден бастап жастар арасынан болашақ ғалымдарды таңдау жұмысына ақырындап кірісе берген жөн. Оқушылармен де жұмыс істеу керек. Жақында мектептерде қазақ әдебиетін оқытудың өзекті мәселелері жөнінде конференция өткізбекпіз. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын, Абай атындағы арнайы мектеп бар. Олармен де араласу, кездесулер өткізудің жайын ойлас­тырып қойдық. М.Әуезовтің туған күніне орай, «Ұлы жазушының туған күні ұлттық мереке» атты іс-шара өткіздік, сол аяда оқушылардың шығармалар бәйгесін ұйымдастырдық. Бүкіл республикадан қырықтан аса шығарма түсті. Оралдан бірінші курстың екі студенті Әуезов музейін көруіміз керек деп, өз қаржыларымен Алматыға жетіпті. Демек, оқушылар да Әдебиет және өнер институтының тыныс-тіршілігінен хабардар болып, баланы мектептегі партасынан көркемдікке, ізгілікке баулиық деген мақсатта оларды да М.Әуезов музейіне шақырып, әдеби процестердің оқушы танымына сай танымын ақырындап сіңіре берген жөн. – Жастар туралы айтып қалдыңыз ғой. Орайы келіп тұрған сұрақ, сізге әдебиеттану ғылымы қартайып бара жатқандай көрінбей ме? – Қазір ортамызда жүрген құрметті академиктер, қадірлі ақсақалдарымыз С.Қирабаев, Ш.Елеукенов, С.Қасқабасов, Б.Әзібаева – аға ұрпақ өкілдері екендігі шындық. Иә, келіспеске болмас, бүгінде ғылымға өмірін арнаған жастардың қатары селдір. Ендеше жастарды ғылымға баулуды белсенді қолға алған дұрыс шығар. Осындайда өткен ғасырдың ортасынан бастап әдебиеттану ғылымына келген Т.Кәкішев, З.Ахметов, З.Қабдолов, Ш.Сәтбаева, Л.Әуезова, А.Нұрқатов, Н.Ғабдуллин, Б.Сахариев, Р.Бердібаев, С.Қирабаев Ш.Елеукенов сияқты үркердей топ еске түседі. 1937-38 жылдардың зұлматына жұтылып кеткен арыстарымыздың орнын толтырып, әрқайсысы бір-бір саланың, бір-бір тұлғаның жоқшысы болып қазақ әдебиеттану ғылымын жоғары биікке көтеріп кетті емес пе? Әдебиеттану ғылымын көтеру үшін М.Әуезовке едел-жедел академик атағын бергіздіріп, Әуезов әр салаға бір-бір шәкіртін баулып, әрқайсысына жеке-жеке тақырып ұсынып, кандидат, докторлар қатарын ұлғайтты. Міне, басқа ғылым салаларын айтпай-ақ қояйын, әдебиеттану ғылымы осылай көтерілді, буыны бекіді. Одан бертіндегі ғылым жолына түскендердің көпшілігі өз ісіне адал болды, үлкен ұстазы Мұхаңның жолын қуып, олар да осы салаға жастарды тартты. Әрқайсысы шәкірттерінің ғана емес, күллі халықтың сүйікті ұстазына айналды. Тіпті қиын, цензура бет қаратпайтын кездерде де әдебиеттің бары мен жоғы там-тұмдап зерттеле берді. Ал қазір ше? Цензура жоқ, архивтің бәрі ашық. Ал жапатармағай ұлттың жоғын түгендеуге кірісіп кеткен жастар қайда? Бүгінгі жастарға жеткілікті қамқорлық көрсетіп отырмыз ба? Қайта, керісінше жолдарын қолдан қиындатып отырғанымыз жоқ па? Мұқият ойланатын мәселе. Биыл институтқа алты докторант, үш магистрант қабылдадық. 5-6 жыл ішінде жас мамандарды қалыптастырып алуға болады деп ойлаймын. Бірақ мұнда да адам факторына байланысты мәселе көп. Ағылшын тілінен жоғарғы нәтиже алған балалар өзінің тікелей мамандығынан – әдебиеттанудан өте алмай қалды. Неге? Себебі, әдебиеттануға келген бала ағылшынға судай болғанымен, әдебиеттанудың қыр-сырын білмейді! Қазір ғылым жөніндегі реестерде «қазақ әдебиеті», «қазақ тілі» деген сөз жоқ. Лингвистика, филология деген мамандық қана бар. Міне, айта берсең, мәселе шаш етектен. Әдебиетанудағы жастар қазақ тілі мен әдебиетінен диссертация қорғау үшін шетелдік жетекші табуы керек. Шетелдік жетекші математиканы, физиканы, химияны түсінуі мүмкін. Ал қазақ тілін білмейтін, әдебиетін оқымайтын жетекші не істейді? Бұл да таза формализм дер едім. Жас әдебиеттанушылар Скопуста мақала жариялауы міндет. Бұл да қоғамдық ғылымдар үшін неліктен маңызды болғанын түсіне алмай-ақ қойдық. Қазір жас ғалымдарды саусақпен санап алар­лықтай жағдайда жүргенімізде, маман­дықтан бұрын тілді білетіндер қатарын көбейте берсек, ғылымның жайы не болмақ? Бақтияр деген дәстүрлі әнші, музыкант, талантты ­баламыз бар. Музыкатану бөліміне қызметке алдық. Қордағы нотаның бәрін жазып отыр. Биыл бәріміз алқалап, магистратураға құжат тапсырттық. Негізгі мамандығынан жоғарғы балл жинады. Алайда, ағылшын тілінен бір балл төмен жинағаны үшін, оқуға түсе алмады… – Бір сөзіңізде баланы ізгілікке мектептен бастап тәрбиелесек деген ойымыз бар деп қалдыңыз. Ғылыми тақырыбыңыз да отбасы фольклоры ғой, тәрбиенің мәселесі бізде кейінге ысырылып қалғандай көрінбей ме? – Бүкіл әлемде тәрбие ісі үлкен тоқырауда тұр. Адамзат тәрбие мен білімнің орнын шатастырып алды. Білімді алға қойып, тәрбиені екінші кезекке ысырдық. Балабақшадан бастап балаға мол білім бергіміз келеді. Өркениетті елдердің жаңа білім мазмұны басқа бағытқа бұрылды. Мәселе білімде емес, балаға сол білімді алудың жолын көрсетуде екенін айтады. Кенже ұлыммен Жапонияға барып, балабақшаларын араладым. Технологияның шыңына жеткен ел деп есептейміз ғой. Ал балабақшасында технологияның соңғы жаңалықтарынан ештеңе де жоқ. Тәрбиеші балалардың ортасында жүр, жеке кабинетте отырмайды. Балалар жерге жатады, төсек орнын ата-аналарының өзі алып келеді екен. Жапон балабақшасы балаға жаңа технологияны емес, өмірді үйретеді. Түбегін төгуден бастап төсек орнын жинауға дейін бала өзі істеп үйренеді. Балаға әңгіме айтады, баланың әңгімесін тыңдайды. Қолөнермен айналысады. Қаптаған ойыншық та жоқ. Бір ойыншықпен бала әртүрлі ойын ойнап үйренуі маңызды екен. Міне, тәрбиенің негізі қайда жатыр? Жапондар балаға үш жасына дейін тәрбие беру міндетті деп санайды. Үш жасқа дейінгі кезеңде ми нейрондарының арасын біріктіретін бір байланыс түзіліп, ол байланыс үш жасқа дейін қалыптасып бітеді екен. Міне, сондықтан баланы үш жасқа дейінгі кезеңде тәрбиелеу өте маңызды. Үш жастан кейін де тәрбие сіңеді. Бірақ ол қиындай береді. Мұны дәлелдейтін мысал көп. Мәселен, жапонның жас жұбайлары шаңырақ құрған соң, дүниеге келген баласын ауылдағы ата-әжесіне қалдырып, өздері Америкаға оқуға кетеді. Бір жыл оқуын оқып келіп, Жапонияға оралып, 2,5 жасқа келіп қалған, тілі енді былдырай бастаған сәбилерін алып қаладағы тіршілігін жалғастырады. Үш жасқа тақағанда тілі шыққан бала ата-әжесінің ауылындағы диалектімен сөйлей бастайды. Сөйтсе, тілі шықпаса да, баланың құлағына апасы мен атасының сөзі әбден сіңген екен. Фольклорға неге жақын болдым? Анамнан сіңді деп ойлаймын. Анамның ертегі-жырын тыңдап көзім ұйқыға ілінетін. Анам арапшасауатты болатын. Латыншаны үйренді де, ­кириллицаны оқымай кетті. Араб тілінде шыққан кітаптардың бәрін жатқа білетін. Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамырын» жатқа айтатын. Кейін білдім, 1912 жылдары төте жазумен бірнеше кітап шыққан екен. Анам соларды оқып, үйреніпті. Би-шешендер сөзі, ертегілер, жырлар – бала күнімнен құлағыма сіңісті болған. Кейін біз әріп танығанда, кітапты бізге оқытып өзі тыңдайды. Тыңдап отырады да: «Олай емес еді ғой, былай еді ғой» деп дауласып кетеді. Кейбір шығармалар тез аяқталады. «Шолт етіп бітіп қалғаны несі, арғы жағы қайда» деп шығармаларға пікірін айтып отыратын. Демек, бізде тәрбие – отбасынан, әсіресе анадан. Әуезовтің «Адамзаттың негізі – әйел» деген, ең алғаш жазған мақаласы да әйелді әспеттейді. Тағы бір мәселе, жаңағы жапондардың тәрбиесінің бір өзегі – анасы кеудесіне баспаған балада мейір болмайды дейді. Ана – баланы ­бауырына басуы керек, ұйықтағанда да құшағына алып жатқаны дұрыс екен. Ал қазір ­балаларын титтейінен балабақшаға апарып тастайды немесе күтуші жалдайды. Сосын келіп, баламыз жақсы оқысын деп мектеп таңдайды. Мектеп таңдау дұрыс. Бірақ, алдымен тәрбиелеу керегін естен шығармау керек. Осы күні отбасының дәстүрлі қазақы құрылымынан ғана емес, қазақы тәрбиеден де жырақтап бара жатқандаймыз. – Қазақы тәрбиенің бірі – тілді білу. Сіздің балаларыңыз қалалық ортада ер жеткенімен, қазақшаны еркін біледі. Ал замандастарыңыздың, әсіресе, қаламгер замандастарыңыздың балаларын орыс мектебіне беріп, қазақы тәрбие мен тілден ажырап қалып жатқандары да болды ғой. – Өз мысалымды айтпай-ақ қояйын. Қатарымыздың көпшілігі баласын орыс мектебіне апарған жоқ. Біздің ұрпақтың ұлтшылдық сезімі жоғарылау болды. Баласын орыс тілінде оқытқан біздің алдымыздағы ұрпақ қой. Бірақ, соның өзі де адамына қарай болса керек. Мысалы, мен білетін Рахманқұл Бердібаевтың балаларының бәрі қазақша оқып, қазақы тәрбие көрді. Атын айтпай-ақ қояйын, академиктер, қазір тілдің жанашыры болып жүргендердің көбінің балалары орыс мектептеріне барды. Бұл – біздің зиялыларымыздың трагедиясы. Біздің алдымыздағы зиялы қауым қазақтың тілінен күдер үзген еді. Техникалық интеллигенция, бірен-саранын есептемегенде, қаламгерлерден сәл бұрынырақ тілден айырылған. Кейін ол қатарды біздің жазушылар мен тілші, әдебиетші ғалымдардың балалары толтырды. Алайда, баласын орыс мектебіне беру бар да, үйде қазақша тілдесу бөлек әңгіме. Бертінге дейін орыстілді болып жүрген Мұрат Әуезов кейінгі жылдары қазақ тілінде өте жатық сөйлейтін болды. Бірде Мұрат ағамыз: «Әкем кемеңгер екен. Үйге келгенде үнемі қазақша сөйлейтін. Мені Алматыдағы жалғыз қазақ мектебіне оқуға берді. Бала күнімде қазақтың әуезі құлағымда қалып қойған екен. Тілді үйрену соншалықты қиын болмады» дегені бар. Яғни орысша мектепке барғанымен, үйде қазақша тілдессе, қазақ тіліне оралу түк те қиын емес. Демек, ана тілінің ұстаханасы – отбасы. Қазақ отбасы түгел қазақша сөйлесе, келер ұрпақтың далада да, қалада да қазақша сөйлейтініне кепілдік беруге болады. Ал қазір кейбір ата-аналар орыс тілін қойып, балаларына жастайынан ағылшын тілін үйретіп, шетел мектептеріне бере бастады. Ағылшын, жалпы шет тілін білуге, үйренуге қарсы адам емеспін. Тек әуелі қазақ тілін жақсылап сіңіріп ал. Осы күні тіл білу ғана емес, шетелге барып оқу деген сәнге айналды. Кім шетелге барды, сол мықты сияқты. Ал ол шетелден не алып келді? Шетелге барып оқып келу үлкен жетістік емес, не үйренді, ол ұлтқа не опа береді – сол жетістік. Міне, осының жайын ұмытпайық. – Сіз – ғалымсыз, қаламгерсіз. Қазақтың тілі, ділі, рухани тәрбиесі ­туралы бірнеше кітаптар шығардыңыз. Бірақ шығармашылық еңбекке қарағанда мемлекеттік қызметте жүрген сәтіңіз көп. Бұл қызметтен не ұттыңыз, не жоғалттыңыз? – Мемлекеттік қызмет істеймін деген ойым жоқ еді. 1990 жылдары, өзіңіз білесіз, жағдай кәдімгідей қиындады. Әдебиет институты жарты жылға дейін айлық берген жоқ. Қызметкерлерге үй беретін институттағы ұйымымыз да ­тарап кетті. Сол аралықта ұстазым Нығмет Ғабдуллиннің шақыруымен ҚазПИ-ге бардым. Ол жақта да үйдің мәселесі жуық арада шешілмейтін болды. Әуелі бес жыл еңбек еткен соң кезекке қояды екен. Отбасым, балаларым бар. Дәл сол аралықта Сейіт Қасқабасовтың ұсынуымен Президент аппаратының Ішкі саясат басқармасының Тіл секторына қызметке бардым. Күнкөрісі де тәуір, баспана да берілетін көрінеді. Иә, мен мемлекеттік қызметке кеткенде ұстаздарым, құрдастарым қарсы болды, «Биліктің адамы­ емессің, табиғатың бөлек, ғылымда қал» деді. Жиырма бес жылдан астам мемлекеттік қызметте жүрдім. Қызметтен көп дүние алдым деп есептеймін. Тәртіпке үйрендім, қағаз әзірлеу, құжаттар дайындау, ресми сөз жазуда ерекше өнеге екен. Жиналыстар дайындау, жүргізу, ­жобаларды жүзеге асырудың қыр-сырын түсіндім. Жоғалтқан дүнием де көп. Біраз уақытты босқа өткізіп алдым ба деп ойлайтын кезім көп. Иә, мүмкіндігінше ғылымнан қол үзбеуге тырыс­тым. Кітаптар шығардым, мақалалар ­жазып тұрдым. Институттан толық кеткенім жоқ. Сонда­ да талай дүние жасағым келіп еді. Біразын жаздым да. Ғылым үшін бе, өзім үшін бе көп нәрседен кеш қалған тұстарым аз емес. Қазір ойлансам, егер заман тыныш болып, күйбің тірлікке алаңдамасам, институтта қалар едім, себебі, «өзімді елден зор тұтып» іске асырсам деген шаруаларым бар еді… Қазір де тұғырдан тайып тұрғанымыз жоқ. Құдай қуат берсе, еңбек ете берерміз. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Қарагөз СІМӘДІЛ

1600 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз