Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Аймақ тынысы
  • 09 Қазан, 2019

Француздық компания Алматы облысында қатты қалдықтарға арналған екі заманауи полигон салады

Әлемдік тәжірибесі бар француздық компания Алматы облысында қатты қалдықтарға арналған екі заманауи полигон салады. Полигондар Талдықорған және Алматы өңірлерінде орналастырылады. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Амандық Баталовтың француздық «SUEZ» компаниясы мен отандық «Keremet Projects» компаниясы өкілдерімен болған кездесуде айтылды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Компания жұмысы мен олардың жүзеге асырып жатқан жобалары туралы «SUEZ Group» компаниясының халықаралық қатынастар жөніндегі вице-президенті Тимоти Каржиль айтып берді.

Оның айтуынша, компания полигонды барлық экологиялық талаптарды сақтай отырып салады, яғни фильтраттың жерге сіңбеуіне, оның жер асты суларын уламауына, ауаға зиянды затқтарды шығармауға баса назар аударады. Бұл ретте компания қалдықтарды өңдей отырып, мемлекет пен компания үшін энергияның көптеген түрлерін, соның ішінде биогаз, тыңайтқыш та шығарады. «SUEZ» қалдықтарды сегрегациялауға, яғни қоқыстарды өңдеуге және энергияға айналдыруға болатын қалдықтар, сонымен бірге өңдеуге келмейтін қалдықтар деп екі топқа бөлуге маманданған. Сол сияқты компания «дымқыл» деп аталып жүрген, жасыл электр энергиясын өндіруде пайдаланылатын муниципалды қалдықтарды өңдей алады.

Сонымен қатар өңдеуге келмейтін қалдықтарды жағу процесін да атқарады, бұл орайда міндетті түрде түтінді тазалау, одан әрі пайдалы энергия өндіру де қарастырылады.

«SUEZ» компаниясы мұндай технологияда әлемде көшбасшы саналады, өз қызметін 80 елде ұсынып отыр. Сол сияқты компанияның басқаруында әлем бойынша 100 тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны бар.

Компанияның қызметі туралы баяндаушылардың сөзін, жобаларының таныстырылымы жайлы тыңдаған облыс әкімі Амандық Баталов бірінші кезеңде іскерлік байланысты Талдықорған және Алматы өңірлерінде екі полигон салудан бастауды ұсынды:

- Бірінші полигонды Талдықорғандағы полигон базасында орналастырамыз. Сіздермен бірге бұл полигонға облыс орталығына жақын аудандардан, Текелі қаласы мен Талдықорғанның өзінен қалдық тасымалдау мәселесін ұйымдастырамыз. Сөйтіп, жылына 150 мың тоннаға жуық қалдық жинақталады. Екінші полигонды Алматы қаласына жақын маңнан салу керек. Бұл жаңа полигон болады. Оны халқы тығыз орналасқан Еңбекшіқазақ ауданынан салуды ұсынамын. Осы полигонға Талғар ауданынан, Алматы қаласы мен Іле ауданының бірқатар бөлігінен қоқыс жеткізілетін болады. Сіздермен бірге нақты іске кірісу үшін біз жұмыс тобын құрамыз, оның құрамына «SUEZ» және «Keremet Projects» компанияларының өкілдері, менің ТҮКШ саласына жетекшілік ететін орынбасарым, сол сияқты тиісті басқармалардың басшылары кіреді. Сіздер «Step by Step» технологиясы бойынша осы жобаның барлық детальдарын пысықтасаңыздар, біз өздеріңізбен бірлесіп жақын күндерде жобаны жүзеге асыру жұмыстарын бастаймыз, - деді А. Баталов.

Өз кезегінде «SUEZ» компаниясының өкілдері артылған сенім үшін ризашылықтарын жеткізіп, жобаны іске асырудың дайындық жұмысы сапалы болады деп сендірді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі "Мені сіздердің полигон салу туралы ойларыңыз қатты қызықтырды. Өйткені сіздердің компанияларыңыз барлық экологиялық талаптарды ескере отырып, арнайы технологиямен заманауи полигон салудан бастап, қоқысты өңдеу мен энергия түрлерін шығаруға дейінгі процестерді толық қамтиды. Біздің серіктестігіміз полигон құрылысын жүргізумен шектелмейді деп ойлаймын. Атап өтілген бағыттардың барлығы да ынтымақтаса жұмыс істеуімізге негіз бола алады", – дей келе, өзінің бірінші орынбасары Л.Тұрлашовқа, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Б. Тәнекеновке осы жобаны іске асырудың барлық сатысында ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Қазақстандық «Keremet Projects» компаниясы жобаның барлық сатыларында жетекшілік етіп, полигон құрылысын жүзеге асыратын болады.

 

692 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз