Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Рухани жаңғыру
  • 27 Қазан, 2019

Украин халқы шығармашылығының IV халықаралық фестивалі өтті

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстандағы Украина Елшілігінің қолдауымен, елордадағы М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында украин халқы шығармашылығының «Ми разом, ми одна сім’я!» IV халықаралық фестивалі өтті, - деп хабарлайды ҚХА Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Фестивальдің ашылуына дейін қонақтар сәндік-қолданбалы өнер көрмесімен және украин жастар қанаты Жастар жылына арнап ұйымдастырған «ХХІ ғасыр жастары – объективте» фотокөрмесімен танысты.

«Еліміздегі барлық этномәдени бірлестіктердің ортақ құрылымы болған, азаматтық қоғамның ерекше институты – Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлттар мен ұлыстардың алтын діңгегіне айналғанын» атап өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев қатысушыларды фестивальдің ашылуымен шын жүректен құттықтады.

«Бүгінде Қазақстан көпұлтты және көпконфессиялы ел болып танылды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық бірлік пен жалпыұлттық бірліктің моделі әлемге танымал болды.

Тарихи тағдыры ортақ түрлі ұлт өкілдері тәуелсіз Қазақстанның іргесін бірге қаласуда. Олардың арасында басқа этностардың барлығымен терезесі тең украиндықтар да бар. Сол үшін де Сіздерге алғыс айтамын!» - дей келе, Жансейіт Түймебаев өз сөзін мыңжылдық тарихы бар қазақ-украин достығының басталу, украиндықтардың «Ұлы Дала Елінде» пайда болу тарихынан бастады.

Қазақстандық украиндердің қазақ жеріне қоныстану тарихы хронологиялық тұрғыдан ұзақ уақыт аралығын қамтиды. Тарихи деректер бойынша, 1768 жылы басып жанышталған гайдамак қозғалысы мүшелерінің Сібірге, ішінара қазақ халқы мекен еткен аумақтарға жер аударылған екен.

Бірақ, украин көшінің негізгі лектерінің бірі ХІХ ғ. 80-90 жж. және Столыпиннің реформасы аясында жүзеге асырылды. Нәтижесінде, ХХ ғасырдың басында украиндер саны жағынан қазақтар мен орыстардан кейінгі орынға көтерілген еді.

Қызықты мәліметтерге толы баяндама барысында Жансейіт Түймебаев «қазақстандық украиндер еліміздегі ең бір көп санды ұлт өкілдерінің қатарында» екенін атап өте отырып, Қазақстан мен Украинадағы тамыры қазақстандық украиндер туралы да айта кетті: «бокс чемпионы В.В.Кличко – Қазақстанның тумасы болса, қазақстандық ауыр атлетші А.М.Храпатый – украиндық. Қазақстандық боксер В.А.Левит пен атақты қазақстандық журналист Я.Красиенконың ұлты украин».

Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуымен елімізді мекендейтін этнос өкілдері үшін, олардың арасында мол санды украиндер үшін де дамудың жаңа кезеңі басталып, өз тілін, діні мен салт – дәстүрлерін жаңғыртуға мол мүмкіндік туды.

Шамамен 300 адам қатысқан қызықты фестиваль Қазақстанның 11 облысынан жиналған украин шығармашылық ұжымдарының мерекелік концертімен, сондай-ақ фестиваль жеңімпаздарын марапаттау рәсімімен жалғасын тапты.

Тәуелсіз Қазақстанның дамуына зор үлесін қосып келе жатқан этностардың бірі – украиндер бүгінгі күні еліміздегі мол санды этностардың қатарында 4-ші орынға ие.

Украин халқының мәдениетімен, салт-дәстүрімен танысуға мүмкіндік жасап, мерекелік концерт пен тамаша көрменің куәсі болуға үлесін қосқан осындай қызықты да ауқымды шараның ұйымдастырушыларына зор алғысын жеткізе отырып, Жансейіт Түймебаев украин этномәдени бірлестігіне «шығармашылық табыстар мен сарқылмас қуат» тілеп, жарқын бастамаларының жүзеге асуына, жұмыстарының әрдайым жемісті болуына тілектестік білдірді.

Сондай-ақ, аталған шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Рада украинцев Казахстана» республикалық заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Юрий Тимощенко, Қазақстандағы Украина Елшісі Иван Кулеба, Сергей Винник, мемлекеттік органдар мен шетелдік дипломатиялық миссия өкілдері, этномәдени бірлестіктер мен ҚХА мүшелері және т.б. қатысты.

Шараның мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыра отырып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту; қазақстандық этнос өкілдерінің мәдениетін насихаттап, азаматтық біртектілік қалыптастыру; Қазақстандық бауырлас халықтар арасында әріптестік байланыс орнатып, достық қарым-қатынастарды арттыру.

6485 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз