Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 05 Қараша, 2019

Құрылыс салуда мәселе көп

«Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері А. Смағұлов, Н. Әбдіров, А. Базарбаев, Г. Бижанова, Н. Дулатбеков, Б. Мамраев  Н. Сабильянов  Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А. Маминге құрылысқа рұқсат құжаттарды алу рәсімі туралы депутаттық сауал жолдады. -Біздің мемлекетіміз кәсіпкерлерді қорғауға үнемі көңіл бөліп, арнайы бағдарламалар қабылдап, түрлі шараларды іске асырып жатыр. Соның бірі – шағын және орта бизнесті қолдауға бөлініп жатқан гранттар. Мысалы, облыстарда шағын кәсіп ашу үшін – 3 млн. теңге, жастарға 1 млн. теңге көлемінде гранттар көзделген. Дегенмен, өз ғимаратың болмаса, бизнес жүргізу қиын болатыны белгілі. Гранттың қаражаты қаланы айтпағанда, ауылдық жерде ғимарат салып, бизнес жүргізуге жете ме? Қазір құрылыс объектісін салу үшін небәрі екі құжат қажет екен. Алайда, кез келген құрылыс салушы осы құжатты алу үшін құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту кезінде түрлі қиындықтарға тап болады. Мәселен, ауылда жалпы құрылыс алаңы 120 – 200 шаршы метр болатын бір қабатты дүкен ғимаратын салу үшін оның құжаттарын ресімдеуге қыруар қаржы жұмсалады. Кейде ол жалпы сметалық құнның жартысынан асып кетеді екен. Кәсіпкерлердің айтуынша, жерге орналастыру жобасын, мемлекеттік актіні немесе кадастрлық жоспарды, эскиздік жобаны, құрылыс объектісі орналасатын жердің топографиялық түсірілімін жасату, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, жұмыс жобасын әзірлету, қоршаған ортаға тигізетін әсерін бағалату, жобаны мемлекеттік сараптамадан өткізу, жобаның авторымен, сондай-ақ мердігермен келісімшарт жасау үшін бір немесе бір жарым миллион теңге шығаруға тура келетін көрінеді. Сол ғимаратты реконструкциялау, кеңейту үшін де осындай құжаттарды рәсімдеу талап етіледі. Ауылдық жерде қарапайым, көлемі шағын құрылыстар салуға сонша көп құжат талап ету, сөйтіп шағын және орта кәсіпкерлікті орынсыз шығынға ұшырату не үшін қажет? Бұрын бұл мәселені шешуге мұншалықты көп құжат талап етілмейтін. Қазір осынша көп құжатты әзірлеу және оны талап ету шағын және орта бизнестің шығынын көбейтіп, дамуына кедергі болып отыр. Осы мәселені шешу үшін мемлекетімізде жүргізіліп отырған рұқсат беру құжаттарын оңайлату саясатын ескере отырып, мынадай шаралар қабылдау қажет деп ойлаймыз. Біріншіден, ауылдық елді мекендерде, оның ішінде шаруа, фермер қожалығы жерлерінде салынатын шағын объектілер (дүкен, монша, база, шаруашылық үйі, т.б.) санаттарын анықтап, олардың құрылысына рұқсат беру құжаттарын оңайлату үшін нормативтік құқықтық актілерді жан-жақты қарап, талқылап, оларға өзгеріс енгізу мәселелерін қарау керек. Екіншіден, облыстық деңгейде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын органдардың функцияларын аудан деңгейіндегі атқарушы органдарға беру мүмкіндігін қарау керек. Бұл кәсіпкерлерді алыс қашықтыққа жол жүріп, шығын шығарып, уақыт жоғалтудан құтқарады. Үшіншіден, жер учаскелерін беру кезінде құрылыс салуға бастапқы рұқсат беру құжаттарын (сәулет-жоспарлау тапсырмасын, техникалық шарттарын) көздеу қажет. Бұл кәсіпкерлерді әрі қарай құжат жинаудан босатып, олардың уақытын да, қаржысын да үнемдейді. Төртіншіден, салынып жатқан объектілердің сапасын жақсарту, қағазбастылық пен бюрократиядан арылу үшін объектілер құрылысын цифрландыру қажет.  

1456 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз