Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 11 Қараша, 2019

Тұманды Альбионда

The United Kingdom – Біріккен Корольдіктерге сапарым Қыркүйектің соңғы аптасында басталды. Алматыдан ұшқан ұшақ жолда Франкфурт әуежайына аялдады. Люфтганза (Lufthanza) немістердің атақты әуекомпаниясы, ұшағы да, қызметі де жайлы. Қасымда Орта Азияның 4 мемлекетін аралап, отанына қайтып келе жатқан неміс шал отырып еді. «Франкфурт Еуропадағы ең ірі әуежайлардың бірі. Ұшар есігіңді табам дегенше, 2 сағат та өте шығар» деді. Айтса айтқандай екен, арасында жүрдек пойызға мініп жүріп, Манчестерге ұшатын есікті таптым. Мәліметтерге жүгінсек Франкфурт әуежайы жылына 65миллион жолаушыны қабылдап алып, шығарып салады екен. Үш жүзге тарта ұшып шығу есіктері бар. Әлемдегі ең ірі  әуежайдың бірі. Діттеген жеріме жету үшін тұп-тура 14-15 сағат кетті. United Kingdomның Манчестер, Лидс деген қалаларымен жүрдім. Ескі қызыл кірпіштен салынған үйлер көп екен. Жолдың екі жағында қатар – қатар тізілген аласа қызыл ғимараттар. Көкпен таласқан биік үйлер жоққа тән. Жаңа модерн құрылыстардан гөрі ескі кірпіштен соғылған үйлерге көзім көбірек түсті. Сөйтіп, Ұлы Британияның солтүстігінде орналасқан Ньюкаслге де жеттім. Ньюкасл университетіндегі ИНТО бағдарламасы бойынша академиялық ағылшын курсы бір аптадан кейін басталды. Кіл ағылшынша сөйлейтін ортаға кіріп кеткенде сәл абдырап қалады екенсің. Ньюкаслдықтар өте жылдам сөйлейді. Олар оны өздеріне тән ерекшелік деп есептейді. Келгелі күн жаңбыр. Күннің көзін сирек көреміз. Қала шағын. Біздегідей көкпен тілдескен ғимараттар жоқтың қасы. Орта ғасырдағы архитектура сақталған. Қызыл кірпіштен соғылған үйлер кілең. Жолдары біздікіндей кең емес. Соған қарамастан біздегідей азан – қазан жоқ. Кептеліс дегенді көрмедім. Бір қызығы Британиядағы көліктер оң рульді екен. Қайда да кезек сақтап, бір біріне ілтипат білдірген халық. Үнемі жымиып, күліп сөйлеседі. Қоғамдық көліктің жол жүру құны қымбат. Ең арзаны біздің ақшамен 1000 теңге. Осындағы сервис орталықтарынан бірлі-жарым орыстарды кездестіріп қаласыз. Тұратын жай іздеп бір агенттікке кіріп едік, жөн сілтеп тұрған қыз “қайдансыздар” деп сұрады. “Қазақстан” деп едік, орысша сөйлей жөнелді. Сөйтсек, ресейлік екен. Ата-анасы Қазақстаннан екен. Кеше кітапханаға барып едім. Бір әйел де қайдан екенімді сұрады да, орысша сөйлей жөнелді. Сөйтсем, Бішкектен екен. Жергілікті жұрт бізді қытайға ұқсатып жатқанымен, олар қазақ екенімізді байқап қойып жатыр. Тұратын орындар өте қымбат. Ерекше ештеңесі болмаса да, студент жатақханасының өзі 250,000 теңгеден төмен болмайды екен. Оның өзінде бір жылға келісім шарт жасау керек. Барлық төлемдер алдын ала кемінде үш айдан бір жылға дейін жасалады.

Есенгүл Кәпқызы, Ньюкасл

(Жалғасы бар)

Дереккөз: minber.kz

1067 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз