- Біздің сұхбат
- 11 Қараша, 2019
Әдеттен тыс әрекет ететін кез келді
Елімізде көптеген шағын және орта бизнес өкілдерін біріктіріп отырған AsiaBusinessGrupp – HoldingPartners-EL холдингтік компаниясы мемлекеттің қатысуынсыз шетелдік инвесторлармен ынтымақтастықты нығайтып, бірлескен іс-қимылдарды жүргізуге дайын. Осы негізде Мемлекет басшысының шетелдік капиталды тарту мен қор нарығын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындауға атсалысу мақсатында компания таяуда бірқатар ведомстволардың қолдауымен елдегі бизнес-климатты әрі қарай жақсартудың перспективаларын қарастыратын халықаралық іс-шара өткізбек. Тың бастамалар жайында компания президенті Мелятхан ХАЙРАНОВ толығырақ айтып берді.
– Мелятхан Дәулетханұлы, Мемлекет басшысы зор маңыз беріп отырғандай, экономика дамуы әлеуметтік тұрақтылыққа ықпал ететін тың шешімдермен байланысты болуы керек. Осы бағытта сіздер ұсынып отырған механизмдердің тиімділігі неде? – Елбасының былтырғы Жолдауында экономикадағы бәсекелестікті дамыту үшін батыл шаралар қабылдау – басым бағыттардың бірі ретінде айқындалды. Ағымдағы жылдың мамырында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің экономикадағы қатысуын шектеу мақсатымен жаңа мемлекеттік компанияларды құруға мораторий жариялады. Сондай-ақ отандық бизнесті қолдау, инвестициялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және халықтың іскерлік белсенділігін ынталандыру – Президент бағдарламасында айтылған маңызды міндеттер. Мұнымен қоса жақында өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин министрлерге және облыс әкімдеріне экономиканың түрлі салаларында негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Қазіргі дамудың жаңа кезеңі халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге және қоғамның әлеуметтік-саяси тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал ететін проблемаларды стандарттан тыс, жедел шешуді талап етеді. Әлемнің дамыған мемлекеттерінде экономикалық қарым-қатынастардың жаңа, нәтижелі құрылымдары жасалып, кең қолданыс табуда. Ол іскерлік ахуалды жақсарту мен экономикалық әлеуетті дамыту мақсатында қажетті ресурстары бар тараптардың пайдалы шарттарына негізделген. Осыған орай қажетті ресурстары бар және оларды пайдалану мүмкіндіктеріне ие тараптар бәсекелестік артықшылыққа ие болуда. Сондықтан AsiaBusinessGroups – HoldingPartners-El холдингтік компаниясы ЖШС әлемдік нарықтық экономиканың ұзақмерзімді тәжірибесін зерделей келе, еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму жағдайында халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды қолға алып, ұтқыр экономикалық әдіс-тәсілдерге ден қоюда. Біз қаржылық қызметтерге қолжетімділікті арттырудың тиімді құралын ұсына отырып, Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін шешумен қатар, әрі қарайғы экономикалық даму жолдарын қарастырамыз. Дамудың жаңа құралы экономиканың басым бағыттарын жаңғыртуға кепілдік береді.
Бұл ретте экономикалық тұрғыдан ең тиімді болып табылатын биржалық механизмнің құрылымы пайдаланылады. Осылайша, экономиканың жекелеген бағыттарын қаржыландыру мемлекет есебінен емес, бәсекеге қабілеттілік пен өндіріс тиімділігі есебінен жүзеге асырылады және қаржыландыру жүйесі белгілі бір өзгерістерге ұшырайды. AsiaBusinessGroups – HoldingPartners-El холдингтік компаниясы серіктестігі бизнес құрылымын қаржыландыру саласында өзара серіктестік құру арқылы бірлескен іс-шаралар атқарады. Нәтижесінде жоба мердігерін, тапсырыс орындаушысын және инвесторларды біріктіретін үшжақты, былайша айтқанда үшбұрышты экономикалық құрал енгізіледі. Яғни, өндірушілер үшін қаржыландыру көзі – төмен пайыздық мөлшерлемемен несие бере алмайтын банктер емес, тиісті деңгейде қаржыландыру мүмкіндігі бар бизнес өкілдері болмақ. Мұндай қадам еліміздің экономикалық өмірінің тұрақты дамуына кепіл бола алады. Сонымен қатар AsiaBusinessGroups -HoldingPartners-El холдинг компаниясы: экономиканың түрлі салаларында бизнес-жоспарларды әзірлеп, іске асыруда; жобалық қаржыландыруды қолжетімді ететін тікелей инвестициялау механизмін енгізуде; биржалық құрылымдарға қолайлы әлеуметтік пакетті құрайтын экономикалық құралдарды тартуда; орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы диалогты ұйымдастыруда; кәсіпорындардың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік беретін қолайлы жағдай жасауда; әлеуметтік-экономикалық және басқа да қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін кластерлер мен кәсіпорындардың мүдделерін қорғауда жәрдем көрсетеді. Осылайша, HoldingPartners-El түрлі секторларда өнімділікті арттыруға жағдай жасайтын мемлекеттік мекемелер мен басқа да құрылымдардың жұмысын жандандыруға ықпалын тигізеді. Біз HoldingPartners-El үшжақты құралы аясында еліміздің экономикасын дамытуға бағытталған қолайлы жағдайлар жасамақпыз. Алдағы форум аясында таныстырылатын Aleminvestor модулінің негізгі тұжырымдамасы – экономиканың басым бағыттарын жаңғыртуға кепілдік беретін әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа механизмін қолданумен нарықтық тәсілдерді жаңартуға белсенді қатысу. Осылайша, елді экономикалық өсудің жаңа моделіне жеткізетін экономикалық кластер құрылады. – Ел экономикасына шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі бастамаларды қолдауда белсенді азаматтық позицияларыңыз ерекше қуантарлық. Білуімізше, сіз басқаратын компания дамыған өңірлік орталықтарда экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған бірегей инфрақұрылымдық жобаларды да іске асыруға ниетті. – Иә, жобаны жасаушылар бірнеше жылдар бойы заманауи инженерлік жабдықтарды, дамыған телекоммуникациялық жүйелерді қолдана отырып, инфрақұрылымды мұқият ойластырды. Жобалау кезінде жаңа архитектуралық шешімдер қолданылды. Ішкі, сыртқы құрылысқа жаңа, жоғары сапалы материалдар ұсынылды. Сондай-ақ ландшафт дизайнының жоспарланған элементтеріне, қаланы жарықтандыру мен безендіруге көп көңіл бөлінді. Жоба авторлары «Қала жүрегі» бірегей модулінің орналасатын жерін мұқият таңдап, оған болашақта елдің стратегиялық маңызды да беделді бұрышына айналатын Алматы қаласын лайық деп шешті. Бұл жобаның жалпы құны 470 миллион АҚШ долларын, ал жалпы аумағы 24,5 гектар жерді құрайды. Алматы – үлкен ұлттық мәнге ие еліміздің қаржы-экономикалық орталығы. Бұл іскерлік және саяси белсенділікті жүзеге асыратын бірден бір орын. Мұның бәрі тарихи, мәдени және іскерлік орталықтың бүкіл аумағының таңғажайып бірлігіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ғимараттардың интерьері мен қасбеті заманауи дизайнның үлгісі болады. Жалпы, бұл жоба қалаға ерекше эстетикалық сәулет келбетін береді. Жобаны іске асыру қала мен өңір экономикасы мен мәдениетін дамыту үшін әлеуетті әзірлеушілер мен инвесторларды тартуға, заманауи инфрақұрылымы бар жаңа шағын аудан құруға, іргелі мегаполисте мәдени, іскерлік орталықты қалыптастыруға, жастарға өз жұмыстары мен идеяларын жүзеге асыруға, біліктілікті арттыру институттарын, кадрларды қайта даярлау курстарын ұйымдастыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, қала тұрғындары мен оның қонақтары үшін кешенді қызметтер нарығын кеңейтуге жол ашады. Көпфункционалды қала – «Әкелер арманы» жобасы – біздің болжауымыз бойынша көрікті таулармен қоршалған, қарлы шыңдардың арасындағы жасыл түсті қалашық. Іле Алатауы тауларының емдік климаты шетелдік келушілер мен қазақстандықтардың өздері үшін маңызды экологиялық тұрғыдан қаланың толық әл-ауқатын қамтамасыз етеді. Дұрыс жоспарланған ландшафт сәулеті табиғи сұлулығымен үйлеседі. Қалалық жобада жас ұрпақтың білім беру мекемелеріне үлкен мән беріледі. Білім беру нысандарының құрылысы өркендеп келе жатқан ғылымды, өнерді, жетекші озық технологияларды дамытуға арналған алаңды қамтамасыз етеді. Қалада ғылым, өнер, неке сарайлары, галереялар, көрме залдары, мұражайлар, кинотеатрлар бой көтереді. Спорт әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағынын тартып, халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге жағдай жасалады. Жанкүйерлер ағыны экономиканың ең тиімді салаларының бірі – туризмнің дамуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар муниципалитет, әлеуметтік нысандар, медициналық, сауықтыру орталықтары, демалыс үйлері мен пансионаттар жұмыс істейді. Қаржы, бизнес орталықтары, конгресс-холлдар конференцияларға, саммиттерге және басқа деңгейдегі іс-шараларға іскер серіктестерді тартады. Авторлар қала бүкіл елдің гүлденуін қамтамасыз ететін Қазақстанның экономикалық, қаржылық айлағына айналады деп үміттенеді. – Ізгі ниеттен туындаған көркем идеялардың нақты өмірде нәтижелі болуы маңызды. Жалпы, қазіргі сәтте экономиканың басым салаларында өміршең жобаларды жүзеге асыру үшін компания нендей жұмыстар атқаруда? – AsiaBusinessGrupp – HoldingPartners-EL холдингтік компаниясы өзара серіктестікті құру, бизнес-құрылымдарды қаржыландыру саласында бірлескен қызметтерді жүргізуде. Үшжақты экономикалық әріптестік шеңберінде мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен біз серіктестерімізбен бірлесе отырып ауыл шаруашылығы, тағам өнімдерінің қаптамасы, көлік салаларында бірқатар жобаларды жүзеге асыра бастадық. Бүгінгі таңда түрлі салада бірлескен бизнесті жүргізу бойынша Қытайдың іскер өкілдерімен келіссөздер жүргізілуде, сондай-ақ Австрияның, Бельгияның инвестициялық қорларымен отандық бизнеске инвестиция салу жөнінде келісімдер жасалды. Мысалы, инновациялық агрокешен жобасы бойынша Алматы облысында өсімдік өнімдері мен тұз өңдеу кешені құрылып, онда экологиялық таза, табиғи өнімдер өндіру қолға алынды, қарқынды технологияларды қолданумен жеміс-жидек өсіріле бастады. Сонымен қатар бүгінде астық шикізат түрінде сатылатын болғандықтан, бидайды тереңдетіп өңдеу зауытын салуды ұсынып отырмыз. Өңдеу барысында бидайдан әлемде үлкен сұранысқа ие крахмал, глютен, жемдік қоспалар алу көзделуде. Өңделген бидайды өткізу оның экономикалық тиімділігін 5-6 есе арттырады. Бұдан бөлек, ASTM стандарты бойынша мыс құбырлары өндірісін құру жоспарлануда. Зауыттың жобалық қуаттылығы – жылына 13 000 тонна. Құбыр өндірісін құру озық технологияларға негізделеді. Жоба қазіргі таңда жылдам қарқынмен дамып келе жатқан мұнай өңдеу, машина жасау салалары, құрылыс индустриясы үшін құбырларға тұрақты қажеттілікті ескергенде, өте маңызды болып табылады. – Келелі диалогыңыз үшін көп рақмет.
Сұхбатты жүргізген – Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ
2451 рет
көрсетілді0
пікір