Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 11 Қараша, 2019

АУЫЛДА ДА ӘЙЕЛДЕРГЕ ЖҰМЫС КӨП

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Radisson» қонақ үйінің «Сарыарқа» залында «Қазақстан әйелдерінің ауылды кешенді дамытуға қосқан үлесі және ТДМ-2030 жетістіктері» атты ІІ республикалық ауыл әйелдері форумы өтті.

«Жасыл экономика және G-Global дамыту Коалициясы» ЗТБ, G-Global халықаралық хатшылығы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, «Coca-Cola» компаниясының қолдауымен Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкі форумды ұйымдастырды. Ресми серіктестері: ЕҚЫҰ Бағдарламаларының Нұр-Сұлтан кеңсесі, Қазақстандағы Конрад Аденауэр атындағы Қордың өкілдігі, «EXPO&WOMEN» ХҰ, «Investment consulting company» МКК, «Қазақстан әйелдерінің аграрлық одағы» болды.

Форумға қатысу үшін еліміздің барлық облыстарынан 220 делегат келді. Бұл басқосуға дайындық мақсатында осы жылдың шілде - қазан

айлары аралығында 14 облыста ауыл әйелдерінің облыстық форумдары өткізілді. Оған 163 ауданнан барлығы 2700-ден астам делегат қатысқан.

Форум екі күнге созылды. Онда «Бизнестегі әйелдер: ауылда әйел кәсіпкерлігінің мүмкіндіктері мен қаражаттың қолжетімділігін кеңейту», «Ауылдық елдімекендердің ашықтығын, қауіпсіздігін, өміршеңдігі мен орнықтылығын қамтамасыз ету құралы ретінде жергілікті өзін-өзі басқару тетіктерін дамыту», «Ауылда «жасыл» технологияларды игеру мен әйел кәсіпкерлігін дамыту арқылы нәтижелі жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» және «Адами капиталды дамыту жолы ретінде ауылдағы әлеуметтік және гендерлік мәселелерді шешу» тақырыптары бойынша кең талқылаулар болды. Қатысушылар өзекті ойлары мен пікірлерін ортаға салды.

«Форумның мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" Жолдауы мен Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы және Қазақстанда ТДМ – 2030-ға қол жеткізу және ауылды реформалау бойынша Үкіметтік бағдарламаларды қолдау, "Ауыл-ел бесігі" арнайы жобасы аясында экономиканың өсуінің жаңа драйвері ретінде агросекторды көтеру, ауылдық аумақтардың инновациялық және "жасыл" экономикасын дамытуға жәрдемдесу, жаңа өңірлік саясат пен жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайту» - деп атап өтті жиынның шымылдығын ашқан «Жасыл экономиканы қолдау және G-Global дамыту коалициясы» Басқарма төрайымы Салтанат Рақымбекова. Оның айтуынша, аталмыш іс-шара ауылды дамытуға, ауыл тұрғындарын нәтижелі жұмыспен қамтуға, елдімекендерді гүлдендіруге орасан зор үлесін қосатын болады.

Сонымен бірге форумның ашылуында Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінің вице-президенті Бетси Нельсон, Орталық Азия мен Кавказ елдеріндегі «Соса-Cola» компаниясының үкіметтік және қоғамдық байланыстар жөніндегі менеджері А. Ақкирман құттықтау сөз сөйледі.

Қазір әйелдер араласпайтын сала жоқ. Олардың қолынан келмейтін жұмыс немесе кәсіп жоқ. Бұл ауылдағы қыз-келіншектерге де тікелей қатысты.Әсіресе ауыл шаруашылық саласына қатысты кәсіпкерлік олардың да қолынан келетінін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Тек жергілікті билік дер кезінде қолдау мен демеу көрсетсе болғаны. Осының арқасында бизнесін дөңгелетіп отырған нәзік жандылар республика аумағында өте көп. Олардың біразы осы форумға қатысып, өздерінің тәжірибелері және жетістіктерімен бөлісті. Мемлекет тарапынан барлық қолдау бар. Бірнеше мемлекеттік бағдарлама ауылдағы әйелдердің кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған. Қаржылай қолдау да жақсы. Бірақ әлі де болса әйелдердің кейбір мамандықтарды игеруі соншалықты емес. Жүрексіне ме, жоқ әлде, басқа себебі бар ма, әйтеуір көбіне ер азаматтар атқаратын жұмыстарға әйелдердің баруы екіталай. Оны Еуропалық Қайта Құру және Даму банкінің вице-президенті Бетси Нельсон да айтып қалды. Бірақ ол Қазақстанның алдағы уақытта әлеуеті мен мүмкіндігі арта түсетініне сенімді. Бұл үшін банк тарапынан қолдау жалғасатынын жеткізді.

«Біз әлемнің 30 елінде жұмыс істеп, БАҚ-пен, жеке сектормен өзара іс-қимылды жүзеге асырамыз. Кеңес беріп, экономикалық департаменттермен жұмыс істейміз. Қаржы институттарымен көптеген мәселелерді қарастырамыз және бұл әйелдердің мақсатына жетуіне септігін тигізеді. Жеке секторда Алматыда жүзеге асырып жатқан жобаларымыз да бар. Бұл жобаны жүзеге асыру барысында гендерлік аспектіге назар аударып, әйелдердің қатысуына баса мән береміз», - деді ол.

«Әйелдер бұл өмірде белгілі бір мүмкіншіліктерді ала алмай отыр. Олар тек еркектер ғана айналысуы тиіс делінетін салаларға қатыса алмауда. Біз мұндай мүмкіндіктерді зерделейміз. Мәселен, әйелдер трактор жүргізушісі болып жұмыс істей ала ма? Егер сіздің трактор жүргізуге лицензияңыз болмаса, онда сіз бұл саладан тыс қалдыңыз деген сөз. Сіз автобус та жүргізе алмайсыз. Демек бұл индустриядан да тыс қалып отырсыз. Сондықтан олардың өздері бұл салада жұмыс істегісі келмейді деген ой қалыптасқан. Біз Үкіметке жүгінгеннен кейін қазір Алматы көшелерінен автобус жүргізген әйелдерді көре аласыздар. Бүгінде Үкімет бізбен бірге қайта қаралуы тиісті заңдарды қарастырып жатыр. Және де біз әйелдер ала алмай келген мамандықтарды қараймыз. Үкіметке заңнаманы қайта қарауға тура келеді және біз бұл ретте нақты табысқа қол жеткіземіз», - деді ЕҚДБ вице-президенті.

«Соса-Cola» компаниясының үкіметтік және қоғамдық байланыстар жөніндегі менеджері А. Ақкирман былай деді:

- Біздің "Cocа- Cola белестері" әлеуметтік бағдарламасы аясында жемісті жұмыс істеп келе жатқанымызға жеті жыл болды. Осы жылдар ішінде 13 мыңнан астам ауыл әйелдеріне өз кәсібін ашуғв көмектестік. Еліміздің әртүрлі ауылдарынан іскер әйелдерді жинап, кәсіпкерліктің негізі бойынша үйреттік. Ең үздік бизнес-жобалардың иелері арнайы грант ұтып алды. Бүгінде нақты 50 бизнес-жоба жемісті жұмысын бастап кетті.

Бизнес-жобаны табысты жүзеге асырып жатқан жанның бірі – форум делегаты Бану Тілегенова. Ол Ақтөбе өңірінен келген. Осы облыста марал өсіруге болады десе екінің бірі сенбес еді.

"Зәру" заманауи шипажайындағы пантымен емдеу орталығы Мәртөк ауданының Қазан ауылында. Бану Тілегенова осы шипажайдың директоры. Емдеу орталығы қала орталығында емес, алыс ауылда орналасқан. Адам тәуекел етсе, алмайтын қамал жоқ екеніне тағы бір көз жетті. Шығыс Қазақстаннан 150 марал Ақтөбеге арнайы әкелініп, оны өсірудің қыр-сырына қаныққан. Бұл үлкен істі табысты жүргізуге «Даму» мемлекеттік бағдарламасының көп көмегі тиген Жергілікті органдар марал фермасына 700 гектар және шипажайға тағы 1 гектар жер бөлген. Жобаның жалпы құны - 450 млн теңге.

Бану Тілегенованың сөзіне қарағанда, ауылда кәсіп бастаған әйелдерге алғашқы сәтте міндетті түрде қолдау қажет. Сонда ғана олардың ісі алға басады. Мемлекет тарапынан көмек болатынына көзі жеткен басқа әйелдер де ынта-жігер білдіріп, кәсіпкерлікке бет бұра бастайды. Олар тек өздерінің отбасының әл-ауқатын жақсартумен ғана шектеліп қалмайды, ел экономикасын көтеруге де атсалысатын болады. Оның үстіне қазір тұрғындарды таза табиғи ауыл шаруашылық өнімдерімен қамтамасыз ету маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Осыны ойдағыдай орындауға ауылдағы әйелдердің мүмкіндігі толық жетеді.

Ғалым АСЫЛ

1084 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз