Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 19 Қараша, 2019

АТЫРАУ ТӨРІНДЕ ОТАРБАЕВ ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ

Атырауда көрнекті қаламгер Рахымжан Отарбаев атындағы ІІІ театр фестивалі шымылдығын ашты.

Іс-шара аясында қаламгердің төрт бірдей кітабының тұсауы кесілді. «Қазына» баспасы арқылы Қазақстанда тұңғыш рет баспа бетін көрген «Бас» романы; Мәскеуде шыққан қос кітабы – «И я был подобием твоим...», «Плач Чингизхана» кітаптары; ҚР Ұлттық академиялық кітапханасынан шыққан библиографиялық көрсеткіші оқырманға жол тартты. Оған қоса, «Аңыз адам» журналының қараша айындағы саны тұтас Рахымжан Отарбаевқа арналған екен, басылымның сол нөмірін көпшілік назарына ұсынды. Ұларбек Дәлей жүргізген тұсаукесер рәсіміне КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов, режиссер Есмұхан Обаев, Атырау облысы әкімі жанындағы қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешов, «Қазына» баспа үйінің иесі Алмас Шәйкенов, Мәскеу қазақтар қоғамының төрағасы Ермек Алданов, Махамбет сыйлығының лауреаты Берік Жаменов, Құрманғазы аудандық «Серпер» газетінің бас редакторы Таңатар Дәрелов, облыстық мәслихат депутаты Өмірзақ Зинуллин, Атырау облыстық Ғабдол Сланов атындағы ғылыми әмбебап кітапхананың басшысы Сара Салахатдинқызы, жазушылар, зиялы қауым өкілдері жазушының отбасы қатысты.

[gallery columns="4" link="file" size="full" ids="90244,90246,90247,90248,90249,90250,90251,90252,90253,90254,90255,90256"]

Қаламгер кітаптарының тұсаукесер рәсімінен соң «Рахымжан Отарбаевтың руханият қорының» тұсауы кесілді. Ақынның жары Сәуле Отарбаева бұл қор қаламгер шығармашылығын көпке таныстырумен қатар, шығармашыл жастарға да қамқорлық танытатынын айтты. Атырауға арнайы келген зиялы қауым өкілдері Рахымжан Отарбаевтың рухына қаламгердің отбасы арнайы берген асқа қатысып, жазушыны еске алды.

Фестивальдің ашылу салтанатында тоғыз театр және қазылар алқасы қызыл кілемнен жүріп өтті. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтау сөз сөйлеп, қаламгер шығармашылығына кеңінен тоқталып, фестиваль жұмысына сәттілік тіледі. Асанәлі Әшімов пен қаламгердің ұлы Ермерей Отарбаев фестивальге қатысушыларға алғысын айтты. Осы шара аясында Р.Отарбаевтың суреттері мен кітаптарының көрмесі де ұйымдастырылды. Фестивальдің алғашқы күні Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ академиялық музыка-драма театры Р.Отарбаевтың «Әміре» шығармасын көрермен назарына ұсынды.

Айта кету керек, 18-22 қараша аралығында Атырау жұртшылығына көрсетілетін мәдени шараға еліміздің 9 шығармашылық ұжымы қатысады.  Олардың  өнерін сараптаушы қазылар алқасының төрағасы – КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов. Қазылар алқа құрамында Есмұхан Обаев, Сердеш Қажымұратұлы, Талғат Теменов, Ұларбек Нұрғалымұлы, Айзат Қыдыралиева мен Қаракөз Рахымжанқызы бар.

Қарагөз Серікқызы.

 

2014 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз