Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 25 Қараша, 2019

Ерікті зейнетақы жарна ақшасынан екі рет салық төлемеудің жолы қандай?

Қазіргі таңда қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы – 10,4 трлн теңгеден асқан. Бұл туралы informburo.kz сайты хабарлады.

Қаражаттың басым бөлігі міндетті зейнетақы жарналарынан құралса, ерікті зейнетақы шоттарындағы қаражат мөлшері – 1,9 млрд теңге ғана. Бұл барлық зейнетақы жинақтарының 0,02 пайызына тең. Яғни ерікті зейнетақы шотын ашқан салымшылар санына шақсақ, бір шотта орташа есеппен 50 мың теңге ғана бар деген сөз. Дамыған шет мемлекеттерде халықтың кең қолданысына ие ерікті зейнетақы жүйесі Қазақстанда неге қолдау таппады? Неге ерікті зейнетақы шотын ашушылар саны әлі күнге дейін 52 мыңнан аса алмай тұр? Бұл сауалдарға informburo.kz тілшісі жауап іздеді. Мамандардың пайымдауынша, отандастарымыздың ерікті зейнетақы жүйесіне қатысуға құлшына қоймауының басты төрт себебі бар:
  1. Екі мәрте салық төлеу. Салымшы ерікті зейнетақы шотына бұған дейін салық ұсталған табысының бір бөлігін салады. Ал зейнет жасына жетіп, зейнетақы алар кезде жинақтан тағы да табыс салығы ұсталады.
  2. Ерікті зейнетақы жүйесіне қатысуды ынталандыру механизмдерінің жоқтығы. Қазіргі таңда зейнетақы жүйесіне қатысушылардың бұл тобына арналған жеңілдіктер мен ерекше шарттар жоқ.
  3. Халықтың қаржылық сауаты мен зейнетақыны жоспарлау мәдениетінің төмендігі. Халықтың белгілі бір бөлігі ерікті зейнетақы жүйесінен мүлде хабарсыз.
  4. Зейнетақы жүйесіне деген сенімсіздік. Зейнетақы жүйесіне қатысты негативті көңіл-күй ерікті зейнетақы жүйесінің дамуына кедергі келтіріп отыр.
Ерікті зейнетақы жарнасы деген не? Ерікті жарна – салымшының зейнетақы қорына өзінің табысынан ерікті түрде аударатын ақшасы. Жарнаның бұл түрін қорға Қазақстанның кез-келген азаматы аударуға құқылы. Бұл жүйеге көп ретте әйелдері үй шаруасында отыратын отбасылар қатысады. Сондай-ақ, заңды штаттық жұмыс істемейтіндіктен, зейнетақы аударымдары жасалмайтын азаматтар келешек материалдық қорын қамтамасыз ету үшін ерікті жарна төлейді. Ерікті жарнаның мөлшерін, төлеу және алу тәртібін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қағидалары бойынша әзірленген келісіммен салымшы өзі белгілейді.
Ерікті зейнетақы жарнасының міндетті зейнетақы жарнасынан басты айырмашылығы – салымшы бұл жарна түрін өз табыс салығы ұсталған қаражатынан төлейді. Бұл ретте жұмыс беруші міндетті зейнетақы жарналарын табыс салығы ұсталмаған қаражаттан аударатынын ескеру қажет. Тиісінше, табыс салығы салымшы зейнетақы қорынан өз жинаған қаражатынан зейнетақы алатын кезде тағы алынады. Мұндай табыс салығы ерікті зейнетақы жинақтарынан да ұсталады. Осылайша, бір ақшадан екі табыс салығы ұсталғандай сипат алып отыр. Бірі еңбекақыны алу кезінде, екіншісі – зейнетақыны алу кезінде.   Ерікті зейнетақы жарнасының ақшасына екі рет салық салынбауы үшін не істеу керек? Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының тілші сауалына берген жауабына сәйкес, ерікті зейнетақы жарнасын аударатындардың салық төлеу бойынша жеңілдік алуға құқығы бар. Бұл жеңілдік Салық кодексінің 342-347 баптарында қарастырылған. Оған сәйкес, салымшы өзінің жұмыс берушісіне ерікті зейнетақы жүйесі бойынша жасалған шарттың көшірмесін тапсыруы қажет. Жұмысшы мен жұмыс беруші ерікті зейнетақы төлемдерінің жиілігі мен тұрақты сомасын келіседі. Соған сәйкес, жұмыс беруші жұмысшысының салық әлі ұсталмаған табысынан міндетті зейнетақы жарналарымен қатар ерікті зейнетақы жарналарын да аударып отырады. Ал салымшының ай сайын тұрақты сомада ерікті зейнетақы жарналарын аудару мүмкіндігі болмаған жағдайда, ол өз бетінше әр төлем жасаған сайын жұмыс берушісіне ерікті зейнетақы жарналарын аударғанын растайтын құжаттар өткізіп отыруға тиіс. Бұл жерде ескерер нәрсе, Салық кодексінің талаптарына сәйкес, салымшы жұмыс берушісіне растаушы құжаттарды жалақы алып және ерікті жарна аударған ай аяқталмай тұрып өткізуі тиіс. Тек осы жағдайда ғана жұмыс беруші салықты жұмысшысының келесі еңбекақысынан төленген ерікті зейнетақы жарнасының он пайызы көлемінде кемітіп аударады. Ал арада екі-үш не одан да көп ай өтіп кетсе, салымшы ешқандай жеңілдікке ие болмайды. Міндетті және ерікті зейнетақы жинақтарынан бірдей мөлшерде табыс салығы ұстала ма? Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен ерікті зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдеріне бірдей мөлшерде – 10 пайыз көлемде жеке табыс салығы салынады. Табыс салығы салынбайтын салық шегерімінің мөлшері – ең төменгі жалақы мөлшеріне тең. Биылғы мөлшер – 42 мың 500 теңге. Егер кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің сомасы ең төменгі жалақыдан аз болса, онда зейнетақы төлеміне жеке табыс салығы салынбайды.
Айта кетейік, жұмыс берушілер міндетті және ерікті зейнетақы жарналарын Қорға аудару кезінде оларға жеке табыс салығы салынбайды. Салық зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтарды төлеу кезінде ұсталады.
1 қазандағы жағдай бойынша қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы:
  • 10,2 трлн теңге – міндетті зейнетақы жарнасы бойынша жинақ;
  • 233,6 млрд теңге – міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы бойынша жинақ;
  • 1,9 млрд теңге – ерікті зейнетақы жарнасы бойынша жинақ.
Қазір "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ халықаралық тәжірибелерді зерттеп, халықтың ерікті жарналар есебінен қаражат жинауға қызығушылығын арттыруды жоспарлап отыр. Бұл мақсатта бірқатар жеңілдіктер енгізу көзделген. Айталық, салымшыларға салықтық жеңілдік берілуі мүмкін. Сондай-ақ, БЖЗҚ ағымдағы жыл соңында екінші деңгейлі банктермен бірлесе отырып, ерікті жарналарды жеке зейнетақы шотына онлайн аудару қызметін іске қосуды жоспарлап отыр. Егер бұл қызмет жүзеге асса, әр азамат үйде отырып-ақ ерікті жарналарды өз шотына аудара алатын болады. Ерікті жарналар арқылы қордағы зейнетақы жинағының көлемін арттырып, реттеп отыру мүмкіндігі бар. Сәйкесінше, қордан жүзеге асырылатын төлемдердің мөлшері де, төлену мерзімі де арта түседі. Ерікті зейнетақы жинағын шешіп алу мүмкіндігі қандай? "БЖЗҚ" АҚ мәліметінше, ерікті жарналар есебінен жиналған қаражатты тек 50 жасқа толған адамдар, мүгедектер және Қазақстаннан тыс жерге тұрақты тұруға кететін адамдардың мерзімінен бұрын алуға құқылы. Сондай-ақ, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың басқа елге кету себепті тиісті құжат ұсынған жағдайда алуына мүмкіндік бар. Бұл ретте жинақ ақшаны өз қалауымен бір рет толығымен немесе бөліп (1, 3 не 6 ай сайын) алуға болады. Ал ерікті жарна есебінен жиналған қаржысы бар адам қайтыс болған жағдайда, қаражат заңнамада белгіленген тәртіппен жақын адамдарына мұраға қалдырылады.

1445 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз