Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 27 Қараша, 2019

Ханбибі Есенқарақызының 70 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті

Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, ақын Ханбибі Есенқарақызының 70 жасқа толған мерейтойына орай Шымқалада 25 қараша күні «Мен – анамын, ақынмын, әлемді ойлар» атты шығармашылық кеш өтті. Қаламгердің кеші бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен баспасөз конференциясынан басталды. Сонымен қатар, көпшіліктің назарына кеш иесіне арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Мерейтойлық іс-шарада Ханбибі Есенқарақызының 10 томдық кітабының тұсауы кесілді. Айтулы мерекеге Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Өзбекстан Республикасынан келген мәртебелі қонақтармен қатар, философия ғылымының докторы, профессор Амангелді Айталы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов және де Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов арнайы қатысты. Кеш барысында қаламгердің өмірі мен еңбек жолына арналған «Сыр шертемін ешкімге айтылмаған...» атты бейнефильм көрсетілді. Шығармашылық жиында қала әкімі Ерлан Айтаханов ақынды мерейлі жасымен құттықтады. – Сіздің өлеңдеріңізден нәзік иірімдермен қатар отансүйгіш қасиетіңізді де байқаймыз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып қалыптасуына қосқан үлесіңіз де ерен. Поэзия мен прозаның жүгін бірге көтеріп келесіз. Әдебиет әлемі арқылы еліміздің руханиятына баға жетпес еңбек сіңірдіңіз, - деді Ерлан Қуанышұлы. Х.Есенқарақызының шығармашылығы жөнінде ақын Әселхан Қалыбекова мен филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақыптан бастап бірқатар ақын-жазушы, әдебиеттанушы ғалымдар жүрекжарды пікірлерін айтты. Жыр сүйер қауым Ханбибі Есенқарақызының өлеңдеріне жазылған «Алтынай», «Нурикамал», «Дос іздедім» сынды әндерін тыңдап, ақынның жауһар жырларымен сусындады. Салтанатты кештің иесі әсерлі өткен іс-шара соңында жиналған көпшілікке алғысын білдірді. «Қазақтың хан қызы» атанған асқақ ақынды «Қазақ газеттері» серіктестігіне қарасты шығармашылық ұжымдар да  мағыналы ғұмырының биік белесі - 70 жасқа толуымен құттықтады.

1827 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз