Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 05 Желтоқсан, 2019

Халықаралық киномектептер Қауымдастығы қатарына Непал қосылды

Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында Халықаралық киномектептер Қауымдастығы қатарына жаңа мүшелерді қабылдау бойынша Меморандумға қол қойылды. Айта кетсек, бұл қауымдастық 2011 жылы «Бастау» кинофестивалі қайта құрылған кезден бастап іске қосылды. Бүгінде бұл қауымдастықта 30-дан астам киномектептердің тізімі бар. Бүгін олардың қатарына Ресей, Армения және Непалдың шағармашылық мектептері қосылды, - деп хабарлайды kazgazeta.kz Халықаралық "Бастау" кинофестивалінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Непалдық Oscar International College киномектебінің өкілі Ашма Похарелдің айтуынша, Непалда коммерциялық көрсетілімге арнап жылына 120 картина түсіріледі. Оларға Болливуд өте қатты әсер ететін көрінеді. Бұл ретте авторлық картиналар саны жылына небәрі 2-3 ғана.

- Авторлық кино түсірушілердің барлығы дерлік біздің киномектептен тәлім алған. Меморандумға қол қойғаннан кейін біздің шығармашылық мүмкіндіктеріміз арта түседі деп үміттенем,- деді Өнер Академиясының ректоратында болған кездесу барысында»Бастау» фестивалінің қонағы Ашма Похарел.

Деректі кино және телевизия Гильдиясының президенті, Заманауи өнер Институтының «Кино және телевизия режиссурасы» факультетінің көркемдік жетекшісі Алексей Ханютиннің айтуынша, өзінің институты мен қазақстандық академияның білім беру процесінде ұқсастық көп.

- Достастық орнатып, тәжірибе алмасуға құдайдың өзі сәтін салып тұрған сыңайлы. Болашақта студенттеріміз бірлесіп, ортақ жобаны жүзеге асырып жатса, тек қуанатын едім, - деп, Алексей Юрьевич қазақстандық әріптестеріне қолқа салды.

Өз кезегінде Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА ректоры Ақан Әбдуалиев оның ұсынысын қуана қабылдады.

- Студенттер мен олардың жобаларына қолдау көрсетуді көздейтін кез келген шығармашылық бастама мен ұсынысты қолдауға әркез дайынбыз. Осылайша «Бастау» кинофестивалі олардың өмірінің айнамас бөлігіне айналды,- деді Ақан Әбдіуәлиев.

Ресей-Армян университетінің доценті, өнертанушы, режиссер Арсен Аракелян бүгінгі таңда үш бірдей ЖОО-да сабақ береді. Олардың бірі- Ресей-Армян университеті. Ашылғанына көп болмаса да, бұл оқу орнының беделі күн санап өсіп келеді.

Біздегі жарнама бөлімінің негізінде ашылған режиссура бөлімі жас болғанына қарамастан, бұл мамандыққа деген қызығушылық күннен күнге артып келеді. Меморандумға қол қою арадағы мүмкіндіктерімізді кеңейтіп, тәжірибемізді байыта түсеріне сенімім мол,- дейді Арсен Аракелян.

Естеріңізге сала кетейік, халықаралық киномектептер қауымдастығы кинофестиваль негізінде 2011 жылдан бері жемісті жұмыс істеп келеді. Оның арқасында студенттер тәжірибе алмасып, АҚШ, Ресей, Түркия және басқа да елдерде тағылымдамадан өтті. Сондай-ақ беделді халықаралық кинофестивальдарда жүлделі орындарды иеленіп жүр.

«Бастау» ХКФ президенті Сергей Әзімовтың айтуынша, ең бастысы, фестиваль жастарға білім беруді және жас киногерлер арасынан жалпы киноөндіріс саласының іргесін қалайтын тың мамандар даярлауды көздейді. Сол себептен киномектептер Қауымдастығы студенттерге өздерінің жекелеген географиялық аймақтарынан шығуға мүмкіндік беретін мықты құрал,- деді Әзімов мырза.

Анықтама:

Халықаралық киномектептер Қауымдастығының құрамына бүгінде дүниежүзінің 36 жетекші киномектебі кіреді. Олардың қатарында: С.А. Герасимов атын.Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография университеті (ВГИК), Нью-Йорк киноакадемиясы, Шота Руставели атындағы Грузия мемлекеттік театр және кино университеті, Мимар Синан Университеті (Түркия), Берлин киномектебі (Германия), EICAR киномектебі (Франция), Балтық киномектебі, Сингапур киномектебі, Пекин киноакадемиясы, Минск Киномектеп-студиясы, Кинематографияны дамыту Қоры және «Манас» университеті (Қырғызстан), «Киносервис» киномектебі (Тәжікстан) және басқалар.

1284 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз