Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 05 Желтоқсан, 2019

Нұртай ЖӘКІБАЕВА, актер Қасым Жәкібаевтың жары: ӨМІРІ ӨНЕРДЕ ӨРІЛГЕН

Қазақтың бір-біріне ұқсамайтын бейнесін театр мен кино сахнасында қатар жасап кеткен Қасым Жәкібаев туралы ойымызды белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығайдың: «Қасым Жәкібаев барлық болмысымен, ішкі жан ­дүниесі­мен,­ түр-тұлғасымен осы қазақ театры өнеріне қызмет істеген адам» деген бір ауыз сөзімен бастағымыз келеді. Өнер адамының жары Нұртай Жәкібаевамен сұхбатта актердің өнер мен өмір жолында татқан «у мен балдың» аз емесін ұққандаймыз…

– Балалығыңыз, жастығыңыз өткен уақыт бүгінгімен салыстыруға келе қоймас. Ол күндердің естелігі де, арманы­ да, мақсаты да басқа болды­ ғой. Сол балалық шақ, жастық дәуренге қайыра көз салсақ. Қасым Жәкібаевпен бас құрағанда 18 жаста екенсіз. Бір-біріңізді қалай тауып, ­танысып едіңіздер? – Балалығымыздың, жастығы­мыздың тәтті естеліктері жүректі тербейтіні болмаса, ол уақыттың қызығынан қиындығы көп-ау деп ойлаймын. Мен де, Қаскең де соғыстың балаларымыз. Оның әкесі майданға кеткен, сырқат меңдеген шешесі үш баламен қалған екен де, дертінен айықпаған күйі анасы көп ұзамай көз жұмыпты. Үш баланың ересегі Қаскең, інісі мен қарындасы бар. Қарындасы тіптен кішкентай. Міне, шиеттей інісі мен қарындасына нан табу үшін Қаскең 13 жасынан еңбекке араласыпты. «Ол кездегі «Алма Арасанда» жаралы офицерлерді емдейтін мекеме болды. Сол мекеменің маңында таға тартатын цех ашылды. Бір орыс шал таға тартатын еді. Әлгі кісі көрікті басып тұрады да, маған «ұр» дейді, мен әлгі қызған көрікті ұрып қаламын. Сол жұмысымыз үшін күндік «паек» береді. Апта бойы тынбай жұмыс істеймін. Жексенбіде үйге қайтарда бір күн демалыс аламын. Айналадан отын жинап, «паегіммен» қоса үйге алып қайтамын» дейтін бас құрағаннан кейінгі бір жылдары әңгімесінде.

Азамат Жәкібаев

Менің де әкем әскерге кетіп, жетім өстік. Әкем барлаушы болыпты. Майдан даласынан жазған соңғы хатында «Мені іздемеңдер, өзім хабарымды білдіремін» деген… Міне, жетімкөкірек екеуміз Ұзынағашта жетілдік. Келісіп, сөз байластық. «Дайын жүр, сені алып кетемін, Фрунзеге барып келейін» деді. Мен, тіпті Қаскеңнің қайда жұмыс істейтінін сұрамаған да екен­мін. Босағасын аттаған соң, артист екенін бір-ақ білдім. Үйінде бойдақ ағасы – әкесінің інісі бар екен. Өз інісі мен қарындасы кішкентай. Екеуміз соларға ие болдық. Қызды өсіріп күйеуге бердік, ұлды жеке отау жасадық. Мен – 18 жаста, Қаске – 26 ­жаста. Өміріміз осылай басталды. Бірді айтып, бірге кетіп жатырмын ғой. Қаскеңнің әртіс екенін білгенде, жыладым. «Мен әртіспен адам бола алмаймын» дедім. Қаскең отау құрды дегенде біраз үлкен кісілер, әртістер үйге келген. Әмина апай жұбатып, жасымды сүртті. Қаскең екеуміздің бірге бастаған өміріміздің алғашқы баспалдағынан бізді өз балаларынан кем көрмеді. Тәрбиеледі, жылы сөзін айтты. Сөйтсек, сол жылдары Әмина апайдың өзі де қырықтан жаңа асқан шағы екен ғой… Апай маған «Келін, Қасымның жағасы кірлемесін, мен оны күнде қадағалап жүрем» дейтін. Қаскең ақ жейде кигенді жақтырмайтын, күңгірт түсті киімінің өзіне де шаң қондырмауға тырыс­тым. Әмина апайды сыйлағандықтан да, қорыққандықтан да, Қаскеңнің қабағын бақтым. Әмина апайдың да Қасым десе шығарда жаны бөлек еді. Бәрі де жас күнінде шалықтап жүреді ғой. Қаскең, оның үстіне, өнер адамы. Театрда, кинода ойнайды. Үйге кештетіп келетін кездері жиіледі. Жасырып қайтемін, кейде қызыңқырап оралады. Ондай сәттері Әмина апай қатты алаңдайды. Үйге жиі-жиі қоңырау шалады. Мені сөзге айналдырады, кейде қалжыңдайды, әйтеуір көңілімді аулап қояды. Кейде бірден әңгімеге көшеді. Сондағысы: «Әлгі үйге келді ме?» деп сұрайды. «Жоқ, келген жоқ» деймін мен. «Е, келеді ғой… Мен әлтаман тағы ­хабарласамын. Қасым келіп жатса: «Не туда попали» деп, телефонның тұтқасын тастай сал. Оның үйге келгенін содан білемін» дейтін алаңдап. Сондай күндері бірде Қаскең үйге кешігіңкіреп келді. Бірақ татып алмаған екен. Асүйде шайын демдеп беріп отырғанмын. Телефон шыр ете қалды. Алаңдап, іздеп отырған Әмина апай екенін біле қойдым да, өзім лып етіп орнымнан көтеріліп: «Не туда ­попали» деп айта бастап едім, Қаскең ас үйден дауыстап: «Келді әлгі ақымақ, үйде отыр, сап-сау» деп айт дейді… Сөйтсе, Әмина апайдың алаңдап, өзін іздейтінін Қаскең де біліп жүрген екен… – Қасым Жәкібаевты театрға ­Наталия Сац шақырды ғой. Қатар­лас­тарының жанында сыйы да ерек болды. Әмина апайдың да қатты құр­меттегенін айтып отырсыз… – Иә, өнердегі бағы болар, оны әріптестері құрметтеді. Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі атағын да ертерек, 1966 жылы алды. Жалпы өзі оқуды жақсы оқыған адам. Мектепті беске бітірген. Училищеде оқып жүргенде Наталия Сац театрға қабылдаған екен. Аққағаз Мәмбетова, Мәкіл Құланбаевтармен бірге, осы театрға келген алғашқы лектің қатарында жүрді. 1944 жылы Алматыдағы Театр және көркемсурет училищесіне түсіп, 1948 жылы оны аяқтаған. Халық артисі Виктор Иванович пен қазақ өнерінің майталманы Мәнтай Сыздықовтан дәріс алады. Театр сахнасында екі жүзге жуық әртүрлі рөлдерді сомдады ғой. Еңбек сіңірген артист атағын ерте алғанымен, араға 30 жыл салып барып «Халық артисі» болды. Арасында екі-үш рет театрдан шығып кетті, шығарып жіберді… – Театрдан шыға сала, еңбекке араласып жүре берген екен. Өнер адамына зауыттағы ауыр еңбек қиын тимеді ме? – Қаскең кей-кейде «Медеуді салдық қой» дейтін еді. Ол сөзінің жаны бар. Театрдан шығып кеткенде Алматыда­ Медеудің құрылысы ­басталды да, Қаскең де ойланбастан сол жаққа жұмысқа кетті. Өзі көпшіл адам ғой. Үйге біреуді ерте келмесе, тамағы сіңбейтін. Бірде бір орыс жігітті ертіп келеді. Енді бірде бір кәріс жігітті ертіп жүреді… Сөйтіп жүргенде Әмина апай араласып, қайтадан театрға оралды. Оның театрдан шығу себебі көп… Біз екі бала сүйдік. Үлкеніміз – Арал, кенжеміз – Азамат. Азаматымыз өкіметке қарсы шықты деп, үш әріп соңына түсті. Ақыры түбіне жетіп, үйден тірі әкеткен ұлымызды табытпен қайтарды. Онда да, сүйегін бергісі жоқ. Әрең дегенде сүйегін алып, Кеңсайға жерлеп болған күннің ертесінде, өзі де іші өртеніп отырған Қаскең басшыларға ауыр-ауыр сөз айтқан сыңайлы… Ол баланы жерлегенімізді көп ешкім білмеді сол уақытта. Айтқызбады ғой. Қасымызда Әмина апайлар жүрген еді жанашыр болып. Міне, сол оқиғадан соң, тағы да театрдан шығып кетті. Баланың ана жағдайы бар, жұмыстан шыққан соң да аңдуда жүрді. Содан машина жөндеу зауытында істеді. Қаскең кішкентайынан еңбектеніп өскендіктен бе, жұмысқа ықтиятты болды. Сол жақта жұмыс істеп жүргенде, Нұржұман Ықтымбаев киноға шақырыпты. Сөйтсе, әлгі зауыттағылар Қаскеңді жібергісі келмей, «Сені мастер қыламыз, осында қал» дейді. Соңындағы аңдуды да байқап жүр ғой: «Олар саған бәрібір жұмыс істетпейді, зауытта жүре бер» деп көп айтты. Қаскең өнерді шын қалаған адам. Киноға кетіп, он жыл кинода істеді. Оның «Дерсу Узала», «Жансебіл», «Қан мен тер», «Үшеу», «Дәнекер», «Отырар», «Махаббат станциясы» фильмдеріндегі рөлдері, тағы да басқа фильмдерінде сомдаған басты және эпи­зодтық бейнелері көптің көңілінде деп сенемін. Ресей, Беларуссия, Украинаның киноларында да жарқырап шықты. Голливудқа да шақырып, бас тартқаны бар. ­Кинодан табысты да көбірек тапты. Қаламақысына өзіміз үй салып алдық. Кейін ол үйді бұзатын болғанда, осы пәтерге айырбастап берді. Өнер адамы өкіметтен үй үшін алатын жеңілдік те бізге бұйырған емес. Оған бола Қаскең де, мен де жабырқамадық, Құдайдың бұйырғаны сол болды деп шүкір еттік. Әрі Азаматымыздың да күйініші бар еді… Өкіметтен қамқорлық күткен былай тұрсын, өз жақынымыздан жылылық аңсауды да ұмытып қалғандай күй кешкен кезіміз болды… – Осы орайда Азамат жайлы да сұрағымыз келеді. Кеңес өкіметіне қарсы шыққаны үшін 18 жасында­ тергеліп, басына қиын іс түскен Азаматтың қиындығы баршаңызға да оңай тимегені анық қой… – Азаматым… Кішкентай кезінен өжет, қайсар еді. Екі тілге де жүйрік еді. Ақсайда қара базар болатын, елдің қолында жоқ кітаптарды сол жақтан тауып алып оқып жүріпті. Үйде де Әнуар Әлімжановты, ­Олжас Сүлейменовті көп оқитын. Кіш­кентайынан айтқанынан қайт­пайтын. 7-ші шағынауданда тұратын кезіміз. Азамат 13-14 жаста еді. Шахмат, футбол,­ барлық үйірмеге қатысатын. Балалармен далада футбол ойнап жүр еді, бір уақытта қарасам, ­балалар төбелесіп кетіпті. Анықтап үңілсем, Азамат топ баланың астында ­жатыр, қалғандары жабылып, Азаматты тепкілеп, ұрғылап жүр. Жүгіріп далаға шықтым. Мені көріп балалар қашып кетті де, Азаматты жетелеп үйге кірдім. Төбелестің жөнін сұрадым. «Футбол ойнап жүр едік. Бір орыс бала шыбықты домбыра қылып алып: «На улице Абая, сидит три бабая» деп мазақтап ән айтты. Басқалары оған мәз болып күледі. Бір қазақ бала бар еді, ол да күліп отыр. Мен ызаланып кеттім де, ән айтып отырған баланы жүгіріп барып теуіп жібердім. Сосын бәрі маған жабыла кетті» дейді. «Мама, олардың ­«сидит три бабая» деп отырғаны Абай, Құрманғазы, Жамбыл үшеуі ғой. Ызаланып кеттім» дейді. Кішкене күнінен мен білмейтін, әкесі білмейтін дүниені зерттеп, ойланып жүретін. Мінезі Қаскеңнің мінезіне тартқан. 15 жасында-ақ айналасындағыларға «партбилеттеріңнен өздерің-ақ құтылуға асық боласыңдар» дейді екен. Бәрі сол билеттерін тастады ғой ақыры… Заманынан асып туған ұл екенін білмедік қой… Иә, ресми тағылған айып – өкіметке қарсы шығыпты. 18 ғана жаста еді. Ұстап алды да кетті. Біз көп нәрсені түсіне де алмай қалдық. Сотына да қатыстырмады. Дүние астаң-кестең төңкерілді де кетті… Азамат жайында осы күндері біраз тарихшылар, зерттеушілер, журналистер жазып жүр. Ал сол күндері біздің жүректен өткізген азабымызды ешкімге тілемеймін. Ата-ана ретінде, ең әуелі «Дұрыс тәрбие бере алмадық па?» деп ойладық. Бірақ, үміттендік. Жақсылықтан үмітті болдық. Оның денсаулығына зақым келген деп, «қамқор» болып, Талғар маңындағы жүйке жүйесі ауруханасына жатқызды. 18 жастағы, маңдайы жарқыраған баланы алып кетіп, арада алты жыл өткен соң, табытпен қайтарды… Мен Екейдің қызымын, ­Жамбыл мен Сүйінбайдың тұқымымын. ­Солардан жұққан қасиет пе, Азамат та өлең жазатын. Сонда әлгі жерге ­Азаматпен кездесуге барамыз. Ол уақытта аз туыстың өзі іргесін аулақ сала бастады. Бауырым Қуаныш, үлкен бала Арал және мен – үшеуміз-ақ Талғар жаққа тартамыз… Қоштасқаны ма, білмеймін. Кейінгі бір барғанымызда: «Мама, шаршадым… Уайымдама, мен оғаш ештеңе істемедім» деді. Қасында ­Ленинградтан әкелген бір мүсінші, жасы елуге келіп қалған ересек бір кісі жатыр екен. Оның өзінің бөлек тағдыры бар. Әлгі мүсінші Лениннің мүсінін сомдайды екен. Ол үшін әуелі балауыздан қалыпты құяды. Міне, әлгі кісі мүсінді қалыптап бітпестен, лақтыра берген ғой. Қасындағы адам: «Неге лақтырып жатырсың» деп сұраса, «Көсемнің басына қайта-қайта мүйіз шығып кете береді» деп жауап беріп, әлгі балауыздарды үйіп тастапты. Міне, соны әлгі танысы үш әріпке жеткізіп қойған ғой. Олар мүсіншіні «жынды» деп, осы жерге әкеліп тастаған… Мына дүние бізге босқа келген жоқ, балам. Егемендіктің мәнісін білмей жүрміз ғой. Ол егемендік осындай белгілі-белгісіз жандардың қиын тағдырымен, көз жасымен, зая кеткен өмірінің құнымен, төгілген қанымен келді. Біреу қуанып, біреу жылап, біреу зарлап жетті тәуелсіздікке… Сөйтіп, Талғар маңындағы ­мекемеге баламызбен сөйлесу үшін барып тұрамыз. Бір медбикені бөліп қойған. Соның бақылауымен сөйле­семіз. Орысша тілдесеміз. Қазақша сөйлесуге рұқсат жоқ. Медбике бір жаққа кетіп қалғанда «Мама, Алматы қалай, ұлғайған болар, ә?» деп сұрады. «Иә, жақсы, көрікті қала болды» дедім мен. Азамат жаздай судан, таудан шықпайтын бала еді. Содан біраз үнсіздіктен соң, терезесіне бір кішкене торғай ұшып келіп жүргенін айтты. Торғайға нанды уатып береді екен. «Торғайға мұңымды айтам, мы­налардың мені қинағандарын бір сәтке болса да есімнен шығарамын» деді. Сағындым тауымды да, тасымды да, Сағындым досымды да, қасымды да. Тереземнің алдына торғай қонса Ұмытамын дәрі беріп ауыртқан басымды да… деді өлеңдетіп. Сол бір өлеңді оқып берген сәті есімде қалып қойыпты. Кездесудегі Азаматтың сөзін Қаскеңе айтсам, көзінен жас парлап, үнсіз отырып қалатын… Баласымен бір ауыз тілдесе алмай кеткеніне кейін қатты қиналды ғой… Қайтейін… – Қай жылы ақталды? – 1992 жылы. Ақталмай тұрып балам түсіме енеді. «Мама, менің ақ жейдем қайда? Неге аттестатымды алмайсың?» дейді. Үлкен ұлым Аралға да осы түс кіреді. Ол кезде Қазақстанның бас прокуроры Жармахан Тұяқбаев еді. Тікелей соның пәрмен беруімен ақталды. Ұдайы сол адамға алғыс айтқым келеді. Газетіңнің атынан Жармахан Тұяқбаевқа алғысымды жеткізші, балам… Содан ұлымды ақтап берді. Ақталғаннан кейін ҰҚК-нің архивіне кіріп, суретін, құжаттарын көруге ­болады, рұқсат екен деп естідім. Барсам, архивтің бастығы орыс келіншек екен, «жоқ, сіздің балаңыздың құжатын көрсете алмаймыз, «өте құпия» деген таңба бар» деді. Енді не істеймін? «Қазақстан әйелдері» журналының сол кездегі бас редакторы Алтыншаш Жағановаға бардым. Әйел баласы ғой, мені түсінеді деген сенімім алдамады. Құшағын жая қарсы алды. Көмектесті, архивке кіретін болдық. Латифолла Қапашев деген зерттеуші журналист екеуміз, Ж.Тұяқбаевтан қағаз алып, құжаттармен таныстық. Үйде суретін де қалдырмаған ғой. Төлқұжаты, суреті, саусағының таңбасы, аттестаты бар екен. Бір жарым жыл жұмыс істеген еді, сол құжаттары да сақталыпты. ҰҚК қызметкерінің ұлымнан алған жауабымен де таныстық. Ата-ана ретінде баламызға дұрыс тәрбие бере алмадық па деген уайымымыз жегідей жеді дедім ғой. Сөйтсем, баламның еш кінәсі жоқ екен. Ол заманынан асып туыпты, бар болғаны… Оны бізден алып кеткенде біраз адам теріс айналған еді. Ешкімге кінә арта алмаймыз… «Он жыл кешігіп туғанда ғой…» деген бір ғана өкініш бар… Аттестатын, ақтау қағазын үйге алып келгенде, әкесі: «Шырағым-ай, түк көрмей кеттің-ау… Тәрбие бере алмадым ба десем, босқа кетпеген екенсің. Құдай саған білдірген екен» деді қатты қиналып…

– Азаматтың тыйым салынған біраз кітаптарды Ақсайдың қара базарынан алып оқығанын айттыңыз ғой. Ол кітаптар қазір қайда? – Күні кеше ғана тарихшы Мәмбет Қойгелді үйге келіп кетті. Азамат туралы жылы-жылы әңгіме айтты. Үйден алып кеткен барлық дүниесі Мәскеудің архивінде жатыр екен. Өзі жазған дүниелері де сонда деседі. Сұраған екен, бермей қойыпты. – Неге? – Ол ақталмаған екен депті… – Сіз жаңа ғана 1992 жылы ақталды деген жоқсыз ба? – Қазақстан ақтады. Сол уақытта Ресейге де өтініш беруіміз керек екен. Біз оны қаузамаппыз, қайдан білеміз? Осылардан ұрпақ қалмасын деді ме, үлкен ұлымыз Аралды да белгісіз біреулер соққыға жықты. Оның да тағдырының быт-шытын шығарғысы келді. Көрер жарығы бар Аралымның қазір қасымда қарайып жүргеніне шүкір етемін. Азамат ақталған соң, Қаскеңе «Халық артисі» атағын берді. Кинода жүрген жерінен жақсы көретін Досхан Жолжақсынов іні-досы театрға қайта шақыртты… – Театрды сағынған болар? – Сағынады ғой. Содан соң ғой, қайта-қайта шықса да, қайта оралып жүргені. Досханға: «Әй, балам, театр­ды қойшы, үш рет шықты, көңіліміз қалды» дедім. «Ағаны халқы сағынып жүр» дейді Досхан. Сонымен, қайтадан театрға барды. Сексенге дейін жұмыс істеді. Сексеннен асқан соң, жұмысты тоқтатты. Театрындағы аға буынды­ ерекше қадірледі. Өзінен кейінгі іні-достарын да құрметтеді. Досхан Жолжақсынов, Роза Әшірбекова, Лидия Каденова, Жомарт Зейнәбіл, Жақсыбек Құрманбековтерді жақсы көрді. Ол театрда да, кинода да өнерге адалдығынан айнымады ғой. «Жансебілде» өзіміздің өмірді ойнады. Қаскең «Жансебілге» түс­кенде киноның режиссері Аяған Шәжімбай: «Аға, жылай ал­майтын адам едің ғой, көзіңе глицерин тамызсақ қайтеді?» дегенде: «Жоқ, тамызба, өзім жылаймын» депті. «Баламды да ұрып-соқты-ау. Менен жылы сөз күткенде, бір ауыз сөйлесе де алмадым-ау» ­деген ой келгенде көзімнен жас парлап кетті» дейтін өзі… Құдайға шүкір, елмен қатар өмір сүріп, осы жасқа жеттік. Қаскеңнің өзі кеткенімен, оны сыйлайтын елі бар, жұрты бар. Үйден әлі күнге кісі аяғы үзілген емес. Немере сүймей кетті. Бар арманы сол болатын. «Аяғым жеткенше­ жүрдім, аузым жеткенше сөйледім, бірақ немере сүймедім. Өзімнен болды ғой» деп қоятын ара-тұра. Армансыз адам бар ма бұл өмірде?.. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қарагөз Сімәділ

1778 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз