Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 05 Желтоқсан, 2019

Атырау еріктілері үздіктер қатарында

Ұлттық волонтерлер желісі ұйымдастырған "Қазақстанның үздік еріктісі – 2019" сыйлығында атыраулық еріктілер үздіктер қатарынан көрінді, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі. Ұйымдастырушылардың сөзіне сүйенсек, аталған сыйлыққа қатысу үшін еріктілердің өзінен де, олардың жұмысын реттейтін ұйымдардан да, барлығы 200-ден астам өтініш келіп түскен. Үздіктердің үздігі он аталым бойынша таңдалды. Осылайша, "Медицинадағы еріктілік" аталымындағы үш жеңімпаздың қатарында атыраулық Арман Қасымов та бар. Арман Қасымов – он жылдан астам уақыт Атырау жедел жәрдем бекетінде ерікті болып қызмет көрсетеді. Қолында шетелдік жоғары оқу орнының дипломы болғанына қарамастан, қатардағы ерікті-санитар болып бастады. Жедел жәрдем көліктерін жуды, дәрі-дәрмек қобдишаларын толтырды, зембілдерді көтерісіп, тіпті, кезекті бір жедел шақырту кезінде әйелді босандырып та алды. Арман осы уақыт аралығында көптеген атыраулықтардың ерікті болуға деген құлшынысын оятты. Елімізде тұңғыш рет мектеп оқушыларынан құралған алғашқы көмек көрсету еріктілер тобының құрылуына атсалысты. Ал, "Корпоративті еріктілік" аталымында "Ынтымақ" қоғамдастықты дамыту бағдарламасының жетекшісі – Майя Шаменова үздіктер қатарынан көрінді. "Ынтымақ" – 2012 жылдан бері Теңізшевройлдың қолдауымен жұмыс істеп келе жатқан ұйым. Ұйым мүшелері еріктіліктің бірнеше бағыты бойынша жұмыс істеп жүр. Оның ішінде, қайырымдылық іс-шаралары, білім беру жұмыстары, әлеуметтік және экологиялық жобалар. Ағаштар отырғызады, жоқ-жітікке көмек қолын созады, тіпті, қоқыс та жинайды. Ал, осыдан бірнеше жыл бұрын, топ еріктілері қайраңға шығып қалған он мыңдай балық шабағын құтқарған болатын. Жеңімпаздарды ресми марапаттау 11 желтоқсан күні Нұр-Сұлтан қаласында өтетін "Еріктілер форумы – 2019" іс-шарасында өтеді.

900 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз