Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 10 Желтоқсан, 2019

Жамбы атуды қайта жаңғырту керек

2015 жылы жамбы атуды қайта жаңғыртуға байланысты үлкен жиын болып, Бекболат Тілеуханның шақыруымен астанаға барып қайттық. Жамбы атудың қыр-сырын жақсы білетіндер жан-жақтан келіпті. Әрқайсысы сөз алып, шағын кабинетте жамбы атудың жөн-жосығы туралы қызу пікірталас болып жатты. Отырыс шамамен екі сағаттай уақытқа созылды ғой деймін. Алдағы кезде тағы бас қосатын болып, кейбір адамдар айтарын айтып болып, бір-бірімен қош айтысып кетіп жатты. Алматыға келіп, астанада осындай жиын болғанын, садақ (жақ) атудан үлкен жарыс өткелі жатқанын қуана хабарлап, пост жазып тастадық. Сонымен ол бастама бірте-бірте естен шығып кетті. Арты қалай болғанын білмеймін. Бүгін кешке жақын бір жігіт хабарласады. Сол жиында сөз алған жігіт. Басында оны танымай, кейін барып есіме түсті. Жиында жамбы атудың ерекшелігі туралы көсіліп тұрып сөйлеген Алдияр деген жігіт екен. Жамбы атуды қайта жаңғыртуға белсене араласып, оның болашағынан үлкен үміт күткендердің бірі болатын. Соңғы кезде осы дәстүр әуелгі ерекшелігінен айырылып, жамбы ату деген құр аты ғана қалғанын қынжыла жазыпты. Бұлар (қауымдастық) жамбының орнына губка сияқты нәрсені темір, алтын, күміс түстес материалмен қаптай салып, оны жіппен орап, биікке салбыратып іле салыпты. Жел соққанда ол арлы-берлі айналып, бір орнында тұрмайды екен. Дәулет Дәркембайұлы мен Алдияр екеуі оның орнына ағаштан арнайы жамбы жасап, оны мыс пен алтынға ұқсас мелхиор секілді материалмен қаптап, барынша жамбыға ұқсатып жасаған. Жебе қылды қиып өткен кезде ол гүрс етіп жерге түседі. Сосын «алтын» жамбыны атып алған (бірінші орын алған) адам оны өзімен бірге алып кетіп, «күміс» жамбы – екінші орын алған адамға бұйырады. Ол сосын жекпе-жекте алатын белбеу сияқты атадан балаға мұра (естелік) болып қалып, біртіндеп жамбы атудың жөн-жосығы қалыптаса бастайды. Жәй ғана қалқитып іліп қойған нәрсені ата берсе, оның несі жамбы ату, әйтпесе? Олардың осы ұсынысын Ұлттық спорт қауымдастығы ескермей отырған көрінеді. Алтын іліңдер деп жатқан жоқпыз. Бірақ оны барынша ұлттық дәстүрге жақындатып, ұлттық ойындардың қатарына өзіндік ерекшелігімен қабылдау керек. Ертеректе жамбының орнына алты келіге жуықтайтын алтын іліпті. Жасы сексеннен асқан Жамбы дейтін бір апайды білемін. Ол кісінің есімін осы алтын жамбының құрметіне қойған екен. 2021 жылы Ұлттық спорт қауымдастығы үлкен жиын өткізіп, этноолимпиада өткізгелі жатыр. Жамбы атудан да жарыс өтеді. Оған қаншама шетелдіктер келеді. Жамбы атуды олар жәй ғана нысанаға іліп қойған нәрсені атып қайту екен ғой деп ойлап қалмас үшін, оны сондықтан барынша ерекшелендіріп, ұлттық реңк беріп, атқан адамдар да, жарысқа қатысқандар да одан жақсы әсер алып қайтатындай қылып қызықты етіп ұйымдастырған дұрыс шығар, Бекболат мырза?

  Жолымбет Мәкіштің фейсбук парақшасынан

937 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз