Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 11 Желтоқсан, 2019

Жетісу өңірінің туризмін дамытудағы игі қадамдар

Алматы облысында туризмді дамыту белсенді жүргізілуде. Бір ғана Ұйғыр ауданының өзінде 346,5 млн. теңгеге 62 мыңға жуық адамға ақылы туристік-сауықтыру қызметі көрсетілген, яғни өсім - 8,7 %. Ауданда Шарын шатқалы, Шаған тоғайы, ыстық су мен таулы аймақтар енгізілген бірыңғай туристік маршрут құру жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл туралы жуырда Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың аудан, қала әкімдерімен 2019 жылдың қорытындысы мен 2020 жылға жоспарлары туралы өткізген тыңдауы барысында айтылды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нурахуновтың айтуынша, ауданда Шарын ұлттық табиғи паркі, «Арасан» аумағындағы 51 демалыс аймағы, сол сияқты қонақ үйлер, аңшылық үйлер т.б. бар. Олар бір мезгілде 2630 адам қабылдай алады. 4 туристік маршрут жасалған, оның ішінде туризмнің танымдық, экологиялық және басқа да түрлері бар. 2020 жылы ыстық су көздерінде 3 жаңа демалыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.

Шарын шатқалы, Шаған тоғайы, ыстық су көздері мен таулы аймақтарды енгізе отырып, бірыңғай туристік маршрут құру жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір осындай өзіндік ерекшелігі бар туристік кластерді «Эко Парк Тур» ЖШС дамытып келеді.

Осы кластерді одан әрі дамыту үшін Алматы-Көкпек-Шонжы трассасы жағынан Шарын шатқалына кіре беріс 22 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстарын жасау қажет. Осы мақсатта биылғы жылы төлқұжаттау жасалды, енді ЖСҚ-сын дайындау қажет. Сол сияқты «Горный» лагеріне апаратын жолға орташа жөндеу жүргізу керек.

Облыс әкімі Амандық Баталов Ұйғыр ауданында барлық көрсеткіштер бойынша өсім бар екенін атап өтті. Туризм саласы жақсы қарқын алып келеді, оған қажетті барлық инфрақұрылым дамытылатын болады.

Ауданда жоспарланған инвестициялық жобалар да аз емес. Мәселен, келесі жылы «Прима Құс» ЖШС-ның қуаттылығы 35 мың тонна бройлер етін өндіретін құс шаруашылығы кешенінің құрылысы басталады, қазір нысанды жобалау жасалып жатыр. Сол сияқты бұрын тоқтап қалған «Отан Грин Фуд» құс фабрикасы жұмысын қайта бастамақ, қуаты жылына 96 мың шаршы м. қаптама тақта өндіретін «Қазақ Тас» ЖШС-ның құрылыс туфын өңдейтін зауыты іске қосылады, сондай-ақ «Агропроцессинг» ЖШС-ның жеміс-көкөніс өңдейтін зауыты толық қуатына шығады, оның қуаттылығы – 4,2 мың тонна.

Аудан 2020 жылы жүгері алқабының көлемін 12 мың гектарға жеткізбек. Сол сияқты 4300 га жерге жаңа бақ отырғызылды, оның 2000 гектары келесі жылдың өзінде-ақ жеміс бере бастайды.

Жылыжай шаруашылығы да дамытылуда. Биылғы жылы ауданда алаңы 10,4 га болатын 5 заманауи өндірістік жылыжай жұмыс істеп, олардан 2178 тонна көкөніс алынды, сол өсірілген өнімнің 500 тоннадан астам қызанағы Ресей федерациясына сатылды. Жыл соңына дейін алаңы 1,0 га болатын «Эко Продукт плюс» ЖШС жылыжай кешені іске қосылады. Тағы 3 заманауи жылыжай: «Ниязбеков» ЖШС – 1 га, «Ширин Анат» ЖШС – 1 га, «ПТХ Монтаж» ЖШС – 1 га, осы аталған нысандардың құрылыстары аяқталып, 2020 жылы ашылады деп жоспарланған.

Туризм саласында Алакөл ауданында да бірқатар шаруа тындырылған. Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаевтың айтуынша, Алакөл көлінің жағалауында күніне 23 мыңнан астам туристік қызмет көрсетіледі, 244 демалыс орны жұмыс істейді. Биылғы жылы 35 нысанда 1291 орын ашылған, аудан экономикасына 2,6 млрд. теңге инвестиция тартылған. Жалпы жыл қорытындысы бойынша 8 млрд. теңге көлемінде туристік қызмет көрсетіліпті.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ауданда Ақши ауылының инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда олардың қатарында саябақтың, жағажай волейболына, футболға, тенниске арналған спорт алаңдарының құрылысы, су жүргізу, кәріз және электр жүйелері құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу, сол сияқты Көктұма ауылын электр желілерімен қамту жұмыстары бар. Қаржы республикалық және облыстық бюджеттен қаралады. «Жалын» балалар лагерін жаңғырту жұмыстарына қатысты, облыс әкімі бұл істі мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі шеңберінде атқаруды тапсырды. Сол сияқты Ақши ауылынына кіре берісті абаттандыру туралы аудан әкімінің ұсынысы қолдау тапты.

Қапшағай су қоймасының жағалауын абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбековтің сөзіне сүйенсек, су қоймасының жағалауында 146 туристік нысан бар. Жыл қорытындысы бойынша мұнда 800,0 мың адам демалған. Ал көрсетілген қызмет сомасы - 2100,0 млн.теңге, өсім қарқыны - 107,8%.

Қалалық жағажайларды одан әрі көркейту аясында 1977,0 млн.теңгеге жағажай аймақтарын абаттандырудың 2-ші кезеңінің жобасы жасалды. Осы жобада шағын және орта бизнестің 100 нысаны қарастырылған, оларда 700 жұмыс орны ашылады, тартылатын инвестиция көлемі 3,0 млрд.теңге шамасында. Сол сияқты Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауының инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Бұл қатарда көше жолдары да жөнделеді.

«Демалыс үйлеріне апаратын жолдар салып, жөндеуге жататынын қалпына келтіру керек. Жаяу жүргіншілер жолын төсеп, көшені жарықтандыруды да назардан тыс қалдырмаңдар», - деді облыс әкімі А. Баталов.

Т. Қайнарбековтің айтуынша, жоспарланған жұмыстардың және бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың арқасында 2020 жылы туристер легін 900,0 мың адамға, ал көрсетілетін туристік қызметтер көлемін 2300 млн. теңгеге жеткізу межеленген. Инвестиция көлемі - 2500,0 млн.теңге, 800 жұмыс орны құрылады.

Есепті баяндамаларымен Талғар және Жамбыл аудандарының әкімдері де мінбеге шықты.

Талғар ауданының әкімі Жолан Омаров алдағы жылға 90 жұмыс орнын құратын 6 инвестициялық жоба бар екенін айтты, оның 2-еуі – өндіріс саласында, 4-еуі – ауыл шаруашылығында.

Ауданға ТҮКШ саласын дамытуда, мектептер мен медицина нысандарын салуда қолдау қажет.

Аудандағы орталықтандырылған ауыз сумен қамту - 93,6%, дегенмен Талғар қаласы мен бірқатар елді мекендердің су құбырлары жүйесінің көпшілігі жаңғыртуды қажет етеді. Облыс әкімі қолданыстағы сумен қамту жүйелерін толық зерделеуден өткізуді тапсырды, соның нәтижесі бойынша жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Талғар халқын сапалы ауыз сумен қамту мәселесі әлі күн тәртібінен түспегендіктен, бұл мәселені аяқсыз қалдырмау қажет екенін қадап айтты.

Жамбыл ауданының «қарапайым заттар экономикасында» жақсы жетістіктері бар, жобаларды жүзеге асыруға 20 өтініш берілген.

Жалпы ауданның өнеркәсіп өндірісінде 10 айда жалпы қуаты 3 млрд. 592 млн. теңгелік 3 кәсіпорын іске қосылған. Одан бөлек тағы 1 кәсіпорын кеңейтілген. 190 жұмыс орны ашылған. Бүгінгі күні аталған кәсіпорындар жалпы сомасы 640 млн. теңге болатын 380 тонна өнімін өндірді.

Алдағы жылға алаңы 15 га, 78 тұрақты жұмыс орны бар, өндірістік қуаты жылына 4 мың тонна болатын жылыжай кешенінің құрылысы жоспарланып отыр. Жобаның жалпы сомасы - 6,8 млрд. теңге, қазіргі кезде бұл инвестицияның 2,8 млрд. теңгесі тартылды.

Аудан әкімі әлеуметтік нысандар салу, тұрғын үйлер тұрғызу, сол сияқты СДО құруға қажетті техникалар сатып алуға қаржы қарастыруды сұрады.

 

1008 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз