Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 12 Желтоқсан, 2019

Қуандық ҚАСЫМОВ, режиссер, Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты: ТЕАТРДЫ ӨСІРЕТІН ДЕ, ӨШІРЕТІН ДЕ РЕЖИССЕР

Оның шығармашылығы еліміздегі театр өнерінің кескін-келбетін айшықты етіп көрсетеді. Қай туындыны сахналаса да, ол спектакль көтерген тақырыпты бүгінгі күнмен сабақтастырады, сахналаған дүниелерінде бүгінгінің өзекті мәселелерін де ұмытпайды. Оның шығармашылығынан ұдайы жаңа мен көненің байланысын сезінесің. Ол актерлердің де жаңа қырын, тың қабілетін, айрықша бейнесін аша алады. Иә, оның әрбір спектаклінен жаңа ізденіс, соны символикалық шешім байқайсыз. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – белгілі режиссер, Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов. Көрнекті жазушы Р.Отарбаевтың Шымкентте өткен театр фестивалінде жазушының «Бас» қойылымын дәл осы режиссер сахналаған еді. Сол қойылым көпшіліктің көңілінен шыққан, қазылар алқасының ілтипатына ие болған. Одан бұрынырақта «АИ» театрында қойған «Медеясын» да көпшілік жылы қабылдаған еді. Қуандық Қасымов режиссурадағы алғашқы қадамын Жамбыл облыстық қазақ драма театрының сахнасында бастаған. Ол классикалық драматургиядан бүгінгі күнмен өзектес мәселелерді байланыстырудың мүмкіндігі, маңызы зор екенін дәлелдеп жүрген режиссер. Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», Д.Исабековтың «Пері мен періште», Ш.Мұртазаның «Ноқтаға басы сыймаған», Б.Мұқайдың «Сергелдең болған серілер», О.Бодықовтың «Жан азабы», Б.Ұзақовтың «Жандауа», И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы», А.Бекбосынның «Домалақ ене», т.б. спектакльдері оның режиссерлік қабілетін көпке паш етті. Қ.Қасымов ағылшын драматургі У.Шекспирдің шығармашылығын да батыл түрде сахналап, республикалық театр­ларда «Ричард III» (Тараз), «Король Лир» (Ақтөбе) мен «Ромео мен Джульеттаны» (Орал) қойды. Бұл туындылары да үлкен ілтипатқа бөленді. Ал Софоклдың «Эдип патша», Еврипидтің «Троя арулары», Ж.Ануйдың «Медея» мен «Антигона» тәрізді  күрделі дүниелерін сахнаға шығаруы оның режиссерлік жаңа бір қырын көрсетті.  Енді, міне, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев атындағы ІІІ республикалық театр фестивалінде Қуандық Қасымовпен тағы да жолығып, бір апта бойы театр қойылымдарын тамашаладық. Сол бір аптаға созылған өнер мерекесінде режиссермен сұхбатқа келісіп, өнердегі, әсіресе театр өнеріндегі өзекті мәселелер жөнінде әңгіме өрбіткен дұрыс деп шешкен едік. Бүгінгі әңгіме сол кездегі келісімнен туған ойдың жалғасы…

– Қуандық Құлмамырұлы, ­театр режиссері әлеміндегі алғашқы ­қа­дамыңыз туралы сауалмен әңгімемізді бастасақ. Сіз, қателеспесем, актер­лік мамандық бойынша оқу тамам­дадыңыз. Актер де болдыңыз. ­Режис­серлікке­ бағыттаған кім, әлде нендей себеп? Неліктен актерлік жолды жалғас­тырғыңыз келмеді? – Алғашқы қадам сонау 1990 жылдардың басында басталған еді. ­Режиссер болам деген ой менің ойымда,­ санамда болған емес. Тәп-тәуір актер болып, сол мамандықтың қыры мен ­сырына үңіліп, жылдан-жылға тәжірибе жинап, жетіліп, өсіп келе жатқан уақытым еді. Актер болу ұнамады емес, ұнады. Мені режиссерлікке ауыстырған басқа жайт, басқа қадам болатын. Сонымен, мен актер болып жүрген уақытта театрдың директоры болып менің курстас досым Шопан Кәрібаев қызмет етті. Театрда режиссер, өзіңіз білесіз, әрқашан тапшы ғой. Ол кезде де солай. Сондықтан болар, гастрольдік іссапармен қарақалпақ елінде жүргенімде Шопан хабарласып: «Жаз бойы бекер қарап жүрмей, өзіңнің көңіліңнен шыққан бір пьесаны ал да, дайындал» деді. Мен: «Не үшін?» деп таңырқай сұрап едім, «Сен де бір спектакль қоюың керек шығар» деп қысқа қайырды. Мен жеңістік бермей: «Шопанжан, режиссер емеспін ғой. Тіпті оның қыры мен сырын да, бүге-шігесіне дейін жасырынып жатқан құпиясын да білмеймін. Оған бойлаған да емеспін. Сонда жаңа дүниені қалай сахналаймын?» деп, бас тартқым-ақ келді. Ол телефонның ар жағынан: «Есесіне, сенің таудай білімің бар. Көп ізденесің. Екеуміз театр өнері туралы,­ актер шеберлігі жайлы, ­режиссер мамандығы туралы сырласқан кездерімізде қолыңнан режиссерлік келетінін баяғыда-ақ түсінген едім. Театрға, маған көмектес. Сахнаға жаңа үн керек. Оны да ойла. Қорықпа, мен көмектесем. Сондықтан дайындал» деп, тұтқаны қоя салды… Шопан марқұм режиссер болуды қатты армандайтын еді. Кейін сол ­арманына да жетті. Талай жақсы, кәсіби мамандарды, қалың көрерменді терең ойлы шығармаларымен тамсандырды. Бірақ өмірден ерте кетіп қалды, әттең… Сонымен, не керек, алғашқы спек­таклімді Оралхан Бөкейдің «Құлыным менің» драмасымен ­бастадым. Кіші залда жаңа форматта қойғандай болдым… Дәлірегі, жақсы дүние қоямын деп жан-тәнімді сала еңбек еттім. Бірақ спектакль соншалықты табыс­ты болмады. Иә, Шопан да қолынан келгенше көмектесіп бақты. Дегенмен, мойындау керек, ол қадамды сәтті еді дей алмаймын. Міне, осылай, Шопан досым­ның күштеуімен режиссерлік маман­дықтың тар жол, тайғақ кешуіне түстім де кеттім… Одан бері де, қазір ойлап қарасам, біраз уақыт өткен екен. – Еліміздің бірқатар театрларының қойылымдары назарыңыздан тыс қалмайтынын білеміз. Қандай да бір қойылымға барғанда «мынаны былай ­жасар едім» деген ой келе ме? Жалпы­ бүгінгі жас режиссерлердің еңбегі көңіліңізден қаншалықты шығады? – Мені дәл қазір режиссерлердің техникалық сауатсыздығы қатты алаңдатады. Олардың ұтымды мизансцена құра алмай, актерлердің сахнада өмір сүруіне көмектесудің орнына,­ кедергі жасайтыны қынжылтады. Оны сіз бен біз қатысқан Рахымжан Отарбаевтың фестивалінде молынан көрдік. Тәжірибелі де, тәжірибесіз де режиссерлер осы мизансценадан ақсап жатты. Ол туралы ешкім де сөз қылмады. Ал мизансцена құру – режиссердің ең маңызды құралы. Оны меңгерген режиссер мән-мағынасы терең спектакль қояды. Бұл жөнінде мен жас режиссерлер­дің ішіндегі дарындысы Фархад­ Молдағалиевке ризамын. Оның ми­зансце­налық шешімдері спектакльге­ терең мағына беріп, көркемдік дәрежеге көтереді. Сол себепті, қандай да бір қойы­лымға барғанда, қандай да бір жаңа спектальді көргенде, ең алдымен, оның мизансценасын өзгерткім келеді. Сол тұрғыдан жаңа бір өзгеріс жасасам деймін. «Егер сол жердегі кейбір затты­ немесе актерді басқа ракурспен көрсетсе, сол сурет өзінен-өзі сөйлеп кетер еді ғой» деп іштей толғанамын. Режиссура қашан қанат жаяды? Режиссура мамандығына толыққанды жағдай жасалғанда ғана режиссер өз мақсатына жетеді. Сахнаның ­патшасы актер болғандықтан, режиссер соның дарыны мен шеберлігіне тәуелді. Актерсіз – режиссер, режиссерсіз – ­актер жетім. Мұны ешқашан ұмытпайық. Шабан атқа мініп бәйгеге қатыссаңыз не болатынын өзіңіз де сезетін боларсыз. Бұл жолғы Отарбаев фестиваліне сол Фархад Молдағалиевтің қойған «Нашақор туралы новелласы»­ қатыспады. Мен ол спектакльді 2017 жылы Ақтөбе қаласында өткен «Балауса»­ театрлар фестивалінде көрген едім. Көрдім де, таңғалдым! Себебі көзімізге үйреншікті болып кеткен пьесаны­ алып, оған басқа қырынан келіп, танымастай жаңа өң берген еді. Өң бергенде де, қандай өң! Ал Атырауда өткен фестивальдегі ­режиссер Мұқанғали Томановтың еңбегі – қайталанбас өнер! Оны қайталау мүмкін емес. Әрбір сәті, әрбір мизансценасы спектакльге терең мағына беріп, бізге адамның соңғы демі қалай шыққанына куә болуды ұсынады! Мен мұндай шығарманы ­театр сахнасынан өте сирек көрем… Кейбір жас режиссерлер, тіпті мен қатарлы тәжірибелі режиссерлер де сыртқы пішінге аса мән беріп, оны мағынамен толтыруды көп жағдайда ұмытып кетеді. Кезінде ­ондай спектакльдерді «режиссерлік» қойылым деп те бағалады. Актерлер режиссер ­ойына ілесе алмай, оның мән-мағынасына терең бойлай алмай, сыртта қалып отырса, спектакль ­татымсыз болып шықпай ма? Міне, әрбір жаңа қойылымды көрген сайын осы ой ­мазалайды.

– Өзіңіз көрген, осыдан бірнеше жыл бұрынғы театр мен бүгінгі театрдың, қойылымның айырмашылығы бар ма? Бар болса, нендей айырмашылық? – Әрине, бар. Біздің театрлар бұрынғы тәсілдерден арылуға тырысып, арқасынан ескірген ертоқымды лақтырып тастағысы келетін сәйгүліктің кебінде жүрген секілді. Бұл өзгеріске ұмтылыс бір театрда тез болып жатқан процесс, ал өзге бір өнер ордасы әлі де болса сол «ертоқымнан» айырыла алмай жүр. Кейінгі кезде әртүрлі фестивальдерге­ қатысамыз ғой. Сонда да осы үдерісті байқаймын. Бұл өзгерістердің көбі театр­ларда режиссер мамандығына аса мән бермей кеткеніне байланысты-ау деп ойлаймын. Режиссерлік өнер – тұлғалық өнер. Егер мықты режиссері болса, театрдың директоры оның жағдайын жасап, алақанға салып аялауы керек. Біздің қазақ театрында қазір бұған аса мән бермейді. Немесе мән бергісі келмейді. Театрдың труппасын өсіретін де ­режиссер, өшіретін де режиссер екенін ұмытпаған абзал. Қазіргі кезеңде театрлар бас ­режиссер деген лауазымды алып тастап, оның орнына көркемдік жетекші деген ­лауазым енгізді. Бас режиссер болу үшін режиссерлікті меңгерген маман керек, ал көркемдік жетекші болу үшін ондай диплом аса бір маңызды емес. Жетекші болуға: актердің де, суретшінің де, театртанушының да, ақынның да, жазушының да, журналистің де, музыканттың да, яғни өнерге жақын-ау деген кез келген мамандықтың иесі таласа­ алады. Яғни көркемдік жетекшілікке режиссерлік мамандық соншалықты қажет емес екен. Бұл бізге, жалпы театрға нендей өзгеріс әкелуі мүмкін? Бас режиссер труппаның шығарма­шылық өсіп-өркендеуін қадағалай отырып, актерлердің әртүрлі жанрда, әртүрлі образда көрерменге жаңа бір қырынан көрінуіне жағдай туғызады. Ол күнделікті жасалған тренингтер арқылы, дайындық жұмыстары арқылы актердің тереңде жатқан сырына үңіліп, оның шеберлігін шыңдайды. Ал көркемдік жетекші ондай жұмыстармен айналыса алмайды. Себебі режиссер емес, режиссерлік мамандығы жоқ. Сондықтан ол не істейді? Ол спектакль қою үшін танымал бір режиссерді театрына шақырады. Қойылым қою үшін келісімшарт жасасады. Ол режиссермен труппа бір, бір жарым айдай еңбек етіп, ол кеткеннен кейін келесі режиссер келгенге дейін театр тағы да қараусыз қалады. Сол екі ортада актерге қойылатын тәртіп пен талап бәсеңдейді, немқұрайлық басымдық алады. Күнделікті кәсіби тренингтер азаяды. Бұл актер үшін де, әлгі ұжым үшін де кінәратты жағдай. Актердің шеберлігінің шыңдалуы және оның шығармашылық деңгейінің биікке көтерілуі, көзі қарақты, терең ойлы режиссердің толғауына байланысты. Сондықтан режиссураға келген талантты адам болса, оған ерекше қамқорлық жасалуы қажет. Актерлер көп, ал режиссер қашанда жалғыз. Оның жан дүниесіндегі бар күш сол адамдарға жұмсалады. Спектакльді қойып, жұмыс аяқталған сәтте оның бойындағы бүкіл қуаты сарқылады. Сөйтіп, ол қайта өз қалпына келу үшін біраз уақыт керек болады. Қазіргі уақытта, әсіресе аймақтарда жүрген режиссерлерге қамқорлық өте аз. Демек, екі лауазымның – ­режиссер мен көркемдік жетекшінің айырмашылығы жер мен көктей. Ал театрлар ескі «ертоқымнан» айырылуы керек болса, онда ол – ең әуелі өзінің тұрақты режиссерін табуы ­керек. ­Атырау театры соны түсінген ұжым екен. Мұны біліп, байқап, өз режиссерін аялап отырған Атырау театрының директорына зор алғыс.

Өзгерістің көбі театрларда режиссер мамандығына аса мән бермей кеткеніне байланысты-ау деп ойлаймын. Режиссерлік өнер – тұлғалық өнер. Егер мықты режиссері болса, театрдың директоры оның жағдайын жасап, алақанға салып аялауы керек. Біздің қазақ театрында қазір бұған аса мән бермейді. Немесе мән бергісі келмейді. Театрдың труппасын өсіретін де режиссер, өшіретін де режиссер екенін ұмытпаған абзал. Бас режиссер труппаның шығармашылық өсіп-өркендеуін қадағалай отырып, актерлердің әртүрлі жанрда, әртүрлі образда көрерменге жаңа бір қырынан көрінуіне жағдай туғызады. Ол күнделікті жасалған тренингтер арқылы, дайындық жұмыстары арқылы актердің тереңде жатқан сырына үңіліп, оның шеберлігін шыңдайды. Ал көркемдік жетекші ондай жұмыстармен айналыса алмайды. Себебі режиссер емес, режиссерлік мамандығы жоқ… Актердің шеберлігінің шыңдалуы және оның шығармашылық деңгейінің биікке көтерілуі, көзі қарақты, терең ойлы режиссердің толғауына байланысты. Сондықтан режиссураға келген талантты­ адам болса, оған ерекше қамқорлық жасалуы­ қажет. Актерлер көп, ал ­режиссер қашанда жалғыз.

– Көңіліңізден шыққан, тіпті ұмыта алмай жүрген, кейінгі бір уақытта көрген қандай театрлық қойылымды атап бере аласыз? – М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театры ұсынған Рахымжан Отарбаевтың «Жалғыздық» драмасы көңілімнен шықты. Режиссері – Мұқанғали ­Томанов. Жазушы Р.Отарбаевтың анасына арналған әңгімесінен алынған жып-жылы дүниені әлгі театрдың өнер ұжымы соншалықты нанымды етіп ойнап шықты. Режиссер М.Томанов театрды жаңа бір биікке шығарған, өте бір ғажап дүние қойды деп есептеймін. Қойылым соңында фестивальдің қазылар алқасы бірауыздан сол драмаға оң бағасын беріп, «Шекспирлік мәңгілік сауалды көтерген кесек дүние» дегенін де «Жалғыздықты» мойындағаны, режиссердің еңбегін бағалағаны деп есептеймін. Жалпы мұндай жақсы туындылардың бізде көптеп көрсетілуі театр ұжымы үшін де, көрермен үшін де өте маңызды. – Сіз үшін нені сахналау өте күрделі? Өз қойылымдарыңызда қатты қиындық тудырған жағдайларды еске түсіріңізші? – Комедияны қою өте күрделі ғой. Егер бұл жанрды меңгермеген актермен кездесе қалсаң, оны сахнаға шығару керек болса, одан өткен азап жоқ. Тіпті кейбір сәттерді есіме алғым да келмейді… Өз сөзім өзімдікі, кей-кейде ­комедия жанры сонау бір замандарда, Қалтай ағаларымызбен бірге қалып қойған сияқты көрініп кетеді. Негізі, комедия жанры театрлар үшін аса маңызды. Бірақ қазір дәл сол жанр ешкімге керек емес болып қалғандай.

– Әр актердің Гамлетті ойнағысы келетіні секілді, әр режиссер де классикалық дүниені өз интерпретация­сында сахналағысы келеді деген оймен келісесіз бе? Бұл тұрғыда сіз қазақтың да, әлемнің де классикалық туындыларын бір кісідей-ақ сахналадыңыз ғой. Сонда да, осы дүние жүрегімнің бір түкпірінде жүр деген шығарма бар ма? – Бар, әрине. Мәселен, мен Шекспирдің «Кориолан» трагедиясын сахналағым келеді. Құдай қуат берсе, мүмкіндік туса, дәл сол шығарманы көпшілік назарына ұсынсам деймін. Енді, ол, әрине, уақыттың еншісінде. – Кейінгі уақытта облыстық театрлар да академиялық деп атала бастады. Бұл театрдың шығармашылық өміріне, материалдық жағдайына қаншалықты демеу болады? – Ең әуелі, шығармашылыққа ­деген талап күшейді. Ал материалдық жағынан ешқандай демеу жоқ. Оны да айту керек шығар. Айлық сол қалпында… Мардымсыз… – Көрерменнен қандай әсер күтесіз? Көрерменнің ықыласы спектакльдің одан кейінгі тағдырына әсер етеді деп жатады ғой. Алайда көрерменнің әртүрлі екенін ескерсек, олардың көңіл күйіне сенім артуға бола ма? – Менің ойымда театр анықтама ­бюросы емес. Ол – адам тағдырының алуан қырын, психологиялық тартысын, сезім иірімдерін көзі қарақты, ойлы, саналы көрерменге ұсынады. Көрермен одан нәр ала ма, жоқ жүрегі айни ма, оны оның өзінің жеке басына,­ қабылдау-қабылдамау парасатына қалдыру керек. Сұрақ көп болғанмен… жауап болмауы да мүмкін… Театр актерге көрерменмен күн­делікті сырласып, іштегі шеріңді тарқатып, шынайы ләззат алуға мол  мүмкіндік береді. Мұны ешқандай өнер саласы алмастыра алмайды. – Әңгімеңізге рақмет!

 

Әңгімелескен Қарагөз Сімәділ

1351 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз