Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 12 Желтоқсан, 2019

Облыс әкімі Матай мектебінің психологын марапаттады

Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов жасөспірімдерге зорлық көрсету фактісін анықтап, кінәлінің жазаға тартылуына мұрындық болған, ең бастысы жәбір көрген жасөспірімге дер кезінде психологиялық көмек көрсетіп, жарқын өмірге бет бұрғызған Матай орта мектебінің психологы Ажар Дүйсенбекованы қабылдады, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі Ажар Дүйсенбекова жайлы блогер Жанна Ахметованың Фейсбук парақшасынан білгенін айтты. Оқиғадан бері біраз уақыт өткенімен, бұл психологты кәсібилігі үшін марапаттауға кедергі емес екенін де жеткізді.

– Бүгінгі күні әрбір педагог, әрбір психолог осылай жұмыс істеуі керек. Балалар суицидінің алдын алып, қиын жағдайда оларға кәсіби маман ретінде көмектесе білдің. Қазіргі кезде суицид неге өсіп кетті? Қиын жағдайға тап болғанда жасөспірімдер тұйыққа тіреліп, жарқын өмірге шығатын жол таппай қалады. Айналасында адам толып жүрсе де, проблемасымен жалғыз өзі бетпе-бет келеді. Сондай кездерде баланың көңіл күйін байқап, әңгімелесіп, тығырықтан шығатын жол көрсету – отбасында әрқайсымыздың міндетіміз, ал мектепте мұғалімнің жауапкершілігінде. Сол жауапкершілікті үлкен абыроймен атқардың. Сенің осы кәсіби біліктілігің барлық педагогтарға үлгі болуы керек, – деп ризашылығын білдірген облыс әкімі А. Баталов, Ажар Дүйсенбековаға Құрмет грамотасын ұсынып, ноутбук сыйға тартты.

Ажар да өз кезегінде облыс басшысына алғысын білдірді.

– Менің орнымда болса, кез келген психолог осылай жасайды деп ойлаймын. Мен бір ерекше іс жасадым демеймін, тек өзімнің кәсіби міндетімді орындадым. Әрбір бала мейірім мен махаббатқа бөленіп өсуі керек, балаға зорлық жасауға ешкімнің де хақы жоқ. Сондықтан біз әрбір баланың тағдырына жауаптымыз. Мені елеп-ескеріп шақырғаныңызға, марапаттап жатқаныңызға шын жүректен алғысымды білдіремін, – деді         А. Дүйсенбекова.

Атап өтсек, Ажар Дүйсенбекова 11 жылдан бері Матай орта мектебінде психолог маман болып жұмыс істейді. Отбасында үш ұл тәрбиелеп отырған бақытты ана. 2018 жылы екі бірдей жасөспірім қыздың тағдырына араша түсіп, жәбір көрсетушінің заңға сәйкес жазасын алуына, ал қыздардың жаңа өмір бастауына маман ретінде атсалысқан психолог.

 

409 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Детективтік шығармалар байқауының жеңімпаздары анықталды
Келесі мақала Хайп па, айып па?

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *