Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 18 Желтоқсан, 2019

ДУМАН РАМАЗАН: "ТОМИРИС" – ТҮК ҰНАҒАН ЖОҚ!"

Авторлар кезекті халтураны дүниеге әкелген.

Кеше «Қазақстан» арнасынан Ақан Сатаев түсірген «Томирис» фильмін отбасымызбен отырып көрдік. Бірден айтайын, түк ұнаған жоқ. Біріншіден бастан-аяқ сылбыр түсірілген. Темп, ширақтық, шымырлық атымен жоқ. Қызықсыз... Тым құрмаса қызығып көретін актер ойыны да жоқ. Көріп отырған адам жалығып кетеді. Бір-екі мәрте тұрып кеткім келді. Бірақ соңына дейін көріп шығайыншы деп шыдап бақтым. Тіпті ішімді пыстырып, ұйқымды келтіріп жіберді. Тарихта болған оқиғаларды келсін-келмесін кезегімен құрғақ тізбектей берген. Соның өзі жасанды... Жасандылық фильмнің басынан-аяғына дейін менмұндалап көрініп тұр. Мәселен, қаншама батырды қырып кеткен қанды қол қарақшыларды кішкентай бір қыздың (қанша батыр болса да) жайратып салуы ақылға сыйымды ма? Немесе фильмнің аяғындағы сақ батырының Кирдің шатырына жетіп барып, онымен айқаса кеткен сәтте-ақ жүрегіне қанжар тыға салуы қаншалықты сенімді. Әй, ол анау-мынау емес, кезінде дүниені дүр сілкіндірген батыр патша ғой! Қанша мықты батыр болса да, айқасып, жанталасып өлетін шығар. Мен сенбеймін, тіптен мүмкін емес. Керек десеңіз, күлкілі. Бұл ертегі емес қой! Екіншіден өте жұтаң түсірілген. Өзімізді-өзіміз жабайы ғып қойғанбыз. Басқа басқа, Томирис патшайымның өзіне жібі -түзу шатыр жасақтап бере алмағаннан соң несін айтасың! Патшайымға лайықты тұлпар табылмай қалған ба, мәстек мініп шауып жүр. Әскерінің түрі анау... Тіптен ұят, масқара. Үшіншіден Томирис бастаған тарихи тұлғалардың ешқайсының өз бейнелерін көре алмадым. Бәрі де жансыз қуыршақ сияқты. Тек ойнау үшін ғана ойнап шыққандай көрінді. Өздері бейнесін сомдап жүрген тарихи тұлғалардың ойын, көңіл-күйін, жан толқыныстарын, ішкі сезімдерін жеткізе алған жоқ. Мүмкін өздері іштей қиналып тұрған шығар, бірақ сол қиналыстарын көрерменге, маған жеткізе алмады. Мәселен, күйеуі мен баласының өлімінен артық қандай қайғы-қасірет болуы мүмкін. Кинода теріс қарап жылаудың, қиналудың керегі жоқ. Дәл сол кездегі Томиристің көңіл-күйі жүзінен, мимикасынан, көзінен, қас-қабағынан, қимыл-қозғалысынан білінуі, сезілуі, байқалуы керек. Оны көрермен сезінуі керек. Әр сәтте солай болуы керек! Бастан-аяқ... Яғни, артистерді дұрыс таңдай алмаған. Томиристің өзінен, бойынан, көзінен патшайымға тән ешқандай отты, жалынды, жігерді, ширақтықты, жинақылықты байқай алмадым. Сөз-сөйлемдерін де жаттап алып айтып тұрғаны көрініп-ақ тұр. Бәрінің сөз саптастары бірдей... Фильм авторлары кезекті бір халтура жасап шыққан. Тарихи көркем фильмді бұлай тым жеңіл түсіруге болмайды! Деректі фильмнің деңгейіндегі ғана дүние. Көркем фильмге тән көркемдіктің бірі де жоқ. Кешіріңіздер, бұл менің ойым, көзқарасым, тұшынуым мен көріп-білгендерім. Сіздердікі басқаша болса, еш айтыспаймын, өйткені, талғамға талас жоқ! Мархабат!

  Думан Рамазанның фейсбук парақшасынан

1233 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз