Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 18 Қаңтар, 2020

Бүгін "Өркениет шырақшысы" фильмінің тұсауы кесіледі

Бүгін "Qazaqstan" Ұлттық телеарнасы сағат 20:35-те  күллі түркі дүниесінің ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына орай  "Өркениет шырақшысы" екі бөлімді тарихи-зерттеу туындысының тұсауын кеседі.  Деректі фильмнің түсірілім жұмыстары бес ай көлемінде ғұлама ғалым дүниеге келген, тарихта "Зернук", "Весидж" деген атпен белгілі Оқсыз жерінен басталып, ежелгі Отырар, Каир шаһарларында жалғасты. Сонымен қатар, түсірілім тобы ғұлама өмірден өткен Дамаск қаласында болып қайтты. Кемеліне жеткен шағында Әбу Насыр елін тастап, Бағдадқа неге аттанды? Ұлы ойшылға қатысты "Отырар кітапханасының негізін қалаған" деген аңыз шындыққа қаншалықты жанасады? Неліктен барша өркениетті әлем оған "екінші ұстаз" деп тағзым етеді? Деректі туындыда осы сауалдарға жауап беріліп, әл-Фараби адамзаттың асыл қазынасы – ғылым жетістіктері мен азат ойдың құтқарушысы ретінде сипатталады. "Екінші ұстаздың" араб елдерінде жарық көрген еңбектерінің басым көпшілігі сақталғанын, ал туған еліндегілері Түркістан өркениетімен бірге жоғалғаны айтылады. "Әл-Фараби бүгінгі қазақ даласынан шығып, бүкіл араб фәлсафасының негізін қалады. Өз заманындағы барлық ғылым мен ілім түрлерін жүйеге келтірді. Оның өмірі туралы дерек аз, алайда рухани мұрасы ұшан-теңіз. Біз оның суретін алғашқы ұлттық теңгемізге салдық, есімін басты университетімізге бердік. Алайда, еңбектерін өз тілімізге әлі толық аудара алмай отырмыз. Оның ұлттық аямызға қайтып оралуы дәл осы міндетпен өлшенеді. Себебі, ол еліне оралуды өмір бақи аңсап өтті. Біздің парызымыз – "Парасат падишасы" атанған ұлы ғалымның атағын ғана емес, рухани мұрасын, арман-мұратын, ізгілік ұстанымдарын туған еліне қайтарып, ұлттық руханиятымыздың ажырамас бөлшегіне айналдыру", - дейді фильм авторы, журналист Дархан Әбдік. Туындыда ғалымның зерттеу еңбектеріне қатысты отырартанушы Бекжан Бейсенбай, ғалым, өнертану профессоры Тынысбек Қоңыратбай, Фарабитанушы ғалым, профессор Жақыпбек Алтаев пікір білдірген. Дереккөз: massaget.kz

1797 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз