Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 23 Қаңтар, 2020

Әбдіжәлел БӘКІР, саяси ғылым докторы, профессор: ЫНСАП КЕТКЕН ЖЕРДЕ ҚАЙЫР ЖОҚ…

«Ақсақалдар айтпады деп жүрмесін» деген жақсы бір сөз бар еді. Бүгінгі кейіпкеріміздің әңгімесінде де үлкендердің уақыт елегінен екшеп алып айтқан сөзін жеткізгіміз келді. Кезінде үлкен есіктерді ашқан, мәртебелі мінбелерден сөйлеген Әбдіжәлел Бәкір ендігінің беталысын қалай аңдайды, кейінгінің келбетін қалай көреді? Ақсақал жасына жетіп, айналасына үлкен жүрекпен үңілгенде нені бағамдайды: бүгінгі сөз сол көрген-түйген мәселелер жайында өрбімек. 

– Осы күні жер-дүние тыншымай тұр. Бейбітшілік, татулық, достық ұранын айтқанымен, іс жүзіне келгенде баяғыдағы қырғи қабақ соғыстан асып түсетін қимыл-әрекеттер байқалады. Бұл жағдайда үлкен әлемдегі Қазақстанның ұстанымы, бағыт-бағдары қандай болуы керек? – Ең бірінші, өзіміз мықты болайық. Өзіміз мықты болмай, мемлекеттердің арасына араласқаннан ештеңе өнбейді. Ішкі бірлігіміз ­бекем болмай, экономикалық қуатты ел атанбай, саяси құрылымымыз, әлеуметтік әлеуетіміз дамымай өзгеге төрелік жасауға хақымыз жоқ. Осы бағытта, әрине, тәуелсіздік жылдары көп іс атқарылды. Бірақ патшалық Ресейдің отарында, кейін Кеңес үкіметінің қыспағында болғанымызды ұмытпайық. Оның бізге тигізген зардабы көп. Ыбырай­ Алтынсарин бір хатында: «Орыс ­переселендері осылай ретсіз көшіп келе берсе, күндердің күнінде таза халық өте ауыр қиындықтарға ұшырауымыз мүмкін» дейді. Сол қиындықтың жүгін қазір сезініп отырмыз. Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыдан асып кетті, өз тілімізде сөйлеу мұң ­болып қалды. Әлихан Бөкейхан Алаш қозғалысының бастауында тұрып, 1905 жылы: «Ең бірінші, тілімізге, ділімізге еркіндік беріңдер» деп ­айтуы бекер емес. Тіл мен діл ұлттың ең негізгі көрсеткіштері. Қазір ұлттың коды деп жүрміз ғой. Шын мәнісіне келсек, тіл – нағыз ұлттың коды. Тілді сақтамай тұрып, ештеңе істей алмаймыз. Тіл туралы заң бар, не қазақ тілі туралы емес, не орыс тілі жайлы емес. Биліктің тұтқасын ұстап отырғандарға қазақ тілі тиімсіз. Өйткені олардың өздері қазақша сөйлей алмайды,­ ­балалары да қазақша түсінбейді. Парламентте жүргенде де тіл мәселесін көп көтерген едім. Тәуелсіз елдің қазағы болуымыз үшін міндетті түрде тілімізді төрге шығарғанымыз жөн. Содан кейін саяси құрылым, әлеуметтік әлеует, мәдени мәселе, экономикалық биіктік ­туралы айта жатармыз. Біздің жеткен жетістігімізді көрген соң, өзгелер «мына елмен санас­пай болмайды» демей ме. Осындайда бір тәмсіл еске оралады. Баяғыда бір ел өзге жұртқа шабуыл жасамақшы ­болыпты. Зерттеп көрсе, шабуылдамақшы болған елдің әскері аздау екен. «Әскері аз халық тез тізе бүгеді, көп созбай ­басып алайық» депті басқыншылар. Сонда­ әлгі елдің бір ақсақалы өзгелерді тоқтатып: «Әскері аз болғанымен, ақын-жазушысы көп, рухани мықты ел екен. Ондай елді жеңе алмаймыз» депті. Міне, сондықтан біз ең алдымен рухани мықты елге айналайық. Әл-Фараби мемлекеттің жағдайын билікпен көп байланыстырады. Әр елдің мемлекеті мықты болуы үшін, мінбері нығайсын дейді. Бүгінгі тілмен айтсақ, біздің мінберіміз – Парламент. Соны күшейтейік. Фарабиді оқып жүргенде бір таңғалғаным, ұжымдық басқару мәселесін алдыңғы орынға қояды. Мен Президенттік басқаруды теріске шығармаймын. Алайда Алаштың көсемдері де Парламенттік-президенттік басқаруды ұсынған. Президенттік басқару көбінесе жеке басқаруға ұласып, ал суперпрезиденттік басқару жеке билікке алып барады. Оның ақыры жақсы бола бермейді. Мұны да ұмытпаған жөн… – Қазақ үшін қадірлі тұлға Мұстафа Шоқайды зерттедіңіз. Қазақ жерінде жүргенде де, Еуропа асқанда да Мұстафаның өзгермеген қағидасы қандай еді? Ал қандай да бір жайттарға қатысты көзқарасы өзгерген тұсы да болған шығар, ол жайында не дейсіз? – Мұстафа Шоқай халықтың азаттығы, еркіндігі туралы көзқарасын ерте бастан қалыптастырды. Кішкене күнінен әділетсіздіктерді көп көрді. Әкесінің салған кірпіш үйін тартып алды. Орыс қоныстанушылары атадан қалған жерін егіндік жасаймыз деп алып қойды. Өзі Ташкентте ­Ерлер гимназиясын алтын медальмен бітіріп тұрғанда, директоры медальді орыс ­баласына бергісі келіп, орыс баласы бас тартты. Сыр елінің жұрты: «ана жақта біздің Мұстафамыз бар, ол патшамен, үлкен кісілермен сөйлесе алады» деп, өтінішін де Мұстафаға ­айтатын. Ташкентке оқу қуып келгенде­ де өзіне ауыл-елдің арыз-арманын айтқан хаттар көп келді. Сөйтіп жүріп Түркістандағы, Ташкенттегі түрлі халықтардың теңсіздігін байқады. Оның азаттықты ойлауы сол ерте кездерден қалыптасты. Мұстафаның көзқарасы өзгерді ме? Иә, өзгерді. Ол бастапқыда Ресейдің құрамындағы автономия жеткілікті деп түсінді. Бірақ ­Алашорда үкіметін екі жарым жылдан кейін, Қоқан автономия­сын 64 күннен соң таратқанда, Ресейдің қарамағында жүргенде толық тәуелсіз бола алмайтынымызды­ түсінді. Сол үшін қазақтар ғана емес, күллі түркі халқы ­болып күресейік деді. Мұстафа әр халықтың ішкі бірлігіне қатты мән берді. Одан бөлек, Ресейге қарсы мемлекеттердің шетелдегі ұйымына біріккісі келді. Мұстафа Шоқай Кеңес өкіметінде оң өзгерістер де болғанын, оны жоққа шығар­майтынын да айтты.­ Бірақ Кеңес өкіметінің табиғи сипатынан­ өзгермейтінін жақсы түсінді. Сондықтан тәуелсіздік үшін шетелде­ жүріп те аянбай күресті. ­Ресейден ауып барғандардың ­басылымдарына Кеңес үкіметі ­туралы бірнеше мақала жазды. Оның екі түрлі себебі бар еді. Бірінші, қаржылық жағдай. Екінші, Мұстафа Шоқай шетелге ең алғаш қоныс аударғанда шет тілін жақсы игере­ қоймаған еді, сол үшін орыс тілінде жазып, мақалаларын орыс тілінде ­бастыртты.1923-34 жылдары­ бес-алты рет Лондонда ­болып, баяндама жасау өзге қазақтың тағдырына бұйырмаған. М.Дулатов туралы қорғаған ­жапон ғалымы Ресейдегі мұсылман қайраткерлері туралы ­айтып келді де, «осы шоқжұлдыздар ішінде Мұстафа Шоқай бірегейі еді» дейді. Шынында да солай. Ол кеңестанудың негізін қалаушылардың бірі. М.Шоқай өле-өлгенше Түркістан халықтарының азаттығын аңсады. Екінші дүниежүзілік соғысы жылдары­ 2,5 ай лагерьлерді аралады,­ 6-7 ­лагерьде болды. Сондағы тұтқындарды көріп: «Мүмкіндігінше жұмысқа орналас­тырамын, жағдай жасаймын, керек болса оқытам» деп жанталасты. Бірақ лагерьлердегі түрлі озбырлықтарды көріп, әбден түңілді. Немістің офицеріне: «Сіздер осы кезге дейін өздеріңізді дүниежүзіндегі ең мәдениетті халықпыз деп келдіңіздер. Лагерьлерді аралап көріңіздер. Сіздер ХІІІ ғасырдағы Шыңғыс ханның озбырлығынан бірнеше есе асып түстіңіздер. Енді өздеріңізді мәденитті елміз деуге құқыларыңыз жоқ» дейді. Сонда қасындағы неміс офицері: «Қатты айттыңыз ғой» дегенде: «Қатты айттым. Ол үшін атылсам да, асылсам да дайынмын» деп жауап қатады. Әйеліне де: «Дәл мына қорлықты көргенше өлгенім жақсы еді» деп хат жазған. Мұстафа Шоқайдың өзгермеген өмірлік ұстанымы – «ұлтымның жағдайы дұрыс болса» деген тілегі еді. Әйтпесе, Мұстафа Шоқай тіл білетін, сыйлы, құрметті адам. Францияда емін-еркін жүріп, елдің жайын­ ойламай, өз бақуаттылығын күйттеп өмір сүре беруіне болар еді. Ол бәрін ысырып тастап, елдің ертеңі үшін еңбектенді. Халықаралық тақырыпта жүзден аса мақала жазды. Кейде­ Мұстафа глобусты қолына алып отырып мақала жазды ма екен деп ­ойлаймын. Әр елдің саяси ­ахуалын, өткенін сипаттап,­ ­талдайды. Әр мақаласында «осы әлемдік ­саяси қозғалыс Түркістанның саяси­ азаттығына бастар ма екен» деп аңсайды. Бұл Мұстафаның кеудесінен жаны шыққанша өзгермеген арманы. Биыл Мұстафа Шоқайдың туғанына – 130 жыл. Осы мерейлі дата қарсаңында Қызылорда облысының әкіміне бірталай ұсыныс айттым. 120 жылдығында Еуропаға барғанбыз. Одан бергі он жыл ішінде не өзгерді, соны Еуропа жұртына, сол жердегі ағайынға көрсетейік. Биіктігі 12 метрлік ескерткіш орнаттық, 12 томдығын шығардық, көшелерге, мектептерге атын бердік, университетте­ орталығы ашылды. Соны айтып, есеп берейік, Халықаралық ғылыми конференция өткізейік деп едім, әкім сөзімді құп көрген сыңайлы. Бұйырса, осы жылдың күзінде сондай бір ауқымды шара өткізсек деген ­жоспар бар. Ол да өмір бойы халқының азаттығын аңсап, тілеп өткен Мұстафа Шоқай рухының алдындағы бір парызымыз.

– Ақыры Мұстафа Шоқай ­туралы сөз қозғаған екенбіз. Алашорда қайраткерлерін де айналып өтпейік. Біз Алаш қайраткерлерінің арман-мұратын жалғай алдық па? – Бұл өте күрделі мәселе. Алаш қайраткерлерін де, Мұстафа Шоқайды да азын-аулақ оқып, зерттедім. Әлихан да, Мұстафа да ұлттық мемлекет құру туралы бірнеше мақала жазған. Біз сол Ұлттық мемлекетті құра алмай отырмыз. Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейхан қазақ мемлекеті дегенде қазақтың тарихи, ұлттық ерекшеліктерін сақтай және сана-сезімін оята отырып, ортағасырлық әлеуметтік-экономикалық мешеулік­тен алып шығатын Батыстық буржуазиялық жолды таңдағаны белгілі. Біз бұл ұлылықты менсінбедік. Капитализмді тікелей қабылдадық. Қоғамдағы қандай құбылысқа болмасын қайшылық тән, онсыз даму болмайды. Осыны ескеруіміз ­керек еді. Бүгінгі түрлі қайшылықтар ұлттық мемлекеттің жоқтығынан туындап отыр. Екінші, ол азаматтар тіл туралы көп айтты. Тілдің де жағдайы мәз емес. Балабақшадан үш тілде оқыттық. Қазір әйтеуір сол бағдарламаны тоқтатқанымызға шүкір. А.Байтұрсынов бастауыш мектеп бес жылдық болуы керегін айтады. Бес жылдың үш жылында бала қазақша оқысын, бала қазақша сөйлей, оқи, жаза, ойлай алған соң ғана орыс тілін үйренгені жөн екенін меңзейді. Қазір өзге тілде оқыған балаларды былай қойғанда, қазақ мектептеріндегі ­балалар қазақша сөйлей алмайды.­ Міне, алаштықтардың тіл мәселесіне қатысты ұстанымын да жалғай ­алмай отырмыз. Ал сол Алашорданың ғасырлық тойын,­ Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толған мерейтойын қалай атап өттік? ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен Әлиханның мерейтойы жұпыны ғана аталып өтті. Иә, түрлі конференциялар, жиындар өткіздік. Құжат үшін. Алашорданың жүз жылдығында да сол баяғы конференциялар, бес-алты құттықтау сөз, бұрынғы белгілі баяндамалар. «Өткіздік» деді де қойды. Бұдан кейін олардың мұратын жалғастырдық деп қалай айтамыз? Түркі әлемінің ұлы перзенті Мұстафа Шоқай: «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болмайды, ­тарих ­ондайды көрген де жоқ, білмейді де» ­деген еді. Бізде сол ұлттық рух жоқ ­болып тұр. Олар аңсаған тәуелсіздік туралы айтқанда КСРО-дан бөлініп шыққан егемендікті ғана мысалға аламыз. Мен өз мақалаларымда тәуелсіздік туралы көбірек айтамын. Ол жайдан‑жай емес. Иә, біз бұрынғы Мәскеуге тәуелділіктен құтылдық. Кеше бар мәселемізді сол жақ шешетін еді. Облыстық комсомол комитетінің хатшысы болуымның соңғы нүктесін Мәскеу қойды. Ал қазір халықта сол тәуелсіз сана бар ма? Қоғамымызда тәуелсіз сана күрделі жағдайда қалыптасуда. Бүгінгі өміріміздегі қиыншылықтар көбіне осымен байланысты болып отыр. Әлі сан ғасыр тарихы бар халықпыз деп сілкіну байқалмайды. Өкінішке қарай, «Тәуелсіздік» сияқты қастерлі ұғымды терең түсіне алмауымыз ұлттық ­рухымызды да, саяси санамызды да жеткілікті көтере алмай отыр. Тәуелсіз сананың қалыптасуы үшін қоғамдағы демократиялық факторлардың ерекше­ маңызы бар екені белгілі. Бұл бағытта тәуелсіздік жылдары күрделі өзгерістер жүзеге асты. Дегенмен, тоталитарлық жүйеден демократиялық тәртіпке өтуде төте жол жоқ екенін біздің тәжірибеміз де көрсетіп отыр. Бір жағынан, жаңа саяси институттар жетіліп, нарықтық қоғамдық қатынастар өмірге етене еніп жатса, екінші жағынан, кеңестік жүйенің болмыстары да оп-оңай орын босататын емес. Сондықтан да заңдарымызды жетілдіре отырып, соған негізделген демократиялық кеңістікті кеңейте түскен ләзім. Негізгі заңымыздағы «мемлекеттік биліктің бірден-бір ­бастауы – халық» деп үлкен әріппен жазылған қағида біздердің күнделікті салт-дәстүрімізге айналғаны жөн. Тәуелсіздік үшін күрескен, ең бірінші осы мемлекетті құрған қазақ халқы ғой. Олай болса, мемлекетіміздің бүгінгі ұлттық сипатына бейжай қарауға болмайды. Мемлекетіміздің ұлттық сипатын жетілдіре түсуіміз керек. Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация мен Мемлекеттік тәуелсіздігі ­туралы Конституциялық заңда жазылған ұлттық мемлекеттікті сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданады деген біздің бүгініміз үшін аса қажетті, келешегіміз үшін де қажет қағидалар кейінгі кезде естен шыға бастаған сияқты. Сонда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақтың үлес салмағы аздау кезде ұлттық мемлекет мәселесін көтердік те, ал халқымыз еліміздің басым көпшілігі болғанда мұның қажеті болмай қалды ма? Конституциямызда демократия­лық, зайырлы, әлеуметтік, құқықтық мемлекет құрамыз деп жаздық. Қазір сол Конституцияда жазылған сөзді ұмытып қалған секілдіміз. Демократия дегенді айтуды қойдық. Зайырлы­ дегенде дін ұйымдарын мемлекеттен бөліп тастадық. Дінді ұстанып отырған сіз бен біз. Сонда­ сіз бен бізді қалайша мемлекеттен бөліп тастаймыз? Құқықтық мемлекетте заң орындалуы керек еді. Ал біз заңды орындау дегенде заңды өзгертіп, демонс­трациялар мен минтингілерге шығу үшін рұқсат сұрап ал дегенге көштік. Келіспей алаңға шыққандарды «заңды бұзды» деп, түрлі шаралар қолданып, тіпті түрмеге тығып жатырмыз. Конституциямызда нені айтып, нені айтпауымыз керегі анық жазылып еді ғой: мемлекеттілікке қарсы шықпа, ұлтқа ылаң салма, елді, ұлтты бөлме… Міне, осыны орындаса­ болды, адамның өзге талап-тілегін айтып алаңға шығуында не тұр? Германияның бірінші канцлері болған Отто фон Бисмарк: «Әкімшілігінен ­ынсап кеткен жерде заңнан қайыр жоқ» деген екен. Мемлекеттің саяси жүйесі бұқара халықтың мұратын назардан тыс қалдырса, билік пен байлыққа құнығып кетсе, неше түрлі жағдайлар болады екен ғой. Оны әлемдік өмір көрсетіп‑ақ келеді. Көрсете де беретін шығар. Кейде­ ХХI ғасырда өмір сүре отырып, сан ғасырлық тарихты артқа салсақ та, бірақ адамзаттың ілгері басқан сайын жетіле түспей, қайта‑қайта, бір‑біріне ұқсас қиыншылықтармен бетпе‑бет келе беретініне таңғалмау мүмкін емес. Азаттық, еркіндік, демократияны­ орнатпайынша қажырлы, саяси, ұлттық мемлекет құра алмаймыз. Халық өзінің пікірін айта алмаса,­ көзқарасын білдірмесе несіне тәуелсізбіз деп мақтанамыз? Иә, кейінгі уақытта бұл тарапта жақсы бір өзгерістер байқалады. Сол өзгерістер оңынан болсын деп тілеймін. – Сіздіңше бүгінгі қазақ қоғамының бары мен жоғын кім түгендеп жүр? Қазақтың жаны, рухы, тілі, ділі мәселесінде айтылуы тиіс, бірақ айтылмаған түйткілді жайттардың бетін ашып айтсаңыз. – Шүкір, бірсыпыра жайт ­БАҚ-та­ жазылып жүр. Бірақ оқитын адам, тыңдайтын құлақ, көретін көз жоқ. Қазіргі кенжелеу келе жатқан рухани­ саладағы кейбір қайшылықты мәселелер мемлекеттің ұлттық сипатын жетілдіре алмай отырғанымыздан ба деген ­ойлар жоқ емес. Осы туралы бірер ойымды ортаға сала кетсем. Рухани әлеміміздің басты арқауы – ана тіліміз. Алайда мемлекеттік мәртебеге 1989 жылы ие болған қазақ тілінің бүгінгі ахуалы­ жұртқа аян. Халқымыздың рухани ұстаздарының бірі Бауыржан Момышұлының осыдан 60 жылдай бұрын айтқандай, «Өзінің ана тілінің үдесіне жете алмай – құр қалғандарды, ұлт мақтаныш сезімінен, ұлт намысынан ажырап, «шөре-шөре» болып» жүргендерді қазір де еркін кездестіруге болады. Ұл-қыздарымызды түгел дерлік қазақ мектептерінде оқытып, өз ана тілінде білім алуына жағдай жасай алмай отырмыз. Бүгінгі орта мектептегі, орта ­арнаулы және жоғары оқу орындарындағы орыс топтарының басым көпшілігі – өзіміздің ұрпақтарымыз. Алдымызға қойған «2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу, 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды­ құрауы тиіс» ­деген мәселелердің ауылы алыстап барады.­ Осы үлкен міндет отбасынан ­бастап қоғамдағы мемлекеттік тілге қатысты барлық құрылымдардың, халықтың жаппай рухани сілкінісін туғызып отыр деу қиын. Әсіресе, денсаулық сақтау ­саласы, байланыс мекемелерінде, сондай-ақ­ коммерциялық жүйелер мен банктерде қазақ тілі кеңестік кезеңдегідей «аман-есен» отыр. Тәуелсіз сананы қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының орны ерекше екені белгілі. Жаңа заман жаңа ақпарат кеңістігін алып келді. Құдайға шүкір, қазақ тіліндегі басылымдар бірте-бірте көбеюде. Электронды ақпарат құралдары ішінен мен республикалық радионы ерекше атар едім. Тек ­әттеген-айы­ ­радионы бүгінгі жастар тыңдай бермейді. Ал телевизиялық хабарлар ұлтымыздың ­рухани сұранысын толық қанағаттандыра алмай отыр. Қазіргі кейбір мәліметтерге қарағанда, еліміздің 95 пайызы­ ақпаратты, негізінен, телевизия арқылы алады екен. Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, халқымыздың 18-60 жас аралығындағылардың жартысына­ жуығы теледидарды пайдаланады дейді. Жастардың 5 пайызы ғана газет-журнал оқиды. Жас ұрпақ негізінен ұлтымыздың рухани сұранысынан алыс­тау телехабарлармен қалыптасып отыр деуге болады. Кітап оқу қалды. Міне, айта берсем, осындай жайттар өте көп… Әлемдік капиталистік экономика ғылымының негізін салушы Карл Маркс неге капитализмді, әсіресе оның адамды ақшаның құлы ететінін қатты сынағаны әлі есімде. Ол адам баласы капиталдың құлы болмауы қажет деп еді. Міне, енді бастық та, жастық та капиталдың құлы болып, адами қасиеттің көрінісі байлық деп түсінетін жағдайға жеттік. Және ол байлыққа еңбекпен емес, алдау‑арбаумен, тартып алу, ұрлықпен, өлтірумен қол жеткізгендер де қоғамда жоқ емес. Кейбір байлар ұрпақтарының тойларына мыңдаған доллар жұмсап жүр. Маңайында жетім‑жесір, кедейшілікке тап болғандар толы. Олардың біреуінің аузына су құюға ықыласы жоқ. Қазір ақшамен бәрі шешілетін болды. Ақшамен жұмысқа орналасып, оқуға түсіп, биікке де шығатын болдық. Яғни ақша адам қарым‑қатынасының басты құралына айналды. Бүгінгі Орта Азия республикаларының тағдырлары да осы ақшамен байланысты болып, ­шатылып жатыр. – Өңірлердегі тележурналис­ти­каның, жалпы журналистиканың жай-күйі сізді қазір де толғандыратыны анық. Осы саланың ардагері ретінде бұл туралы не айтар едіңіз? Өңірлік БАҚ-тың бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? – Қазір мерзімді баспасөз не ­жазып жүр, ешкімнің шаруасы жоқ. Сын айтса, тарпа бас салады. Ал ұлттық дүниені қаузап мәселе көтерсе, мән бермейді. Кемшіліксіз қоғам болмайды.­ Кемшіліксіз, қайшылықсыз қоғам ­дамымайды. Қоғамдағы кемшіліктерді көрсетіп, оны шешудің жолдарын да көрсететін БАҚ еді. Қазір өңірлік ­БАҚ-ты­ ­былай қойғанда, республикалық БАҚ қалаған сөзін айта, жаза ала ма? Біз Кеңес өкіметінің уақытында өмір сүрдік. Бізді де бақылайтын. Бірақ ­газет шыққаннан кейін сөйлесетін. Қазір газет шықпай тұрып тексеріп алатындар бар. Ол не сұмдық? Оған қоса, қазір билік мекемесіндегілер газет оқи бермейді. Қазақ басылымдарын тұрақты оқып отыратын басшылар сиреп кетті. Бұл да алаңдататын жайт. Газеттерге бостандық ауасын ­таратпайынша, ол «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» бола алмайды. Ол үшін қалам иелеріне, біріншіден, еркін кеңістік беру керек. Екіншіден, журналистерге тұрмыстық жағдай ­жасауды ұмытпайық. Үшіншіден, журналист жазып қана қоймасын. Көтерген мәселесін соңына дейін жеткізсін. Әр жазған мақаланың, әр көтерген мәселенің жауапкершілігі болуы керек. Ол журналистің де, сыналған мекеменің де жауапкершілігі екенін ешкім жадынан шығармаса екен. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Қарагөз Сімәділ

1622 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз