Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 05 Ақпан, 2020

Төрегелді Шарманов: Адам денсаулығының 60 пайызы тамақтануға байланысты

Алматыда Қазақ тағамтану академиясы, "Аман-саулық" ҚҚ және Алматы Менеджмент университеті Алматы жоғары оқу орындары мен колледждері арасында студенттердің тамақтануы бойынша зерттеу нәтижелеріне арналған баспасөз конференциясын өткізді. Шараға Қазақ тамақтану академиясының академигі және президенті Төрегелді Шарманов, "Аман-саулық" ҚҚ президенті, дәрігер Бақыт Түменова және AlmaU университетінің оқытушысы Гүлнар Әсемқұлова зерттеу нәтижелерін көрсетіп, ҚР оқу орындарында дұрыс тамақтануды насихаттау бойынша ақпараттық жұмысты жүргізу қажеттілігі туралы сөз қозғады. Төрегелді Шарманов, Қазақ тамақтану академиясының академигі және президенті: -Біз жиі ауырамыз және ерте өлеміз. Себебі өз денсаулығымызға немқұрайлы қараймыз. Әлемде бәрі тез өзгеріп, өмір арнасы біздерді де өзгертуде. Сондықтан дені сау, табысты болып, ұзақ әрі белсенді өмір сүру өз өміріңді жақсы жаққа бұру керек. Ал дұрыс тамақтану - өмір сапасын арттырады. Адам денсаулығының 60 %-ы тамақтануға байланысты. Біз жастарды дұрыс тамақтануға дағдыландыруымыз керек. Өйткені, дәл осы кезең біздің денсаулығымыз үшін жауапты кезең. Көп кісілер, студент кезінен денсаулықтарын құртып алады. Осылардың алдын алуымыз керек. Бақыт Түменова, "Аман-саулық" ҚҚ президенті: - Толыққанды тамақтану жастар денсаулығын қалыптастыруда маңызды факутор. Зерттеуіміздегі нәтижелер студент жастардың дұрыс тамақтанбауына байланысты барлық қауіп факторларын жете бағаламайтынын көрсетеді. Алматы студенттерінің көпшілігінде асқазан-ішек жолдарының проблемалары бар. Біздің физикалық денсаулығымыз, өмір сүру ұзақтығы, иммунитет және зат алмасу жай-күйі салауатты тамақтанумен тікелей байланысты. Ересек жаста денсаулықтың ауыр проблемаларын болдырмау үшін бұл туралы бүгіннен ойлану қажет. Зерттеу жүргізу үшін AlmaU университетінің 1 курс 21 студенті тартылған. Жобаның далалық іс-шаралары 2019 жылдың 25 қыркүйегі мен 25 қарашасы аралығында өтті.  Зерттеу барысында AlmaU, ҚазҰУ, АЭЖБУ, ЕЮА, ҚазҰТУ, ҚазХҚӘТУ және ҚАУ, Тұран, АМЖТ колледждерінің студенттері қатысты. Барлығы 1049 респондент сұралды, оның ішінде 652 ЖОО студенті және 397 колледж студенті. Жоғары оқу орындарының сұралған студенттерінің 31%-ға жуығы және колледжердің сұралған студенттерінің 24%-ы денсаулықтарындағы проблемаларды осы тамақтануға байланысты екенін мойындайды. Бұл ретте ЖОО студенттері 69%-да, колледж студенттері 56%-да медициналық көмекке жүгінген. Тамақтануға байланысты ең көп таралған проблемалар улану, гастрит, асқазан жарасы, панкреатит, аллергия, тері бөртпелері және т.б. мәселелері болды. Зерттеу қорытыныдысы: ЖОО студенттері: фас-фуд-35,8% тек фас-фуд-8,1% тәтті снектер-23,3% тәтті газдалған сусындар-22,5% жеміс шырындары-20,3% энергетикалық сусындар-15% Колледж студенттері: фас-фуд-28,7% тек фас-фуд-9,6% тәтті снектер-31,5% тәтті газдалған сусындар-28,7% жеміс шырындары-33% энергетикалық сусындар-22,4% Сауалнама жүргізген студенттердің айтуынша, ЖОО-ның аумағына кіруде және зерттеулерін жалғастыруға көп кедергілерге тап болған. Тіпті, студенттердің де бірқатары белсенді студенттерге қарсылықтарын білдірген. Десек те, зерттеу сәтімен аяқталған. Алдағы уақытта жоба мерзімі ұзарып, зерттеу ауқымы кеңейе түспек.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

(Суреттерді түсірген автор)

 

 

2490 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз