Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 06 Ақпан, 2020

Рухани жаңғыру»: үш жылдың қорытындысы қандай?

 Ақордада Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының үш жылдық жұмысы қорытындыланды. Жиында 2019 жылы бағдарламаны іске асырудың ­нәти­желері мен алда атқарылатын жұмыстың жаңа басым бағыттары да қаралды.  Мемлекеттік хатшы кіріспе сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ­бастамасымен «Рухани жаңғыру» ­бағ­дар­ламасының іске асырылып жат­қанына биыл үш жыл толатынын атап өтті. Үш жылға жуық уақытта елеулі жұмыстар атқарылғанын, нақты ­жобалар жүзеге асқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында жарық көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласындағы ойшылдың еңбектері арқылы таралған рухани бағыттары осы бағдарламамен табиғи сабақтастық тауып отырғанын қоғамдық пікір қолдап отырғанын жеткізді. – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өзінің өлшемдері бойынша нақты жобаларды іске асыруға бағыттал­ған кешенді бағдарлама. Соның нәтижесінде бүгін де бағдарлама ­заманауи қазақстандық мәдениет, озық білім, ғылыми зерттеу, ­археология және басқа да түрлі бағыттардың ­дамуына едәуір серпіліс беруде. Қазіргі таңда 6 бағыт бойынша 13 арнайы жоба іске асырылуда. Жасыратыны жоқ, бірқатар жоба нәтижелі жүргізілсе, кейбірі көздеген межеден шыға алмай отыр. «Туған жер» жобасы аясында меценаттардың арқасында демеушілік қаражат есебінен 2019 жылы 60 млрд теңгеге жуық қаражат тартылды. Оның ішінде 889 нысан жаңадан салынды. 631 нысан күрделі жөндеуден өтті. Атап өту керек, қаржыландырудың ең көп көлемі Маңғыстау, Алматы, Атырау, Қызылорда және Ақмола облыстарының үлесінде. Бұл көрсет­кіштер Қазақстандағы бизнес өкіл­дердің әлеуметтік жауапкершілігін көрсететінін байқатады, – деді Қырымбек Елеуұлы. Мемлекеттік хатшы өз сөзінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы ­бойынша алдағы үш жылдағы іс-шараларды іске асыруға Үкімет ­тарапынан республикалық бюджеттен 90 млрд теңге қарастырылғанына тоқталды. Оның ішінде 2019 жылы 30 млрд теңге бөлініп, 711 жобадан тұратын 53 ауылдық елді мекенде 452 инфрақұрылымдық жоба іске асырылмақ. Қалған жобалар еліміздің руханияты мен тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, білімі мен ғылымын тереңдету, таныту, зерттеу бағыттары бойынша жалғаспақ. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудағы түйткілдерге де тоқталып өткен Қырымбек Көшербаев кейбір өңірлерде бағдарламамен мазмұндық жағынан сәйкес келмейтін шараларды «Рухани жаңғырудың» есебіне енгізіп жіберу фактісі кездесетінін де тілге тиек етті. Бұл – бағдарламаның құнын түсіретінін түсінуіміз керектігін алға тартты. Алқалы жиында Қазақстан Рес­­публикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасының жаңа ­жобаларын таныстырды. – Алдағы жылда мемлекеттік тапсырыс аясында жаңа ­жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Атап айтқанда, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін дәстүрлі ­музыканы ­насихаттау бойынша ­жобалар, кәсіпкерлік сала мен ұлттық өнер түрлері бойынша, әлемдегі жаңа технологиялар тұрғысында, ­сонымен бірге балаларға арналған анимациялық жобалар баршылық. Дәстүрлі музыка мен күйлердің, Абай Құнанбайұлының шығармалары мен қазақстандық автор­лардың 100 жаңа оқулығын алға жылжыту бойынша аудиоподкасттар әзірленеді, – деді Дәурен Абаев. Отырыста сөз алған ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты бірқатар мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, бағдарламаны жүзеге асыру барысында науқаншылдықтың кездесіп қалатыны жасырын емес екенін, өңірлердегі рухани ­шараларды бағдарлама аясында жасай беру де шарт емес екеніне назар аударды. ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасарының айтуынша, ­«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге ­асыруда жастар тәрбиесіне басымдық берілуі тиіс. – Жастарға дұрыс болыңдар дей бергеннен нәтиже шыға ма ­деген сұрақ бар. Төлен ағамыз дұрыс ­айтты: жастарды тәрбиелеу үшін дұрыс құндылықтарды қалыптастыру ­керек. Сол себепті осы бағдарлама ­аясында дұрыс құнды­лықтар мәселесін жиі көтерсек, осыған басымдық ­берсек – Елбасының стратегиялық бағ­дарламасының жүзеге ­асыры­луына үлкен бір үлес ­болады деп қабыл­даймын. Осы тұрғыдан ­келген кезде дұрыс құндылықтарды не қалыптастырады? Ең біріншіден, көркем туындылар, ­телесериалдар, фильмдер, кітаптар мен жақсы ­лекциялар керек. Сондықтан биыл да, келер жылдарда да көркем туындылардың сапасына көбірек көңіл бөлу керек секілді. Мысалы, алда әл-Фараби туралы да, Абай ­жайлы да фильмдер түсіріледі. Осындай туындылардың бәрін пысықтап, керек болса комиссияда талқылап алуымыз керек, – деді Мәулен Әшімбаев. Жиын соңында Мемлекеттік ­хатшы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ­аясында Үкіметке бірқатар тапсырмалар жүктеді. – Біз алдағы жұмыс жоспарымызды өте жинақы, мақсатты әрі нысаналы түрде жүргізуіміз керек. Ол үшін жұмыс жоспарын үш бағытқа жіктеп отырмыз. Бірінші бағыт – тұлғалық даму бағыты. Бұл бағыттың ішіне білімнің салтанат құруы, прагматикалық құндылықтарды сіңіру, бәсекеге қабілеттілік сынды құндылықтарды жинақтап, адами капиталды арттыруға бағыттаймыз. Әсіресе, жастар мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі керек. Екінші бағыт – ұлттық бірегейлікті сақтау. Бұл бағыт ұлттық құндылықтарды сақтау, ұлттық бірегейлікті халықаралық деңгейде көрсету сынды кешенді ­шараларды қамтиды. Үшінші бағыт – мемлекет пен қоғамның дамуы. Бұл бағыт елімізде революциялық даму емес, эволюциялық даму, сананың ашықтығы, «Халық үніне құлақ ­асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жүзеге асады. Бағдарламаны жүзеге асыруда науқаншылдыққа жол бермеуіміз керек, – деді Мемлекеттік хатшы. Қырымбек Көшербаев аталған міндеттерді сапалы орындау үшін комиссия атынан бірқатар нақты ­тапсырма берілетінін жеткізді. Осы орайда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2020 жылға арналған іс-шаралар ­жос­парын бекітуді тапсырды. Д.ЖҰМАЖАН 0  

4325 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз