Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 11 Ақпан, 2020

Елбасы Қордай оқиғасына байланысты Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді

Елордада ҚР Тұңғыш Президентінің төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Жиын барысында Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жағдай, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы тұру мәселелері қаралды. Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Қордай ауданында болған оқиға салдарынан қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты және барлық зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі. «Бұл оқиға мені қатты алаңдатады. Отыз жыл бойы халқымызбен бірге едәуір қиындықтарды өткеріп едік. Жастар бұл қиындықтарды тіпті елестете де алмайды. Ол кезде Қазақстанда 130 кәсіпорын жұмысын тоқтатты, 2,5 миллион адам жұмыссыз және табыссыз қалды, үйлерінде жылу болмады, азық-түлік тапшы болды. Осының бәрін бірге өткердік», - деді Елбасы. Сонымен бірге, Тұңғыш Президент Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де әлеуметтік-экономикалық салада үлкен қиындықтар болғанын еске салды. «Егер біз көпұлтты халқымызды біріктіріп, тұрақтылықты қамтамасыз ете алмасақ, бүгінде елімізге шетелдік инвестициялар келмес еді, экономика тұралап қалар еді. Әрине, мемлекеттік жетекшілерге тиісті тапсырмалар берілді, бірақ бейбітшілік пен келісімді сақтау – ең алдымен халқымыздың жауапкершілігі», - деді Н. Назарбаев. Сонымен бірге, Елбасы оқиғаның себептерін мұқият зерттеп, кінәлілерді заң нормаларына сәйкес жазалауды тапсырды. «Бұл мәселе аға буын өкілдерін ойландыруы тиіс. Менің Ұлт көшбасшысы ретіндегі мақсатым – Қазақстанды болашақ ұрпақ мақтан ететіндей деңгейге көтеру. Аға буынның міндеті – адамдарға тәуелсіз, дамыған және тұрақты мемлекет құрудың біздің ортақ мақсатымыз екенін түсіндіру», - деді Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы. Елбасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет пен облыс әкімдігінің зардап шеккен елді мекендерде қалпына келтіру шараларын жүргізіп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның өңірлік филиалдарының жұмыс сапасына ерекше мән берілді. «Ассамблея мен оның өңірлік өкілдіктері белсенді жұмыс істеп, мұндай жағдайларды бақылауда ұстауы керек. Бұл – біздің ортақ міндетіміз», - деді Тұңғыш Президент. Отырыс барысында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың толыққанды баяндамасы тыңдалды. Қордай оқиғасын талқылау аясында орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға еліміздің өңірлеріндегі, оның ішінде жұмыспен қамту және инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандарды қайта құру саласындағы әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге бағытталған бағдарламаларды одан әрі іске асыру тапсырылды. inform.kz 

887 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз