- Басты ақпарат
- 11 Ақпан, 2020
Бақытбек Смағұл, Мәжіліс депутаты: Қазақ бағынған заң дұңғанға да, басқасына да ортақ
Қордайдағы қақтығысқа байланысты құрылған комиссияның мүшесі, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл мәлімдеме жасады.
Дұңғандардың балаларының бірде біреуі Қазақстанның Қарулы күштеріне бармайды, әскери борышын өтемейді
Есебім болсын, айта отырайын. Үкіметтік комиссия құрамында жүріп, жете зерттеп, жұртшылықпен әңгімелесе келе, бір жарым ғасырдан артық қордаланған біраз мәселе қатпары ашылды. Жеке-жеке тоқтала кетейін.
- Екі жақтан ақсақалдарды шақырып, кеңес құрдық. Бес ауылдың бәрінен өкілдерін жинадық. Дұңған жағынан қариялар басын иіп тұрып, жастардың бұзақылығы, үлкендердің тәрбиеде жіберген олқылығы үшін қазақтардан кешірім сұрады. Тараптар қол алысып, мәмілеге келді. Дұңған қариялары қазақтарды мешіт жанында мұсылман болып бас қосып, мал сойып сыйлап, татуласуға шақырды.
- Жолдар жағдайы нашар. Басты жол Масаншы ауылының орталық көшесі арқылы өтеді. Жергілікті тұрғындар оған жақын үй салып тастаған, аула көріп, жолға кесе-көлденең машиналарын қойып қояды да, қазақтардың өтуіне кедергі келтіреді. Кикілжіңнің тууының бір себебі де жолға қатысты қақтығыстар.
- Дұңғандардың балаларының бірде біреуі Қазақстанның Қарулы күштеріне бармайды, әскери борышын өтемейді. Наным-сенімі солай. Осыған орай құқық қорғау органдарына нақты талап қойдық: егер сол жігіттері ерігіп, есіріп, өзгеге қол көтерсе, басынса, құқық пен тәртіпке қарсы әрекет қылса, қатаң жазалау керек. Қолы артына қайырылып, кісен салынып, түрмеге тоғытылсын. Елге қорған болмай, қорлаушы болса, торда отырсын.
- Біз жиын өткізгенде қазақ жастары жасы үлкендерді үнсіз тыңдады. Сөзді арсыздықпен бөлмеді. Дұңған жастары арасында қазақша сөйлейтін белсенділері болды. Бірақ оларға инабаттылықты үйренген жөн секілді. Дұңған ауылдарына да шектен шыққанды қалыпқа қайтаратын, тентекті тойтаратын ақсақалдар кеңесі секілді беделді, құрметті адамдар алқасы керек екенін айттық. Ол кеңес құрылатын болды. Қазақстан халқының бір бөлігі болғысы келсе, тәртіпке көнуі міндет!
- Дұңғандарда тәрбиенің басым бөлігі мешітте беріледі. Ал оның басты уағызшысын Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы сайламайды.
- Әділін айтайық, дұңғандар жер емген, өте шаруақор, еңбексүгіш халық. Ауылдарын өздері абаттандырып, көгалдандырып қояды. Арақ сатылмайды, оны ішпейді. Ал жиынға сылқия тойып келген бір-екі қазағымыз болды. Оларды: «Ұлтымызды масқараламай, үйіңде отыр!» деп үйіне жібердім.
- Көрші Қытайда әртүрлі ұлыстарды қоғамға кіріктірудің түрлі тәжірибесі мен тәсілі бар. Мысалы, егер сен қазақ болсаң, қалайсың ба, қаламайсың ба, ешкім сұрамайды, міндетті түрде қытайдан досың, жолдасың болуға тиіс. Дүркін-дүркін, жетісіне бір рет қонаққа шақырып, үйіңде қондырасың және оған қонаққа барасың. Осыған мәжбүрлейтін бұйрық бар. Халықтарды араластыру осылай жүзеге асырылады. Біз олай мәжбүрлеп отырған жоқпыз. Екі ортада көпір тұр, сонымен араласып, оны «достық көпіріне» айналдыруға болады. Қазақ қариялары да бұл жағы кемшін болғанын мойындап, қарым-қатынасты жолға қоюға келісті.
- Дұңғандар әз-Наурыз секілді ұлттық мерекелерімізді тойламайды. Олар үшін бұл жат. Әкімдіктің ішкі саясат бөлімі «ұрпағы көз үйретсін» деп Ұлыстың ұлы күнін атап өтуді талап етеді, мәжбүрлейді. Бірақ бұлар ондай мерекеге шақырғанға келмейді. Тек Ораза мен Құрбан айтты ғана мейрам санайды.
- Мектеп директорымен тілдестім. «Ауқатты» ауылдық округінің білім ордасында 1,5 мың оқушы оқиды. Соның 1300-і – дұңған, ал 200-і – қазақ балалары. Көпшілік азшылыққа әлімжеттік жасайды дейді. Мұғалімнің тілін алмайды екен. Дұңғандар ертелі-кеш үлкенінен кішісіне дейін жермен жұмыс жасайды, егін салады. Мұғалім балаларын мектепке келтірмек болса, «Сабақ бергің келсе, егіндікке кел!» деп айтады екен. Тіпті науқан кезінде егістікке барып сабақ беріп жүргендері де бар көрінеді. Бұл әрине, өрескел дүние. Мұның дұрыс емес екені жөнінде ескерту жасадық.
- Сортөбе ауылдық округіндегі 24 мың халықтың басым көпшілігі, яғни 23 мыңы – дұңған. Біразының үйінде қару-жарақ бар деген мәлімет айтылды. Неге қазақтардан тәркіленген қару олардан тәркіленбейді? Олар қаруды заңды алған ба, әлде заңсыз жолмен иеленген бе? Міне, осы салада да жұмыстар қолға алынуы керек.
2632 рет
көрсетілді0
пікір