Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 19 Ақпан, 2020

Әкім Бахтияр Өнербаев Текелі қаласын дамытудың 10 бағытын ұсынды

Әлеуметтік желіде белсенді, қаладағы істелініп жатқан жұмыстарды үнемі жұртшылықпен бөлісіп отыратын Текелі шаһарының әкімі Бахтияр Алтайұлы Өнербаев жақында жұртшылықпен кездесуде қаланы дамытудың 10 бағытын ұсынды. Сонымен...
  1. ТЕКЕЛІ - ҚАУІПСІЗ ҚАЛА!
Қала ішінде ауыр қылмыс, зорлық-зомбылықты, отбасылық қылмыстарды, ұрыс-жанжал, жастардың қылмысын, жасөспірімдерге деген зомбылықты, қылмыстың барлық түрін болдырмау. Осы бағытта мекемелерде, әр отбасында, университетте, колледжде, мектептерде және балабақшаларда жоғарғы мәдениетті дәріптеу, ата-баба салт-дәстүрін насихаттау. Құқық қорғау органдары тарапынан құқықтық сауаттылықты арттыру. Ішкі істер органы арқылы тынбай профилактикалық жұмыстар жүргізу. Қоғамдық, қариялар, әжелер кеңесі арқылы тәрбиелік мәні бар кездесулер мен семинарларды жиі өткізу. Қаладағы халық көп жиналатын қоғамдық жерлердің барлығына және меншігіне қарамастан барлық мекемелер өз аумақтарында бейнекамералар орнатуы қажет. Қаламыздың № 5 орта мектебіндегі 19 камера және «Даңқ» монументіндегі 1 камера осы жұмыстардың бастамасы.  2018 жылы ішкі істер органы арқылы орнатылған камералар сын көтермейді, сапасы өте төмен. Енді 2019 жылы орнатылуы қажет болған 50 камераның сапалы болуын қамтамасыз ету. Қалаға орнатылатын 2040 камераның дайын жобасын мемлекеттік және жекеменшік әріптестік жоба шеңберінде іске асыруға жұмыс істеуіміз қажет.  
  1. ТЕКЕЛІ - ТАНЫМАЛ ҚАЛА!!!
Қаланың даңқы атақты адамдарымен шығады. Олар–республикаға және қалаға еңбегі сіңген адамдар, әйгілі спортшылар, ақын-жазушылар және өнер майталмандары.  Шаһар сонымен қатар, Текелі қаланың қақ ортасындағы, әлемдегі ең ұзын Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың атындағы көше, Орталық Азиядағы ең биік Бұрқанбұлақ сарқырамасы, 2,5 мың жыл тарихы бар Будда тасы, Қызқұлаған шатқалы, Ақтөбе жайлауы, түнде күміс, күндіз алтын болып таудан аққан Қора, Шажа және Текелі өзендерімен танымал. Жер жәннаты - Жетісудың бір өзені Қаратал да осы Текеліден бастау алады. Екіәнші дүниежүлік соғыс кезінде 10 оқтың 9-ы Текелінің қорғасынынан құйылған. Қала Текелі-жүрек немесе Көктөбе, Ай-лав Текелі тағы сол сияқты әдемі, сұлу жерлерімен әйгілі. Біздің қаламыз – кеңес заманында жабық, тәуелсіз Қазақстанда ашық қала! Текелі – жер жаннаты Жетісудың жауһары. Сондықтан қалада жеті нысан қайта жаңғыртылып, оларды өзара жаяу, веложүргіншілердің 7 шақырымнан тұратын жолымен қосу жоспарымызда бар. Олар: 1. Даңқ монументі; 2. Қалалық саябақ; 3. Қалалық бассейн; 4. Ашық аспан астындағы неке сарайы; 5. Текелі -Көктөбе; 6. Қора өзенінің жағалауы; 7. Махаббат көпірі. Осы 7 шақырымды жол мен махаббат көпірін салуға құжат дайындап, оны қаржы көзі арқылы жүзеге асыру. Жоба іске асқан жағдайда Текеліде тағы да бір қала тұрғындары мен қонақтарының демалып, қыдыратын жері пайда болар еді!  
  1. ТЕКЕЛІ - ИНВЕСТИЦИЯҒА ҚОЛАЙЛЫ ҚАЛА!!!
Текеліде, тау-кен, қазба байлықтары мол қала: қорғасын-мырыш комбинатының қалдықтарының құрамы қара металл мен сирек кездесетін химиялық элементтер, өнеркәсіптік аймақ, резервтегі бос жерлер, резервтегі шахта, тау шатқалындағы 200 гектар алма бағы бар. Сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейтін, адалдық алаңдары белсенді жұмыс атқаратын ашық қала. Текелі–адал қала! Инвестиция тартуға қолайлы жерлер мен өнеркәсіптік алаңдарды барлық сайттарға салып, ашық түрде жариялау. Кең-тау өндірісіндегі табиғи байлықтар жөнінде толық ақпарат беру.  
  1. ТЕКЕЛІ–ТУРИСТІК ҚАЛА!!!
Текелі Алматыдан 300, Талдықорғаннан 33 шақырым жерде, Жоңғар Алатауының етегіндегі, Қора, Шажа және Текелі өзендері шатқалдарында орналасқан, тұмса табиғатына көз тоймайтын туристерге тартымды қала. Қысы жылы, жазы қоңыр салқын, өзен-көлдер, қысы-жазы шомылатын хауыздар. Өзендердің жағасында таза табиғатта демалу орындары. Шаңғы базасы бар Текесу тау шатқалы. Тау қыраттарының мүмкіншілігі бар жерлердің барлығында шаңғы базалар, эко-ауылдарды салуға жол беру. Жылдан жылға артып келе жатқан туристік инфроқұрылымдар. Өзен жағасындағы қалалық бассейінді халықаралық стандартқа сай қайта жаңғырту. Экотуризмді дамытуға да мол мүмкіндік бар. Атқа мініп, көркем тау қыраттарын аралау. Таудағы кездесетін қызыл кітапқа енген жыртқыш және сирек кездесетін аңдар. Жабайы тау жеміс-жидектері. «Қазақстан–алманың Отаны»  демекші, алманың неше бір түрлері, тәтті шекердей алмұрты бар. Әрине ешбір жерде кездестірмейтін Текелі балы да туристерді өзіне кеңінен тартады.  
  1. ТЕКЕЛІ–ТАЗА ӘРІ ЖАСЫЛ ҚАЛА!
Таза ауа жұтып, мөлдір бұлақтың суын ішіп жүріп, неге өзіміз тұрып жатқан қаламызды таза ұстамаймыз?! Алақандағыдай кішкентай ғана моно қаламызды жалтыратып, жайнатып таза ұстауға болады. Кеңестер Одағы кезінде тап-таза қала болатын, енді одан да таза қала етуге толық мүмкіншілік бар. Оның бәрі өзіміздің қолымызда, әрқайсымыз өз үлесімізді қосып, үйімізді, ауламызды, көшемізді, алаңдар мен саябақтарымызды аялап, кез келген жерге қоқыс тастамайық, қоқысты бөлшектеп жинайық. Қала тұрғындарының жас сәбилерден бастап, қарияларға дейін мәдениетімізді көтерейік. Әсіресе, көлік жүргізушілер, таксистерді қаланы жақсы көруге, мәдениетті болуға шақырамын! Коммуналдық қызметтегі мекемелер өз жұмыстарын жоғары деңгейде атқаруын қамтамасыз етуі керек. Текелі қаласындағы комбинат қалдығын рекультивациялау, қоқыс полигонын жою. Қала тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары. Таза қалалардың қатарында болу үшін табиғи газды жеткізу – біздің әкімшіліктің басты міндеті. Күнделікті инвесторлармен газ тарту жұмысымен айналысу. Жайқалған қарағай, қарағаш, қайың, теректер және неше түрлі алма ағаштары бар жасыл қаланың құнарлы топырағына таяқ тыға салсаң да бәйтерек болып өсіп шыға келетін ғажайып климаты бар. Жер жаннаты–Жетісудың жауһары– бұл Текелі! Ескірген 60-70 жыл болған ағаштарды жаңа, жас шыбықтарға ауыстыру. Текемет-кілем сияқтыгүлзарлар салу, гүлдер отырғызу. Жылдағы бюджеттен көгалдандыруға бөлінетін 70 млн теңгені тиімді пайдалану. Халықты жаппай ағаш отырғызуға тарту. Бір тұрғын – бір ағаш. Текеліде 33400 тұрғын бар.  
  1. ТЕКЕЛІ – ҚАЙЫРЫМДЫ ҚАЛА!
Мұқтаж адамдарға, солардың ішінде көп балалы отбасылар, жалғыз басты аналар, мүгедектер, жетім-жесірлерге көмектесу. Осы бағытта барлық мекеме басшыларын, кәсіпкерлерді қайырымдылық шараларын жиі өткізуге шақырамын. Осындай үрдіспен өткен 2019 жылы бес көпбалалы отбасыларға үй алып берілді. Қайырымды қалада осындай шаралар жалғасын табады деп сенемін! Қиындыққа душар болған кез келген қала тұрғынына бүкіл қала болып, яғни 33399 қала тұрғынын жұмылдырып, көмек, қол ұшын беру үшін «Қайырымды қала» жалпыға ортақ чатын құру. Сол чат арқылы мұқтаж адамдардың қиын жағдайын біліп, тұрмыс-тіршілігін қадағалап отырып, көмектесу.  
  1. ТЕКЕЛІ–СПОРТТЫҚ ҚАЛА!!!
Олимпиадалық жарыстарға қатысатын ауыр атлеттер біздегі олимпиадалық резервтегі спорт мектебінде жаттығады. Алдағы уақытта қалалық саябақта сауықтыру спорттық кешенін салуды жоспарлап жатырмыз. Қаладағы 8 мектепте спорттық алаңдарды қайта жаңғыртамыз, аулалардағы 6 спорттық алаңды, орталық стадионды жөндеуден өткіземіз. Футбол, волейбол, баскетболды, ауыр атлетика және жеңіл атлетиканы, велоспорты дамытуға аударылады! Қала тұрғындарының жай ғана серуендеп жүргені де спорт, не болмаса скандинавша жүру, өзен жағалауы, тау шатқалдарында серуендеу және алаңға таңертең жаппай гимнастикаға шығу жүзеге асады. Алматы облысында Текеліде ғана арнайы балалар спорт мектебі ашылмаған. Сол үшін жеке меншіктен сатып алынған Қора 28-дегі ғимаратты тезірек жөндеп, қосымша ғимарат сатып алып, балаларға спорт мектебін ашып беру міндеті тұр.  
  1. ТЕКЕЛІ–ЖАСТАР ҚАЛАСЫ!!!
Қалада жастардың саны 7000-нан асты, егерде Орталық Азия университеті іске қосылса, жастар 10000-нан асады, бұл қала тұрғындарының 30 пайызы. Тұрғын үйлер салып және бизнес ашуға әр салаға жастарды тартып, олардың санын 50%-ға жеткізу. Тағы сол үшін Жастар және балалар  сарайын салу. Қалалық мәдениет үйін қайта жаңғыртып, жөндеуден өткізу. Жеке инвесторларды тартып, қалаға  кинотеатр салу. Жеке кәсіпкерлер арқылы интернет-кафелермен ойын-сауық кешендерін салу. Спорттық  инфроқұрлымдарды көбейту, аулаларда варкаут алаңдарын, балалар алаңдарын салып беру және ең негізгісі – жұмыс орындарын ашу.  
  1. ТЕКЕЛІ-АБАЙДЫ ТАНЫҒАН ҚАЛА!
Биыл Абайдың 175 жылдығын пайдаланып, қала тұрғындары жаппай Абайдың жырын жаттап, ой елегінен өткізіп, ұлы ақынымыздың асыл мұрасымен  өмір сүрсе, адаспайды дегім келеді. Сондықтан, балабақша балаларына, оқушы, студент және жұмысшы жастарына Абай өлеңдерін жаттатқызып, сіңіру керек. Абай оқуларын барлық мекемелерде өткізу. Челлендждер мен ән кештерін жиі ұйымдастыру.  
  1. ТЕКЕЛІ – АРАҚ-ШАРАПСЫЗ ҚАЛА!!!
Тұрғындарымызды арақ-шарап, ішімдіктен бас тартып, салауатты өмір салтымен өмір сүруге үгіттеу. Осыған, әсіресе, биыл еріктілер жылын пайдаланып, барлық жастарды тарту. Оған кезең-кезеңімен өту. Кейбір дүкен, мейрамханалар  бірден арақ сатпауға көшсе, ал кейбіреулері арақ-шарап сататын 12.00-21.00 уақытты бірте-бірте ай сайын бір сағаттан қысқартып отырса, жыл соңында арақ-шарап сатпайтын жағдайға келеді. Қазіргі статистика бойынша 23 мейрамхана, кафелер мен 108 дүкеннің, 8 мейрамхана-кафе мен 75 дүкеннің ғана арақ-шарап сатуға лицензиялары бар. Осыны біртіндеп қысқарту қажет, сонда ғана қаламызда ішімдік сататындар азаяды және алдағы тоғыз міндетті орындауға осы оныншы міндет өз әсерін тигізетін болады. Осы бағытта жұмыс істей отырып, сүйікті қаламыздың дәрежесін биіктетіп, ең сұлу, ең таза, ең қайырымды, ең қауіпсіз, дамыған шаһардың қатарына енеміз!                      

1361 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз