Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 10 Сәуір, 2020

Жұма күнгі тілек

Тірі жанды жамандыққа қимаған, Жомарт Аллам, тағы жұма сыйлаған. Тәубеге кеп, сізден кешірім сұраймын, Күллі әлемді жаратушы, Ар-Рахман! Әл-Хәким - төреші сіз бұл жалғанда, Демейтін де өзіңіз құлағанда. Әл-Уаһһаб – қорғансыз сіз бар адамға, Құр қайтармай, сый берген сұрағанда. Сағындым, Әл-Уасиғ қамсыз күнді, Өзіңізге аян ғой хал бүгінгі. Ар-Рошид, тура жолға бастаңызшы, Қол жайып, дұға еткен бар құлыңды. Пендеңізге, Ар-Роууф, қамқор - сізсіз, Әрекет ете алмаймыз біздер сізсіз. Әміріңіз болмаса, Әл-Муhәймин, "Жапырақ та түспейді жерге" сөзсіз. Мұқтажбыз біз, Ас-Сомад, өзіңізге, Тартуыңыз болсыншы төзім бізге. Әл-Мәлик, кешіріңіз, кешіріңіз, Шүкіршілік аз болса тіпті бізде. Қасиетті, Әл-Қуддус, сізсіз-сыншы. Сырқатқа сан тосқауыл қойылсыншы. Жалғанның қонақтары жапа шекпей, Әл-Қобид, кесел-індет жойылсыншы. Әр – Рахим, сіз деп соғар демім ішкі, Жүрекке күш пен қуат егіңізші. Шипаға зәрулерді емдеп, жазып, Ал-Мужиб, денге саулық беріңізші. Ат-Тауәб, кешіріңіз, ағат бассам, Шыдамай сан сынақта тулап, қашсам. Әш-Шәкур, мың шүкірлік, қолда барға, Ғафу еткін, кездерді асып -тасқан. Аманат бізге берген таң да әрбір, Әл-Мухи, өмір сүру - бақыт, ол бір. Әл-Қадир, қиянатқа жол бермейтін, Өтінем, бұйырсыншы мұңсыз тағдыр. Әрқашан да, Әл-Бағис, қолдаңызшы, Ем қажет жанға шипа жолдаңызшы. Жәрдем сұрап, сенделген бар әлемді, Әл-Хафиз, жамандықтан қорғаңызшы. Әл-Муғизз, қиналғанды демеңізші, Айықтырып кеселден емдеңізші. Әл-Бәрр, сан сынаққа төзердейін, Құдіретіңмен панаға ап жебеңізші. Әл-Бақи - бұл фәнидің әміршісі, Адамзат көрмесінші ешбір тепкі. Ән-Нафиғ, ем шарасы дәрігердің, Сауықтырып, жазсыншы әрбір дертті. Әл-Мәниғ, қайғыны алып тастасаңыз, Әл-Фәттах, қайырлы іске бастасаңыз. Бейбіт күннің ер жүрек батырлары, Ақ халатты жандарды сақтасаңыз. Иманның нұрын, Ән-Нур, себіңізші, Жұртымның жоғалмасын сенімі ішкі. Сын сәттерде, Ас-Собур, бір өзіңіз, Таусылмайтын мол төзім беріңізші. Әл-Ғаффар, арпалыста сезім ішкі, Күмәннің қара бұлтын сөгіңізші. Әл-Ғафур, астамшылық жасасақ көп, Мүмкіндік түзелуге беріңізші. Әл-Уакил, жетім, жесір жыламасын, Әл-Мумин, үміт туы құламасын. Зағип пен кемтар жандар сын сағатта, Дерті үдеп, азап шегіп қиналмасын. Әл-Ғоний, мұқтаждарды қолдағайсыз, Індеттің шырмауынан қорғағайсыз. Әл-Қоуий, жас-кәріге қуат беріп, Ажал құшып кетуден сақтағайсыз. Әл-Адл, әділдікке бастағайсыз, Елімді басшысымен сақтағайсыз. Әл-Хәкәм, араздарға татулық пен Тас жүрекке жылулық сыйлағайсыз. Әл-Мухий, қайырлы еткін әрбір істі, Жандансын кәсіпорын, жұмыс күші. Әл-Мубди, кертартпалық көрсетпей еш, Болайық жақсылықтың ұйытқысы. Әл-Уадуд, ана, бала мұңаймасын, Қолда бар бағын әсте, аяласын. Әл-Уарис, жүкті аналар бала сүйіп, Сәбиге шарапатын аямасын. Әл-Муқсит, ез бен есер болмасыншы, Ұлты мен тілін, дінін қорғасыншы. Әл-Хобир, бәрі сізге аян, әсте, Өрт, сел, су апаттары болмасыншы. Әл-Кәрим, құт-береке ұзамасын, Әл-Али, елдің рухы құламасын. Әл-Муқит, жоқшылықта азып-тозып, Еш қазақтың баласы жыламасын. Әл-Алим, оқушы, ұстаз қауышсыншы, Мектебінде бәрі аман табыссыншы. Әл-А`зим, ұстаз біткен мәз-мейрам боп, Ал шәкірт білім қуып, жарыссыншы. Әш-Шахид, бәз баяғы заман болсын, Індеттің ізі қалмай, тәмам болсын, Әл-Мәжид, ақыл айтып, бағыт берер, Қазыналы қарттарым аман болсын. Әл-Мәтин, тұмар етіп қанағатты, Ойлайық дәл бүгіннен болашақты. Әл-Һәди, ғидаят пен таупих беріп, Тәукелшіл еткейсіз жас ұрпақты. Әл-Халим, ана, бала жыламасын, Сенімнің асқар тауы құламасын. Әс-Сәләм, сақтағайсыз елімді аман, Соғыс, індет ұйқысын ұрламасын. Ар-Роззақ, зекет берер жан көбейсін, Дегізбейтін жалғызды жат, өгейсің. Мәликул-мулк, кең-байтақ Жер-Ананы, Тыныштық бесігінде тербеткейсің. Әл-Хамид, көркем мінез иесі еткін, Тілегін қабыл етіп дүйім, көптің. Әл-Жәлил, тура жолдан адастырмай, Жүрекке иман құйып, мейірім төккін. Әл-Қоююм, адам етіп жарату да, Құдіретіңізбен кеш батып, таң ату да. Әл-Басит, бақытты да, өмірді де, Беретін де өзіңіз, алатын да. Әл-Хасиб, болсадағы іс көп сонша, Қайтамыз өзіңізге үкім болса. Әл-Муғид, лайықты күн кешейік, Ғұмыр бере тұрыңыз, мүмкін болса. Әл-Мухси, әрбір күннен сабақ алып, Минуттың да қадірін ұқтық анық. Әл-Муаххир, қиындық артта қалып, Жақсы хабар естісін күллі халық. Әл-Муқтадир, жасайық амал ізгі. Жан еткейсіз иманды, айтары ізгі Зул-жәләли уал-икрам, бұл фәниде, Сүйген құлың еткейсіз баршамызды! Авторы: Сафура Сәлімбайқызы

2290 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз