Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 25 Сәуір, 2020

25 СӘУІР - ҚАЗАҚ ФУТБОЛЫНЫҢ ТУҒАН КҮНІ!

Бүгін – қазақ футболының «туған күні». 2003 жылы ҚФФ Атқару комитеті қазақ футболының 90 жылдық мерейтойын атап өту үшін 25 сәуірді аяқдобымыздың туған күні етіп бекіткен. 2002 жылғы 25 сәуірде Қазақстан ресми түрде УЕФА құрамына қабылданған болатын. Содан бері қазақ жерінде 25 сәуір «футболымыздың туған күні» болып есептеледі. Негізі, қазақ жерінде футбол өнерінің ресми түрде бастау алған нақты уақыты 1913 жыл болып саналады.   Міне, УЕФА құрамына кіргелі де 18 жыл болды. Еуропаға «футболымыз қарыштап тез дамиды» деп ойысқанбыз. Өкінішке қарай, ұлттық құрамамыздың, тіпті басқа да құрама командаларымыздың ерен жетістіктері мен жарқын жеңістері аса көп емес. Есесіне, клубтарымыз Еуропа кубоктарында алғашқы тарихи жетістіктеріне қол жеткізе бастады. «Астана» тіпті Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетті. Ең бастысы, УЕФА-ға кіргеніміздің арқасында қазақ топырағына небір футбол саңлақтары келді. Англия және Германия құрамасы ХХІ ғасырдағы жарық жұлдыздарының барлығымен дерлік келді. Криштиану Роналду бастаған Португалия құрамасы да болды. Голландия дүлдүлдерін де көрдік. Шевченко, Ибрагимович, Чех, Левандовски, Компани, Арда Туран, Ракитич, О'Ши және басқа да әйгілі футболшылар да өз елдерінің ұлттық құрамасы сапында Алатау бөктері мен Сарыарқа төсінде доп тепті. Тәжірибесі мол «Олимпиакос», «Селтик», «Црвена звезда» клубтарын есепке алмағанның өзінде «Атлетико», «Бенфика, «Галатасарай», «Вильярреал», «Бордо» және т.б. бүгінгі таңдағы азулы командалар қазақ жанкүйерлерінің көз алдарында өз өнерлерін паш етті.   18 жылда жанкүйерлерді қуанышқа бөлеген жеңістер де болды, өзекті өртеген жеңілістер де болды. Алда әлі тарихи жеңіс те, жетістік те болады деп сенеміз. Сонымен, футбол күні құтты болсын! Футбол десе түн ұйқысын төрт бөлетін жанкүйер қауымын да, отандық мамандарды да, жасыл алаңда доп қуған ойыншыларымызды да шын жүректен құттықтаймыз. Жеңістеріңіз көбейіп, табыстарыңыз арта берсін!  

1719 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз