Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 27 Сәуір, 2020

Жасұлан Бостандықұлы: Жастарға толық ақпарат беру-басты міндетіміз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жастар жылының» жабылу салтанатында еліміздегі біраз жастың мемлекеттік бағдарламалардан хабарсыз екенін, олардың қоғамдық жұмысқа араласпайтынын айтқан еді. Биыл осы мәселені шешу мақсатында «Мемлекеттік жастар саясатын ақпараттық қолдау» жобасы жүзеге аспақ. Жобаның жастарға қандай пайдасы бар? Мемлекеттен берілетін мүмкіндіктерді жастар неге білмей жүр? Бұл туралы «Алматы студенттер Альянсы» корпоратив қорының атқарушы директоры Қуандық Жасұлан Бостандықұлы айтып берді. - Жастардың қоғамдық өмірге араласқанын, баспана, жұмыс, білім алу мәселесіне келгенде мемлекеттік бағдарламаға жүгінгенін, ең кемі қандай бағдарлама бар екенін біліп жүргенін қалайсыздар. Ендеше, біздің жастар мемлекеттік бағдарламалар туралы қайдан білетініне зерттеу жасадыңыздар ма? - Жастарды ақпараттандыру жұмысымен мемлекет кең көлемде айналысуда. Бірақ ақпараттардың жастарға толыққанды жетіспеуі, жұмыстың діттеген мақсатты топтарды қамти алмауы да көрініс беріп отыр. Биыл Мемлекеттік жастар саясатын ақпараттық қолдау жобасын жүзеге асыруды «Алматы студенттер Альянсы» ұйымы алды. Яғни, жастарды өз қатарластары ақпараттандыру жұмыстарын жүргізеді. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранттық жобасының негізінде биыл осы жұмысты «Алматы студенттер Альянсы» атқарады. Әлбетте, жоба басталмай тұрып сауалнама жүргіздік. Қазір де оған мыңға жуық респондент қатысып жатыр. Біздің мақсатымыз – сауалнамаға кемінде екі мың адамды қамту. Қатысушылар «Жастар ақпаратты қайдан алады?», «Қандай ақпарат көзіне сенеді?» және тағы басқа 10 шақты сұраққа жауап береді. Осы зерттеуге талдау жасап, соның негізінде жоспар құрамыз. - Жастардың арнайы бағдарламамен таныспауы, ұмтылмауы, мемлекет ұсынатын жеңілдіктерді пайдаланбауы неден деп ойлайсыз? - Оқығысы да, жұмыс істегісі де келмейтін жастарды NEEТ санатына жатқызамыз. Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жастар жылының» жабылуында статистикалық деректерді айтты. Оның ішінде елімізде оқығысы да келмейтін, жұмыс та істемейтін NEET санатындағы жастар көбейіп жатқанын мәлімдеді. Әлеуметтанушылардың дерегінше, зерттеуге қатысқан жастардың 20­%-і мектеп бітіргеннен кейін үйінде отыруға мәжбүр. Сонымен қатар әр төрт жастың үшеуі мемлекеттік бағдарламалардан хабарсыз және қоғамдық жұмысқа араласпайды. Өңірлерден жастар орталықтарының барын білетін жастар өте аз, олардың 5%-і ғана мұндай орталыққа жүгінген. Жастар ұйымдары ең әуелі NEET санатындағы жастармен жұмыс істеуі керек. Оларға дұрыс ақпараттың жетпеуінен кейбірі жалған ақпаратқа, басқа мақсатты көздейтін ұйымдарға алданып жатады. Оның үстіне NEEТ санатына жататын жастар жылдан жылға өсіп келеді. Осы айтылғандардың негізінде биыл жастарды ақпараттандыру жобасы жүзеге аспақ. Негізінде мемлекеттен жастарға берілетін мүмкіндік көп. Тек жастармен сөйлесіп, байқағаным – олар мемлекеттік бағдарламаларға сенбейді, бюрократияға балайды. Сонымен қатар мұндай ақпараттар жастарға түсініксіз, көбіне билік өкілдерінің, үкіметтің тілімен жеткізіледі. Сондықтан біз кез келген жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды өте қарапайым, түсінікті тілде жеткізуді көздеп отырмыз. Осы бағытта ақпаратты қандай жолмен, тәсілмен жеткізетінімізді ойластырып жатырмыз. Жастардың көбі әлеуметтік желіде отыратындықтан блогерлермен жұмыс істеуді қолға аламыз. Себебі жастар, жалпы халық желідегі блогерлерге көбірек сенеді, олардың жазғанын оқиды. Тек бір нәрсені ескеру керек: жастардың талғамы әртүрлі, соған қарай оқитын блогерлері де әр саладан. Жастардың өз субмәдениеті қалыптасқан, біз де соған қарай жұмыс істегіміз келеді. Тағы бір байқағанымыз, қазіргі жастар белгілі бір нәрсені өзі іздеуге, өзі тауып, оқуға ерінеді. Сондықтан оларға барынша жеңіл форматта жеткізуге, түсіндіруге тырысамыз.  - Жалпы жастарға арналған бағдарламалар бір жерге топтастырылған ба, яғни мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарат шашыраңқы түрде тарап жатқан жоқ па? - Біз жастарға арнап нақты бағдарлама жасамаймыз, тек дұрыс ақпаратты жеткізу амалын қарастырамыз. Осы мақсатта мемлекеттік бағдарламаларды, жалпы барлық жастарға арналған мүмкіндіктерді, жеке семинарларды да арнайы бір сайтқа жинамақпыз. Ол сайт қазір жасалып жатыр, сәуірдің аяғында іске қосылады. Онда жастарды жұмыспен қамтудан бастап, қандай оқу бағдарламалары бар, жалпы еліміздің Жастар саясаты қандай құрылымдардан тұрады – соның бәрі осы сайтта түсіндіріледі. Міндетті түрде биыл «Волонтер жылына» орай тағы бір бөлім қосылады. Студенттердің, енді бастап жатқан жас мамандардың өзін дамытуына пайдалы бөлімді де енгіземіз. Сонымен қатар кәсіпте, мамандықта, жеке дамуда жетістікке жеткен жастар туралы да айтамыз. Кез келген азамат сайтқа кіріп, өзіне керек бағдарламамен таныса алады. NEET санатындағы жастарға көмектесу үшін бірінші олардың өмірге құлшынысын оятуымыз керек. Осы ретте олардың санасына әсер ететін, құлшынысын тудыратын «вирустық» видео түсіріп, оны әлеуметтік желіде тарату ойымызда бар. 2019 жылдың екінші тоқсанындағы Статистика комитетінің деректері бойынша NEET жастарының деңгейі жастардың жалпы санының 7,2% құрайды. Аймақтар бойынша бөлу 4.9 суретте көрсетілген, өйткені ең төменгі деңгей Батыс Қазақстан (3%), Қарағанды облыстарында (12,7%) тіркелген.  - Сіздің ойыңызша, NEET санатына жататын жастардың көбеюіне не себеп?   - Жастардың білімге ұмтылмауының, жұмыссыз жүруінің себебін бір жақты қарауға болмайды. Оған түрлі фактор әсер етуі мүмкін. Негізгі мәселе ретінде біздегі жалақының төмендігін айтар едім. Аз жалақы төлейтін жұмысты істегісі келмегеннен білімді, білікті мамандар өзін жұмыспен қамтып, кәсіппен айналысып кетеді. Олардың мемлекеттік мекемелерге жұмысқа орналасқысы келмейді. Екінші мәселе – қаржы және заң жағынан сауаттың төмендігі, сонымен қатар жастардың мемлекет ұсынатын мүмкіндіктерден бейхабар болуы, қызықпауы. Бұған дәлел ретінде кешегі 42500 теңгенің жастар арасында үлкен талқыға түскенін айтуға болады. Соның арқасында қаншама жастың жұмыссыз жүргені немесе амалсыз өзін жұмыспен қамтып жүргені  белгілі болды. «NEET санатындағы жастар – мыналар» деп көрсететін нақты статистика жоқ. Себебі оның ішінде мемлекеттен ештеңе алмай, бірақ бір кісідей өзін асырап, қажетін өтеп жүрген азаматтар бар. Жастардың жұмысқа, нақты салаға, дамуға қызығуы білімге қызығудан басталады. Сондықтан бұл жерде білім беру саласының да әсері бар. Білімге қызықпаған, оқымаған адамның сауаты төмен болады, жұмысқа, басқа нәрсеге де құлшынысы болмайды. Бұған ата-ана да әсер етеді. Ата-ананың қасында, солардың арқасында күн көріп қалған баланың ақша тауып, өзін асырауға құлқы болмайды. - Осыған дейін жастарға арналған бірнеше мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асты. Нәтижесі де жаман емес сияқты. Осы бағдарламаларды жастарға жеткізуде қандай тәсілдер қолданылды? - «Жастар жылында» еліміздің жастарын жұмыспен, баспанамен қамту және кәсіп ашуға тарту аясында біраз жоба іске асты. Соның ішінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Жас кәсіпкер» жобасы бар. Жоба аясында 5 мыңға жуық жастың кәсіп бастауға мүмкіндігі болды. Олар қаражат қана емес, кәсіп бастауға керек білімді де алды. Арнайы курстарды оқып, бизнес ашуға дайындалды. Бірақ осы жоба басталған кезде біраз жас осындай мүмкіндіктің барынан хабарсыз болды. Себебі кәсіп ашқанда жеке кәсіпкер құжатын рәсімдеп, кейін оның салығын төлеп тұру керек. Осындай істер біраз жастың күдігін тудырды. Осының себебінен де жобаға қатыспай қалғандар бар. Айналып келгенде көп нәрсе қаржылық сауатқа келіп тіреліп отыр. Бізде жастарды баспанамен қамтуға арналған бағдарламалар көп. Соларға қатысу үшін жастар қандай құжатты кімге, қайда, қалай тапсыратынын білмейді. Бұл жерде ақпараттың дұрыс жеткізілмеуінен де қате бар. Жастар бағдарламамен толық таныспай жүріп қалады, соңында құжат тапсыру, өтініш беру уақыты өтіп кетеді. Осы нәрселердің алдын алуымыз керек. Дегенмен осыған дейін жүзеге асқан бағдарламалардан нәтиже бар. Тек ақпараттандыру, жеткізу жағынан әлі де көбірек жұмыс істеп, бұдан да үлкен нәтижеге жетуге болады. Біздің қолға алып отырғанымыз да – осы. -Биыл Шығыстың ғұлама ойшылы әл-Фарабидің 1150, Қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мемлекет деңгейінде атылып өтілмек. Бұл да бір мемлекет саясатының бір бөлігі ретінде сіздер тараптан қандай шаралар жүзеге аспақ? -Иә, бұл екі кемеңгер тұлғаның қазақ тарихы мен қалыптасуында алар орны ерекше. Биыл Фараби бабамыздың еңбектері терең зерттелсе, Абай атамыздың шығармашылығы халық арасында кең насихатталатын болады. Қазіргі төтенше жағдайға байланысты тек онлайн түрде, әлеуметтік желілер арқылы ақын еңбектерін дәріптеп отырмыз. Негізі жастар тарапынан ұсынылып жатқан іс-шаралар өте көп. Төтенше жағдай бітісімен қолға алып, республикалық Абай өлеңдерңн оқу жарысын ұйымдастыру ойда бар. Сонымен қатар, республикамыздағы жастар ұйымдары атылмыш бағытта да бір дүниелерді қолға алмақшы. Біз өз кезегімізде жоғарыда аталған жоба шеңберінде ақпараттық қолдау көрсетуге әзірміз. Өткенге құрметпен қарайтын, болашаққа үлкен сеніммен қадам басатын жастар бұл айтулы мерекелерден тыс қалмақ емес. Қолдан келгенше аянып қалмаспыз! Әңгімелескен, Досжан Балабекұлы

2215 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз