Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 30 Сәуір, 2020

20 мыңнан – 2,5 миллионға: Daryn.online платформасын қолданушылар саны қалай өсті?

Пандемияға байланысты қашықтан оқудың түрлі тәсілін қолдануға болады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қазақстандық оқушылар қашықтан білім алу үшін Bilimland, Kundelik.kz және Daryn.online платформаларын тегін қолданатынын айтқан еді. Жақында «Ұлан» газетінің тілшісі Daryn.online платформасының негізін салған Айбек Қуатбаевпен онлайн оқудың ерекшеліктері мен мүмкіндіктері туралы әңгімелесті. Пандемия кезінде Daryn.online платформасына тіркелгендер саны 20 мыңнан 2,5 миллионға өскен. Ал қолданушыларға ресурсты тегін ұсыну компания қандай шығынға ұшыратады? Пандемия біткен соң платформа қолданушыларының саны қаншаға азаюы мүмкін? Жалпы, бұл платформаның қандай ерекше мүмкіндіктері бар? Жауабын компания басшысынан білдік. Айбек Қуатбаев: Daryn.online платформасы 2019 жылдың қараша айынан бастап жұмыс істейді. Негізі осындай оқыту платформасын ашу туралы ой 2017 жылы келген. Өзім ауылда туып-өстім. Түркістан облысындағы Төле би ауданында оқыдым. 7-сыныптан кейін сапалы білім алу үшін қалаға ауыстым. Демалыста ауылға барып тұратынмын. Университетте оқып жүргенде де ауылға жиі бардым. Сонда оқушылардың ҰБТ-ға дайындалу үшін қалаға барып-келіп оқитынын байқадым. Есептеп қарасам, олардың күнделікті 3-4 сағаты жолға кетеді екен. Қосымша сабақ үшін ата-анасы көп шығындалады. Сол кезде «Неге осы балалар үйде отырып-ақ сапалы білім ала алмайды?» деген сұрақ туындады. Daryn.online платформасын құрудағы басты мақсат – ауылдағы оқушыларға сапалы білім беру. Ұлан: Пандемияға байланысты Daryn.online платформасын барлық қолданушылар тегін қолдана алады. Пандемияға дейін қолдану құны қандай еді? Бұл шешім компанияға шығын әкелмей ме? Айбек Қуатбаев: Пандемияға дейін бір пәннің материалдары үшін айына 2 мың теңге төлем жасау керек болатын. Бұл баға нарықтағы оффлайн сабақтардан қарағанда он есе, ал басқа платформадағы онлайн сабақтарға қарағанда бес есе арзан. Бағасы қолжетімді. Ал пандемия кезінде барлық бала сапалы білімге қол жеткізсін деген ниетпен қолданушыларға тегін сервис ұсынып отырмыз. Шыны керек, елдегі төтенші жағдай ұзаққа созылмайтын шығар деп ойлаған едік. Сондықтан, әрине экономикалық тұрғыдан компания көп шығынға ұшырады. Есесіне Қазақстанның барлық баласы мен мұғалімі біздің платформаның мүмкіндіктерін пайдалануды үйренді. Бизнесіміз үшін аса пайдалы болмаса да, қазақ халқы үшін, мемлекет үшін пайдалы іс жасағанымызға қуаныштымыз. Ұлан: Платформадағы бағдарлама мен материалдарды кім дайындайды? Айбек Қуатбаев: Технологиялық бағдарламалау жүйесін Bugin Holding компаниясына кіретін BuginSoft дайындайды. Ал материалдарды әдіскерлер (методист) жасайды. Платформа білім берудің мемлекеттік  стандарттарына сай әзірленген. Тек информатика, ағылшын тілі, астрономия мен робототехника сабақтары мемлекеттік стандартқа сай емес. Ұлан: Платформаны қолдану тәртібі мен мүмкіндіктері туралы толығырақ айтып берсеңіз. Айбек Қуатбаев: Daryn.online платформасына кез келген адам тіркеле алады. Платформаны тек оқушы емес, мұғалім немесе ата-ана да қолдана алады. Тіркелерде «оқушы» немесе «оқушы емес» екенін көрсетсе болды. Тіркелу, барлық ресурсты қолдану әзірге тегін. Мұғалім белгілі бір бейнесабақты мессенджерлер арқылы оқушыға жібере алады. Егер оқушының мобильді  қосымшасы бар болса, бейнесабақ сол арқылы ашылады. Болмаса браузермен ашылады. Оқушыларға бейнесабақтар бойынша мемлекеттік стандарттарға сай 10 тест дайындалған. Сол тесттерді тапсыру арқылы оқушы білімін бекіте алады. Оқушыны бақылайтын арнайы қосымша бар. Қосымшада оқушының бейнесабақты қанша рет көргені, тестті тапсырып-тапсырмағаны, тапсырманы орындағаны көрініп тұрады. Бұл жүйені бақылау міндетті емес, бірақ осы арқылы кері байланыс орнатуға болады. Бұл жүйе білім беру ұйымдарына, мектеп басшылығына, мұғалімдерге ыңғайлы деп ойлаймыз. Сосын бізде «Дарын бонусы» деген жүйе бар. Бонус жинау арқылы қолданушы арнайы марапат пен сыйлыққа ие болады. Daryn.online платформасы бизнес жоба болғандықтан қолданушыларға түрлі материал ұсынамыз. Нарықтағы қолданушылар өзіне ұнағанын алады, пайдаланады. Осылайша білім саласында сұраныс деңгейін анықтаймыз. Ұлан: Платформа алғашында мектеп бітірушілерге көмектесу мақсатында құрылды дедіңіз. Түлектерге нақты қандай көмек көрсетесіздер? Айбек Қуатбаев: Мектеп бітіруші түлек платформада ҰБТ байқау сынағын тапсырып, өз білімін тексере болады. Анализ функциясы қолданушының көрсеткен нәтижесіне қарай қандай мамандыққа, қай университетке оқуға түсуге алатынын көрсетіп береді. Бұл қызметті тек биыл бітіретін түлектер емес, өз білімін сынап көргісі келетін жоғары мектеп оқушылары да қолдана алады. Ұлан: Қазір қанша қолданушы тіркелген? Пандемияға дейін қанша қолданушы болды? Айбек Қуатбаев: Қазір платформаға 2,5 миллион қолданушы тіркелген. Оның 2 миллион 300 мыңы – мектеп оқушысы, 200 мыңы – мұғалім. Пандемияға дейін бар болғаны 20 мың тіркелуші болған. Бұл біз үшін өте үлкен өсім болды. Ұлан: Қалай ойлайсыз, Қазақстан қашықтан оқытуға қаншалықты дайын? Қандай мәселелер әлі шешімін таппай жатыр? Айбек Қуатбаев: Пандемия кезінде «Қазақстан қашықтан оқытуға дайын ба, дайын емес пе?» деген сұрақтан қарағанда «Қалай қашықтан оқытуға болады?» деген сұрақ маңыздырақ болды. Сондықтан ҚР Білім және ғылым министрлігі бұл мәселені жан-жақты зерттеп, халыққа ыңғайлы шешім шығаруға тырысты. Әрине, мұндай тәжірибе елде алғаш рет болып тұрғандықтан, шешімін таппай жатқан мәселелер бар. Олар – интернет пен технологиялардың қолжетімді болмауы. Бірақ, министрлік тарапынан мұны шешу үшін дұрыс саясат пен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ұлан: Daryn.online платформасы болашақта қай бағытта дамиды? Айбек Қуатбаев: Қазір Daryn.online платформасы тек қазақтілді контент дайындайды. Болашақта орыстілді қолданушыларға арналған материалдар дайындаймыз. Сосын тек мектеп бағдарламасымен шектелмей, колледж және университет сабақтарын онлайн бере алатын платформа құру жоспарда бар. Сосын қазір жеке даму, тұлға болып қалыптасу, жеке мамандықтарға қатысты материалдар сұранысқа ие. Осы бағытта жұмыс істемекпіз. Жаңа оқу жылынан бастап орта білім беру бағыты бойынша Өзбекстан нарығына кіреміз. Ұлан: Әңгімеңізге рақмет. Еңбегіңіз жемісті болсын!  Дана МАРАТОВА «Ұлан» газеті, №17 28 сәуір 2020 жыл  

2062 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз