Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 05 Мамыр, 2020

Әл-Фараби мен Абай шығармаларының философиялық үйлесімі

Биыл елімізде әл-Фарабидің-1150, Абайдың-175 жылдығы аясында үлкен ғылыми ізденістер қолға алынды. Бұл Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасын қуаттайтын, бірден-бір мағыналы игілік. Біздің әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де жыл басынан бері ғылыми-танымдық көп томдықтар әзірлеп, отандық білім-ғылым саласы өкілдеріне таптырмайтын еңбектерді әзірледі. Көптеген ғалымдарымыздың зерттеулеріне сүйенсек, қос данышпанның философиялық ой тұжырымдарынан ұқсастық, үйлестімділікті аңғарамыз. Білім. Мейірбандық. Ізгілік. Сұлулық. Бұл бірліктің бірігуі екі данышпанның  да гуманистік идеясында тұнып тұр. Адам-философияға назар аударса, ізлікке, ақиқатқа жетуге талпынады. Сондықтан олардың шығармаларын түсіну үшін, терең білім мен таным керек. Ислам философиясының тарихына көз жүгіртетін болсақ, әл-Фараби рухани әлемінің қаншалықты биік жоғары деңгейде болғанына көз жеткіземіз. Философияда Фараби иждихад дәрежесіне көтерілді, сондықтан да ол фикх, қалам секілді ілімдер бойынша өз ойын білдіріп қана қоймай, сол мәселелер бойынша лайықты шешім қабылдай алатын еді. Осындай аса маңызды айғақтарды айтып өтпей әл-Фарабидің ішкі рухани дүниесін ислам философиясы тарихындағы орны мен дәрежесін айту мүмкін емес. [caption id="attachment_99718" align="alignright" width="251"] Фото: Азамат Құсайынов / Ана тілі[/caption] Абай Құнанбаев өзінің аса дарындылығы, ой өрісінің тереңдігі, халқына деген қамқорлығымен әлемге танымал болды. Абайдың дүниеге көзқарасы ойы мен қыры мол, күрделі. Оны бір жақты бағалауға, бір бояумен көрсету мүмкін емес. Біріншіден, сыртқы дүниенің санадан тыс өмір сүретіндігін қуаттайды. Мысалы, қырық үшінші қара сөзінде адам «...көзбен көріп, құлақпен есітіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрнымен иіскеп тыстағы дүниеден хабар алады»,–дейді. Абай отыз екінші қара сөзінде:«Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел, алдыңғы толқын – ағалар, артқы толқын – інілер»–деп, дүниенің өзгерісте, дамуда екенін болжайды. Өлеңдер мен қара сөздеріне зер салып қарасақ, көптеген философиялық мәселелерді қарастырып, өзіндік ой-пікір, тұжырым жасағанын байқай­мыз. Шығармаларының басым көпшілігінде өмір, өмірдегі адам­ның орны, оның мақсаты, мұң-мұқтажы туралы ой шертіледі. Ендеше философияның негізгі мәселесі Абай шығармаларында кеңінен талқыланады деуге болады. Ақынның эстетикалық және этикалық мәселелер жөніндегі ой-пікірлері сол кездегі қоғамдық ойдың үлкен бөлігі болып табылады. Оның «Құлақтан кіріп, бойды алар», «Құр айғай бақырған құлаққа ән бе екен»–деген өлеңдерінде әннің, күйдің адам сезіміне әсер етер қуатты құдіреті, шипалы шапағаты көркем суреттеледі. Абай көркем сөздің эстетикалық маңызына ерекше көңіл бөледі. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы»–деп, өлеңнің «іші алтын, сырты күміс» болуын айтады. Абай шығармаларындағы негізгі тақырып моральдық проблемалар десек қателеспейміз. Жастарға ғылым таппай мақтанбауды, өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ сияқты мінездерден аулақ болуды кеңес етеді. Әл-Фараби «Әрбір адамның өмірде өз орны бар» десе, Абай оны былай түсіндіреді: «Әсемпаз болма әрнеге, Өнерпаз болсаң әрқалан. Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан!»–деп, әр адам қоғамда өзінің орнын алуы керектігін, ол үшін өнер мен білімге ұмтылу қажет екендігін айтады. Абайша сену үшін алдымен түсіну қажет. Бұл ойлары Пьер Абеляр, әл-Фарабиге жақын. Абай адам мәселесін оның қайшылыққа толы қоғамдық болмысының контексінде қарастырады. Осыдан келіп адамның әлеуметтік белсенділігі, шығармашылық мүмкін­дігінің шексіздігі туралы идеяны алға тартады. Ал, Адам – өз тағдырының қожасы және құрушысы. Адам тіршілігінің бірегейлігі, жердегі тіршілігінің құндылығы әр адам жанының қайталан­бас сонылығы Абайдың адам концепциясының негізгі идеялары. Өз шығармаларында ол адамға мейір­бандық көрсету сұлулыққа ұмтылу – жоғарғы имандылық қасиетінің белгісі, көрінісі деп айтудан жалықпайды. Адамдардың әртүрлілігі жайлы айта келіп, Абай әр адамның өмірде өз орнын табуының маңыздылығын атап көрсетеді. Адамның өз орнын, өзін табуына жол сілтеу, бағыт беру – ағартушының бұқараны тәрбиелеушінің бірінші міндеті осы деп біледі. Осыдан келіп «Адам бол!» деген Абай этикасының негізгі принципінің мағынасы мен мәні ашыла түседі: әр адам өз творчествосының потенциясын іске асырып, өзін жетілдіре алады және жетілдіруі тиіс. Сонда ғана ол жаратылысынан өзіне белгіленген орынға сай келеді. Абай – ұлы гуманист. Өз халқын шын пейілімен сүйген Абайға ұлтшылдық, шовинизм, діни тәуелсіздік жат. Ол өз халқын бір орында тұрып қалмауға, тұйықталмауға, рухани байлықтарын әлем жетістіктерінен байытып отыруға шақырады. Абайдың өмірі творчествосы терең адамгершілік мағынаға ие және ағартушылық-тәрбиелік мәні жағынан баға жетпес құнды дүние. Белгілі ғалым Ақжан Машани әл-Фараби мен Абай шығармалары идеялары арасынан үйлесімділіктер тауып, «Әл-Фараби мен Абай сынды данышпан ұлдары бар ел жарық сәуле жолынан адаспас... Әл-Фараби мен Абай жолы тура жол. Тура өлшеуіш осында»,-деп жазды. Ол өз зерттеулерінде «Әл-Фарабиді Абай арқылы таныдым»,–деп екі ұлы ойшылдың рухани дүниесінде үлкен ұқсастықтардың бар екенін айтып өтті. Абай Платон мен Аристотель философиясын оқыды, Сократ ілімі мен данышпандығын жоғары бағалады. Әл-Фараби Платон мен Аристотель трактаттарына комментарий жазды, араб тіліне аударды. Үлкен рухани үйлесімділік осы жерде жерде болса керек. Осы жерде әл-Фараби және Абай антикалық дәстүрді бойларына қалай сіңірді. Олардың философиялық рухани әлемінің қалыптасуына антикалық философияның ықпалы қандай болды? Оны қалай зерттеді, қалай қабылдады деген сұрақтар туады. Мәселен, біз әл-Фараби және оның ізбасарларының ежелгі грек филосо­фиялық мектептерінің еңбектеріне тек қана комментарий жасаумен шектеліп қалмағанын білеміз. Қазіргі кездегі белгілі неміс философы Мартин Хайдегер ортағасырлық мұсылман философтары жайлы айтқанда былай ой тұжырымдайды: «Әрине, олардың (ортағасыр философтары) Аристотель философиясын түсінбеді деген жалған болар еді. Олар оның философиясын жаңа қырынан ғана көріп қоймай, оған жаңа мән мен талғам берді»,–дейді. Демек, әл-Фараби да және оның ізбасарлары да ежелгі грек философиясын соқыр таныммен зерттемей, оны терең түсіне білді. [caption id="attachment_99720" align="alignnone" width="960"] Фото: Дәурен Мақсұтханұлы/ҚазҰУ[/caption] Абай ғажайып Шығыс поэзиясының аясында тәрбиеленіп, соларға еліктеді, себебі, Шығыстың керемет ойшыл ақындарының адамның табиғатын тереңнен ұғатын ерекше қасиеттері оның болмыс табиғатына, рухани жан дүниесіне ерекше әсер етіп, Абай поэзиясын биік шыңға көтерді. Мұхтар Әуезов «Абайдың даналық дариясының бастауында үш көзі бар, олар: бірінші қазақ халқының көнеден келе жатқан мәдениеті–өнері, екінші орыс мәдениеті, сол арқылы–Батыс мәдениеті, үшіншісі–араб мәдениеті» деп айтқан еді. Түйіндеп айтқанда, әл-Фараби мен Абайдың ғылыми ой пікірлері өзінен кейінгі дәуірдегі Шығыс пен Еуропа халықтарының философиялық, эстети­калық, қоғамдық этикалық ой пікірін және өнердің дамуына, жалпы рухани құндылықтардың дамуына әсер етіп, үлкен ықпалын тигізіп отыр.

Жақыпбек АЛТАЕВ,

ҚазҰУ-дың философия кафедрасының профессоры, филос. ғ.д., фарабитанушы

 

4006 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз