Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 06 Мамыр, 2020

Қазақстан армиясындағы  әскери қызметші әйелдер

Таяу арадағы дүниежүзілік тарихта «жауынгер әйел» түсінігі тек ерекшелік қана болды. XX – XXI ғасырлар тоғысында әскери қызметші әйел немесе сарбаз әйел сияқты кәсіптің болуы ешкімді таңғалдырмайды. Қоғам ежелден бері ерлермен қатар тұратын, қиын және ауыр кезеңдерден өтуге көмектесетін әйелдерді ерекше мадақтаған және мадақтайды да.  Қазақстандық мыңдаған әйелдің Ұлы Отан соғысы майдандарында ерлікпен шайқасқаны, тылда аянбай қайсарлықпен еңбек еткені бұған куә. Еліміздің ең маңызды мерекелерінің бірі қарсаңында біз 1945 жылғы көктемге ойша қайта ораламыз. Ұлы Жеңіс барлық адамзат тағдырындағы тарихи шеп болды. Ауыр сынақтар кезеңінде бүкіл халық бірыңғай қарқынмен жауға қарсы бірікті. Соғыс – ерлер ісі. Солай деп есептелетін. Алайда, 1941 – 1945 жылдардағы оқиғалар өз батырларын жынысына қарай таңдаған жоқ. Барлық заманда Қазақстанның жауынгер әйелдері отбасының сақтаушысы ғана болып қойған жоқ, сонымен бірге ерлермен қатар туған жерін жаудан қорғаған. Әйелдер Ұлы дала армиясының, оның ішінде сақтардың, сарматтардың әскери бөлімшелерінің құрамында болған. Олар шайқастарға ерлермен қатар қатысқан, көбінесе тіпті әскери бөлімшелерді басқарған. Ежелгі Қазақстан тарихында батыр сақ патшайымдары Томирис пен Зарина, ержүрек әйелдер Бопай, Айғаным, Айтолқын, Есенбике және тағы басқалар өз іздерін қалдырған. Қазақ әйелдері ұрыс даласында жауынгерлік іс-қимылдарға тікелей қатысып, қайсарлық пен батырлықтың жарқын үлгісін көрсеткен Ұлы Отан соғысы жылдарында да солай болды. Қазақстан әйелдері оларға үлкен ауыртпалықты арқалатқан соғыс заманының барлық мәселелерін, мұқтаждықтарын, қиындықтарын абыроймен көтеріп қана қоймай, соғыс майдандарында ерлікпен шайқасты. Осылайша, қазақстандық ғалымдардың мәліметтері бойынша ерлермен бірге Ұлы Жеңісті жақындатып, қазақстандық 5 183 әйел мен қыз майданда болды. Иә, соғыс әйелдің қолы емес. Алайда, тіпті зеңбірекші, автоматшы, мерген және ұшқыш сияқты ауыр және қауіпті мамандықтар нәзік жанды арулардың қолынан келді. Бұл әйелдер біздің тыныш өміріміздің іргетасын қалады. Өз өмірлерін сарп етіп, олар бүгінгі тарихтың барысын өзгерте алатын заманда болашаққа біздің құқығымызды қорғап қалды. Халық батырлары. Бұл Отанымыздың гүлденуі үшін бас көтермей жұмыс істейтін адамдар. Бұл өз еліндегі тыныштық пен бейбітшілік үшін өмірін қиюға әзір адамдар. Олардың ерлігі жас ұрпақтың Отан үшін патриоттық рухын көтереді және мақтаныш сезімін тудырады. Сол соғыстың батырлары арасында қазақ халқының даңқты қыздары Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, сондай-ақ даңқты майдан ұшқышы Хиуаз Доспанова болды. Ұлы отандастарының ерлігімен рухтанған қазақстандық әйелдер бүгін де еліміздің даңқын асыруды және оларға тапсырылған қызмет учаскелерінде табыстарға қол жеткізуді жалғастыруда, осылайша олар мемлекеттің дамуына елеулі үлес қосады және ұлт игілігін қамтамасыз етеді. Қазіргі заманғы болмыста қоғамның нәзік жанды арулары Қарулы Күштер қатарына кіріп, олардың алдына қойылған міндеттерді табысты атқаруда және әскери мамандықты меңгеру арқылы әскери мансапты табысты құру перспективасы бар. Бірде өз өмірін армиямен байланыстыруды шешкен әйелдер үшін бұл жай ғана жұмыс емес, бұл өмір сүру стилі мен салты. Бүгін Қазақстанда погон таққан әйелдер әскердің барлық тектерінде бар. Нәзік әйел затының шамамен 850 өкілі офицер атағында, 7 500-ден астам өкілі келісімшарт бойынша қызмет өткереді және жыл сайын бұл сан тек ұлғаюда. Қазақстанның армиясында қыздарды тек медбикелермен, байланысшылармен және іс жүргізушілермен байланыстыру әлдеқашан қалған. Бүгін Отанымызды қорғауда ұшқыш, мерген, барлаушы және басқа да қыздар тұр. Сонымен, Қарулы Күштерде аға ұшқыш – авиация эскадрильясы авиациялық буынының нұсқаушысы лауазымында әйел аға лейтенант Ардана Әміржанқызы Ботай қызмет өткереді, ол жауынгерлік ұшақты кәсіби түрде басқарады. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 44736 әскери бөлімінде аға барлаушы – маман лаузымында сержант Әсем Сіләмқызы Жәкенова қызмет өткереді. Әскери-теңіз күштерінде әскери корабль экипажы құрамында міндеттерді орындайтын қыздар әскери қызмет өткереді. Әскери қызметші әйелдердің әлемдік деңгейде Қазақстанның имиджі мен беделін нығайтуға қосқан салмақты үлесін атап өткен жөн. Жыл сайын ерлермен қатар біздің армияның нәзік арулары әртүрлі халықаралық жарыстар мен оқу-жаттығуларға қатысады. Армия спорты саласындағы маңызды нәтижелерге қол жеткізудің дәлелі – дүние жүзі көлеміндегі түрлі спорттық сайыстарда армия спортшыларының жеңіп алған көптеген медальдары. Лейтенант Зәмзәгүл Файзоллақызы Файзолланова дзюдо мен қазақша күрестен Қазақстан Республикасы чемпионатының жүлдегері болып табылады. Майор Ольга Рыпакова – еліміз бен Қарулы Күштердің мақтанышы. Жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы, үш орденнің иегері. Әскери қызметші әйелдердің армиядағы жағдайға игі әсер ететіні сөзсіз. Рота, батальон, бригада командирлерінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасарларының лауазымдарына әйелдерді тағайындау туралы шешімнің қабылданғаны кездейсоқ емес. Мемлекеттің қорғаныс қабілетіне әскери медицинаның жай-күйі де тікелей әсер етеді, оны дамыту және жетілдіру армияны жоғары жауынгерлік әзірлікте ұстау жөніндегі шаралар кешеніндегі басым бағыттардың бірі болып табылады. Әскери-медициналық қызмет қатарында әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау жөніндегі маңызды және жауапты міндеттерді табысты шешетін әйелдер көп. Бұған қатысты халықаралық жарыстардағы жетістіктер мен әйелдер арасындағы жеке сынақта жеңіп алған жүлделі орындар көрсеткіштер болып табылады. Бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтудағы әйелдің рөлі өте маңызды және ерекше орын алады, себебі әйелдер жалпыәлемдік сана деңгейінде отбасының ұйытқысы, бейбітшіліктің, қауіпсіздік пен тыныштықтың кепілі болып табылады. Әйелдер мен балалардың табиғи құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық бұзу салдарын жеңудегі ерекше рөлді зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсетудің бірінші буыны ретінде бітімгерші әйелдер атқарады. Сонымен, әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі БҰҰ-ның белгіленген талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының Парламенті бекіткен БҰҰ миссияларына әскери бақылаушылар мен штаб офицерлері ретінде қатысу үшін әскери қызметшілерді жіберу жөнінде жұмыс жүргізеді. Әскери компонент құрамында әскери қызметші әйелдердің болуы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуда маңызды рөл атқарады. Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызмет саласында әйелдердің рөлін дамытудағы жаңа сатыны бірінші әскери қызметші әйел Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Кадрлар департаментінің офицері майор Шолпан Тауышова ашты, ол 2018 жылғы желтоқсанда әскери бақылаушы ретінде Батыс Сахарада Референдум өткізу жөніндегі БҰҰ миссиясына жіберілді. 2019 жылғы желтоқсанда Батыс Сахарадағы БҰҰ миссиясынан сәтті өтіп, Шолпан Тауышова Отанына оралды. Ағымдағы жылғы ақпанда Батыс Сахарадан екінші әскери қызметші әйел капитан Айжан  Жасұзақова  келді. Подполковник Диля Ахметова 2019 жылғы мамыр және қараша кезеңінде «Батыс» итальяндық секторының штаб офицері ретінде «Ливандағы БҰҰ-ның уақытша күштері» миссиясына қатысты. Ағымдағы жылғы наурызда Батыс Сахараға төртінші әскери қызметші әйел капитан Римма Шәкеева кетті. Қарулы Күштерде жыл сайын мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайту ісіндегі сіңірген еңбегі үшін әскери қызметші әйелдер мемлекеттік наградалармен наградталады, мерзімінен бұрын кезекті әскери атақтар алады. Әскери істе әскери қызметші әйелдер өздерін нағыз кәсіби шебер ретінде танытқан сала көп. Бүгін барлық азаматтық жоғары оқу орындарының әскери кафедраларында студент қыздар үшін мамандықтар ашылған. Әскери кафедраға оқуға түсу үшін қыздар медициналық куәландырудан өтулері, дене шынықтыру дайындығы бойынша нормативтерді және психологиялық тестілеуді тапсырулары тиіс. Мұндай барлық талаптарды қыздар табысты орындайды және білім алуға жауапкершілікпен қарайды, әскери киім нысанын мақтанышпен киеді. Студент қыздардың көп бөлігі болашақта өз өмірлерін Қарулы Күштердегі қызметпен байланыстыруды жоспарлауда. Әйелдер әдетінше жоғары жауапкершіліктерімен ерекшеленеді, жоғары кәсіби шеберлікке және әскери қызметті лайықты атқару талпынысына ие, бұл ретте ерлерді қолдайды және ұлы істерге рухтандырады. Қорытындылай келе, Қарулы Күштер қатарындағы әйелдер өз әскери борышын абыроймен атқаратынын және өз нәзіктігін жоғалтпай, ана және отбасының сақтаушысы бола отырып, Отанды қорғауға елеулі үлес қосатынын атап өткім келеді. Тимур Дәндібаев, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант                                                

1436 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз