Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 15 Сәуір, 2010

Қазақ-украин ынтымақтастығының көкжиегі

Жаңадан сайланған мемлекет басшысының шетелге жасайтын алғашқы сапарлары көп нәрсені аңғартатын болса керек. Мәселен, бұрындары ТМД-ның шағын елдерінің тыңнан билік басына келген президенттері де алдымен көрші республикалар мен Ресейге, сонан соң Батыстың алпауыт мемлекеттеріне баруды жөн көретін де, Қазақстанға кейінірек бір реті келгенде ғана ат басын бұратын. Қазір бұндай дәстүр өзгере бастаған сияқты. Олай дейтін себебеміз мынада. Қазіргі Ресей президенті Дмитрий Медведев өзі 2008 жылы осы қызметке сайланған соң, алғашқы шетелдік сапарын Қазақстан мен Қытайға жасады. Енді, міне, Украинаның жаңа басшысы Виктор Янукович те Еуроодақтың бас қаласы Брюссель мен Мәскеуге барып алғаннан кейін Астанаға келіп кетті. Бұл алыстағы украин елі үшін де Қазақстанның соншалықты маңызды екенін танытатын ишарат болса керек.

Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге қарағанда, Астана әуежайында Украина президентін Қазақстанның мемлекеттік хатшысы-ЕҚЫҰ іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаев пен мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев қарсы алып, қошамет көрсеткен. Одан соң украин басшысы Виктор Януковичті елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қабылдап, екеуара келіссөздер жүргізген. Олардың нәтижесінде «Жол картасы-3» деп аталатын 2010-2011 жылдарға арналған Қазақстан мен Украина ынтымақтастығының жоспарына қол қойылған. Бұл құжат бір жағынан Астана мен Киев арасындағы бұрындары қол жеткен келісімдерді қайта жандандыруды көздесе, екінші жағынан саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға арналған жаңа мүмкіндіктерді ілгерілетуге жағдай жасауды ескеруге тиіс екен. Яғни оның мақсаты екі араны қайтадан жақындатып, өзара қарым-қатынасты одан әрі дамыту болса керек.

Екі елдің байланыстарын нығайтуға арналған бұрындары қол жеткен келісімдердің ішіндегі ең бастысы Украинаның Ресей, Беларусь және Қазақстан үшеуі қазір нақты түрде қалыптастырып жатқан Кедендік Одақ құрушылардың қатарына әуел баста төртінші болып қосылуға көнгенін білдіретін төртжақты келісімшарт болатын. Қазір бұны біреу біліп, біреу білмеуі мүмкін. Кезінде бұндай ұйымды құруға Украинаны да тарту көзделген болатын. Бірақ кейін ресми Киев бұл жобадан аяғын тарта бастады. Сосын сол кезде әлі мемлекет басшысы болған бүгінгі РФ үкіметінің басшысы В.Путин министрлеріне өз аузымен мынаны айтты: «Енді Украинаға алаңдамай-ақ, Ресей, Беларусь және Қазақстан үшеуінің басын қосу негізінде Бірлескен экономикалық кеңістік қалыптастыру ісін жалғастыра беру керек».

Әуелгі әңгіме БЭК (Бірегей экономикалық кеңістікті) құру туралы болатын. Бұл идеяны басында сол аталған төрт мемлекет бірдей көтеріп шығып еді. Кейін Украинаның оған деген көңілі суыды. Сөйтіп, ол болар істі болдырмаудың амалын жасап, қосымша шарттар қоя бастады. Ресми Киевті БЭК мүшесі болып табылатын мемлекеттердің өз өкілеттерінің бір бөлігін осы төрт елдің тарифтік саясатын реттеп отыратын мемлекетаралық ортақ құрылымға беруге тиіс екендігі туралы талаптың қанағаттандырмайтыны белігілі болды. «Украина үшін тарифтерді үйлестірумен айналысатын органды құру өзекті мәселе емес, өйткені Кедендік Одақты құру Конституцияға өзгерістер енгізуді қажет етеді», - деп шықты Украина өкілдерінің бірі. Ресми Киевтің сол кездегі позициясын былайша түсінген жөн.

Ортақ тарифтік саясат жүргізуге жетелейтін мемлекетаралық орган құру, әрине, іс жүзінде Кедендік одақты құру дегенді білдіреді. Ал бұрынғы Украина басшылығының бұған барғысы жоқ болатын. Себебі өйткен жағдайда ел үкіметі толықтай тәуелсіз экономикалық бағытты ұстану мүмкіндігінен айрылады. Мәскеуден гөрі Батысқа қарай әлдеқайда көбірек бүйрегі бұратын бұрынғы украин президенті Виктор Ющенконың бұған көне қоюы мүмкін емес еді. Бұл бесенеден белгілі нәрсе ғой.

Украинада жақында жаңадан президенттік сайлау болып өтті. Онда В.Янукович жеңіске жетті де, В.Ющенко оставкаға кетті. Қазіргі украин президентінің өз елінің Ресеймен және Беларусьпен ғана емес, Қазақстанмен де бұрынғыдан гөрі жақынырақ қарым-қатынас құруға ынталы екені белгілі. Ол сонысын өз басшылыққа сайланған соң көп ұзамай Мәскеу мен Астанаға ат басын бұруымен танытты.

Дегенмен, Украина үшін осы бағыттағы стратегиялық мақсат Ресеймен, Беларусьпен және Қазақстанмен Кедендік одақ құру емес, сол бүкіл кедендік салық мәселесін Әлемдік сауда ұйымы талаптарына сай шеше бастауға қол жеткізу көрінеді. Киев енді осы бағыттан тая қоймас. Қалай дегенде де, Украина мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың жақсаруына біздің еліміз мүдделі. Өйткені ол ТМД-дағы халқының саны жағынан екінші ең ірі ел болып табылады. Сондықтан қазақ-украин байланыстарының нығаюын қолдау қажет.

Сәуле САМАТҚЫЗЫ

735 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз