Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 15 Сәуір, 2010

Апта тынысы Ғылымға да кезек жетті-ау

Мәжілісте «Ғылым туралы» заң жобасының тұжырымдамалық таныстырылымы өтті. Заң жобасын іске асырудағы мақсат – трансферт, елді дамытудың басым бағыттары бойынша жаңа білімді құру және тарату арқылы Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін көтеруге ықпал ететін ұлттық инновациялық жүйені құруға жол ашу болып табылады.

Иә, отандық ғылымды көтермейінше әлемдік қауымдастықтың тең қатарлы мүшесі, мықты мемлекет бола алмаймыз. Елбасымыздың индустриалдық-инновациялық дамуды алға шығарып отырғаны да сондықтан. Ал, ғылыми-зерттеу институттары, нанотехнология, биотехнологияларды қолға алмайынша, ғалымдар мен ғылыми ұйымдардың әлеуетін тиімді пайдаланып, басымдық берілген салаларда нақты зерттеулерге сүйенбейінше, еліміздің индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыра алмайтынымыз анық.

Алға озып кеткен елдер тұрғанда және қазба байлықтардың мол қоры барда, көп нәрсеге бас ауыртудың қажеті жоқ. Қажетті технологияның бәрін де сатып алуға болады деген көзқарас дұрыс емес. Біріншіден, шетелдің ешқайсысы бізге жаңа, керемет деген технологиясын бермейді. Ешқашан және ешқандай ақшаға. Береді, қымбатқа – өзіне керексізін. Екіншіден, қазба байлық сарқылмайтын қазына емес. Бір күні оның да түбі көрінеді. Және Жаратқанның берген байлығындағы болашақ ұрпақтың несібесіне қол салғанымыз қалай болмақ? Олай болса, қазірге дейін сыртқа сатылып жатқан сол байлықтан түскен қаржыны ғылымға, отандық ғалымдардың тың идеяларын жүзеге асыруға, еліміздің болашағына жұмыс істер технологияларды жасауға жұмсағанымыз дұрыс. Міне, ортаға түскен жобаға қатысты депутаттар мен ғылыми ортаның, жұртшылық ойының түйіні осындай.

Ұзын арқан, кең тұсау

Үкімет отырысында премьер-министр Кәрім Мәсімов мемлекеттік тіл мәселесін көтерді. Үкімет басшысының айтуынша, Қазақстан Республикасының әрбір азаматы мемлекеттік тілді еркін меңгеруі тиіс.

Мемлекеттік мәртебеге ие болғаннан бері жиырма жыл уақыт өтсе де, мемлекет мінберінен лайықты орнын ала алмай отырған қазақ тілі мәселесінің үкімет отырысында бұл жолғы қаралуы – сеңі сөгілмеген сол баяғы жағдай. Бірақ, нақ осы үкіметте қаралысымен де, бұл сеңнің әзір сөгіле қоймасы белгілі болды.

Мемлекеттік тілді меңгеру 10 жылға кейін шегерілді. Кәрім Мәсімов қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге сай кемелденуі үшін әлі де он жыл керек екенін айтты. Яғни 2020 жылға дейін республикамыздың әрбір азаматы мемлекеттік тілді толық меңгеруі тиіс, деді ол. Ол үшін үкімет тағы да мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасын әзірлеп, қыруар қаржы бөлгелі отыр. Бұл бағдарлама мен мемлекеттік тілдің бұдан әрі қарай қалай дамитыны Мәдениет министрлігінің жұмысына қатысты болатынын премьер-министр атап өтті. Өйткені, бұған дейін де мемлекеттік тілге деп талай қаржы бөлініп, талай шара атқарылған 2001 жылғы бағдарламаның мерзімі биыл бітеді. Бірақ, қазақша сөйлеп кеткен мемлекет жоқ. Сонда қыруар қаржы қайда кетті? Мұны тексеріп жатқан да ешкім жоқ. Сондықтан да болар, үкімет басшысы жаңа қабылданатын бағдарламаның нәтижелі болуы қажеттігін қадап айтты.

Заманауи коммуникация – Жібек жолында

Алматыда «Қазақтелекомның» қызмет көрсетуге арналған iD-Center көрсетілім залы ашылды. ТМД кеңістігіндегі телекоммуникациялық компаниялар арасындағы бұл теңдессіз жоба қазақстандықтардың күнделікті тіршілігіне заманауи ақпараттық технологияларды енгізуге бағытталған.

«Қазақтелеком» қызметінің көрсетілім залы – бұл заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың әлеуметтік-танымдық орталығы. Мұнда келушілер телекоммуникацияның жаңа қызметтерін пайдалануды тегін үйрене алады. Жобаның мақсаты – компания ұсынатын жаңа технологиялар мен қызмет туралы жұртшылықты хабардар ету болғандықтан, мұнда әркім сарапшылардың кеңесін тыңдап, өз сауалына барынша толық жауап ала алады. Жібек жолы көшесінде, «Арбатта» орналасқан бұл орталықта жаңа ақпараттық коммуникациялық қызметтің бес түрі көрсетіледі.

Айта кетейік, Алматыдағы iD-Center – «Қазақтелеком» жүзеге асырып отырған екінші ірі жоба. Бір жыл бұрын мұндай орталық Астанада ашылған болатын. Ал, кішігірім көрсетілім алаңдар Қарағанды, Шымкент, Атырау қалаларында жұмыс істеп тұр.

Дайындаған Рымтай САҒЫНБЕКОВА

622 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз