Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 15 Сәуір, 2010

Сақтықта қорлық жоқ

Көршілес Қырғызстандағы оқиғалар бүгінде ешбір қазақстандықты бей-жай қалдыра алмайтындығы өзінен-өзі түсінікті. Осы орайда "біздің еліміздің экономикалық қауқары қандай, төтеннен туындаған қиындықтарға төтеп бере ала ма?" деген сауал туындайды. Бұдан бұрындары да бірнеше рет атап көрсеткеніміздей, Үкімет өткен жылы дер кезінде қимылдап, басты экономикалық көрсеткіштердің құлдырауына жол бермеді. Ал, биылдан бастап еліміздің халық шаруашылығы еңсесін тіктеп, өсіп-өркендеудің даңғыл жолына түспекші. Үкіметтің есебінше үстіміздегі жылы Қазақстан экономикасының өсімі сақталмақ. Мұндай  болжам 2010 жылы мұнайдың орташа әлемдік бағасы 50 АҚШ долларын, 2011-2014 жылдары 60 АҚШ долларын құрайды деген негіз бойынша жасалып отыр, деп түйіндейді ақпарат көздері.

Өткен жылы жан-жақты ойластырылған бағдарламаларды, атап айтқанда «Жол картасын» дәйекті жүзеге асыру арқылы елімізде әлеуметтік тұрақтылық сақталды. Ақпарат көздерінің деректеріне сүйенсек, «Жол картасын» жүзеге асыруға былтыр республикалық және жергілікті бюджеттерден 191,5 млрд. теңге бөлінген. Жұмыспен қамту саласында 8 мыңдай келісім-шарт жасалынған, осы арқылы 1 млн.-нан астам еңбекші ақылы жұмыстарға тартылған. Бүгінгі таңға дейін 5221 жоба жүзеге асырылып, 260 мың жұмыс орны құрылған, сөйтіп 248 мың адам еңбекпен қамтылған. Бағдарлма аясында оқу орындары негізінде 100 мыңнан астам адам қайта даярлықтан өткен.

Халықты әлеуметтік қорғау бағытындағы нақты іс-шаралар үстіміздегі жылы да жүзеге асырылмақшы. Қазақпарат агенттігінің хабарлауынша, Үкімет басшысы К.Мәсімов «Нұр-Отан» халықтық-демократиялық партиясының мәжілісінде «ағымдағы жылдағыдай біз әлеуметтік саладағы басталып қойған инвестициялық жобаларды және басқа да маңызды жобаларды қаржыландыруды жалғастыруды көздеп отырмыз. Басымды емес жобаларды қаржыландыруды біз мейлінше кейінгі кезеңге жылжыттық», деп атап өткен. Халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша дағдарыстан кейінгі кезеңде әлемдік экономика қалпына баяу келетіндігін айта келе, Премьер-министр «2010 жылға арналған республикалық бюджеттің жобасы дағдарысқа қарсы шаралардың жалғасы болып табылады», деп тұжырым жасаған.

Дерек көздеріне сүйенсек, Қазақстан экономикасы дағдарысқа дейін жыл сайын 9-10 пайыз қарқынмен өсіп келген. Өткен онжылдықта елдің ішкі жалпы өнімі 5 есеге артқан (22 млрд. АҚШ долларынан 100 млрд. долларға дейін). Бүкіләлемдік банктің саралауы бойынша Қазақстан орта деңгейлі табысы бар елдердің тобына кіреді әрі әлемдегі инвестиция үшін аса тартымды жиырма мемлекеттің қатарында. Қазақстанның жетекші компаниялары («ҚазМұнайГаз», «Қазақмыс», «Қазатомпром» және басқалар) халықаралық бизнес жүргізу деңгейіне қол жеткізген және ғаламдық экономика әлемінде таныла бастаған.

Бүгінгі таңда Қазақстан – жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге зор үлес қосып отырған мемлекет. Қазақстан әлемде мұнай қоры бойынша – 7-ші орынды, газ қоры бойынша – 6-ші орынды, уран қоры бойынша – 2-ші орында иеленеді. 2017 жылы Қазақстан әлемдегі ірі мұнай және газ өндірушілер мен экспортқа шығарушыларының ондығына кірмек. Сонымен бірге, Қазақстанда тау-кен саласы, түсті және қара металлургия, машина жасау, құрылыс индустриясы, шағын және орта бизнес және басқа да көптеген салалар серпінді дамуда.

Елбасы тапсырмасына орай Үкімет үдетілген индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасын әзірлеу үстінде. Жуырда оның тұсаукесері болмақшы. Дағдарыстан кейінгі дамуды қамтамасыз ететін маңызды әлеуметтік-экономикалық құжатқа сәйкес осы бағдарламаны жүзеге асырудан түсетін пайда бес жыл ішінде 7 трлн. теңгеден асады, деп болжанып отыр. Үстіміздегі жылғы желтоқсанда шетелдік инвесторлар кеңесінің кезекті мәжілісінде Елбасы бағдарлама аясында жалпы құны 42 млрд. долларды  құрайтын 83 жоба жүзеге асырылатынын мәлімдеді.

Дерек көздерінен алған мәліметтер еліміздің босағасы берік, шаңырағы биік екендігін тағы да дәлелдеп отыр. Дегенмен, "сақтансаң сақтаймын" деген ескертпені естен шығармайық, ағайын.

Мұрагер Сералы

829 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз