Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 29 Қазан, 2020

Ерлан Жұрынбаев, Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі: Жаңа жағдайға бейімделіп келеміз

2020 жыл Қазақстанның ғана емес, әлем тарихында дүниені жайлаған, талайды жалмаған індетпен есте қалатын шығар. Пандемияның зияны тимеген сала кемде-кем. Соның ішінде руханият пен өнер, мәдениет пен спорт, әсіресе ­туризм саласы ақсап қалды. Біздегі жағдай қалай? Вирусты да өршітпей, өнерді де өлтірмейтін жолмен жүре алдық па? Бұл сұрақтарға Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Ерлан ЖҰРЫНБАЕВ жауап берді.

 «Пандемия өнер адамдарының жұмысын тоқтатты» деп дабыл қағып жүр жұрт. Шынымен солай ма?

– Ақиқатында еңбек етемін деген адамға ештеңе тосқауыл бола ­алмайды. Өнер – шексіз, шекарасыз дүние. Сол себепті бұл сала тоқтаусыз дами береді. Дегенмен, руханияттың әрдайым өз биігінен көрінуі мемлекеттің қолдауына тікелей тәуелді. Міне, нақ сол мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде әлемдік ахуалдың қиындағанына қарамастан тоқтамаған іс көп.

– Ендеше сол жұмыстарға, әсіресе министрлікке қарасты жауапты салаларға жеке-жеке тоқталсақ. Театр тоқырамады ма? Барлығы есігін қымтағанда музейлер қайтіп күн көреді? Бәрінен бұрын латын графикасы өз қазанында қайнап жатқандай көрінеді...

– Иә, расында да алаңдататын сауалдар көп. Биылғы жұмыстарды қазір ойша қорытындылап отырсам, министр Ақтоты Райымқұлованың басшылығымен шұғыл шешімдер қарастырып, жаңа жағдайға бейімделуге тура келген сәттер көз алдыма келеді. Десек те, алмағайып уақытта да бастапқы жолымыздан, мақсатымыз бен бағытымыздан айнып қалуға болмайды.

Өнер жанашырларының алаңдағанына қарап, бір жағынан, руханиятқа жанашырлар көп екен ғой деп қуанамыз. Екінші жағынан, ол алаңдау бізге жауапкершілік жүктейді. Театрлар тоқырап қалған жоқ, кейбірі тіпті түрленіп келеді. 2020 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық Опера және балет ­театры мен «Астана Опера» опера және ­балет театры ТМД елдерінің үздік опера және балет театрларының рейтингісінде үздік 5 опера және балет театрларының қатарына енді. Қазақстанның екі ­театры: Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық-драма ­театры мен С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрына Үкіметтің қаулысымен «Академиялық театр» мәртебесі берілді. Нұр-Сұлтан қаласында Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры жаңа ғимараттың құрылысы аяқталды. Театр ұжымы 2020 жылдың 30 қазанында Елордамызда бой көтерген жаңа ғимараттың шымылдығын «Абай» әдеби-композициялық қойылымымен ашуды жоспарлап отыр.

Музейлеріміздің жұмысы да жанданып келеді. 2020 жылғы қорытындыда онлайн турлар мен виртуалды экскурсияларға көп барған рейтингте ТМД елдерінің тарих және мәдениет үздік музейлері арасында үздік 5 музейдің қатарына Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық музейі мен Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік музейі енді.

Ал латын графикасына көшу мәселесі – бір күннің шаруасы емес. Қазақ тілін ­латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру жұмыстары жалғасып жатыр. Беделді ғалымдар, қоғам өкілдері мен сарапшылар тарапынан әліпбидің 40 жобасы ұсынылды. Осыған қарап, бұл мәселені өз қазанында ғана қайнап жатыр деуге келмейді. Ұсынылған әрбір жоба толық зерттелді, ашық республикалық талқылаулар мен ғылыми сараптамалар ұйымдастырылды. IT саласы мамандарының пікірлері тыңдалды, әріптердің Unicode стандарттарына сәйкестігін ескере отырып зерделеніп жатыр. Жұмыстың үлкен көлемін талап ететін бұл күрделі процесс жалғаса береді.

– Спорт пандемияға «тізе бүкпеді ме»? Жыл басынан бергі енгізіліп, ұзартылған ­карантин спорттық шараларды біраз тоқтатты. Бұл спорт саласына сөзсіз кері әсерін тигізді ғой.

– Керісінше, карантин кезінде спорт­тың маңызы артты. Себебі денсаулықтың бәрінен маңызды екенін бұрынғыдан да анық түсіндік. Ал денсаулықты мықты ететін, әрине, спорт. Азаматтарды жүйелі дене шынықтырумен айналысуға тарту және салауатты өмір салтын насихаттау – спорт саласының басым бағыты. Осы мақсатта Үкіметтің 2020 жылғы 23 сәуірдегі қаулысымен Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытудың кешенді жоспары қабылданды. Алғаш рет Спортшылардың спорттық этикасы әзірленіп, бекітілді.

Спорттық шаралар тоқтатылғанымен, ондағы жұмыстың сапасын арттыруға бағытталған шаралар үздіксіз қолға алынып отырды. Мәселен, спортшыларға, жаттықтырушылар мен жетекшілерге шеттетуге, ақшалай сыйақыларды қайтаруға, Олимпиада ойындарының және басқа жарыстардың жеңімпаздарына берілетін тұрғын үйді қайтарып алуға, өмір бойы материалдық қамтамасыз етуді төлеуді тоқтатуға, спорттық атақтан және атақтан айыруға байланысты әкімшілік және тәртіптік жазалар күшейтілді. Спортшыға допинг қолдануды тағайындаған адамдарға 200 АЕК айыппұл түрінде жауапкершілік жүктеледі.

Спортшылардың допингке қарсы зертханасының, Ұлттық допингке қарсы орталықтың қызметкерлеріне, дене шынықтыру және спорт жөніндегі Республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының, Спортты дамыту дирекциясының қызметкерлері мен жаттықтырушыларына лауазымдық жалақының 100% мөлшерінде жаңа қосымша ақы белгіленді. Осылайша, олардың жалақысы 2 есеге артты.

2016 жылдан бастап спортшылардың допингке қарсы зертханасы WADA аккре­диттеуінен бас тартты. А.Райымқұлованың басшылығымен министрлік Ұлттық Олимпиада Комитетімен бірлесіп, оны қалпына келтіруде көп жұмыстар атқарды. Бүгінде зертхана ауданы 1700 шаршы метр болатын жаңа ғимаратқа көшірілді, WADA стандарттары мен талаптарына сай келетін заманауи жабдықтар алынды. Бірлескен жұмыс нәтижесінде зертхана WADA аккредиттеуін қалпына келтіруге үміткер болды.

Еліміздің өңірлерінде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүргізілуде, олардың ішіндегі 13 кешен 2019 жылы пайдалануға берілді, ал 48 объектті 2020 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарда бар.

Жоғарғы спорт саласында 2021 жылдың 22 шілдесінен 8 тамызына дейін Токиода (Жапония) жазғы Олимпиада ойындарына белсенді түрде дайындық жүргізіліп жатыр. Ұлттық құраманың ­сапында спорттың 30 түрінен ­спортшылар еліміздің намысын қорғайды. Бүгінде спорттың 17 түрінен 42 лицензия жеңіп алдық.

– Туризм тұралап қалмады ма?

– Төл туризмнің дамуына кедергі келтіріп тұрған ең маңызды проблема – инфрақұрылым мен сервис. Туристер дәл осы екі себептен, анығы жолдың жоқ­тығы яки нашарлығынан және қызмет көрсетудің төмендігінен көп көрікті жерлерімізге бармайды. Осыған орай Туристік саланы дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Қазақстанның туристік картасы жасалды, онда негізгі ТОП-10 тур­дестинация анықталған. ­Бурабай, ­Баянауыл, Алакөл, Балқаш, Каспий теңізінің жағалауы абаттандырылады. Олар­дың инфрақұрылымын дамытуға, жол құрылысына, жол бойындағы ­сервиске, қонақүй кешендеріне, аумақты жай­ластыруға баса назар аударып отырмыз.

Министрлік тарапынан халықаралық туристерді жаппай тарту жұмыстары жалғастырылып келеді. Шетелдік турис­терді тарту үшін «Tax free» қосылған құн салығы қайтару жүйесі енгізілді, e-Qonaq жүйесі әзірленді, визасыз режимге рұқсат беретін елдерінің тізімі 73-ке дейін артты, 30 күнге дейін шетелдіктерді тіркеу тоқтатылды.

Әр саланың тұла бойына қан жүгіртіп, жан бітіретін – сол саланың кәсіби мамандары. Мамандары мықты сала қашанда дамып отырады. Міне, осыны ескеріп, туризм саласының кадрлық әлеуетін арттыру мақсатында Орталық Азияның ежелгі қалаларының бірі – Түркістанда Халықаралық туризм және спорт университетін ашуды қолға алдық. Университет Орталық Азиядағы осы салаға білікті маман даярлайтын алдыңғы қатардағы жоғары оқу орны болмақ. Университет туризм, спорт және қолөнершілік және қалпына келтіру бағыттары бойынша білім береді.

– Жақсы жаңалық екен, ­туризм әлемдегі экономикалық кірісі болғандықтан елімізде біраз жұмыс орны ашылады екен ғой?

– Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Дүниежүзілік туристік ұйым (ЮНВТО) Қазақстанды ең жылдам ­дамып келе жатқан туризм индустриясы бар ТОП-20 елдің қатарына қосып отыр.

Кіріс көзі демекші, мысалы, былтырдың өзінде 148 миллион қытай туристі шет мемлекеттерге қыдырып барып, 130 миллиард АҚШ долларын жұмсаған екен. Осы сандардан-ақ елдегі туризм дамыса қаншама жұмыс орны ашылатынын байқаған боларсыз.

Осындай мүмкіндіктерді қолдан шығарып алмай пайдалануымыз ­керек. Елге шетелден келіп жұмыс істеп, ақшаны алып кететіндерге қарағанда бір апта қыдырып, ақша тастап кететін турис­тер әлдеқайда пайдалы. Өйткені ­туризм – әлемдегі экономикалық кірісі ең жоғары саланың бірі. Көптеген ­мемлекет туризм арқылы елдің экономикалық қуатын күшейтіп, халықтың тұрмысын жақсартып, жұмыссыздықты азайтып, кәсіптік мамандарын арттырып отыр.

– Отандық туризмнің бір саласы – ­тарихи орындар ғой. Шетелдік туристерді тартудың таптырмас жолы да осы болып тұр. Сол бағыттағы жұмыс биыл бәсеңдеп қалмады ма?

– Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Түркістандағы қарқын алған құрылысты көргенде бәсеңдеу ­туралы сөз қозғаудың өзі қисынсыз. Түркі халықтарының астанасы саналатын киелі шаһарда Қ.Ясауи музейі, «Ұлы Дала Елі» орталығы, музыка мектебі, кітапхана, қолөнершілер орталығы, керуен сарайы, визит-орталықты қайта жаңғырту саласы бойынша құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2019 жылғы 30 мамырдағы қаулысымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық ­мерейтойы шеңберінде Семей қаласындағы «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жан-жағы абаттандырылып, толықтай жаңартылды.

«Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірлердің тарихи-мәдени объек­тілерінің инфрақұрылымы күшейтілді. Министр А.Райымқұлованың тікелей басшылығымен Қазақстанның киелі жерлері географиясы жобасы аясында еліміздің киелі жерлерінің бірыңғай белдеуін құру жұмыстары жүргізіліп ­жатыр. Тарихи орындарды толық жүйелеу саласында атқарылған ауқымды жұмыс­тардың нәтижесінде жалпы ұлттық маңызы бар 256 объект және жергілікті маңызы бар 575 объект жасақталды.

Сонымен қатар ортағасырлық «Сауран», «Яссы», «Сарайшық», «Баласағұн» және «Бозоқ» қалашықтарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, ашық аспан астындағы «Бозоқ ескі қалашығы» Ұлттық паркін құрудың ауқымды жобасы іске аса бастады, бұл мақсатта Нұр-Сұлтан қаласының аумағында 412 га жер учаскесін титулдық иеленуге уағдаластыққа қол жеткізілді.

– Карантиннің жағымды жақтары да болды. Мәселен, әлемнің ірі кітапханалары құнды кітаптарды оқуға рұқсат берді, білім беру платформалары қызықты курстарын тегін етті. Осы тәжірибе бізде қаншалықты қолданылды?

–Рас, қазақ «Әр істің қайыры бар» деп жамандықтан да жақсылық күтіп отыратын оптимист халық қой. Карантин кезеңінде Мәдениет және спорт министрлігі 60 млн аса қаралым жинаған көптеген онлайн-жобаларды іске қосты. Айталық, 160-қа жуық республикалық ұйымдардың концерттері мен ­театр қойылымдары көрермен назарына ұсынылды. «Қазақфильм» киностудиясы 223 ұлттық фильмді интернетке жүктеді, кітапхана қорында электронды форматта 60 мыңға жуық әдебиет көшірмелері оқырманға ұсынылды. Еліміздің жетекші музейлері, театрлары, кітапханаларымен концерттердің, спектакльдердің, қойылымдардың, фильмдердің интернет-трансляцияларын ұйымдастырды, сонымен қатар есту қабілеті нашар адамдарға арналған бейне-экскурсиялар, танымал мұражайлар мен туристік бағыттар бойынша арнайы 3D-турлары тегін ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Өнерлі өрен» республикалық балалар онлайн-байқауы ұйымдастырылып, өткізілді. #ONLAIN-da bol жобасы аясындағы концерттік ойын-сауық контентінен басқа Министрлік туризм және кітапхана ісі саласында оқыту вебинарлары, мемлекеттік тілді оқыту әдістемесі бойынша онлайн курстар, әліпбиді жетілдіру бойынша онлайн іс-шаралар, БҰҰ-ның 10 тілін оқытатын онлайн курстар өткізді. Бұл онлайн жобалар тоқтаған жоқ, қазірдің өзінде 60-70 арасында онлайн бағдарлама әлеуметтік желілер арқылы күніге өтіп жатыр.

– Киноның айналасында ақшаға қатысты дау көп. Соның басында атақты киностудиямыз тұр. «Қазақфильмнің» басынан бұлт сейілетін күн қашан туады?

– Ақшаға қатысты дауға нүкте қоятын заң қабылданды. Естеріңізге салсақ, өткен жылдың наурыз айында осы салада қабылданған заңнамалық құжат – «Кинематография туралы» заң күшіне енді. Осыған дейін мемлекет қаржысына оңды-солды кино түсіріп үйренгендер жаңа заңдағы талаптарды қабылдай алмай жатыр. Бұл заң уақыт өте келе өзінің тиімділігін көрсетеді.

– Ол қандай тиімділік?

– Біріншіден, осы заңның арқасында кино түсіру құны 25 пайызға арзандады, яғни мемлекеттің ақшасы әр түсірілген кино үшін 25 пайыз үнемделеді. Осы заң қабылданғанға дейін мемлекеттік қолдау қаражатын, мемлекеттік бюджеттен жұмсалған қаржыны қайтару құралдарын саралаудың нақты жүйесі болған жоқ.

Екіншіден, аталған заңға сәйкес Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы құрылды. Бәсекеге қабілетті киноөнім шығару және мемлекеттік қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында киножобаларды іріктеу бұдан былай Орталықтың бірнеше кезеңдерден тұратын ашық конкурстар өткізуі арқылы жүзеге асырылады. Қаражат алушылар – тәуелсіз студиялар мен продюсерлер, оның ішінде «Қазақфильм» киностудиясы да ашық конкурстың тең құқылы қатысушысы. Міне, осы қатысушылардың бәрі енді киноөндіріс саласындағы жетекші сарапшылардан, продюсерлерден, режиссерлерден, сарапшылардан, кинотанушылардан тұратын Сараптама кеңесі жүзеге асыратын іріктеуден өтеді. Әрі қарай, жобалар Ұлттық фильмдері мемлекеттік қаржылық қолдау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына жіберіледі. Бұл ашықтық пен талаптың күшейтілуі өз кезегінде мемлекеттік қаражатты бақылауға, отандық киноның сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Үшіншіден, мемлекет тарапынан қаржылай қолдауға тек әлеуметтік маңызы бар, ұрпақты рухани және адамгершілікке тәрбиелейтін фильмдер, тарихи жанрдағы және рухты көтеретін патриоттық ­кинолар ие болады. Мемлекеттің ақшасы бұрынғыдай көрінген киноға рәсуа ­болмайды.

Төртіншіден, елімізде прокаттайтын компанияларға қойылатын талаптар күшейтілді. Айталық, ел аумағына кірген фильмді қазақ тіліне аудару тұрғысында, дубляждау, болмаса субтитрлеу немесе фильмдерге кадрдан тыс аударма жасауға міндетті. Төл туындыларымызды мемлекеттік тілде прайм-тайм уақытында көрсету мәселесі шешімін тапты.

Жалпы «Қазақфильмнің» басынан бұлт қашан сейіледі?» дегеннен гөрі «Біз сол үшін не істеп жатырмыз?» деген сұрақ көбірек мазалауы керек. Өйткені ұлттық киноөндірісті дамытуда «Қазақфильмнің» рөлі орасан. Ақыры көтерген екенбіз, енді осы сұраққа жауап бере кетейік.

Біріншіден, бірнеше жыл бұрын осы атақты «Қазақфильм» студиясы жекешелендіруге жататын нысандардың тізіміне кіріп кетті. Сәл болмағанда мемлекеттің уысынан шығып кетуге шақ қалды. 2019 жылдың қазан айында Министрліктің араласуымен бұл тізімнен алынды. Енді «Қазақфильм» жекешелендіруге жатпайды. Бұл министр Ақтоты Райымқұлованың тікелей еңбегі деп білемін.

Екіншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2021-2023 жылдарға арналған «Қазақфильм» киностудиясын жаңғырту жөніндегі Жол картасының жобасы әзірленді. Аталған жоба аясында киностудияны заманауи кино түсіру және монтаждау жабдықтарымен техникалық қайта жарақтандыруды, мамандандырылған көлік сатып алу, инженерлік желілер мен ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізуді, сондай-ақ түсіру алаңын салып, киностудияны кәсіпорынға айналдыру көзделген. Бұл бізге не береді? Фильмдер өндірісі саласында киностудияның қуаттылығы жылына 100 картинаға дейін кеңейтіледі, соның есебінен ішкі ұлттық өнімнің ұлғаюы, сондай-ақ киностудияның дотациядан Қазақстанның донорлық кәсіпорнына айналуы күтілуде. Осының барлығы отандық киноөнімнің сапасын арттыруға және тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға ықпал етеді.

– Фильм демекші, қазір қоғамда қызу талқыға түскен туынды «Борат-2» болып тұр. Бұған не дейсіз? Түсірушілер Қазақстан туралы киноны Қазақстанда көрсеткісі келетін шығар...

– Негізі «қара пиар да – пиар» ­деген сөз бар ғой. Сол себепті көргіміз келмейтін дүниеге жарнама жасаудың қажеті жоқ. Десе де, ұлттың намысына тиген жағдайға үнсіз қалу қиын. Сіздің сұрағыңызға, меніңше, ведомство басшысы А.Райымқұлова нақты әрі дер кезінде жауап берді. Министр айтқандай, фильмді Қазақстанда прокатқа шығару куәлігіне өтініш берілсе, министрлік тиісті шара қолданып, қарсылық білдіре алады. Себебі аталған фильмде еліміздің Конституциясынан бастап, қолданыстағы бірнеше заңға қайшы әрекеттер көрсетілген. Бәрінен бұрын біз былтыр қолданысқа енгізген «Кинематография туралы» заң – «Борат-2»-нің қазақстандық кинотеатрларға таралуына тосқауыл тұра алатын бірінші құжат. Өйткені осы заңның 7-бабында: «Егер фильмнің мазмұны Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, тұтастығын бұзуды, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге бағытталған жағдайда, бас тартады» делінген. Туымызды қорлау – мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіру емей немене? Егемен елдің белгісі – мемлекеттік рәміздер емес пе! Сондықтан фильмді көрсетуге рұқсат беру мүмкін де емес.

– Кинодан анимацияға ауыссақ. Телефонмен туған бүгінгінің балаларын мультфильм, жалпы экран тәрбиелеп ­жатыр. Анимация бізде әлі кенжелеп тұр. Сондықтан жаңа өнім шығарудан гөрі дайынын аударған тиімді. Бірақ осының өзі қолға алынбай жатыр. Бала «экранын» қашан қазақшалаймыз?

– Кешегі бабаларымыз бүгінгі біз үшін еліміз бен жерімізді жаудан қорғап қалды. Солардың арқасында тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Дегенмен, қауіп-қатерсіз күн кешіп жүрміз деуге келмейді. Бұл жайбасарлық, ең ақыры болашаққа деген немқұрайлылық болар еді. Бабаларымыз секілді біздің де ертеңгі ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз бар. Олардың қазіргі тәрбиесіне болашақта біз жауап береміз. Қазіргі күресіміз – үй іші қазақша сөйлесе де тілі шұбарланып бара жатқан балалардың кіршіксіз жан дүниесін, тілінің тазалығын сақтау, қорғау. Осы бағытта біз былтыр балалардың сұранысындағы өнімдерді жаппай қазақшалауды қолға алдық. Балалар мен жасөспірімдердің қай арналарды көретінін, қандай өнімдерді тамашалайтынын зерттедік. Қазіргі таңда осы мәселе бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлескен жұмыс қолға алынып жатыр. Ойға алғанымыз іске асса, Қазақстан аумағында қандай да бір мультфильмді бала интернеттен іздесе, алдымен қазақшасы шығады; шетелдік бірқатар танымал телеарналар өнімдерімен қазақшаланады; маңыздысы балалардың тілі тазарады.

– Президент биылғы Жолдауында тәрбиенің түйткілдеріне тоқталып, талантты жастарды қолдау мәселесін көтерді. Таланттарды қалай қолдаймыз?

– Иә, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше назар аударды. Президент айтқандай, бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда балалардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Өйткені балалар – мемлекетіміздің болашағы. Сондықтан Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары шеңберінде Мәдениет және спорт министрлігі алдында «балалар үйірмелерінің» қызметін қалпына келтіру міндеті қойылды. Осы міндеттерді орындау үшін Білім алушылардың, тәрбиеленушілер мен мамандардың жан-жақты қажеттіліктерін қанағаттандыру, азаматтық өзіндік сананы, жалпы мәдениетті, салауатты өмір салтын қалыптастыру және бос уақытты мазмұнды ұйымдастыру мақсатында тегін қосымша білім беру және жан басына нормативтік қаржыландыру мәселесі пысықталуда. «Білім туралы» Заңына тиісті түзетулер енгізу, сондай-ақ Білім және ғылым министрлігімен, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан ­Саинмен бірлесіп қосымша білім беруді жан басына нормативтік қаржыландыру шаралары туралы мәселе қаралып жатыр.

– Жақсы, тиісті заңдар түзетіліп, қаржы қарастырылады делік. Бірақ заң бойынша мәдениет ұйымдарының балаларға қосымша білім беруді қамтамасыз ету құзыреті жоқ қой...

– Өте өзекті мәселені көтеріп отырсыз. Заңға тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге түзетулер енгізіледі және Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беруді, сондай-ақ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне ұқсас Қосымша білім беруді жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландырудың әдістемесі әзірленеді. Онда есептеу алгоритмдері, жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру көлемі және жергілікті бюджеттен қаржыландырудың нақты тетіктері айқындалады. Бұл өз кезегінде мәдениет ұйымдарына қосымша білім беру бағдарламаларын (балалар мен жасөспірімдер шығармашылығын, мәдениет пен өнер саласындағы бейімділіктер мен қызығушылықтарды дамыту) іске асыруға құқық береді, балалармен және жасөспірімдермен жұмысты жандандыруға, сондай-ақ мәдениет объектілерін пайдалану тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

– Жақсы жоспар екен. Бірақ бізде көбіне жоспар да, жалпы қандай да бір стратегиялық құжаттағы мақсат-міндеттер де өз деңгейінде орындала бермейді ғой. Сөз бен істің арасын жақындату үшін үкіметке не істеу керек?

– Жалпы үкімет үшін жауап бере алмаймын. Ал үкімет мүшесі – министрдің кеңесшісі ретінде жұмысыма байланысты жауап берейін. Мәдениет пен спорт саласында соңғы жылдары көптеген маңызды заңдар қабылданды. Олардың орындалуы – шынтуайтында сол заңдардан да маңызды. ­Демек, заңды қабылдап қою аз, ондағы талаптардың орындалуын қадағалау да жүйелі жолға қойылуы қажет. Айталық, министрлікке қарасты салалардағы заң бұзушылықтарды анықтап, прокуратураға түрлі деңгейлі (әкімшілік, қылмыстық) іс қозғауға жолдап отыратын мәдениет және спорт ­инспекциясы болуы ­керек. Ондағы ­инспекторлар, мысалы, қабылданғалы жатқан «Фонограмма туралы» заңның, қоғамдық орындарда қазақ тілі нормаларының, допингке қатысты немесе туризм саласындағы киелі орындар мен жәдігерлердің сақталуы, сондай-ақ оған келіп, көрушілерге қойылатын талаптардың орындалуын қадағалауы тиіс. Бұл тәжірибе дамыған елдерде бар.

– Мемлекеттік мүддеге қызмет ете беріңіз! Әңгімеңізге рақмет!

– Сіздердің басылым да өміршеңдігін жоғалтпай, халықтың сүйікті газетіне ­айнала берсін!

Сұхбаттасқан

Қарагөз Сімәділ

 

«Ана  тілі» газеті

1409 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз