Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 21 Қараша, 2020

Жас спикерлер байқауы мәреге жетті

19 қарашада Бүкіләлемдік философия күніне орай Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына арналған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұйымдастыруымен «Әл-Фараби және қазіргі заман» тақырыбы бойынша жас спикерлер байқауының жеңімпаздары анықталады. Үміткерлерді марапаттау салтанаты әл-Фараби орталығының @farabicenter2020 ресми аккаунтында тікелей эфирде жүргізілді.  

Шараның қорытынды марапаттау шарасында Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Ш.Е. Жаманбалаева: «Осы байқауда белсенділік танытқан  барлық қатысушыларға алғыс айтқым келеді. Жастардың осындай іс-шараға қызығушылық білдіргеніне өте қуаныштымын. Ғұламаның ұлы мұрасын дүние жүзіне танытуға, жастар арасында кеңінен таратуға - Әбу Насыр әл-Фараби есімін иеленген Қазақ ұлттық университеті аянбай еңбек етіп келеді. Бұл іс-шара да осы бағытта жүзеге асырылып отыр.

Әлемнің екінші ұстазының қалдырған данышпандық тұжырымдары – халқымыз үшін адастырмас темірқазық. Ұлы ойшылдың рухани мұрасы – біздің ғана мес бүкіл әлем үшін сарқылмас қазына. Ұлы ғұламаның өсиетін мұқият зерделеп, оның терең философиялық көз-қарастарын өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісінде тиімді пайдаланған жөн. Бұл - басты міндетіміздің бірі»,-деп Әл-Фараби жылы аясында өтіп жатқан іс-шараның маңызына тоқталды.   Сондай-ақ, Ш. Ерболқызы: «Байқау  қатысушыларға интелектуальдық әлеуетін көтеруге зор пайдасын тигізді деп білемін. Аталмыш шара Әл-Фараби еңбектерін тереңірек зерттеп, ізденуге жол ашты деп ойлаймын. Болашақта да, ұлы ойшылдың идеяларын арқау етіп, өмір тәжірибелеріңізге пайдаланады деп сенемін.

Сіздерге осы бағыттағы еңбектеріңіздің табысты болуын тілеймін. Болашақ үшін жасаған әрбір қадамдарыңыз игі жемісін берсін»,-деп құттықтады.

Инстаграм әлеуметтік желісінің тіклей эфирі арқылы өткен марапаттау салтанатын кафедра оқытушысы Жұмагүл Бекенова жүргізіп отырды.

Алғашқы құттықтау сөзінің қатарын философия және саясаттану факультетінің деканы Әлия Масалимова, философия кафедрасының меңгерушісі Әсет Құранбек, Әл-Фараби орталығының директоры Бекжан Берікбайұлы жалғастырып,  жеңімпаздарды диплом, сыйлықтармен марапаттады.

Жеңімпаздар есімі «Қайырымды қала» - бүгінгі бақытқа жету кілті», «Әл-Фараби және музыка теориясы», «Әл-Фараби - бақыт философиясы», «Әл-Фараби және әдептілік философиясы», «Әл-Фараби және Абай: идеялар сабақтастығы» және «Әл-Фараби және ғылымның қалыптасуы» номинациялары бойынша анықталды.

Байқауға мектеп және орта оқу орындары оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері және басқа да санаттағы қатысушылардан 150-ге жуық жұмыс қатысқан. Үміткерлер бойынша бірінші, екінші және үшінші орындармен марапатталды. Жас спикерлер байқауына елімізбен қатар, алыс-жақын шет ел студенттері де қатысты. Жеңімпаздар екі форматта, қазылар алқасы мүшелерінің дауыс беру нәтижелері мен лайктар мен пікір қалдыру саны бойынша анықталды.

Шара ұйымдастырушысы, философия кафедрасының меңгерушісі Әсет Абайұлы: «Жас спикерлер байқауының мақсаты – Әбу Насыр Әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығы туралы айырықша мәнді фактілерді шығармашылық-креативтік сипатта тану арқылы өмірде өз қажетіне сай оқып-үйрену, жан-жақты талдай білу. Ең бастысы, осы арқылы үміткерлерді шешен сөйлеу мәдениетіне баулып, тіл құдіреті мен ой құдіретін ұштастыруға шақыру болатын. 

Байқауда қатысушыны Әбу Насыр Әл-Фарабидің өркениет тарихындағы рөлін, философиялық және жаратылыстану ғылымындағы мұрасының және қазіргі қоғамдағы оның идеяларының өзектілігін шешендік өнермен, жақсы сөз саптауымен жеткізуге бағытталған. Жұмыстар мүмкіндігінше әр қатысушының шеберлігіне, тапқырлығына, ой түйіндеуіне орай әртүрлі бағытта тақырыпқа сай түсірілді. Тапсырмаларды қатысушы жеке және өз бетінше, басқа тұлғалардың қатысуынсыз және авторлық құқықты бұзбай орындауы да талап етілді»,-деп атап өтті.  

Әл-Фараби орталығының директоры Бекжан Берікбайұлы: «Ойшылдар «Шешендік – кісі көркі, ақылмен билеу өнері»,-деп пайымдайды. Біз осы байқауда қатысушылардың шешен сөйлеу дағдысын сарапқа салдық. Сонау замандардан бері шешендік тіл мәдениеті биік мәртебеге ие. Ол тіл мен ақылды, ой мен істі байланыстыратын өнер.

Шешендік сөз ұлттық тәрбиенің бастауы. Сөйлеу тілі шешен болған адамның дүниетанымы да бай, әрі кең болады. Білім-ғылымның қай саласы болмасын, тіпті экономика, бизнес, саясат үшін де шешен дидарласудың маңызы зор. Бұл байқауда біз аса мән берген қадам осы болды»,-деп байқаудың басты артықшылығын атап өтті.

«Әл-Фараби және әдептілік философиясы» номинациясы бойынша бірінші орынға ие болған Түркіменстандық азамат, университетіміздің филология және әлем тілдері факультетінің 2-курс студенті Джошкун Атаханов: «Біз байқау арқылы Әл-Фараби еңбектерін тағы бір парақтап шықтық. Философия пәнінен алған білімімізді тағы бір ұштап, тереңірек іздендік. Нәтижесінде, жеңімпаз атандым. Ұйымдастырушыларға рақмет! Ғылымға бағытталған шаралар алда да жалғаса түссін»,-деп алғысын білдірді.

Жұмыстар қазанның 15-30 аралығында қабылданды. Байқау қатысушыларының жұмысын бағалау және жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтау үшін қазылар алқасы жұмыс жүргізді. Олардың қатарында, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоы Ш.Е. Жаманбалаева, шет елдік фарабитаншуы ғалымдар А.Фишлер (Франция), Г. Стейрис (Грекия), Н.М. Смирнова (Ресей),  П.Муурсепп (Эстония), отандық фарабитанушылар Н.Л. Сейтахметова, Г.К. Курмангалиева, сонымен қатар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Философия факультетінің деканы А.Р. Масалимова, философия кафедрасының меңгерушісі Ә.А. Құранбек, Әл-Фараби орталығының директоры Б.Б. Мейірбаев және аталған орталықтың аға ғылыми қызметкер А. Сағиқызы, белгілі киносыншы, философия кафедрасының доценті О.М. Борецкий қазылық етті.

Шараға қатысушылардың барлық бейнежазбалары Әл-Фараби орталығының сайтында, youtube каналында, @farabicenter2020 ресми аккаунтында, жарияланып, көпшілікке ашық форматта көрсетілді. 

 Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,

Философия кафедрасының оқытушысы

 

1233 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз