- TENGE MONITOR
- 22 Сәуір, 2010
КЕДЕН ОДАҒЫ: БӘСЕКЕГЕ ДАЙЫНБЫЗ БА?
Ресей, Қазақстан және Беларусь арасында биыл 1 қаңтардан Кедендік одақ құрылып, жұмыс істей бастады. 1 шілдеден бастап бірыңғай Кедендік кодекс күшіне енеді, яғни ішкі шекаралардағы кедендік рәсімдеу жойылады.
Барыс жылының алғашқы таңын ортақ кедендік кеңістікте қарсы алған жұртшылықтың, оның ішінде сарапшы қауымның қазірде бұл тұрғыдағы пікірі екіге жарылады. Бұл одаққа бірігудің негізінде саяси мүдделер басым дейтіндер Қазақстанның Ресей және Беларусь елдерімен бірге кедендік одаққа енуінен мемлекетіміздің тәуелсіздігіне қауіп көрсе, мұнда экономикалық мүдде жатыр дейтіндер – тауарымыз Ресей сынды алып елдің ұлан-ғайыр сауда алаңына кідіріссіз өтіп, табысқа кенелеміз дегенді алға тартады. Қалай дегенмен де, бұлардың қай-қайсысының да негізі барын жоққа шығаруға болмайды.
Иә, Кедендік одақтың негізгі міндеті – экономикалық ықпалдастықты дамыту, одақ мүшелерінің арасында еркін саудаға және үшінші елдермен тең дәрежеде сауда саясатын жүргізуге қолайлы жағдай жасау. Бұл дегеніміз ұлттық экономикаңыз басқамен иық тиістіре сауда жасауға, бәсекеге қабілетті болуы керек деген сөз. Яғни Кеден одағы – бәсекелестік алаңы. Бәсеке алаңына кірдің екен, онда өзгемен тайталаста озық шығатын тауарың ғана өтеді. Алайда, там-тұмдаған шағын және орта бизнесті айтпағанда, дайын өнім өндірісі жоқтың қасы болып отырған еліміз бұл бәсекеге қандай тауарын қоспақ. Өз ішімізде бәсекенің дәмін сезінбеген тауар нарығы экономикасы қуатты одақтастарымыздың қарқынына төтеп бере алар ма. Сонда үкіметіміздің осынша жыл үкіліген үміті – Ресей мен Беларусьтың ауқымды сауда алаңын нендей тауармен жауламақпыз. Біртұтас кедендік тарифтің 92 пайызы Қазақстандікінен 2-3 есе жоғары Ресейдің тариф бағамына негізделген. Олай болса, ресейлік тауар өндірушілерді қорғайтын кедендік одақтың қымбат салығы қарапайым халықтың қалтасын қаққаны болмаса, ел экономикасына еш пайда әкелмейді. Мұны осы әңгіменің құлағы қылтиғаннан беріде бағаның бірден көтеріле кетуі айқын көрсетіп отыр. Тағы бір мәселе – жаңа ұйым комиссиясындағы бүкіл дауыстың 57 пайызы Ресейдің үлесінде, ал Қазақстан мен Беларусьтың үлесіне тигені 21,5 пайыздан. Яғни бар мәселедегі бақылау тізгіні Ресейдің қолында отыр деген сөз. Көңілде күман мен күдік туғызар мұндай сауалдар сан тарау. Оны қанша жерден сейілткіміз келгенмен, бүгінгі шындық – мықты ұлттық экономика құрып үлгермеген қазіргі таңда біз үшін мұндай одаққа енудің үмітінен гөрі күдігі басым түспегі анық.
Рымтай САҒЫНБЕКОВА
Өндірісті көтерудің бір мүмкіндігі
Ізбасар БОЗАЕВ, Алматы сауда палатасының президенті, ҚазИТУ-дың құрметті президенті:
– Қазіргі күні қоғамды толғандырып отырған тақырыптың үлкені – Қазақстанның Ресеймен, Беларусьпен биылғы 1 қаңтардан бастап Кеден одағына біріккені туралы мәселе. Осыған орай ел ішінде күдік пен үміт арқалаған екі түрлі пікір бар. Шындығында қазіргі жағдайда отандық тауар өндірушілер үшін қауіптің бары рас. Өйткені бәсекелестікке дайын емеспіз. Сырттан келетін тауарлардың дені сол Ресей мен Беларусьтың өнімдері. Беларусь кең ауқымда дайын тауарлар өндіретін, ауыл шаруашылығы да жақсы дамыған, сапалы тауарлары Еуропа нарығында тайталасқа түсіп жүрген ел. Ресейге де мол көлемде тауарлар шығарып отыр. Ресейді алсақ, оның да экономикалық әлеуеті мықты. Бұрын екі ел арасындағы тасымалда халықаралық тарифтер жұмыс істеді. Енді ішкі тарифтер бірыңғай етілген Кедендік одақ жағдайында тасымалдау шығындары төмендейді, яғни өнімнің өзіндік құны да арзандай түседі. Ресейдің тасымал инфрақұрылымын бұрынғыдан әлдеқайда қолайлы шарттармен пайдалану арқылы отандық өнімнің үшінші елдер нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру мүмкіндігі туады. Алайда, бізде ішке тасымалданатын тауарлар сыртқа шығаратынымыздан әлдеқайда көп. Сондықтан бұл жеңілдіктен бізге көп пайда келе қоймайды. Оның үстіне нарықтағы өз ықпалын күшейту үшін кейбір алып компаниялар демпингтік саясат арқылы белгілі бір саланы жоқ қылып та жіберуі мүмкін. Бұл жерде мәселе одақтас елдердің ішкі ниетіне байланысты.
Міне, біздің одақтастарымыздың технологиялық жағынан озық, сан-салалы дайын тауар шығару мүмкіндігі, шикізат байлығы бізге қарағанда әлдеқайда мол. Өнім өткізу нарығында тәжірибесі бұрыннан қалыптасқан, бұғанасы қатқан елдер. Сондықтан олардың тауарлары сан мен сапа жағынан нарығымызға ықпал етіп, бағаны төмендету, басқа да түрлі маркетингтік шаралар арқылы біздің онсыз да әлсіз тауар өндірушілерді басып тастау қаупі барын жоққа шығаруға болмайды.
Кедендік одақтан күтер үмітіміз экспорттық әлеуетіміз ұлғаядыға, яғни бұрынғыдан он есе үлкен сауда алаңына шығу мүмкіндігімен байланысты еді. Одаққа кіргенге дейін шекара бөгеттерінен, түрлі әкімшілік кедергілерден қиындық көріп келген сыртқа, оның ішінде Ресейге тауар экспорттаушылар ендігі жерде ұлан-ғайыр сауда кеңістігіне емін-еркін енеміз деп күткен-ді. Өйткені, бір елдің тауарының Одақтың басқа екі мүшесінің нарығына шығуы үшін қажетті техникалық стандарттар мен талаптардың, айталық, ветеринарлық талаптардың, үш мемлекет тарапынан бір деңгейде қолданылуы өте маңызды міндеттің бірі. Бірақ сыртқы саудамен айналысатын сол азын-аулақ кәсіпкерлердің айтуынша, өз есігін ашуға Ресей тарапынан ынта байқалмай отырған түрі бар. Өйткені, Ресейге елімізден өнім шығаратын компанияның өзі ең алдымен халықаралық талаптарға сай деген куәлігі, одан кейін тауардың дәл сондай талап етілетін құжаты болғанымен, ондағы тауар апарған аудан, қала, губерния, республика деңгейінде тағы сондай дәлелді құжатыңыз болмаса, өніміңізді саудалай алмайсыз. Дәл бүгін осындай жағдайға тап болып, өнімін кері алып қайтқандар аз емес. Мәселен, Ресейге Атырау аймағынан сүт өнімдерін апарғандар өткізуге рұқсат 30 күн ішінде беріледі дегенсін, кері қайтуға мәжбүр болған. Бұл бір ғана мысал. Міне, осындай орынсыз шектеулер мен кедергілерді болдырмау, арада туып жататын даулы жайттар тез әрі әділ шешілуі үшін үкімет, құзырлы органдар тиімді жағдайларды қамтамасыз етуге тиіс.
Ендігі мақсат пен міндет – экономикалық әлеуеті бізден әлдеқайда мығым елдермен кедендік одаққа біріккен бүгінгі нақты жағдайды түсініп, етек-жеңімізді жинап іске кірісу. Ішкі мүмкіндіктерімізді, шикізат байлығымызды пайдаланып, жаңа технологияға негізделген өндірісті, сапалы өнім өндіруді жолға қоюға, отандық брендті қалыптастыруға күш-жігерімізді жұмылдыру керек. Осы орайда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының мүмкіндігі зор. Бұл бағдарлама аясында берілетін қаржы кәсіпкерлер үшін банктерден алатын несиеден әлдеқайда тиімді болмақ. Билік пен бизнес арасындағы әріптестікті сөз жүзінде емес, іспен дәлелдеудің бір мүмкіндігі болар осы бағдарламаны үйлесімді жүзеге асыра алсақ, отандық өндірісті дамытудың жаңа бір белесіне шығарымыз анық. Сондықтан ішкі нарықты толтырып, сыртқы нарықты бетке алуға қажетті үкімет тарапынан қаржылық, ақпараттық көмек, заң жағынан қолдау болса, отандық экономиканың аяғына нық тұрарына сенім мол.
Бұрынғы одақтың қамытын қайта кимесек жарады
Мұхтар БОЛАТХАНҰЛЫ, экономика ғылымдарының кандидаты:
– Кеден одағы деп аталатын Қазақстан, Ресей федерациясы және Беларусь республикасы арасында құрылып жатқан жаңа ұйым тең құқылы және тең дәрежелі мемлекеттердің одағы деген сөз. Алайда, іс жүзінде Қазақстанның Ресейдің салық және тарифтік саясатына қосылуы орын алып отыр. Кедендік одақтың жаңа кодексі бойынша, кедендік тарифтің 92 пайызы – Ресейдікі, біз тек осыны мақұлдау үшін қосылған сияқтымыз. Өзіміз тариф жасап, өз тарапымыздан ұсыныс бере алмадық. Біздегі орташа тариф 5-тен 15 пайызға дейін көтерілді деген дерек бар болса, ресми биліктің мәліметі бойынша 10,6 пайызға дейін көтерілген. Демек, тариф екі есеге дейін өскен. Бұл қарапайым халықтың онсыз да тесік қалтасын қағып, кедейшілік қамытын кигізу. Енді шеттен келетін тауарлар қымбаттайды, Ресейден келетін тауарларды алуға мәжбүрлейді. Ол да арзан емес, өйткені ол тауарларға жоғары баж салығы салынған. Ал, кедендік одақтан түсетін ортақ пайда қалай бөлінуге тиіс еді? Ресей мемлекеті кеден одағы аясындағы тауарлардан (шығарылатын, әкелінетін) түсетін салықтың 90 пайызын өз бюджетіне түсіруді талап етуде. Қазақстан болса 86,5 пайызын Ресейге беріп, қалғанын Белорусьпен тең бөліп алу керектігін талап етуде. Өткен аптада парламент депутаттары бюджеттің 70-75 млрд теңгеден қағылатынын айтты. Яғни біз бұл Одаққа мемлекет мүддесін ойламай кірдік.
Бүгінгідей жағдайда мұндай аса жауапты мәселенің пайда-зиянын елеп-екшеп, жан-жақты ойластырмай асығыс шешім алуға болмайды. 1969 жылы қабылданған Вена Конвенциясындағы халықаралық келісімдер жөніндегі тәртіп бойынша, әр мемлекетке халықаралық келісімдерден өз еркімен шығуға болатыны жөнінде құқық берілген. Сол құқыққа сүйеніп, Кедендік одақтан шығуға болады.
Соңғы ақпараттар бойынша, Одақ елдерінің шекарашылары Минскіде кездесіп, ұйымға мүше мемлекеттердің сыртқы шекараларын ортақ стандарт бойынша күзету мәселелері жөнінде келісіп жатыр екен. Екіншіден, Одақ шеңберінде ортақ валюта қолдану мәселесі жиі айтыла бастады. Яғни орыстар біздің теңгемізді емес, біз орыс рублін пайдалануға мәжбүр боламыз. Айналып келгенде, өткен кеңестік одақтың қамытын тағы кимекпіз бе? Асығыс жасалған қадамның қателігі халыққа кеселін тигізетінін билік әлі де болса ойлануы тиіс.
Саясаттың үлкені – елдің экономикасын көтеру
Сейдахмет ҚҰТТЫҚАДАМ, «Мысль» журналының бас редакторы, саясаттанушы:
– Кеден одағының мәселесі бүгін көтеріліп отырған жоқ. Егемендік алғалы бұл мәселеге осымен үшінші рет оралып отырмыз. ТМД кеңістігіндегі елдер мұның алдында бұдан кеңірек құрамда кеден одағын құруға талпыныстар жасаған болатын. Бұл жолы кеден одағына үш мемлекет бірікпекші. Жалпы алғанда, әрине, елдер арасында мұндай одақтың болғаны жақсы. Қазір әлемде осындай 12 кеден одағы Дүниежүзілік сауда ұйымының аясында жұмыс істеп жатыр. Мұндағы негізгі мақсат одаққа мүше елдер арасындағы еркін саудаға және үшінші елдермен сауда саясатын тең деңгейде жүргізуге қолайлы жағдай жасау. Бірақ біздің қазіргі жағдайымызда құрылып отырған кедендік одаққа қатысты ел ішінде, әсіресе мамандар тарапынан күдік көп. Оның негізі мынада, біріншіден, бұл Кеден одағына кіру үшін және онда басқалармен тереземіз тең болу үшін экономикамыз мықты болуы керек. Қандай одақ болсын, әсіресе бүгінгідей жағдайда, экономикасы жақсы дамыған мемлекеттерге қолайлы. Мәселен, үш мемлекет бірігіп отырған бұл одақ экономикалық әлеуеті қуатты Ресей үшін өте пайдалы, Беларуське тіпті одан да пайдалы. Себебі Беларусь – экономикалық дамуы мығым ел. Қазірдің өзінде сүт-майымен Ресей нарығын толтырып отыр. Одақтың күні ертең толыққанды күшіне кіруімен белорустың техникасы бастатқан бар тауары Қазақстанға қаптап келері даусыз.
Ал, біз қандай жағдайда бұл одаққа кіргелі отырмыз. Дайын өнім шығармаймыз деп айтуға болады, өндіріс жоқтың қасы. «Қазақстанда жасалған» деген маркамен шығып жатқан тауар көрмейміз. Базар, дүкен атаулының бәрі толған қытайдың тауары, азық-түлік тағамдары да негізінен шетелден тасымалданады. Мыңғыртып мал өсірер өрісіміз баршылық болғанмен, ет пен сүттің өзін сырттан сатып алудамыз. Басқа жеміс-жидек пен көкөністі айтпағанда, дүниеге алғаш Алматыдан тараған алманың өзін бүгінде қырғыз бен қытайдан, тіпті сонау мұхит асып, Мексикадан әкелудеміз. Әңгіме, міне, осында. Яғни мұндай одақ тауары бар елге пайдалы. Бұрын тауар кіргізгенде кеден арқылы салық алсақ, енді ала алмайымз. Бағаның бәрі қымбаттайды. Қазірдің өзінде, кеден одағына кірдік дегелі бері сырттан келетін автокөліктердің бағасы 25 пайызға көтеріліп шыға келді. Мұның бәрі ең алдымен қарапайым халықтың қалтасын қағады. Бұл жерде қалың көпшіліктің тұтыну қабілеті ескерілуі керек. Ал, өндіріс ойдағыдай дамымаған елдің төлем, тұтыну қабілеті қайтіп көтерілмек.
Кеден одағына бірігу, әрине, дұрыс, құптарлық шаруа. Бірақ бұл дамуымыздың осыған сай белесінде бет қоятын іс деп ойлаймын. Бұған бар-жоғымызды түгендеп, етек-жеңімізді жиып тас-түйін даярлықпен кіріскеніміз жөн. Отандық өндіріс өркендемейінше, ел болып еңсе көтере алмаймыз. Бұл жайында елге белгілі азаматтар, зиялы қауым өкілдері, экономистер, сарапшы мамандар аз айтып жүрген жоқ, мерзімдік басылым беттерінде осы тақырыпты мен де талай рет қозғадым. Мұнай мен қазба байлықтарға сүйеніп, еліміздің ертеңін бағдарлауға болмайды. Алған сайын орны толып отыратын түпсіз дүние емес ол. Бүгін бар, ертең жоқ. Өндірісті жолға қойсақ, бұл дайын өнім өндіру мүмкіндігі ғана емес, ең алдымен жұмыссыздық мәселесінің шешілуі, жоғары білікті кәсіби мамандар қатарының өсуі. Орнықты жұмыс орындары болмағандықтан мамандардың сапасы төмендеп барады. Өйткені, бүгінде өндірістің түрлі саласына қажетті мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарында оқып жүрген жастар тәжірибе алар жер жоқ. Тек теориямен шектелуде. Оның да сапасы оңып тұрғаны шамалы. Институт қабырғасындағы білім тәжірибемен ұштастырылмаған жерде жақсы маман шықпасы белгілі. Мәселен, бұрындары біз оқыған кезде жыл сайын 2 курстан бастап 5 курсқа дейін ірі өндіріс орындарында, үлкен зауыттарда өндірістік тәжірибеден өтетінбіз (мен техникалық оқу орнын бітірдім). Қолымызбен ұстап-көріп дегендей, мамандардың қарамағында кәдімгі өндіріс процесіне араласып, 1-2 ай жұмыс жасайтынбыз. Нәтижесінде жас маман алған дипломына сай мамандығының қыр-сырына қанық болып шығатын. Міне, олай болса, білікті кадрларды даярлау үшін де өндірісті дамыту қажет екен.
Саясаттың үлкені және ең мықтысы – елдің экономикасын көтеру. Саясат – экономиканың күшейген жағдайы деген сөз бар ежелден келе жатқан. Экономикасы жақсы дамыған ел – алынбас берік қамал сынды. Ондай экономиканы жасау үшін ақыл-ой қуаты күшті, білгір де білікті мамандар керек. Ондай мамандарды озық ойлы білім ордалары ғана дайындай алады. Қарап отырсаңыз, бәрі бір-бірімен байланысты. Сондықтан, менің ойымша, осы үш тағанның тұғырын мықтамайынша, асығыстық жасамағанымыз дұрыс-ау деймін.
2290 рет
көрсетілді0
пікір