Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 22 Сәуір, 2010

Апаттан кейін... Қызылағаш бой көтеріп келеді

Судан зардап шеккен Қызылағаш, Ақтоған, Егінсу ауылдарында барлығы 530 жаңа үй салынады. Аталған елді мекендердің құрылыс алаңдарында қазір 69 құрылыс компаниясы, атап айтқанда 500-ден астам техника және 4000 адам жұмыс істеуде. Қызылағаш ауылының бас жоспарына сәйкес 449 жаңа үй су қоймасы аумағынан батысқа қарай 40 метрге жылжытылып салынуда.

Мұнда 251 үйдің кірпіші қаланды, 56 үйдің шатыры көтерілді, 24 үйдің шатыры жабылды. Су құбырының жоспарланып отырған ұзындығы 13 шақырымға тағы 2,9 шақырым қосылатын болды. Бүгінгі күнге 15 км. траншея қазылып, 14,5 шақырымға құбыр орнатылды. Ауылда жұмыс істеп жатқан екі бетон құю зауытынан басқа құрылыс алаңына дайын бетондарды Талдықорған қаласындағы «ELD Global» және «Темірбетон» ЖШС-лары жеткізуде. Қысқа мерзім ішінде алты миллион дана кірпіш дайындауға қуаты жететін «Строитель» ЖШС қажетті кірпішпен қамтамасыз етуде. Алматы облысының басқа да кірпіш зауыттарымен тауар бағасы, оны құрылыс алаңына жеткізу, тапсырыс берілетін кірпіш көлемі туралы келіссөздер жүргізілуде.

Қызылағашта «Алматықалақұрылыс» ЖШС салып жатқан алғашқы үйдің құрылысы аяқталды. Онға жуық үйдің ішкі сылағы жасалуда. Сәуір айының соңына дейін 40-45-ке жуық үйді аяқтау жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан облыс басшысы Серік Үмбетов кестедегі жұмыс ауқымына ілесе алмаған мекемелердің салатын үйлерін «Алматықалақұрылыс» сияқты ширақ қимылдайтын компанияға беру керектігін ескертті. Сонымен қатар тұрғындардың мамыр мерекесінде жаңа үйлерге қоныстандырылатыны туралы да атап өтті.

Құрылыстың жұмыс кестесі басты назарда. Мәселен, құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзімде орындалмауына байланысты «АБС» ЖШС-мен келісімшартты қайта жасап, олардың 11 үйінің 9-ын басқа компанияға беру тапсырылды. Тағы 13 компанияға жұмыс ауқымын жалпы кесте бойынша қуып жетуге уақыт берілді, олай болмаған жағдайда жұмыстан аластатылатыны туралы ескертілді.

Қазір Қызылағаш ауылында тұрғын үйлермен қатар әлеуметтік мәдени тұрмыстық нысандардың (балабақша, әкімдік ғимараты, мәдениет үйі, қоғамдық монша, спортзал т.б.) құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Бұрынғы мектеп-интернат ғимаратының бірінші, екінші қабаттарын 120 орынға арналған балабақша, ал үшінші қабатын 12 пәтерлі тұрғын үй ретінде жасау жұмыстары жүріп жатыр.

Сонымен қатар Ақтоған және Егінсу ауылдарында да қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ақтоған ауылында үй іргетасына арналған 25 траншея қазылып, 25 үйдің іргетасы, 10 үйдің кірпіші қаланды. 1 үйдің шатыры көтерілді. Мұнда барлығы 65 үй салынады, 4-еуіне күрделі жөндеу және 18-іне ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Сонымен қатар мектеп қалпына келтіріліп, медпункт жаңадан салынады. Ауылда 322 жұмысшы еңбек етуде.

Егінсу ауылында 72 үй зерттелді. Комиссияның қорытындысы бойынша 56 үй күрделі жөндеуді қажет етеді, 16 үй бұзып, қайта салынады. Фельдшерлік-амбулаториялық пункт және ветеринарлық пункт қайта тұрғызылып, мектеп пен балабақшаға жөндеу жүргізіледі. Қазіргі кезде құрылыс компаниялары ескі нысандарды бұзып, орнын құрылысқа дайындауда. Үйдің іргетасы үшін 10 траншея қазылып, 3 үйдің іргетасы қаланды. Мұнда 212 адам жұмыс істеп жүр.

Қызылағаш ауылдық округі бойынша 2000 га жерге масақты дәнді-дақыл себу жұмыстары жалғасуда.

Уақытша тұрғылықты жерлерге көшірілген, палаткаларда тұрып жатқан адамдар алғашқы қажеттіліктегі заттармен қамтамасыз етілген, сондай-ақ медициналық көмек көрсетілуде.

Облысқа мемлекеттік материалдық қордан 216,0 млн. теңгелік материалдық құндылықтар (киім-кешек, азық-түлік) келіп, тіркеліп, оның 68,1 млн. теңгелік қажеттіліктері зардап шеккендерге таратылып берілді.

Шатырлы ауылдағы шатырлардың бірінде балаларға арналған шағын орталық ашылды. Мұнда күндізгі уақытта топтастырылатын 70 балаға арнап телевизор қойылды, үстел ойындарының құралдары, ойыншықтар әкелінді.

Осындай тағы бір шатырда кешкі уақытта ауыл тұрғындарының жаңалықтар, фильмдер көруіне мүмкіндік жасау мақсатында телевизор орнатылып, орындықтар қойылады.

Елді мекендердің тұрғындарына ҚР Үкіметі бекіткен зейнетақы және әлеуметтік жәрдемақылардың барлық түрі (көп балалы аналарға, мүгедектігі бойынша берілетін жәрдемақы, балаларға, қайтыс болған адамға, аз қамтылған отбасына т.б.) және әрбір үлкен адамға 15 мың теңге, жас балалар үшін 7500 теңге есептеліп материалдық көмек төленуде.

Бүгінгі күнге 2678 есеп-шот ашылған. «Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесіне 2121 есепшотқа 55 млн. 177 мың 500 теңге көлемінде материалдық көмек аударылды.

Сол сияқты құжаттандыру жұмысы да жүйелі жүргізілуде. 19 сәуірдегі мәлімет бойынша 456 төлқұжат дайындалып, 446-сы иесіне тапсырылды.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақсу ауданындағы су тасқынынан зардап шеккендерге Үкімет резервінен, Ұлттық компаниялардан, Астана, Алматы қалалары мен облыстардан, жеке азаматтардан, қоғамдық және коммерциялық ұйымдардан көмек қаржысы келіп түсуде. Бұл қаржының көлемі 3 млрд. 250 млн. теңгеден асты.

Қаржының жинақталуы мен жұмсалуы облыс әкімінің қатаң бақылауында. Елді мекендерді қалпына келтіру жөніндегі жедел штабтың жұмысы ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің жіті бақылауында. «Балдәурен» лагерінде демалып қайтқан 150 оқушы Алматы облысының мектептеріне оралып, оқуларын жалғастыруда. Қазір олардың 79-ы интернаттық мекемелерге, оның ішінде 74-і Ақсу ауданында, 1-еуі – Талдықорған қаласындағы «Айналайын» балалар үйіне, 4-еуі – Д. Рақышев атындағы мектеп-интернатқа орналастырылды. Туған-туыстарының үйінде тұрып жатқан және тұрған жерлері бойынша оқып жатқан оқушылар саны – 71.

Облыстық мәслихаттың сессиясында облыс әкімі Серік Үмбетов Ақсу ауданындағы су тасқыны кезінде төрт түлігінен айырылған азаматтарға облыс аудандары мен қалалары көмектесетінін айтты. «Мұқтаждықта адамға пана болу, көмектесу қазақтың ұлттық дәстүрінде асар жасау, жылу жинау түрінде қашаннан қалыптасқан. Зардап шеккендерге осы салтқа сүйеніп облыс аудандары мен қалаларынан мал жинап береміз», - деді өз сөзінде.

Іздестіру жұмыстары кезінде туыстары із-түзсіз жоғалды деп өтініш берген Төлеубай Рысжанның денесі табылып, апаттан қаза болғандар саны 45 адам болды.

Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов Қызылағаш ауылының тұрғындары үшін егістік жұмыстарын ұйымдастыру туралы тапсырма берген болатын.

Жалпы Қызылағаш ауылдық округі бойынша 2000 га жерге масақты дәнді-дақыл себу межеленген. Бүгінгі күнге 700 га жер жыртылып, оның 300 га тырмаланды. 100 га көлемге жаздық арпа себілді. Алқаптарда барлығы 30 дана ауыл шаруашылығы техникасы жұмыс істеуде. Оның ішінде 5-еуі тұқым сепкіш агрегат.

Бүгінгі күнге жоғарыда аталған көлемді себу үшін 31 тонна жанар-жағар май, 140 тонна масақта дәнді дақылдардың тұқымы (60 тонна бидай, 80 тонна арпа), 85 литр тұқым улағыш препараттар жеткізілді.Күзде астық жиналғаннан кейін зардап шеккен әрбір отбасына тегін таратылып берілетін болады. «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» Жастар қанаты мен «Жасыл ел» республикалық штабының бастамасымен «Жасотандықтар» атты жас құрама еңбекші жасағы өз жұмыс маусымын Қызылағаш ауылынан бастады. Жастар өкілдерін бұл шараға «Жас Отан» жастар қанатының хатшысы Нұрлан Өтешев бастап келді.

160-тан астам жас Қызылағаштағы өзен бойынан болашақ саябақ ретінде белгіленген орынға 5 мың түп ағаш отырығызуды бастады.

Еңбекші жасақтың 160 сарбазы 2 ай бойы Қызылағаш ауылын қалпына келтіру жұмыстарына атсалыспақ. Олар еңбекақымен, жұмыс киімімен, медициналық көмекпен және ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Жасақ сарбаздары шатырларда тұратын болады.

Сағын СЕРІК

823 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз