Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 02 Наурыз, 2021

Көне кітаптар дұрыс сақталмаса, адам денсаулығына кері әсер ете ме?

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының Реставрация бөлімінің басшысы Сырым Ботабеков көне кітаптарды сақтау технологиясы сақталмаса, олар адам денсаулығына кері әсер ету мүмкіндігін алға тартады.Бұл туралы орталықтың баспасөз хатшысы Камшат Тасболат фейсбук парақшасында жазба жариялады.

Кітаптың дұрыс сақталуы қоршаған ортаның ылғалдылығына, температурасына, жарықтың түсуіне байланысты. Қағазға күн сәулесінің әсері қандай, бұл да маңызды.

Әрине, көзге көрінбейді ғой, бірақ кітаптың ішінде әртүрлі молекулярлық процестер жүреді. Температураның жоғарылығы химиялық процестердің тезірек жүруіне әсерін тигізеді. Бұл процестер қайтарымсыз. Яғни, ол кеуіп, қурап кетті ме, сен оны бұрынғы қалпына қайтара алмайсың. Бәрібір ол бастапқы деңгейіне келмейді.

Кітаптың арасында әртүрлі микробтар болуы мүмкін. Мәселен, бір кездері кітаптар судың астында да, төбеде де жатқан болуы мүмкін. Ал оның ішінде кездесетін саңырауқұлықтар ең алдымен адамның тыныс алу мүшесіне әсер етуі ықтимал.

Саңырауқұлақ қалай тарайды? Оның спорасы ауада ұшып жүреді. Кейбір адамдардың көзіне әсер етеді, аллергиялық реакция туғызады. Егер адам көне кітапты әрдайым қолына ала беретін болса, астма сияқты ауруға да шалдығуы мүмкін. Ал үйде иммунитеті әлсіздеу кішкентай балалар мен үлкен кісілер де болуы мүмкін ғой. Ескі кітапты үйде сақтау өте қауіпті!

Бұл әрине жаңа кітаптарға қатысты емес. Әрине, ешкім үй жағдайында кітапқа қажетті ылғалдылықты қамтамасыз ете алмайды ғой. Бірақ естен шығармайтын нәрсе, әсіресе органикалық заттарда микроб, зең тез тарайды. Менің естуімше, адам үшін қара зең өте қауіпті.

Егер көне кітапты біздің орталыққа алып келсе, ол бірден карантинге түседі. Біз оны мұнда «емдейміз». Ғылыми бөлім бұл кітапты сирек деп тапса, біз оны реставрацияға аламыз.

 Біріншіден, біздің қорда кітапқа қажетті ылғалдылық жағдайы сақталған. Екіншіден, біз оны толықтай залалсыздандырамыз.

Өкінішке қарай, ел ішінде сирек кітаптар әлі де бар ма, жоқ па оның нақты статистикасы жоқ. Өкініштісі сол, мұражайлар, қорықтарда да сақталып отырған кітаптардың қаншалықты сирек, көне кітап екенін білетін мамандар ол жерлерде жоқ.

 

593 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз