Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 11 Наурыз, 2021

Бетперде таққанымызға да бір жыл өтті...

Күнделікті тысқа шыққанда сыртымыздан киетін күртешеміз бен бас киім, қолымыздағы сөмкеміз секілді аузымызға бетперде тағу бүгінде қалауымыздан тыс дағдылы іске айналды. Сән индустриясында, тіпті, киген көйлегіңіз бен басқа таққан орамалыңыз, немесе басқа да сырт киімдеріңізге қосымша атрибут ретінде түрі мен түсі сәйкес маскалар өндіру жолға қойылды. Сапасы мен түріне қарай олардың бағасы да әртүрлі.  Ал, сіз масканы неше теңгеге алып жүрсіз, оқырман?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) коронавирустың таралуын «пандемия» деп 2020 жылдың 11 наурызында жариялады. Бұл кезде әлем бойынша 118 мың вирусты жұқтырғандар тіркеліп, күніне 5 мыңға жуық жаңа жағдай анықталған еді. Бүгін бүкіләлемдік пандемияның жарияланғанына бір жыл толды.

COVID-19 коронавирустық инфекциясының алғашқы жағдайлары Қазақстанда 2020 жылы 13 наурызда анықталды. Аурудың таралуын болдырмау үшін 2020 жылдың 16 наурызында елде төтенше жағдай режимі енгізілді. Елге кіруге және шығуға шектеулер енгізіліп, көптеген нысандардың жұмысы уақытша тоқтатылды.

Карантин талаптарына сәйкес, медициналық маска тағу мен антисептикалық құралдарды пайдалану міндетті шара ретінде бекітілді. Осы тұста Қазақстан әлемнің өзге елдері секілді бетперде тапшылығына тап келді.

Қазақстан үкіметі 2020 жылдың 29 қаңтарында медициналық сақтану құралдарын ел аумағынан тыс жерлерге әкетуге тыйым салды. Дегенмен, бұл шара елдегі бетпердеге деген тапшылықты түбегейлі жоя алған жоқ. Дәл осы тұста медициналық маскаларды бизнес көзіне айналдырып, ақша табуды көздеген азаматтар қатары көбейді.  Бір дәріханадан мыңдаған дәрілік препараттар мен қорғану құралдарын алып, екінші жерде көтеріңкі бағада сататын алыпсатарлар маска бағасының өсуіне ықпал етті.

 Мәселен, елордада пандемия кезінде бір пәтерде сатуға арналған бетперде жасайтын екі тігін машинасы, 800-ден астам медициналық маскалар жасауға арналған мата  тәркіленген. Алыпсатарлардың негізгі сату алаңы Olx.kz секілді жарнамалық интернет сайттары болды. Осындай тағы бір өрескел жағдай Қазығұрт ауданына орын алған, онда саудагер бір масканың құнын 300 теңгеге бағалаған. Осы тұста медициналық құралдарды көптеп сатып алуға жол бермеу үшін дәріханаларға адам басына 10 маскадан артық сатпау туралы шектеулер қойылды.

Аяқ астынан пайда болған тәжтажал былтырғы жылдың маусымында өзге елдер секілді Қазақстан халқын да тығырыққа тіреді. Елде қабылданған сақтық шаралары мен дәрігерлердің жанкешті еңбегіне қарамастан, ауруға шалдыққандар көбейіп, ауруға төтеп бере алмай, өмірден өткен науқастар саны шарықтау шегіне жетті. Сол себепті,  2020 жылдың 13 шілдесін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев COVID-19 коронавирусының салдарынан қайтыс болғандарды ұлттық аза тұту күні деп жариялады. «Мен жақындарын жоғалтқандардың барлығына көңіл айтамын, сондықтанм13 шілдені ұлттық аза тұту күні деп жариялаймын», - деді Президент.

2020 жылдың 20 шілдедегі жағдай бойынша, медициналық маска бағасының едәуір тұрақталғаны байқалды. Осы тұста бір реттік қолданылатын медициналық маскалардың бөлшек саудадағы бағасы 80 теңгеден 60 теңгеге дейін, яғни 25%-ға төмендетілді.

Сұраныс көбейгенде бағаның өсуі заңды құбылыс. Дегенмен, елімізде ең қолайлы сақтану құралы маска бағасын тұрақтандыру жұмысы кешенді шараларды қажет етті. Осы тұста дәрілік препараттар мен медициналық құралдарға фармацевтикалық бақылауды жүзеге асыру үшін 2020 жылы Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті құрылды. Сонымен қатар, медициналық маскаларды қымбат бағада сату жағдайларының куәсі болған азаматтарға жедел хабарласуға арналған тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефоны іске қосылды.

Биылғы жылдың наурыз айында Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы қызметінің қорытындылары мен 2021 жылға арналған міндеттері бойынша өткен кеңейтілген алқа отырысы өтті. Онда коронавирус пандемиясы жарияланған уақыттан бері елімізде қабылданған шаралар кеңінен талқыланды.

 Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өз баяндамасында медициналық препараттар мен жабықтардың баға тұрақтылығы жайлы айтып өтті. «Вакциналарды уақытша тіркеу ережелері әзірленді, дәрілік заттарды, медициналық бұйымдар мен жабдықтарды тіркеу рәсімдері жеделдетілді. Баға мониторингімен 1640 астам дәріхана қамтылды, шекті бағаны асырудың 939 факті анықталды, 1343 субъектіге 181,6 млн теңге сомасында айыппұл салынды», - деп есеп берді Денсаулық сақтау министрі.

Бүгін, яғни 11 наурыз күні өткен онлайн-брифинг кезінде Алматыны дәрімен қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіруші Тимур Хаиров: "Бүгінгі күні күн сайын қала станионарлары, емханалары мен дәріханаларын дәрі-дәрмек және жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету мониторингі жүргізіледі. Дәріханалар медициналық маскамен 100 пайыз қамтылған. 6 компания күніне 1 миллионнан астам маска өндіреді. Бүгінде қолымызда 26 миллионнан астам маска бар», - деді.

Қазіргі кезде Алматы қаласы бойынша медициналық масканың орташа құны 50 теңгені құрайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Дерттің қатері әлі де сейілген жоқ. Вирусты вакцинация арқылы ғана түбегейлі ауыздықтай аламыз. Барша отандастарымызды ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге шақырамын", - деп отандастарымызды сақтық шараларына мұқият болуға шақырады. Аурудың алдын алу өзімізден басталады. Ал, оның ең қарапайым тәсілі - қалтаңызда антисептигіңіз болып, сақтану үшін үнемі бетперде тағып жүргеніңіз абзал.

 

Гауһар Түстікбаева

«Қазақ газеттері» ЖШС

 

684 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз