Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 21 Мамыр, 2021

Кадрдың қадірін арттыру – басты талап

Қазiргi заман талаптарына сай жастарға бiлiм және тәрбие беру, оларды жан-жақты дамыту қоғам алдында тұрған басты мiндеттердiң бiрi. Өйткені, бүгінгі бiлiм беру – қоғам мүшелерiнiң адамгершiлiк, интеллектуалдық мәдени дамуының жоғары деңгейiн және кәсiби бiлiктiлiгiн қамтамасыз етуге бағытталған тәрбиелеу мен оқытудың үздiксiз процесi.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында қолжетімді және сапалы білім берудің маңыздылығын ерекше атап өтіп, еңбек нарығы талап ететін құзыреттерді қалыптастыруға кәсіптік білім берудің барлық жүйесін қайта бағдарлау мәселесіне ерекше назар аударғаны белгілі. Сондай-ақ, техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарды даярлауға мемлекеттік тапсырысты бөлу кезінде мемлекеттік тапсырысты орналастыру жөніндегі комиссия мүшелері бірінші кезекте колледждерді бейіндеуге баса назар аударуы тиіс делінген.

Кәсіптік-техникалық білім беру саласына, яғни колледждерге айрықша маңыздың берілуі бекер емес. Себебі, кәсіпорындардың сұранысына ие жұмысшы мамандықтар бойынша кадрлар осында арнайы дайындалады. Олардың арасында Алматы мемлекеттік бизнес колледжінде дайындалатын есеп және аудит, банк және сақтандыру ісі, менеджмент, маркетинг, бағдарламалық қамтамасыз ету, тамақтандыруды ұйымдастыру, нан пісіру, макарон және кондитер өндірісі, тағам өндірісінің технологиясы секілді заман талабына толықтай жауап беретін заманауи әрі беделді мамандықтар бар.

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім беру қызметіне қойылатын талаптар қазір күшейтіліп келеді. Осы орайда Алматы мемлекеттік бизнес колледжі де қарқынды жұмыс істеу үстінде. Алматы мемлекеттік бизнес колледжі – Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы көне оқу орындарының бірі, 70 жылдан астам уақыт бойы еліміздің бизнес салаларын тәжірибелік тұрғыдан дамытуға бағдарланған мамандарды даярлауды табысты жүзеге асырып отыр.

Құрылған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін колледж білім беру қызметтері нарығында жетекші орында. Сонымен қатар әлемдік білім беру, ғылыми-техникалық және ақпараттық кеңістікке кіру бойынша халықаралық қызметті дамытуға барынша көңіл бөлген білім ордасы қазірде Қазақстанның жетекші колледждерінің ондығына кіреді. Кезінде Сауда техникумы ретінде аты мәшһүр болған тарихи білім ордасы орта буын мамандарын және білікті жұмысшы кадрларын дайындайды.

Бүгінде колледжде ҚР СТ ISO 9001-2016 талаптарына сәйкес, сапа менеджменті жүйесі сәтті іске аса бастады. Электрондық оқу процесін басқарудың сандық жүйесі «portal.ambk.kz» жұмыс істейді. Білім алушылардың білімін бағалау нәтижелері туралы ақпаратты жедел ұсынуды, сондай-ақ электрондық форматтағы тапсырмаларды қамтитын қайтарма байланыс жүйесі бар. Бұл онлайн-жүйе әлемдік індетке байланысты пандемия кезінде сәтті жемісін берді. Осыған байланысты Бизнес колледжінде қабылдау комиссиясының жұмысы онлайн түрде сапалы жолға қойылған.

Колледж педагогтары мен білім алушылардың цифрлық сауаттылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Колледждің 94 оқытушысы «Талап» КЕАҚ «Педагогтердің IT-құзыреттілігін дамыту және жетілдіру» тақырыбы бойынша қашықтықтан біліктілікті арттыру курстарынан, 68 оқытушысы «Қашықтықтан оқытуды үйренемін» НЗМ ПШО курстарынан өтті.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында колледж қалалық, республикалық, халықаралық біліктілік бойынша байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Атап айтар болсақ, «1226000 – Тамақтандыру кәсіпорындарының өнімдерін өндіру технологиясы және оны ұйымдастыру» мамандығының студенті Алмас Асылбеков «Аспаз ісі» құзыреттілігі бойынша World Skills республикалық чемпионатының қола жүлдегері болды. Ал тағы бір студентіміз Қасымханов Жомарт «Кәсіпқор» Холдингі КЕАҚ ұйымдастырған «Топ – 100 студент» байқауына қатысып, республика колледждерінің үздік ондығынан орын алды. «World Skills Kazakhstan» қалалық чемпионаттарынан көптеген студенттеріміз жүлделі орындарды иеленіп, колледж бен ұжым мерейін асырып келеді. «Мен – кәсіпкермін» IX қалалық іскерлік экономикалық ойынында «3D технология» бизнес-жобасы үшін «Өндіріс» номинациясында және «Turan-Үміті – 2020» үздік әлеуметтік бизнес-жобасында бірінші орын иеленеген студенттерімізді әрдайым мақтан етеміз. Осы секілді көптеген байқауларда шәкірттеріміз үздіктер қатарынан табылып, оқу орынындағы техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларының тиімді тұстарын дәлелдеп келеді.

Колледжде барлық мамандық бойынша жұмысқа орналасу оңды шешілген. Өйткені бизнеске бағытталған, еңбек нарығында сұранысқа ие түлектеріміз қандай уақытта да өз кәсіптерін ашып, оны дөңгелетіп алып кете алады. Көптеген түлектеріміз қазір ірі компанияларды басқарып, жұмыс берушілердің қатарынан ойып тұрып орын алып отыр. Мәселен, «ХамаПарк» мейрамханасының директоры Серікхан Әділханов, қонақ үй, мейрамхана кешені кіретін «Уют» ЖШС Бас директоры Алексей Архангельский, «Альфа Банк» АҚ басқармасының бастығы Айдар Пазыл, «ШераПарк» қонақ үйі жанындағы мейрамхананың басқарушысы Мадияр Илимбаев, Ақтау қаласындағы «Бұхара» мейрамханасының директоры Мақсат Айса, «Интерфуда» директоры Алтынбек Уақбаев, «Афиша» мейрамханасының басшысы Руслан Бахтояров, Ақтаудағы «Барон» мейрамханасының шеф-аспазы Алмас Асылбеков, Нұр-Сұлтандағы «Хан» суши-бар желісінің бас аспазы Сырым Төлепберген, «Burger King» компаниясының өңірлік бизнес тренері Балжан Кожамбекова, «local corporation» компаниясының бас графикалық дизайнері Сұлтан Сүлеймен, «Көмек 1» ЖШС қаржы директоры Жанар Махатова, «Шаг» компаниясының IT бөлімінің бастығы Савелий Чернов секілді түлектеріміз колледжбен байланыстарын үзбейді.

Бұл колледждегі дуальді-модульдік оқыту моделінің арқасында дұрыс жолға қойылған. Бүгінгі таңда 346 студент әлеуметтік серіктестермен ынтымақтастық туралы шарттар мен дуальді оқыту бойынша өзара іс-қимыл туралы меморандум негізінде «Хама Парк» мейрамханасы, «Оқжетпес "Есентай» қонақ үйі, «Rixos Almaty» қонақ үйі, «Есентай Gourmet» гастрономы, «Ориент Алакөл» демалыс аймағы, «АлмаСтор» ЖШС, «Рахат Палас Отель» қонақ үйі, «Garden Park inn» қонақ үйі, «Айса мақсат» ЖК, «Fish» мейрамханасы, «Беккер и К» ЖШС, «Десерт» ЖК, «Десерт» ЖШС, «Лейпурин» ЖШС, «Алматы кітап баспасы» ЖШС, «1С: Франчайзинг Ваниевы» ЖШС, «Центр Софт» компаниялар тобы, «ПК+ақпараттық технологияларды дамыту институты» ЖШС жетекші компанияларында тәжіибелік біліктіліктерін шыңдап отыр.

Колледжде қадрдың қадірін арттыру басты назарға айналған. Бұл білім ордасындағы ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Алматы білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту бағдарламаларының негізінде жүзеге асырылады. Осы орайда, Алматы мемлекеттік бизнес колледжі алдағы уақытта «Жас маман»жобасы бойынша 290 миллион теңгеге жуық қаржыға «Нан пісіру, макарон және кондитер өндірісі» мамандығы бойынша арнайы құрал-жабдықтар алуды жоспарлап отыр. «Жас маман» жобасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленген. Оның мақсаты – колледждерді сұранысқа ие мамандықтар бойынша жаңғырту және білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу. Бұл жоба республикалық деңгейдегі үздіктердің қатарындағы Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің беделін одан әрі арттыра түсері сөзсіз. Өйткені, Бизнес колледжі нарықтың қазіргі заманғы қажеттіліктерін қанағаттандыруға қабілетті жоғары білікті орта буын мамандарын, жұмысшы кадрларын даярлауды қамтамасыз ету бағытында әзірленген миссиясы мен стратегиясына сәйкес, білім беру қызметтерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша құнды мақсаттар мен міндеттерді алға қояды. Өйткені, мұндағы ұжым техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту – басты заман талабы екенін жан-тәнімен түсінеді.

 

Ұлан САДЫҚОВ,

Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің

өндірістік оқыту шебері

1257 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз