- Өзекті
- 03 Маусым, 2021
Абайдың 45 қара сөзін жатқа айтқан
Абайдың 45 қара сөзін жатқа білетін Алматы қаласы Алатау ауданындағы №178 мамандандырылған лицейдің 11-сынып оқушысы Мәдина Жәрдембекқызы Жамбыл, Мұқағали жырларынан талай бәйгеде оза шауып, қатарластарынан оқ бойы озық шыққан. «Дара оқырман» клубының мүшесі. Спорттан да құр алақан емес, тенниспен айналысады. Музыкаға жаны жақын, әсіресе қобыз, скрипка үні жанымен үндес. Бір қарағанда бала, әңгімелесе келсең дана Мәдинаның қоғамдағы өзекті мәселелерге өзіндік көзқарасы қалыптасқаны әңгіме барысында анық аңғарылады. Абайдың «Ішінде кімнің оты бар, қар жауса да сөнер ме?» деген сөзі Мәдинадай жалындаған жастарға қарата айтылғандай.
Ол жастайынан ертегі, жыр тыңдап өскен. Отбасында үш ағайынды. Алдында екі ағасы бар. «Кішкентай кезімде әкем бізге «Ер Төстік» ертегісін, «Ер Тоңға» жырын, А.Пушкиннің ертегілерін оқып, ұйықтататын. Қазір көлікте Шалқар, Қазақ радиолары қосулы тұрады. Халық әндерін, Шәмшінің әндерін жақсы көреміз. Ән-жыр, терме-толғау, күй тыңдаймыз. Газет-журналдарды назардан тыс қалдырмаймыз. Газетті ешкім оқымайды, тоқымайды дейді. Зерттеп көрсеңіз, ауылда да, қалада да газет оқылады. Мен жан-жағыма қарап, байқап жүремін. Газеттен бас алмай оқитындар көп. Мысалы, менің әдеби жетекшім Әділ Сағынбекұлы қай кезде көрсеңіз де, газет оқып отырады» деп, отбасында республикалық басылымдардан өзге, «Алакөл», «Шу өңірі» секілді көптеген өңірлік басылымдардың оқылатынын тілге тиек етті.
Өмірдегі мақсаты – жақсы адам болып қалыптасу. Әкесін өнеге тұтады. Кішкентайынан әкесінің махаббатына бөленіп өскенін, әкесі оны қатты жақсы көретінін айтады. «Әкем мені кез келген уақытта қолдап, еркелігімнің барлығын көтереді. Мен де әкемді ұятқа қалдырмай, жақсы оқуға тырысамын» деп әкесіне деген құрметін, ілтипатын білдірді. Әкесі Жәрдембек Сыдықбекұлы – адвокат. Анасы Дидар Мұратқанқызы – отбасылық дәрігер.
– Абайдың қара сөздері мен үшін тың жаңалық болды. Қазақтың тағдыры, қазақтың болашағы, қазақтың қандай екені, соның бәрін ашып жазған. Ол маған өте қатты ұнады, – деген кейіпкеріміз, Абай әлеміне қалай келгенін баяндап берді. «7-сыныпта оқып жүргенде әдебиет пәнінің мұғалімі Балжан Ертуғанова үй жұмысына Абайдың қара сөзін оқып келуді тапсырды. Абайдың қара сөздерін өмірімде бірінші рет ашып көрдім. Үй жұмысын орындап, ертеңіне әдебиет сабағында 3-қара сөзін айтып бердім. Сынып іші сілтідей тынған. Шыбынның ызыңы естілетіндей тыныштық. Барлығы маған қарап қалған. Мен түк түсінбеймін. Нашар айттым ба, бір жерінен қателестім бе деп ойладым. Сөйтсем, керісінше, өте жақсы айтыппын. Бәрі таңғалып, бүкіл сыныптасым мені қолдады» деп жымия еске алды. Сол күннен бастап мектепішілік іс-шараларға, аудандық, қалалық байқауларға қатыса бастаған. Алғаш үлкен сахнаға Бас мұрағатта өткен Қадыр Мырза-Әліні еске алу кешіне шақырту алған.
– Бір күні «Дара оқырман» клубының жетекшісі Әділ Сағынбекұлы дарынды, талантты балаларды іздеп жүр дегенді естіп, арнайы іздеп барып, «клубқа мүше болғым келетінін» айттым. Ол кісі ұлтжанды азамат. Алдына келген баланы кері қайтармайды. Қайта жан-жақты ашылып, талантының шыңдалуына барынша қолдау көрсетеді. Менің поэзияға құштарлығым, әдебиетке, көркем шығармаға, газет-журналған деген қызығушылығым дәл осы кезден басталды деп сенімді түрде айта аламын. Бұрынғыдай емес, құмарланып оқитын болдым. Зейнеп Ахметованың сұхбаттарын қызығып, іздеп жүріп тыңдаймын. Өмірде ол кісімен кездескім, көргім, әңгімесін тыңдағым келеді. Жүрсін Ерманның өлеңдерін жақсы көремін. Мақпал Мысаны оқимын. Өзімді тануыма жол көрсеткен, бағыт-бағдар берген мектептегі әдебиет пәнінен сабақ беретін ұстаздарым Балжан Ертуғановаға, Толғанай Оразалиеваға, үнемі қолдап, жанашырлық танытатын лицей директоры Қайратбек Шадиевке, әдеби жетекшім Әділ Сағынбекұлына ұлт газеті «Ана тілі» арқылы алғыс айтқым келеді, – деді жүзі қуаныштан бал-бұл жайнап.
Абайдың қарасөзінен басталған құштарлық Мәдинаны талай жеңіске жетелеген. Жарасқан Әбдірашевті еске алу кеші, Абайдың 120 өлеңін жатқа айтатын Айзада Мақсұтқызының поэзия кеші, Республика сарайында өнерде жүрген аға буын аға-әпкелерімен бірге өнер көрсеткен «Дара оқырман» поэзия кеші... бәрі-бәрі есінде. Бос уақытында кітап оқитынын, спортпен айналысатынын, кейінгі кезде арасында өлең жазып жүргенін айтты. Қазір басты мақсаты – ҰБТ-дан жоғары балл жинап, грантқа түсу екенін тілге тиек етті.
Бағдагүл Балаубаева
«Ana tili»
731 рет
көрсетілді0
пікір






