Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 03 Маусым, 2021

Оралхан Дәуіт. Медбике

Соңғы бір-екі айда денсаулық ептеп сыр беріп, ауруханаға жатып, укол, капельница алып, одан түрлі анализдер, қан тапсырып, инеден біраз ығыр болғаным рас.

Сонда да дәрігерім өткенде «Ең кемі үш рет, болмаса бес рет капельница алу керек» деген ем жазып беріпті.

Ал, менің емханаға барғым да келмеді, емді де алғым келмеді. Бірақ, келіншегім қоймады. «Ең болмағанда бір рет капельница алшы» деп жалынды. «Жарайды, бір-ақ мәрте аламын» деп, ақыры келістім. Және тағы бір шарт қойдым.

-- Мен капельницада жатқан кезде сен менің қасымда отыршы, -- дедім келіншегіме.

-- Мен не үшін отырамын? Капельница алудың түк те қиындығы жоқ қой. Медбикеге дәрігердің қағазын көрсетесің, дәрілерді бересің, болды. Өзі-ақ түсінеді. Менің бірге барудың түк те қажеті жоқ, -- деп барғысы келмеді ол.

-- Ой, мен қорқамын... Кім біледі, тағы бірнәрсе боп қала ма? Қасымда отыр. Ең болмағанда әңгімелесіп отырамыз.

Қысқасы, қоймай жүріп келіншегімді ертіп алдым.

Барсам, капельница салатын медбике қылмыңдаған әдемі келіншек екен. Салған жерден сөзіміз жарасып кетсе бола ма?

Бір дәріхананың жанынан ашылған жекеменшік емдеу бөлмесінде менен басқа ешкім жоқ. Аяқ жақта әңгіме айтқысы келіп әлгі ақ халатты келіншек ерігіп отыр. Оның ар жағында келіншегім...

Содан келіншегімді ертіп келгеніме өзім өкініп қалсам бола ма?

Оң қолыма ине тығып қойған, сол қолыммен әрең дегенде келіншегіме смс жаздым. «Қайта бер, өзім қайтамын» деп...

Сөйтсем, ол да жағдайды сезіп қалыпты.

«Жоқ, күтемін, бірге қайтамыз ғой» деп жазып жіберіпті.

Сонымен үшеуміз көзіміз бақырайып, бір-бірімізге қарап отырдық.

Тек ем бітіп, орнымнан тұра бергенде «Түу, Гүлнар-ай, мына бір әдемі келіншекпен еркін әңгімелесейінші деп едім, сен де кете қоймадың ғой» дедім әзілдеп...

Келіншегім күлді.

Содан келіншегім «Капельницаны бір-ақ рет аламын деп едің, не істейсің, ертеңнен бастап ары қарай тағы аласың ба?» деп маған қарады. Оның ар жағында медбике келіншек күлімдеп қарап тұр.

Мен не дейін?..

-- Канешні, дәрігердің айтқанын тыңдау керек қой, бес мәрте деді ме, бес мәрте алу керек, -- дедім аузымды толтырып.

Алла Тағалам ауырта көрмесін. Әрдайым көңілді жүрейік, ағайын!

 

1435 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз