Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Qazaq gazetteri TV
  • 04 Маусым, 2021

Көк Тудың желбірегені...

4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні. Осыдан он төрт жыл бұрын, дәлірек айтқанда, 2007 жылы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» заң қабылданып, ­содан бері мемлекеттік рәміздер мерекесі жыл сайын мерекеленіп келеді.

Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің елдігін көрсететін, егемендігіміздің басты нышандарының бірі. Ата-бабамыздың өмір салтын, болмыс-бітімін, арман-аңсарын білдіретін – Ту, Елтаңба, Әнұранның қадір-қасиетін біз қаншалықты терең түсініп, бағалай алып жүрміз? Бұл сауал әр қазақтың, әр қазақстандықтың, өзін елінің патриотымын деп санайтын саналы азаматтың көкірегінде тұруы тиіс. Әр қазақ баласы қызғыштай қорып, көзінің қарашығындай сақтап, құрметтеуі тиіс.
Бірде жол бойында жатқан бір теңгені аяқ астынан көтеріп, әкесінің қолына ұстатқан 3-4 жастағы балақайды көріп, қызыға қарадым. Әкесі әлгі бір теңгені аялай сүртіп, «Иә, балам, еліміздің Елтаңбасы аяқ астында жатпауы керек» деп маңдайынан иіскеп, ұлының қалтасына салды. Әлгі көрініс көпке дейін көз алдымда жүрді. Міне, бұл рухты елдің ұрпағы.
Иә, қазақтың тарихынан кешегі Исатай, Махамбеттердің, Алашорда қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтардың Ту көтергені белгілі. Қазақ Туды ерекше қадірлеген халық! Қазақ – рухты халық! Қазақ – намысты халық! Қазақ Туын ешқашан жықпаған халық! Қазақ бір Тудың астына біріккен, бір Тудың астына жиналған халық!
Тәуелсіз ел тарихында есімі алтын әріппен жазылған сәулетші, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков мемлекеттік рәміздерді атаулы мерекеде ғана емес, жыл бойы насихаттау керек, оған «Ана тілі» ұлт газеті үлес қосып, осы мәселені көтерсе деген ұсынысын жеткізді.
«Біз мемлекеттік рәміздерді өз дәрежесінде насихаттай алмай  отырмыз. Атаулы мереке күні айтып, жазып қойғанымызбен, іс жүзінде сол айтылған, жазылған жерінде қалып қойып жатыр. Мұны ел басшыларына дейін күнделікті берген тапсырмаларында айтып отыруы керек. Жаңа идеямен, жаңа қарым-қатынаспен насихаттаған жөн. Елде ғана емес, шетте жүрген қазақтарға да рәміздерімізді насихаттау керек деген мәселені жиі айтып, көтеріп жүрмін. Шын мәнінде насихаттап оқытатын болса, менің «Қазақстанның Елтаңбасы» атты үш тілде: қазақ, орыс, ағылшын тілінде жарық көрген кітабымда көп нәрсе бар. 
Мемлекеттік рәміздерді жете түсінбегендіктен, қабылдамағандықтан елде келеңсіз жағдай өте көп.  Өз елім, өз жерім, өзімнің туған топырағым деген түсінік қалыптаспағандықтан біреулері жерді тастап, басқа жаққа кетіп жатыр. Сирияға барғандар, қайтып келіп жатқандар бар. Айта берсең таусылмайды. Мұндай жағдай болмау үшін туған жерімен, туған топырағымен мақтанатын, ата-бабаларының аманатымен жүрген азаматтардың қалыптасқанын қалаймын. Ол үшін мемлекеттік рәміздерге маусымдық дүние деп қарамай, жыл бойы, балабақшадан, мектептен бастап насихатталуы керек. Керек десеңіз, мемлекеттік үлкен орындарда да насихат болмағаннан кейін келеңсіздік туындап жатады. Сондықтан мемлекеттік рәмізге деген қарым-қатынас түбегейлі өзгеріп, оны насихаттаудың форматын енгізуіміз керек. Қазақ халқы жаңалыққа құштар халық, өзінің қажыр-қайратымен бәрін еңсеретініне мен сенімдімін. Демек, меніңше, отыз жылдан кейін қайта өсіп-өрлеу дәуіріне көтерілеміз. 
Елтаңбаның тарихына тоқталсам, негізгі арқауы – қазақтың киіз үйі.  Киіз үйде қаншама заман бар. Кезінде  Таңбалы петроглифтеріне бардым. Ол жерде тайпалардың таңбалары бар. Ат – қазақтың рухы. Жеті сақина салынды. Ол жеті атаны білдіреді, қазақ текті халық екенін білдіреді. Мұның бәрі біріккен заманды көрсететін бөлшектер. Үш қауырсын бар, ол тәуелсіздіктен кейінгі жастарымызды аталар аманатына апаратын жол. Бес бұрышты жұлдыз. Біз тәуелсіз мемлекет болдық, тәуелсіз мемлекеттің өз жұлдызы, өз жолы болады деген сөз.  Елбасының өзі Елтаңбаны таңдады, оның басына мәңгілік ел жұлдызын қадаған біздің Елбасымыз. 
Елтаңбаның төменгі жағында қошқар мүйіз бар. Ою-өрнек өз алдына мәдени ғылым. Біле білсеңіз, біздің қазақ халқының батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігі бір-бірімен ой-өрнек арқылы сөйлескен. Мұның барлығы тарихқа, елге деген сүйіспеншіліктен, көп ізденіп, тереңдей беріп шыққан дүние. Сондықтан өсіп келе жатқан ұрпақ оның әр бөлшегін мән-мағынасын біліп, түсініп өсуі керек. Біз осы тұрғыда жұмыс істеуіміз керек» дейді ол.  
Қазақ баласының Туға деген құрметі ерекше. Оны шетелде Олимпиада чемпиондары алып шыққанда да байқап жүрміз. Өз еліңде отырып, тақымыңды қысып, Қазақ елінің Туы төмен түспегенін, байрағымыздың биікте желбірегенін жан-жүрегімізбен қалаймыз. Тудың жауапкершілігі де зор. Туды көргенде артыңда қазақ деген халқың, елің, жұртың бары бойыңдағы жауапкершілігіңді екі еселейді. 
Қазақстан Республикасы Конституциясының 34-бабында «Әрбір азамат Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін білуге және құрметтеуге міндетті» деп анық көрсетілген. Көк Туымыз көк аспанда мәңгілік желбіресін десек, ұлтқа қызмет етуге ынта-шынтамызбен кіріселік! 
Көк Тудың желбірегені –
Жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен Ту,
Жан емес, маған керегі –
Көк Тудың желбірегені,  – дегендей, Көк Тудың астында бірігіп, Көк Туымыз көк аспанда мәңгілік желбірей берсін!

Б.МҰРАТҚЫЗЫ

4985 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *