Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 10 Маусым, 2021

Мұқағалидың 90 жылдығына - «Мұқағали тілі сөздігі».

Жаныңды ұға алатын Мұқағалидың талай жырының сыры әлі ашылған жоқ. Бұл ретте сөзсіз ақынның тереңнен тартатын тіркестері мен салмақты сөздеріне ғылыми зерттеулер жүргізілуі керек-ақ. Міне, дәл осындай еңбек бізде бар. Оны жақында ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы таныстырды. Бұл туралы Ерлан Жұрынбаев өзінің фейсбук парақшасында мәлім етті.

«Мұқағали тілі сөздігі» атты көлемді ғылыми-танымдық еңбек – сирек жанрдағы кітап. Олай дейтін себебіміз, мұндай жеке тұлғаның сөздік кітабын шығару дәстүрі, ғалымдардың айтуынша, шетелдерде оқырмандар мен зерттеушілерге жақсы таныс. Оған «Шекспир сөздігі», «Пушкин тілі сөздігі», елдегі «Абай тілі сөздігі» кітаптары мысал бола алады.

Енді «Мұқағали тілі сөздігі» жарық көрді.

Оқырмандарға ақынның жырларындағы сөздердің мағынасын жан-жақты түсінуге мүмкіндік беретін бұл кітапты бір институт емес, «Қазақ поэзиясының Хан тәңіріне» айналған Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына шын жанашыр бірнеше ғалым бірігіп жазды.

Олар: филология ғылымының докторы, профессор Байынқол Қалиұлы, қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев, Ұлттық ғылым академиясының академигі Шерубай Құрманбайұлы және Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры Сәбира Исақова.

Көлемді еңбекте Мұқаңның 5 томдық толық шығармалар жинағындағы сөздер тегіс қамтылып, мағынасы ашып түсіндірілген. 13 мыңнан аса сөздерге, соның ішінде 5035 тұрақты тіркеске түсінік берілген. Кітап авторларының бірі Шерубай Құрманбайұлының айтуына қарағанда, Мұқағалидың жырларында жиі және өте сирек, тіпті бір-ақ рет қолданылған сөздерге талдама жасалған. Осы арқылы М. Мақатаевтың қазақ әдеби тіліне қосқан үлесі мен орны айқындалған.

Осы орайда көпшіліктің көкейінде «Кітапқа қалай қол жеткіземіз?» немесе «Мұндай еңбек кеңінен таралуы керек қой» деген сұраныс, тілектер тууы мүмкін. 111 баспа табақтан тұратын кітап Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен шығарылып, республикаға таратылды. «Мұқағали тілі сөздігінің» елорда төрінде тұсауы кесіліп, Мырзатай Жолдасбеков, Бексұлтан Нұржекеұлы бастаған ағаларымыздың батасын алғанымен, ақынның туған өлкесінде таныстырылмаған екен. Сол себепті алдағы Мұқаңның 90 жылдығында кітаптың таныстырылымы өтіп, авторлар осы еңбегін мерейтойға тарту етпек.

Бұл – Алашқа ортақ ақын Мұқағалиға жасалған зор құрмет және кітапсүйер қауым үшін үлкен олжа. Оқырмандары көп болсын дейміз. Және дәл осы еңбек болашақта сыршыл, лирик, жүрекке жеткізіп жазған ақынның шығармаларын ғылыми тұрғыдан тереңдей зерттеуге негіз болады деп сенеміз.

 

841 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз