Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 12 Маусым, 2021

Вакциналау: Кері əсерлер статистикасы не дейді?

Коронавирусқа қарсы жыл басынан бері елімізде қолданылып жатқан вакцина төңірегіндегі дау-дамай әлі де болса толастар емес. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 77-бабына сәйкес кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакцина егілетін адамның тек ақпараттандырылған келісімімен ғана жүргізіледі деп айқын көсетілген. Биылғы жылдың 1 ақпанынан бастап елімізде Ресейде шығарылған «Спутник V» КВИ-ға қарсы вакцина салдырту басталғаны белгілі. Артынша вакциналау процесіне отандық өндіріс – QazCovid-In препараты  клиникалық сынақтардан өтіп қолданысқа енді. Осы ретте вакцина төңіре­гіндегі мәселелерге байланысты Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті директорының орынбасары Әсел ҚАЛЫҚОВАҒА бірнеше сұрақтар қойған едік.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

– Әсел Тоқанқызы, жылдың көктем-жаз мезгілі аллергиялық аурудың қозатын уақыты екені белгілі. Адамдарға коронавирусқа қарсы вакцина салдырту кезінде  медицина қызметкерлері нені ескеруі тиіс?
– Иә, біріншіден, медицина қызметкерлері кез-келген вакцинаны салмас бұрын адамның аллергиясы бар-жоғын анықтайды. Егер ауыр аллергиялық ауру болса, адамға вакцина салуға медициналық тұрғыдан бас тартылады. Бұл ретте, аллергиялық реакцияны болжау мүмкін емес, себебі әрбір адамның ағзасы әр түрлі. Уақтылы ден қою үшін адам вакцина алғаннан кейін алғашқы 30 минут ішінде дәрігердің бақылауында болуы керек. Дәл осы аралықта вакцинаға аллергиялық реакция болуы мүмкін. 
– Халық арасында вакциналау арқылы жаппай чиптеу туралы ақпа­рат әлі де айтылуда. Аталған мәселе жөнінде тоқталып өтсеңіз?
– Елімізде бірде-бір вакцина адам­ды чиптеумен байланысты емес. Вакцина жасамас бұрын, әрбір адам вакцина құрамы туралы ақпарат бере­тін нұсқаулықпен танысуға құқылы. Коронавирусқа қарсы вакцинаны екі кезеңмен енгізіп отыр. Вакцина қабылдау арасы 21 күн мен 90 күннің аралығы. Бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қор­ғаныс әсерін берсе, екінші дозасы біріншісінің әсерін күшейтіп нығайтады әрі адам ағзасындағы антиденелер санын арттырады. 
– Тұрғындардың басым бөлігі (немесе белгілі бір пайызы) вак­цина­цияланғаннан кейін маска режимін тоқтатуға (алып тастауға) бола ма? Жалпы 20 минуттан соң маскаларға бактерия жиналып, керісінше, денсаулыққа зиян келтіреді деген ақпар бар.
– КВИ-мен эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін КВИ-ға қарсы ұжымдық иммунитетке қол жеткізу керек. Шетелдік ғалымдардың алдын-ала мәліметтері бойынша, КВИ-ге қарсы ұжымдық иммунитетке жету үшін халықтың кем дегенде 60%-ын вакцинамен қамту қажет. Осыған орай, ел тұрғындарының 60%-ы КВИ-ға қарсы вакциналаумен қамтылғанда және эпидемиологиялық жағдай тұрақтанған кезде, вакцина­ция­ланған адамдарға қатысты шектеу шараларын алып тастау мәселесі қарастырылатын болады. Еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 25 желтоқсандағы №67 қаулысының «Жеке қорға­ныш құралдарын пайдалану және кәдеге жарату алгоритмі» 4-қосымшасы 1-тармағына сәйкес қоғамдық орындарда, халықтың келуіне, қызмет көрсетуіне және демалуына арналған үй-жайларда, қоғамдық көлікте, қоғамдық тамақ­тану орындарында тамақтану жағ­дай­­ларын қоспағанда, халық үшін меди­­циналық немесе матадан тігілген маскаларды кию міндетті. Сондай-ақ әр адам жеке қорғаныш құралдарын дұрыс қолдану керек. Қолданыс шараларына тағы да тоқтала кетейін. Бір рет қолданылатын маскаларды қайта пайдалануға болмайды, масканы аузын, мұрнын және иегін жабатындай тығыз бекітіп кию, егер маскада баулары болса оларды мықтап байлау, ал мұрын аймағында тігілген икемді пластина болған жағдайда оны бетке неғұрлым толық жанасуды қамтамасыз ету үшін мұрынға мықтап бүгу, масканы қолданған кезде сыртын қолмен ұстамау, медициналық ұйымдарда және үй карантиніндегі адамдар масканы кемінде 2 сағатта 1 рет ауыстыру, егер маска дымқыл немесе ластанған болса, жаңа таза және құрғақ маскаға ауыстыру, инфекцияның матадан тігілген маскалар арқылы таралуын болдырмау үшін оларды жиі жуып, ұқыпты ұстау, матаның тозуының айқын белгілері болған кезде оны ауыстыру, медициналық масканы пайдалану кезінде және шешкеннен кейін бетке қол тигізбей қолды бірден жуу қажет.
– Вакцина алған азаматтарда орын алып жатқан кері әсерлер (мүмкін, өлім-жітім) статистикасы жүргізіліп жатыр ма? Жүргізіліп жатса, олар не дейді? 
– Екпе жүргізетін медицина ұйымдарында медициналық ақпараттық жүйенің «Вакцинация» модуліне вакцинация туралы, соның ішінде иммундаудан кейінгі жағымсыз жағдайлар (реакциялар) жөнінде мәліметтер енгізіледі. Қалада вакцинациядан кейінгі бірінші-екінші тәулікте және кейінгі 3 күн ішінде дамуы мүмкін күтілетін жағымсыз реакциялар 110 адамда тіркелген, бұл КВИ-ге қарсы егілгендердің жалпы санының 0,03% құрайды. Вакцинациядан кейінгі күтілетін жағымсыз реакциялар қысқа мерзімді катаральды синдром, бас ауруы, вакцинация жасаған жердің ауыруы, қызаруы (гиперемия) немесе ісінуі, дене температурасы жоғарылауы түрінде тіркелген. Иммундаудан кейінгі ауыр түрдегі жағымсыз жағдайлар тіркелмеген.
– Ересектерді вакцинациялау аяқ­талған соң, келешекте балаларды вак­ци­­нациялау жоспары бар ма?
– Қазіргі уақытта вакцина өн­ді­рушілерден балаларға клини­калық зерттеулер жүргізу мәселе­сіне қатысты ресми ақпарат жоқ. 
Бұл мәселені болашақта вакцина өндірушілерден балаларға жүргізілген клиникалық зерттеу­лердің нәтижесі бойынша ресми ақпарат берілгенде және вакциналарды медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулыққа толықтырулар енгізілген жағдайда Денсаулық сақтау министірлігі қарастыруы мүмкін.
Айта кетейік, вакцинаны алғашқы болып қабылдағандар – инфекциялық аурулар ауру­ханаларының, жедел меди­циналық көмек, реанимация, қабылдау бөлмелерінің меди­цина қызметкерлері, сани­тарлық-эпидемиологиялық сала қызметкерлері болды. Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, жоғары оқу орын­дарының педагогтары, бірінші кезеңге кірмеген медициналық қызмет қызмет­керлері вакцинациялаумен қамтылды. Бүгінгі таңда Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қыз­метінің қызметкерлеріне салынуда. Одан бөлек, ерікті түрде екпе алғысы келетін адамдар үшін қаладағы  медициналық мекемелерден басқа, сауда орталықтары вакцинациялауға жабдықталып, қамтамасыз етілген. 
 

"Tenge monitor" газеті 

1705 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз