Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 20 Маусым, 2021

Сәкен мүсіні

Нұр-Сұлтан қаласының ескі орталығында С.Сейфуллин және М.Әуезов көшелерінің бұрышында әдемі бір ескерткіш көз жауын алады. Классикалық костюмдегі зиялы әрі көркем жүзді адам орындықта отыр, пальтосы орындықтың арқалығына ілінген. Замандастары Сәкенді есіне осылай сақтады, кеңестік жазалау машинасының астына түскенге дейін ол осындай кербез әрі сұлу болатын.

 

Сәкен Сейфуллин (1894-1938) – еліміздің мәдениет және әдебиет тарихындағы жарқын тұлғалардың бірі. Ақын, прозашы, драматург, публицист, сыншы, әдебиеттанушы, композитор, педагог, қоғам қайраткері болған Сәкен­нің қоғамдық, шығармашылық қызметінің жаңа дәуірі 1917 жылдан басталады. Патша өкіметін құлатқан Ақпан төңкерісінен соң ол Ақмола қаласына ауысып, саяси-қоғамдық жұмыстарға бел шеше кіріседі. Сол жылдың көктемінде құрылған Қазақ комитетінің төрағасы болып сайланған ол онда төңкерісшіл-демократияшыл зиялылармен бірігіп, қазақ әйелдеріне бостандық беру, бұрынғы әкімдерді ел билеу қызметінен босату, еңбекші халық өкілдерін іске тарту, дін иелерінің құқын тежеу сияқты шараларды іске асырады. Сәкеннің қатысуымен Ақмола жастары «Жас қазақ» атты ұйым құрып, «Тіршілік» атты газет шығарған. Әйтсе де, бірегей тұлға 1937 жылғы репрес­сияның құрбаны болды. Шығармашылық күшінің ең гүлденген уақытында өмірден өтті.
Портреттік ескерткіштің идеялық ойының негізіне автор көп қырлы тұлғаның ең маңызды ерекшеліктерін алған. Автор оны, ең алдымен, ақын, қаламгер және ағартушы ретінде түсіндіреді. Ескерткіштің барлық көркемдік құрылысы – композиция, пластика, материал, бейнені түсіндірудің жалпы стилистикасы – осы міндетке бағынады. Ақынның портреттік белгілері мен психологиялық шыншылдық сақталған, әсемдік пен өмірлік жарықтық бейнесі қалпына келтірілген. 
Орталықта орналасқан ескерткіштің материалы – қола, ал негізі  граниттен жасалған. Жобаның авторы танымал мүсінші – А.Баярлин, сәулетші О.Демирханов. Тапсырыс беруші – облыстық мәдениет басқармасы. Ескерткіш 1994 жылдың 14 қазанында, ақынның 100 жылдығына арнап бой көтерген.

Н.ЖАҚЫПҚЫЗЫ

"Ана тілі" газеті

569 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз