Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 22 Маусым, 2021

Журналистерге «Парламент сөзі» сыйлығы табысталды

Мәжіліс журналистерге арналған «Парламент сөзі» сыйлығының қорытындысын жариялап, арнаулы аталымдар бойынша жеңімпаздарды анықтады.

Құрамында Мәжіліс депутаттары, көрнекті қоғам қайраткерлері, партия өкілдері кіретін Комиссия шешімі бойынша осы жылы жеңімпаздар сегіз аталым бойынша сайысқа түсті. Биыл парламенттік сыйлық бесінші рет өткізіліп отыр.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин «Парламент сөзі» сыйлығының жеңімпаздарына, сондай-ақ, барша бұқаралық ақпарат өкілдеріне кәсіби мерекеге орай құттықтау лебізін жеткізді. Осы ретте, Нұрлан Нығматулин ақпараттың кез-келген саласында, газетте, теледидарда, интернет баспаларда жұмыс істейтін тілшілерге құрмет көрсете отырып:

«Біз осы жылы да Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмаларын, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың маңызды бастамаларын жүзеге асыру жолында бірлесіп, ашық, сапалы жұмыс жасап келеміз деп айтуға болады»,  деді.

Іс-шарада «Парламенттік журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы Қуаныш Сұлтанов және Жұмабике Жүнісоваға табысталды.

Ал «Үздік телевизиялық сюжет үшін» номинациясын «Қазақстан» телеарнасының тілшісі Нысаналы Ығылов, «Хабар» телеарнасының тілшісі Динара Жанбатырова иеленді.

«Үздік баспа жарияланымы үшін» номинациясы «Aйқын» газетінен Гүлзина Бектасоваға, «Казахстанская правда» газетінен Владимир Курятовке табысталды.

«Үздік интернет және радио материалы үшін» номинациясы «Qamshy.kz» ақпарат порталының жетекшісі Қуаныш Біләл және «Sputnik.kz» тілшісі Жания Уранкаеваға берілді.

«Арнайы репортаж» номинациясын «Хабар 24» арнасынан Нұршапағат Несіпбаевқа және «Первый канал «Евразия» арнасының «Парламент online» бағдарламасына ұсынылды.

«Үздік бейне-сурет материалы үшін» номинациясын «Астана» телеарнасынан Нұржан Махмутов және «Tengrinews» интернет ресурсынан Тұрар Қазанғапов жеңіп алды.

«Әлеуметтік желідегі үздік материал үшін» номинациясы Мұрат Әбеновке және Данияр Әшімбаевқа берілді.

«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған» арнайы номинация «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің басқарма төрағасы Қыдырәлі Дархан Қуандықұлына және «КТК» телеарнасына берілді.

Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы биыл бүкіл еліміз үшін, халқымыз үшін ерекше жыл екенін алға тарта келіп:

«Қасиетті Отанымыз - Қазақстанымыздың тәуелсіздік алғанына 30 жыл толады. Осы уақытта өткен барлық саяси, әлеуметтік, экономикалық өзгерістер, соның ішінде, Парламенттің заң шығару қызметі әрқашанда, тікелей ақпарат құралдарының назарында болды. Сондықтан, журналистер әрқашанда тәуелсіздікпен бірге жасап, егемен еліміздің әрбір жеңісін, әрбір жемісін насихаттап, еліміздің, халқымыздың өмір сапасын одан әрі арттыруға зор үлес қосып келе жатыр», деді Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс «Парламент сөзі» сыйлығының иегерлерін Мәжіліс символикасы бейнеленген мүсіншелермен және арнайы дипломмен марапаттады.


 

442 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз