Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 24 Маусым, 2021

Gazhaiyp жобасының авторлары бала құқығын қалай қорғап жүр?

Бала құқығы – өте өзекті мәселе. Баланың фотосын рұқсатсыз әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында жариялау да құқық бұзушылыққа жатады. Әр баланың тұлға екенін ескере отырып, оның индивид ретінде жеке пікірі бар екенін, олардың құқықтары туралы ақпарат таратуды мақсат еткен Қуаныш Жұбандықов пен Наргиза Ерес Gazhaiyp жобасын іске асырып жүр. Жобаның идеясы мен қалай пайда болғанын кейіпкерлеріміз әңгімелеп берді.

– Идея қалай пайда болды?

Қуаныш: Бұл жобаны университетте 2-курста оқып жүргенде «Медиадизайн» сабағында бастадық. Gazhaiyp алғашқы кезде ғылыми-таным-дық бағыттағы журнал болып шықты. Кейін оны ары қарай жалғастыруды мақсат еттік. Наргиза «Ұлан» газетіне мақала жазып жүрсе, мен балаларға арналған журналда жұмыс істеп жүргендіктен, бала тақырыбы жанымызға жақын болды. Бакалавриат бітірер жылы, яғни 4-курста диплом жұмысының жобасы ретінде осы бала құқығы тақырыбын алдық. Атауын да Gazhaiyp деп қалдырдық.

– Не себепті Gazhaiyp?

Қуаныш: Gazhaiyp – «Медиадизайн» сабағындағы жариялаған журналдың атауы. Журналдың бағыты ғылыми әрі ойын-сауық болғандықтан, яғни аспан мен жердің тоғысқан нүктесіндей ғажайып. Сары түспен жазылған. Психология балаларға ашық түстер ұнайтынын айтады. Ал сары түс бір жағынан күннің түсі. Мысалы, ғажайып дегенде, ойға бірден жұлдыз сияқты аспан әлемінің ғажайыптары келеді. Олардың түсі де сары.

Наргиза: Қуаныш айтып кеткендей, журналдың атауын ырымдап жобамызға қойдық. Балалардың құқығы қорғалып, өмірлері ғажайып болсын деген ниет те бар.

– Диплом жұмысы қорғалды. Ал жобаны ары қарай жалғастыруға не түрткі болды? 

Наргиза: Қуаныш екеуіміз ары қарай бұл жобаға өмір сыйлағымыз келді. 2-курстан басталған жобаға 3-курста демеушілер іздедік. Демеушілер табылғанымен, кері байланыс болмай қалды. Барынша бала құқығын медиа бағытта насихаттауды мақсат еттік. Диплом жұмысының жобасы ретінде Gazhaiyp сәтті қорғалса да, қоғамда бала құқығы мәселесінің қаншалықты өзекті екенін түсіндік. Шынымен де, медиада бала құқығына байланысты ақпарат өте аз екеніне көзіміз жетті. Содан Орталық Азиядағы азаматтық қоғамды қорғау бағдарламасына өтінім беруге бір күн қалғанда сауалнаманы толтырдық. Іштей Gazhaiyp жобаның өтіп кетуіне тілектес болдық. Ниетіміз қабыл болып, жобамыз қабылданды. Грант қаржысы жобамызды ары қарай жалғастырып, дамытуға себепкер болды. Gazhaiyp – біздің алғашқы жобамыз. Сондықтан ерекше ыстық. Болашақта жалғасын тапқанын қалаймыз. Кішігірім зерттеуіміздің нәтижесі бала құқығы туралы жобаның қажет екенін көрсетті. Алдағы уақытта балаға қатыстының бәрін жан-жақты көрсетуді мақсат етіп отырмыз.

– Gazhaiyp жобасына кері байланыс қандай?

Наргиза: YouTube платформасына ай сайын бала құқығына қатысты сарапшылардың қатысуымен видео форматта материал дайындап жүрміз. Грант арқылы алты фильм түсіріледі. Төрт деректі фильм YouTube-тағы Gazhaiyp каналына жүктелген. Иә, YouTube-тағы каналымызға жазылғандар мен олардың пікірі аз болғанымен, ұстаздарымыз бен жобаға спикер ретінде алған тұлғалар тарапынан жақсы пікір естіп жүрміз. Бізге «осындай жоба қоғамға керек» деген пікірлер шабыт береді. 

Қуаныш: Жалпы кез келген жобаны бастағанда бірден нәтижеге жету мүмкін емес. Қандай да бір көрілім саны немесе каналдағы жазылу көрсеткішіне жету үшін де белгілі кезеңдерден өту керек. Оған қоса, әр жетістіктің өз уақыты бар. Gazhaiyp жобасының басталғанына көп уақыт бола қоймады. Бала құқығына байланысты сарапшылармен жасаған видео материалдарымыз жобаның тәй-тәй басқан алғашқы қадамдары. Грант алты айға берілсе де, жобаны ары қарай жалғастырамыз. Наргиза айтып өткендей, эксперттеріміздің жылы ілтипаты да біз үшін үлкен жетістік. Шынымен де, медиада бала құқығы, жалпы адам құқығы мәселесіне енді ғана назар аудара бастады. Соның ішінде бала құқығы мәселесі әлі де зерттеуді, қоғам тарапынан қабылдау мен түсінуді талап ететін тақырыптың бірі. Қоғам да осы тақырыптың маңызды екенін түсіне бастайды деп үміттенеміз. Ал біз бұл мәселені барынша көтеруге тырысамыз.

– Gazhaiyp жобасын қоғам біле ме? Жобаның насихатталу деңгейі қандай?

Қуаныш: Бала құқығы мәселесіне бей-жай қарамайтын тұлғалар барынша қолдау көрсетіп, насихатталуына үлесін қосып жатыр. Мысалы, өткенде блогер Перизат Мырзахмет Инстаграм парақшасында жобамызды stories-ке салып, қолдау көрсеткен.

Наргиза: Gazhaiyp жобасы – тұңғышымыз. Уақыт өте келе өзіміз де тәжірибе жинап жатырмыз. Насихаттау жағынан әлеуметтік желілерде таргет жіберіп жатырмыз. Оған қоса, «сарафан радио» арқылы таралып жатыр. Жан-жақтан достарымыз да жобаны насихаттап жүр. Бала құқығы саласында жүрген спикерлеріміз де жобамызға насихат жасап жүр. 

– Gazhaiyp жобасының жоспары қандай?

Наргиза: Грант қаржысы осы айда аяқталады. Бірақ алдағы уақытта жобаны тағы да арнайы конкурстарға ұсынып көреміз. Бала құқығына жанашырлық танытатын демеушілер іздестіру де жоспарымызда бар.

Қуаныш: Gazhaiyp жобасының авторлары ретінде жалақы алмаймыз. Командадағы оператор мен монтажерге грант есебінен айлық бөлінсе де, біз бұл жобаны тегін іске асырып келеміз. Бірақ болашақта осы мәселені қозғағандықтан үлкен жобаларға ұсыныс қабылдаймыз деп сенеміз. Gazhaiyp жобасының әр деректі фильмін түсіру барысында өзімізге тәжірибе жинақтап келеміз. Әр тәжірибе келешекте жемісін береді. Бұған күмән келтірмейміз.

Назым САПАРОВА

«Ұлан» газетіg

1118 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз