Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 24 Маусым, 2021

Көші-қон комитеті құрылатын болады

«Ақ жол» фракциясының мүшесі, ақын Қазыбек Иса қандастардың елімізге көшіп келуіне байланысты олардың мәселесін шешіп, Көші-қон комитетін құру туралы бастама көтергені белгелі. Осыған орай үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтан арнайы жауап келді. Бңз осыған орай вице-премьер Е.Тоғжановтың жауабын жариялап отырмыз.

Қазақстан Республикасы

Парламенті Мәжілісінің

«Ақ жол» фракциясының

мүшелеріне

Құрметті депутаттар!

Сіздердің қандастарды қолдауға қатысты сауалыңызды қарап, мынаны хабарлаймын.

Қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына сәйкес жұмысқа орналастыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы орындар, орта білім беру ұйымдарының мүмкіндіктері ескеріле отырып жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде қалыптастырылады.

2020 жылдың қорытындысы бойынша 13 мыңнан астам адам көшіп келіп, қандас мәртебесін алды, оның ішінде өңірлік қабылдау квотасы бойынша 1 378 адам. 2025 жылға дейін 80 мың қандастың, оның ішінде 2021 жылы 12 мың қандастың қайта оралуына жәрдемдесу жоспарлануда. Осыған байланысты, шетелден келетін қандастар санының ұлғайту мақсатында қандастарды қабылдау квотасы қайта қаралатын болады.

Этникалық қазақтар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер және толықтырулар енгізу туралы» 2020 жылғы 13 мамырдағы Заңымен қандастарға бірмезгілде Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алуға және Қазақстан азаматтығына жеңілдетілген тәртіпте қабылдауға құжаттар тапсыруға мүмкіндік беретін норма енгізілді. Бұл құжатты қарау мерзімін 6 айдан 3 айға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Анықтама ретінде: бұрын этникалық қазақтар Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға құжатты ресімдеген (2 ай), одан әрі тұруға ықтиярхат әзірленеді (1 ай) және содан кейін ғана Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдауға құжаттар тапсыратын (3 ай).

Қазіргі уақытта, мүдделі мемлекеттік органдар азаматтық алу рәсімдерін оңтайландыруға, тиісті құжаттар санын және оларды ресімдеу мерзімдерін 2 есеге (46-дан 20-ға дейін) қысқартуға бағытталған «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету жөніндегі Жол картасын іске асыруда.

Осы Жол картасы аясында, биылғы жылдың екінші жартысынан бастап қандастар Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы өңірлік квотаға енгізу, тұрақты тұруға рұқсат алу және жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алу бойынша мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша ала бастайды.

Шығу тегі айқындалмаған шетелдегі қазақтарға қандас мәртебесін және Қазақстан азаматтығын беру процесін реттеу мақсатында Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына түзетулер дайындалды, онда:

- жеке басты куәландыратын құжаттарда тиісті жазба болмаған жағдайда, халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға «қандас» мәртебесін алуға үміткер адамдардың ұлты қазақ екенін айқындау қағидаларын әзірлеу және бекіту құзыретін ұсыну;

- жеке басты куәландыратын құжаттарда тиісті жазба болмаған жағдайда, жергілікті атқарушы органдарға «қандас» мәртебесін алуға үміткер адамдардың ұлты қазақ екендігі туралы шешім қабылдау құзыретін беру көзделген.

Заңнамалық түзетулер қабылданғанан кейін өтініш берушілер үшін ұлтын онлайн режимде растау мүмкіндігі қарастырылатын болады.

Қандастарға консультациялық және ақпараттық қолдау көрсетететін ақпараттық орталықтар Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Жамбыл облыстарында қызмет етеді. Олар 2020 жылы 5 мыңнан астам өтінішті қарады.

Қазіргі күні, Қарағанды, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында қандастарды бейімдеу және интеграциялау орталықтары жұмыс істейді. Биыл осындай орталықтарды Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында құру мәселесі пысықталуда.

2021 жылы «Отандастар» қорының бюджеті 441 млн теңге құрады. Биыл қорды қаржыландыру көлемін мемлекеттік тапсырыс беру арқылы 135 млн теңгеге ұлғайтылады. Тиісті бюджеттік өтінім Республикалық бюджеттік комиссияның отырысында қаралып, қолдау тапты.

Қосымша қаражат қандастарды ақпараттық қолдау орталығын қамтамасыз етуге, қазақ диаспорасының белсенді өкілдерімен кездесу ұйымдастыруға және қазақ тарихы мен мәдениеті туралы бейнероликтер түсіруге бағытталады.

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – «Еңбек» бағдарламасы) шеңберінде қоныс аударушыларға және қандастарға берілетін субсидия мөлшері 2 есе – 35-тен 70 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.

Сонымен қатар, қандас мәртебесін алған қоныс аударушылар Қазақстан Республикасының азаматтары үшін ауыл шаруашылық саласында қарастырылған барлық жеңілдіктерді пайдалана алады.

Отандық шаруаларды қолдау бойынша пәрменді шаралар «Еңбек» бағдарламасында көзделген. Аталған бағдарламада ауыл шарушылық техникасы мен жабдықтарды атып алу үшін инвестициялық шығындарды субсидиялау, түрлі несиелер мен лизингтер қарастырылған.

Сонымен бірге шаруаларды ынталандыру үшін Қазақстан Республикасының Салық кодексінде қызметті жүргізу үшін оңтайлы болып табылатын, әкімшілік және салықтық жүктемені азайтуға бағытталған арнаулы салық режимдері (бұдан әрі – АСР) көзделген.

Мәселен, шаруа немесе фермер қожалықтары үшін АСР-де бірыңғай жер салығы (бұдан әрі – БЖС) негізінде 6 салық пен төлемнің орнына БЖС ғана төленеді. Сондай-ақ БЖС төлеушілер айналым мөлшеріне қарамастан, қосылған құн салығын төлеушілер болып табылмайды.

Ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндірушілер және ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін АСР-да есептелген салықтар 70%-ға төмендетіліп төленеді.

Қазақстан Республикасы Жер кодексіне сәйкес қандастар шаруа немесе фермер қожалығын және ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден және босалқы жерден уақытша жер пайдалану құқығына ие.

Осылайша, ауыл шаруашылығымен айналысатын қандастарға өз қожалығын дамыту үшін қолайлы жағдай жасалған.

Көші-қон саласында мемлекеттік саясатты жетілдіру мақсатында қазіргі уақытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрамында Көші-қон комитетін құру мәселелесі пысықталуда.

Шетелде тұратын этникалық қазақтардың тарихи отанына оралуына байланысты сұрақтарды оңтайлы шешу, олардың жедел бейімделуі және қазақстандық қоғамға белсенді кірігуі үшін жағдайлар жасау, бірыңғай мемлекеттік көші-қон саясатын қалыптастыру жөніндегі жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Көші-қон саясатының 2022 − 2026 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасы әзірленуде.

Жалпы қандастарды қолдау мәселесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің тұрақты бақылауында.

 

 

145 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *